Қазақ елі
04.12.2015
8151
1

«Тәуелсіздік» алды ма,
әлде «тәуелсіздігін» жариялады ма?

1418715418_photo_144342Қазақ елі «тәуелсіздік»  алды ма, әлде «тәуелсіздігін» жариялады ма? Мән  беріп қарар болсақ, осы екі сөзде үлкен айырмашылық бар, тіпті, тұтас бір халықтың тарихы жатыр. Биылғы жыл ҚР-ның өз «тәуелсіздігін» жариялағанына 24 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін – «бұрын тәуелді болдық, құл, бодан болдық», ақыры, міне, бостандық, тәуелсіздік алдық, т.б. сияқты пікірлер айтумен келеміз. Бір елге басыбайлы тәуелді болу деген не өзі? Қазақ елі тәуелсіздікті кімнен алды, ең әуелі тәуелді болды ма, оны мойындап немесе тәуелділікті қазаққа мойындатып көрді ме?  Кеңестік заманда қарапайым қазақтардың басым бөлігі, әсіресе, ауыл тұрғындары өздерін  біз тәуелді елміз, бодан халықпыз деп санаған емес, Кеңес мемлекетінің тең құқықты адамдарымыз деп есептеді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде ұлттық кемсітушілік орын алғанда қазақ жастарының, негізінен ауылдан шыққан жастардың көтерілуі осының айғағы. 1936 жылы КСРО құрамындағы одақтас республика болған Қазақстан қағаз жүзінде мемлекеттік тәуелсіздіктің барлық нышандарын алған болатын.  Ендеше неге біз «егемен» елде туған, «тәуелділіктің» байыбына бара қоймаған жас ұрпақты «тәуелді, құл, бодан»  болғансың деп жасытуға тиістіміз. Ғасырлар бойына «тәуелділікті» мойындамай, тәуелсіздігімізді қорғау жолындағы ата-бабаларымыздың жүргізген күресі қайда қалады? Тарихқа үңіліп: Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңіне тоқталмай-ақ, XV ғ. орта шеніндегі Қазақ хандығының құрылуынан – XX ғ. соңындағы өз «тәуелсіздігін» жариялауына дейінгі аралықты ашып көрейікші.

XV ғасырдың орта шенінде қазақ тайпалары Әбілқайыр хандығынан ірге бөліп, Жетісу жеріне келіп «тәуелсіз» Қазақ хан­дығының» құрылғанын жариялады. Осы уақыттан бастап қазақ елінің өз «тәуелсіз­дігін» сақтап қалу жолындағы күресі басталып, ол ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін жалғасты.

…1635 жылы ойрат тайпалары бірігіп құрған Жоңғар хандығына қарсы қазақ­тар­дың өз «тәуелсіздігін» қорғау жолын­дағы күресі бір ғасырдан артық уақыт үз­дік­сіз жүргізілді. Кіші жүз ханы Әбіл­­қайырдың Ресей патшалығынан көмек сұрап, «одақ» құрмақ болған ниеті бүкіл қазақ елінің тәу­ел­­ділікті мойындауы деген сөз емес, ал Ба­рақ сұлтанның оны өлтіруі қазақтардың тәуелді, бодан болуға деген ашық қарсылы­ғының сипаты болатын. Және, Ұлы жүз бен Орта жүз Ресей патшалығын ешқашан ре­сми мойындаған жоқ. Орта жүз ханы Абылай Ресей патшасының қайта-қайта ша­қыр­туына құлақ аспастан көз жұмды, оның орнына хандыққа сайланған Уәлиді Ресей патшалығы танығанымен елдің біраз бөлігі Абылайдың тағы бір ұлы Қасым сұлтанды жақтады. Кейін оның ұлы Кенесарыны хан көтеріп, соңына ерді. Тіпті, Уәлидің өзінен де қауіптенген Патша үкіметі кейінгі жылдары Бөкейді қоса хан сайлау арқылы орта жүзде жік тудырмақ ниетте болды. Патша әскері мен Ұлы жүз қазақтарының соғыс қимылдарын бірлесіп жүргізуі барысында 1876 жылы Қоқан хандығы жойылып, оның территориясы Түркістан генерал- губерна­то­рының құрамына кірген болатын. Ресей патшалығының хандарды сайлап, бекіту жә­не хандық билікті жойып, округтік бас­қару жүйесінде аға сұлтандар тағайындау саяса­тына қарсы қазақ елінің үздіксіз күрес жүргізуі, патша үкіметі тарапынан бекі­тіл­ген хандар мен сұлтандарды тыңдамауы және бағынбауы негізінен қазақтардың тәуелділікті, бодандықты мойындамауынан туған қарсылықтары еді.

Патша үкіметімен ғасырдан артық уа­қыт күрескен қазақтардың патшаның құла­тыл­уына да атсалысқаны шындық. Атышулы атаман Анненков Семейдегі сотында: «…1917 жылғы төңкерісті орыстар бастаған жоқ, шындығында оны қазақтар бастаған», – деуінде мән бар (Әкім Тарази дерегінен). Патша құлатылған соң қазақ зиялылары Еуропа елдері үлгісіне деңгейлес мемлекет құру ниетімен «Алашорда» үкіметін құрып, алдағы уақыттарға нақты жоспарлар жасады. Нәтижесінде көпшілік қазақ  зиялыла­ры­­ның болашақты ойлау ниетім (тәуел­ділік­ті мойындағаннан емес) кеңес үкіметі жағына шығуы барысында Алашорда таратылып, қазақ елі Ресейдің құрамындағы «автономиялы республика» болып таныл­ға­­нымен, қитұрқы саясатын байқатқан кеңес үкіметі қазақтардың күшті қар­сы­лығына тап болды. Деректерде Т.Рыс­құ­­лов, Ф.Ходжаев, З.Валидов, А.Байтұр­сы­нов­тар қол қойған хатта олар Лениннен Түр­кістан республикасының «қуыршақ республика» болуына наразылық білдіріп, кеңестік автономияға ұлттық мемлекеттік статус беруін талап еткендері айтылады. Бұл қарсылықтар  1919-1989 жылдар аралы­ғында 70 жыл бойына жалғасты.

Қазақ елі Кеңес үкіметінің жауларымен де (1918-1921 жж. ақ гвардияшылдар мен шетел интервенциясына қарсы қызыл армиямен бірлесіп) өз «тәуелсіз­дігін» қорғау жолында күрес жүргізді. Қазақтардың «әс­ке­ри коммунизм» және азық-түлік саясатына қарсылығы нәтижесінде Қостанай, Ақмола, Орал, Семей губернияларында кө­теріліс ошақ­тары пайда болды. Мысалы, Қарқаралы уезінің 70-тен астам партия басшылары және Кеңес қызметкерлері кө­те­рілісшілер қолынан қаза болды. Кеңес өкі­метіне қарсы шығып, 40-шы жылдарға дейін қарсылық білдіріп келген «басмашылар» негізінен Түркістан республикасының милициясы болатын. Кеңес үкіметіне қарсы күрес «ұжым­дастыру» кезінде өрши түсті.  1929-1931 жылдары  екі жыл ішінде ғана терроршыл әрекеттерді, өрт салуларды есептемегенде, республика аумағында 372 жаппай қозғалыстар мен көтерілістер орын алып, оған 80 мыңдай адам тікелей қатыс­қан. Созақ, Абыралы, Шыңғыстау, Шұбар­тау, т.б. аудандарында көтеріліс жасаған шаруалар шын мәнінде түгел қырылып тасталды және кейбір елді мекендер жер­мен-жексен етілді. Көтерілістердің арты қолдан жасалған ашаршылыққа ұласып, аштық пен індеттен толық емес деректер бойынша халықтың 40%-ы тікелей шығын­ға ұшыраса, тек 1930 жылдың қаңтардан 1931 жылғы  маусымға шейінгі аралықта ғана 280 мыңнан астам қожалық, яғни 1 млн. 70 мыңдай адам республикадан тыс жерге көшіп кетті. Нәтижесінде қазақ елі 1936 жылы 9 ақпанда ҚАКСР Орталық Атқару коми­тетінің қаулысымен «қазақтар» деген дәл атауын қайтарып алып (киргиз-кайсак болып аталып келген), 1936 жылы желтоқсанда автономиялықтан қайта құрылып одақтас (тәуелді емес) Қаз. КСР дәрежесіне қол жеткізді. Оның арты жаппай қуғын-сүргінге ұласып, қазақтың бас көтерерлерінің түгелге жуығын жойып жіберді. Зұлмат жылдары артық-кемі жоқ 101 мың қазақстандық «Гулаг» азабынан өтіп, 27 мыңнан астамы атылды (Комсомольская правда, 1991 ж. ақпанның 19-ы). Адам баласының басына бермес осыншама қайғы-қасіретке ұшыраса да 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына әрбір бесінші қазақстандық елін, жерін, Отанын қорғауға аттанып, соғыстан 350 мыңнан астам қазақ оралмады және әлем жұртшылығын таң қалдырған ерліктерімен асқақ рухының, ерік-жігерінің жасымағанын, қазақ деген ұлттың «тәуелді, бодан, құл» болуға төзбей­тін халық екенін төрткүл дүниеге паш етті. Дегенмен, қазақтар үнемі алдыңғы шептерде ғана соғысса да олардың  таңғажайып ерліктерін баға­ламау, лайықты құрмет көрсетпеу де орын алды. Мысалы, Москваны қорғау кезінде жауға қатты қарсылық көрсетіп, оларды зор шығынға ұшыратқан «Қазақстандық 316 атқыштар дивизиясы­ның» «Панфилов дивизиясы» аталуы, таң­ғажайып ерлік­тері­мен аттары аңызға айналған
«28 қазақ­стандықтың» «28 панфиловшылар» аталуы, Б.Момышұлы, Р.Қошқар­баев, Қ.Қайсенов, т.б. батырларға лайықты құрметтің берілмеуі және тағы басқа деректер осының айғағы. Жауды жеңіп шығу үшін тылда да бар күш-жігерін аямай, ерен ерліктерімен дүние жүзін там­сан­дырған қазақ елінің жері полигон алаңы­на айналдырылып, зиялы қауымды қудалау одан әрі жалғасты. Бұл шаралардың барлығы да «тәуелділікті» еш мойындамаған, қандай жағдайда да «тәуелсіздік» үшін кү­рес­ке дайын халықтың ерік, күш-жігерін мұқату, жасыту мақсатында жүргізіліп жатқан істер еді. Қазақ елі еш жасымастан «тәуелсіздігі» үшін күресті жалғастыра берді. 1963 жылы Мәскеудің жоғары оқу орын­дарын­да оқитын қазақ жастары «Жас тұлпар» ұйымын, Қарағанды жастары «Жас қазақ», Семейдегілер «Тайшұбар» ұйым­да­рын құрып (осындай ұйымдар Ленинградта да, Киев, Алматы, Одесса, Рига,Павлодар, Ақмола, т.б. қалаларда да құрылды)  ұлттық мүдде жолына қызмет етті. М.Әуезов, Е.Бе­к­­­маханов, т.б. тұлғалармен қатар бұл ұйымдар да қудалауға ұшыратылды және таратылды.

1959 жылы Теміртау қаласында қазақ ұлтын ассимиляциялау саясатына қарсы басталған (50-60 жылдарда қазақ жеріне 2 млн. астам өзге ұлт өкілдері қоныс аударыл­ған еді)  көтеріліс және 1979 жылы көк­тем­дегі КОКП ОК-нің саяси бюросында қабыл­данған Қазақстанда «Неміс автономиясын» құру туралы шешіміне қазақ елінің ашықтан-ашық қарсылық көрсетіп, оған жол бермеуі «тәуелділікті» мойындамаудан туындаған болатын.

Бүкіл әлемді елең еткізген 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиғасы қазақтардың «тәуел­ді» болуға ешқашан көнбейтін, «тәуелсіз­ді­гін» қалпына келтірмейінше тыншымайтын ел екенін дәлелдей түссе,  Кеңес үкіметі бас­шыларының жергілікті халықтың мүддесімен санаспауынан туған 1989 жыл­ғы Жаңаөзен көтерілісі қазақ елінің «тәуел­сіз­дігін» жариялауын, өз алдына «егемен» ел болуын тездетті.

Осылайша қазақ халқы 5 ғасырдан ар­тық  уақыт  бойына өз «тәуелсіздігін» сақтап қалу жолында үздіксіз күрес жүргізді және «тәуелділікті» ешқашан ресми мойындаған жоқ, ал «тәуелді» етпек болғандар ақыры толық мақсаттарына жете алмады.

Ресей патшалығының құпия деректе­рін­де, Кенесарыны Ресей жауларының мықты қолбасшылары Карл IV (швед ко­ролі), Наполеон, тағы басқалармен қатар қойып санасқандығы Ресей мұрағаттарынан табылып отыр (Қазақ­стан 1 арнасы, Бетпе-бет бағдарла­масын­дағы дерек бойынша, қараша, 2007 ж). Осы құпия деректе Ресей өзі­нің жауларына қарсы Орта Азияның кез келген халықтарын қолдарына қару беріп пайдалануына болады, бірақ қазақтарға қару беруге болмайды, себебі олардың артында Кенесары тұрғандықтан өзімізге қарсы шығады деген пікірде болғандығы Ресей патшалығының қазақтардан сескен­ген­дігі, оларды «тәуелді» қыла алмағандығын мойындауы емес пе?

Отарланулықтың, тәуелділіктің көріністері (элементтері) орын алды әрине, бірақ қазақ елі оған қарсы үздіксіз күрес жүргізіп келгендіктен «құл, бодан» болды деп айту артық айтқандық, бес ғасыр бойына жүргізілген «тәуелсіздік» жолындағы күресті жоққа шығарғандық  болады. Егер біз – тіл, экономика, дін, саясат тұрғысынан «тәуелді» болдық қой десек, онда ол жа­ғы­нан әлі де тәуелдіміз. Бірақ тіл, экономика, саясат мәселесінде бүкіл әлем мемлекеттері бір-біріне тәуелді. Әлемдік экономиканы, саясатты, т.б. бақылау жер шарының саусақпен санарлық қана мемлекеттерінің құзырында, оның ішінде сол елдердің тілін білу қажеттілігі тағы бар. Бұл мәңгі өзге­ріл­мейтін, жалғаса беретін фактор, тек орындары ауысып тұратыны болмаса. Ресей халқы да экономика, саясат, дін тұрғысынан кеңестік жүйеге «тәуелді» болған. Сол се­бепті  90-шы жылдардың басында Одақтың басқа елдерімен қатар өз «тәуелсіздігін» жариялады. Бұған РФ-ның президенті В.Путиннің «Единая Россия» партиясы атынан теледидар арқылы  «…ақыры кеңестік былық жүйеден шығып, өз тәуелсіздігімізді жарияладық…» дегені дәлел.

Заманында әлемді сұраған грек-маке­дон, парсы патшалығы сияқты алыптарды тоқтатқан «сақтардың» ерлік-жігері бүгінгі ұрпақтарының бойында сақталып қалғанын және мәңгі сақталып қала­ты­нын, Еділ, Күлтегін, Қасым, Абылай, т.б. ұлы қол­басшылардың жалғаса беруіне еш­қандай зұлматтың кедергі бола алмайтынын, қазақ елі XX ғасырдың 90 жылдардың басында Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен өз «тәуелсіздігін» жариялауы және «тұңғыш президентін» сайлауы (М.Горбачевтың тапсыруымен Разумовскийдің түн ішінде телефон соғып, «Қазақстанда президент  сайламаңыздар» дегенін тыңдамай,  Егемен Қазақстан, №127; 6 маусым, 2006 ж.) арқылы дәлелдеп берді.

Тұңғыш президентіміздің КСРО Жо­ғар­ғы Кеңесінде: «Бұдан былай біз ешкімнің белбеуінің астында жүрмейміз және ешкімге кіші іні болмаймыз», – деп мәлім­деуі, қазақ тілінің мәртебесін кө­те­руге қарсы болған отандастарымызға: «сендер кімді тізе бүктіргілерің келіп тұр, еліне Карлаг, Алжир орнатып, оның үстіне же­рі­не атом бомбаларын жарға­ны­на қарамай жер аударылып келген сендер­ге жеп отыр­ған нанын бөліп беріп рақымшылық көр­сет­кен халықты ма?» (Егемен Қазақстан, №127, 6 мау­сым, 2006 ж.), – деп беттерін қайтаруы,  40 жыл сынақ алаңы болған атом полигонын жа­буға шешім қабылдағаны, т.б. қазақ халқының батыр ұлдарына тән ерліктер еді.

Қорыта келгенде, қазақ елі біреуге тәу­ел­ді болған жоқ, жеріне түрлі себептермен қоныс аударған өзге қарапайым халық өкілдерімен бірге өзіне тән кеңпейілділікпен татулықта өмір сүре отырып, бұдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын құрылған мемлекеттің «тәуелсіздігін» қорғау жолында күресіп, ақыры 1991 жылы 16 желтоқсанда өз «тәуелсіздігін» сақтап қалуға қол жеткізді. Ел тәуелсіздігін аяғынан нық тұрғызу үшін де көптеген жұмыс­тар  атқарылып жатыр.

Серікқан Камашев,
тарихшы.
ШҚО, Үржар ауданы.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.08.2020 | 14:20

Міне, сөз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір