ТАРИХИ КЕЛБЕТІНЕ ҚАЙТА ОРАЛАТЫН АЛМАТЫ
28.05.2021
829
0

Алматы телеарнасынан әр аптаның сәрсенбісінде онлайн форматта «AKIMAT  LIVE» бағдарламасы халық назарына ұсынылуда. Бұл бағдарламада Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн форматта, тікелей эфир арқылы ел көкейінде жүрген сауалдарға жауап береді. «AKIMAT  LIVE» бағдарламасының әр сәрсенбі сайынғы эфирінде әртүрлі мәселелер қозғалып, қалаға қатысты кез келген  жайттың жай-жапсары қалың жұртшылықпен кері байланыс арқылы талқыланады. Тікелей эфирді арнаның әлеуметтік желілеріндегі парақшасынан да көруге мүмкіндік бар.

Бұл аптаның алғашқы  сауалы  әдеттегідей әлемді әбігерге салған КОВИД-ке байланысты болды. Бағдарлама жүргізушісінің: «Соңғы апталарда елдегі эпидемиялық ахуал жалпы  тұрақталып қалған секілді. Дегенмен біраз өңірлер бірде сары аймаққа, бірде қызыл аймаққа өтуде. Ал Алматы әлі қызыл аймақта тұр. Қазіргі уақытта қаладағы жағдай қалай?» – деген сұрағына Бақытжан Сағынтаев: «Қазір біз республикалық карта бойынша қарасақ, өзіңіз айтқандай, қызыл аймақта тұрмыз.  Екі айға жуық уақыттан бері бұл аймақтан шыққан жоқпыз. Себебі коронавирус дертін жұқтырып алып жатқан қала тұрғындарының сандық көрсеткіші жоғары. Әйтсе де қазіргі ауырған адамдардың санын бір-бір жарым ай бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, біраз төмендеушілік бар. Мысалы, біршама уақыт бұрын күніне 720 науқас тіркелетін, бүгінгі күнде ауырған жандардың саны бірте-бірте төмендеп келе жатыр. Тәулігіне 525-тей науқас шығуда. Бұл көңіл көншітетін сипат емес әрине, дегенмен аз да болса, оңалу аңғарылады. Жағдайдың оң бағытқа бет алуына  халықтың вакцина алып жатқаны үлкен көмек болуда. Статистиканың төмендегеніне қарап, босаңсуға болмайды. Адамдар қорғаныс талаптарын қатаң сақтамаса,   медициналық маска тақпаса, рұқсат етілмеген жерлерге баруын тоқтатпаса, пандемия кез келген уақытта өршіп кетеді», – деп жауап бере отырып,  инфекциялық ауруханаларда жатқан емделушілердің, емханадағы төсек-жайлардың қолданылуының пайыздық көрсеткішіне  жан-жақты тоқталып өтті. Медицинаның мүмкіндігіне сенім білдіріп, вакцина салдырғандардың пандемияны еңсеруге септесетінін, науқастардың, ешқандай белгісі білінбей ауырып жүргендердің өзіне де, өзгеге де кедергі келтірмей, әбден жазылғанша үйден шықпай тұруға тиіс екенін де айтты.

Әлеуметтік желі қолданушыларының, қала тұрғындарының арасында Абай атындағы опера және балет театры  маңайының қайта бұрынғы бейнесіне оралғанын қалайтындар қатары көп екен. Бұған байланысты әкім: «Тұрғындардың сұранысы бойынша, дәл осы бағыттағы жұмыстарды өткен жылы бастап кеткенбіз. Пандемияға байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Бүгінгі күннен бастап жұмыс қайта жалғасуда. Ол жерде айтарлықтай көп өзгерістер болмайды. Негізгі мақсат – театр айналасының  тарихи бейнесін қайта орнықтыру. Архивтен сол жердің бұрынғы кездегі суреттерін таптық. Орындықтар, қоқыс жәшіктері, жерге төселген тастар, су бұрқақтары, шамдар мен қақпа,  бәрі дәл бұрынғы қалпындағыдай етіп жасалады, – дей келіп, – Қандай жұмыстар жасалса да, қаланың тарихи келбеті сақталу керек. Былтыр орталық аудандарда жетпістен аса үйдің сыртын қайта жөндеуден өткіздік. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табуда. Қаланың ескі көрінісін жандандыра отырып, тарих қалтарысындағы Алматы көркін жаңғыртқымыз келеді. Өйткені үйлерді түрғындар өз бетімен әртүрлі түске бояп тастаған. Бұл көрер көзге оғаш көрінуі мүмкін», – деді шаһардың тарихпен үндескен болашақ кейпі қандай болатынын көз алдыға келтіріп.

Тікелей эфир барысында қоңырау шалған тұрғынның: «Біз – Алатау ауданынанбыз. Алатау ауданына жасаған қамқорлығыңыз үшін көп рақмет. Алатау ауданы адам танымастай өзгерді. Көптеген проблемалар шешімін табуда. Мен жиырма мың тұрғыны бар Ұлжан-1 ықшам ауданынан хабаласып тұрмын. Біз жақта өткен жылдың соңына қарай көше жарықтары қосылған болатын. Желтоқсан, қаңтар айларында жарық жанып тұрды да, Азамат Бескемпірұлы есеп берді, одан кейін сіз есеп бердіңіз, ертеңінде шам өшті де қалды. Содан бері алты ай өтті, жарықтың неге жанбай тұрғанын ешкім түсіндірмейді. Осыған бір пікіріңізді айтсаңыз?»  – деген сұрағын естіп, Бақытжан Сағынтаев мырза  эфирге бірден Алатау ауданының әкімін қостырды. Аталған ауданның әкімі Азамат  Бескемпірұлы: «Иә, сұрақтың мәнін түсіндік. Бұл мәселе бойынша тиісті орындарға хабарласқан болатынбыз. Қалалық мобильдік басқармасы осы түйткілді шешуге тырысқан. Ұлжан-1-де жаңа жол құрылысы жүріп, тротуар жасалып, арық қазылып,  жаңадан жарық бағаналары қойылған болатын. Сол жарық бағаналары бүгінгі күнге дейін АҚЖ-ға берілген жоқ. Құжаттары реттеліп, осы он шақты күннің ішінде толық беріледі деп сенім білдіреміз», – деді қала тұрғынын ойландырған жағдайға байланысты. Бақытжан Сағынтайұлы: «Бюрократия деген осы, міне. Жауапсыздық. Жасалған дүние АҚЖ-ға өткізілмесе, оған халықтың қандай кінәсі бар?! Жасадық, ел қуанып қалды. Есеп бердік, ертеңінде өшіп қалды жарық. Ұят емес пе?!» – деп он күн ішінде жарықтың берілуін талап ете тапсырды.

«Біздің қалада неге жасыл шөпті өспей жатып, кесіп немесе жұлып тастай береді? Өсіп тұрған өскінді суғармайды, жайқалып өсуіне мүмкіндік бермейді. Орады да, шөпті орылған орнында қалдырып кете береді. Тап бір далада өмір сүріп жатқандаймыз. Айнала жап-жасыл болып тұрса, қандай әдемі болатын еді?» – деген кезекті тұрғын сауалына орай,  «Егер жасыл көгалдар туралы айтып тұрсаңыз, ол жерлердің шөбін үнемі қырқып, белгілі бір өлшемге келтіріп, абаттандырып  отыру керек. Өйтпеген жағдайда өсімдіктер мен шөп қанша метрге дейін өсе беретінін елестетіп көріңіз, қаланың шөбі далада өсіп тұрған жоқ ғой.  Ал шабылған шөпті жинамай,  қалдырып кету  мүлде дұрыс емес. Ол қалған орнында сарғайып, алаңның сәнін кетіреді. Бұны  жауапты орындар  қадағалауы керек», – деді қала әкімі.

«Алматылықтарды толғандыратын басты мәселелердің бірі – Саяхат вокзалының тағдыры. Бұл вокзалға қатысты алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?» – деп сауал тастай сөйлеген  қоңырау шалушыға: «Саяхат» автотұрағы кезінде жеке меншікке өтіп кеткен. Бір қолдан бір қолға сатылған. Қазіргі  меншік иелері мен әкім болып келген кезде  аталмыш жерді «не істейміз?», «қандай жоба жасаймыз?» деп ойланып жүргендерін, сатқысы келетіндерін айтып келген. Мен сатып алудан бас тартпайтынымызды, ол үшін тәуелсіз эксперттер бағасын шығарып беру керектігін айтқанмын. Сөйтсек, ол кісілер қазақша айтқанда, «әкесінің құнын» сұрайды. Өз бағасынан үш есе артық құнды сұрауда. Ал біз ондай бағаға ала алмаймыз. Ертең оны тексереді, нарықтағы бағасы белгілі, одан артық  бағаға алуға болмайды. Ол азаматтар әлі де әртүрлі ойда жүр. Егер нарықтағы бағасына келіссе, сатып алуға ниеттіміз. Әрине қала үшін тиімді жер. Көпті алаңдатып отырған аумақ. Бұрынғы вокзал қалпына келсе де барлығы үшін оңтайлы шешім болар еді. Себебі  жер аумағы төменде тұратын халық үшін де, жалпы бәрі үшін ыңғайлы орында орналасқан», – деп жауап берді.

Эфир барысында бұдан өзге де сұрақтар төңірегінде пікірін білдірген Алматы қаласының әкімі алдағы жоспарлары жөнінде де айтып өтті.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір