Бүкіләлемдік қазақ
Түркі дүниесінің ту ұстары
Түркі әлемі үшін үлкен күрес жолын жаһангер бабаларша жүріп өткен ұлы ақын, ұлағатты ғалым, мемлекет қайраткері, дипломат, түбі бір түгел түркінің ту ұстары, рухани қазынасына айналған тура биі, өз есіміндегі Алланың адамзатқа аманатын ар жүгіндей арқалаған аруақты оғланы – Олжас Омарұлы, қымбаттым, дүрім, сексеннің бесеуіне жеткен мерейтойыңмен құттықтағалы тіл қаттым бүгін! Мен екеуміздің достығымызды мақтан тұтамын. Ұлттар адамдарының санымен емес, рухты, жүректі, біртуар ұлдарының барымен сараланады. Сіз сол біртуарлардың бірегейі болып, ақиық ақын һәм ғұлама ғалым ретінде өзіңіздің қайталанбас шаһқар шығармаларыңызбен ұлтыңызда миллионға бергісіз ұлдың барын күллі дүниеге дәлелдеп бердіңіз.
Кездейсоқ па, әлде, тағдырдың жазуымен бе, 45 жыл бұрын екеуіміз Мәскеудің сол кездегі ең танымал қонақ үйі «Ресейде» кездескен едік. Ол күнді сіздің де ұмыта қоймағаныңызды білемін. Бүкіл Елге даңқы жеткен «Аз и Я» кітабыңызды сынға алып, сағыңызды сындырмақ болған сол заманның ең атақты профессорларын сіз темірдей тегеурінді түйсігіңізбен, қалыптан тыс қарудай болған ұтқыр дәлелдеріңізбен жеңіп шығып, шалқалай құлатып, жауырындарын жерге жеткізген едіңіз. Сол сүйініштің үстінде түнімен кірпік қақпай, таңды ұйқысыз қарсы алған едік-ау… Біздің бар әңгімеміздің басы да, түйіні де Түркі әлемінің тұтастығының төңірегінде болған-ды.
Таң атқанда жаңа шыққан, Түркі дүниесінің шырағданы іспетті «Аз и Я» кітабының он данасын Бакудегі достарымызға арнайы беріп жібердіңіз. Ол он кітап бұл кезеңдегі мамыражай Бакуді дүр сілкіндіргені әлі есімде. Түркішілдіктің туысқан ұлттарға, түпкі тегі бір Түркі дүниесіне таралуына осынау ерен еңбегіңіздің орасан зор ықпалын айтып жеткізу мүмкін емес, сірә!..
Бұдан кейін де бірнеше рет Түркияда, Әзірбайжанда, Мәскеуде кездесіп жүрдік…
1997 жылы Түркияның Жазушылар және мәденеит қайраткерлерінің қорының шақыруымен барып, екеуміздің бірдей «Түркі әлеміне сіңірген қызметі үшін» сыйлығына ие болғанымыз, марқұм Шыңғыс Айтматовпен бірге тамаша уақыт өткізгеніміз есіңізде болар?!
Досым менің, өзіңізді өркениеті мен өзегі тұтас түркілер түгелдей қиын сәттерде теріс айналмайтын, жабыққанда, жадап-жүдегенде жанынан табылатын жан досындай көреді, текті тұлға деп таниды! 1990 жылғы қаңтардың қанға болған қырғынында Бакуге келіп, бізбен жүрегің де, тілегің де бір екенін көрсеттің, баһадүрім! Бұл ерлігіңді Біздің Ел, Әзірбайжан түркілері ешқашан ұмытпақ емес… Сөзбен айтып жеткізгісіз, ештеңемен салыстыруға келмейтін, өреңді тербеп, көкірегіңді кернеп көкке өрлейтін көзсіз ерліктің, қазақы қаһармандықтың қадамы еді мұныңыз!
Менің өмірімде Қазақстанның, қазақ түркілерінің орыны айрықша дараланып тұр. Бұрынғы Одақтың ұлттық республикалары арасында менің тұңғыш кітабымның Қазақстанда жарық көруі де кездейсоқтық емес болар. Екінші кітабымды «Олжас кітапханасы» сериясымен екі жыл бұрын өзіңіздің баспаңыздан шығардыңыз. Сіздің сексен жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында «Қыш кітабы» атты ғажап туындыңыз бен бірқатар өлеңдеріңізді өзім де түрік, әзірбайжан тілдеріне аударып, «Сөз құпиясы» мен «Тарихқа дейінгі түркілер» атты керемет кітаптарыңыздың редакторы болған едім.
Аты аталғаны, атауға алаң тарлық қылғаны бар, сіздің барша еңбектеріңіз Түркі әлемінің руханиятын байытқан баға жетпес қазына, өркениетімізге қосылған өлшеусіз үлес пен сан ұрпаққа азық болар құндылықтар екені сөзсіз. Сіздің бойыңыздағы қажымас қайрат пен сарқылмас қуаттың түбі бір түркінің әдебиеті мен ғылымына әлі талай қызмет қыларына бек сенімдімін мен!
Соңыңыздан сіз салған сүрлеумен біздер ілесуіміз үшін есен болыңыз, Абызым!
Өзіңізді дәйім дос көрген, ақсақал тұтып ардақтаған бауырыңыз
Мамед ИСМАИЛ, ақын, жазушы, публицист,аудармашы
Түркия, Әзірбайжан
Аса құрметті, Олжас Омарұлы!
Сіз бен біз бір рет қана, 1988 жылы КСРО жас ақындарының ең соңғы жиынында кездескен екенбіз. Орыс ақындарымен бірге қаланы аралап, сіздің досыңыз Мұхтар Шахановқа қонақ болғанбыз.
Сіздің кітаптарыңыздың тұрақты оқырманына айналғаныма ондаған жылдар өтті. Мәскеу университетінде оқып жүрген бойжеткен шағымда сіздің «Аз и Я» атты бірегей монографияңыз менің сүйікті кітабыма айналып, орыс әдебиетінің бастауы саналатын «Игорь жасағы жайлы жыр» эпосы турасындағы менің көзқарасымда, пікірлерімде төңкеріс жасаған болатын. Төрт мүшелге жуық университетте көне орыс әдебиетінен дәріс беріп жүріп, мен студенттеріммен бірге қанша рет бұл ғажап еңбекке жүгіндім десеңізші… Бар әлемге танымал әдеби жәдігердің (бір ғана Францияда алты түрлі аудармасы бар!) осыншама еркін һәм терең оқылымы, зейінмен зерделенуі таң қылмай қоймайды.
Кейінірек сіздің әрбір жаңадан шыққан кітаптарыңыз мен үшін ерекше оқиға саналатын болды.
Сіздің қоғам қайраткері ретіндегі өлшеусіз қызметіңіз жайында жақсы танысым, ұстаз әрі қуатты ақын Ефим Зуслин көп жылы лебізін білдірсе, жақын құрбым Римма Казакова өзіңіз жайлы, сіздердің әртүрлі мемлекеттер мен қалалардағы кездесулеріңіз жайлы сағаттап айтар еді. Бұл естігендерімнің бар бояуын Болгария мен Мәскеуде екі қайтара жарық көрген Римма Казакованың еңбектері мен ғұмыры: «Отан, қызмет һәм махаббат » атты монографиямда сақтап қалуға тырыстым. Бұл еңбегім халықаралық «Алтын жиһанкез» фестивалінде марапатталды.
Біздің орыс сөзінің жазық жазирасында (бәлкім, дархан даласында болар?) сіз бір алып бәйтеректей бәрінен биік тұрып, бар болмысыңызбен еліктеуге лайық есіл еркіндіктің, дара да сабырлы даналықтың және жадысы құтты жәудір махаббаттың тұғырлы тұлғасындай көрінесіз.
Бүгінгі орыс әдебиеті, мәдениеті мен педагогикасы сіздің өзіңізді құрмет тұтатынын, барша туындыларыңызды жадында ұстап, жастанып оқитынын тағы да есіңізге сала кеткім келді. Сіздің кітаптарыңызды қаламгерлер мен оқырмандардың, тәлімгерлер мен студенттердің жаңа буыны оқып, сүйсініп, өзіңіз үлгі болып отырған бағытта өткениеттерді жақындастыруда өнімді еңбек етуде.
Сізге денсаулық, шағармашылық шабыт, жаңа кітаптар мен жан саулығын тілеймін! Әлі ұзақ жылдар бойына біздерді жаңа кітаптарыңызбен, дана сөздеріңізбен, достық пейіліңізбен қуанта беріңіз!
Сізді мәңгі қадірлейтін Лола Уткировна ЗВОНАРЁВА,
тарих ғылымдарының докторы, Мәскеу жазушылар одағының хатшысы, РАЕН және ПАНИ академигі, Әлемдік өркениеттер Институтының және Мәскеу халықаралық университетінің профессоры, «Литературные знакомства» журналының бас редакторы, «Серебряные сверчки» балалар мен жасөспірімдер журналының құрылтайшысы.
Қымбатты, Олжас Омарұлы!
Шын шығармашылықта ешқандай шекара жоқ қой. Сіздің жырларыңыз бен ғылыми зерттеулеріңіз осының жарқын көрінісі іспетті. 2009 жылғы Киевке келгеніңіздегі естен кетпес сәттерде жаныңызда рухани бауырластарыңыз Иван Драч, Дмитро Павлычко, Владимир Яворивский және басқа да көптеген украин қаламгерлері мен ғалымдары болды. Өздерінің құттықтау сөздерін, жалынды сәлемдерін арнап, сізді «БҮКІЛӘЛЕМДІК ҚАЗАҚ» деп ұлықтаған еді. Украин тіліне жаңадан аударылып, сол кезде тұсаукесері болған кітабыңыздың біраз бөлігі біздің атамекеніміз Украинаға арналғаны тәнті еткен. Тіпті, үштісті ашамыздың құпия сырын ашып, бұл иероглиф бейнелі бәйтерек екенін анықтағансыз. Бұл тіршілік терегінің кейін Украинаның рәмізіне, елтаңбасына айналуы да тегін емес. Біздің халықтарға ортақ түпкі тамырларды ұмытпаудың маңыздылығын баса айтып едіңіз сол жолы… Ол тамырларсыз ешбір ағаш өміршең болмасы, бұталарының жеміс бермесі анық, сірә. Сіздің терең мағыналы көреген кеңестеріңіздің бізге қаншалықты қымбат екенін білсеңіз ғой!
Сіздің мерейлі мерекеңізде өзіңізді шын жүректен құттықтап, сізге шалқар шабыт, жарқын да жайдары ғұмыр тілеуге рұқсат етіңіз…
Ең ізгі тілектермен Юрий КОВАЛЬСКИЙ, «Радуга» журналының бас редакторы,
Киев, Украина
Құрметті, Олжас Омарұлы!
Мерейтойыңыз құтты болсын! Өзіңізге деген ізгі, жүрекжарды тілектерімізді қабыл алғайсыз…
Бір дәуірге татитын шығармашылық ғұмырыңызда Сіз, Қазақстанның ұлы қаламгері, Еңбек ері, толағай жетістіктерге қол жеткіздіңіз – ондаған кітаптарыңыз дүние жүзінің қаншама тілдеріне аударылып, жарыққа шыққан сәттен-ақ әдебиет әлеміндегі құбылысқа айналып, қазақ ұлтының ғана емес, барша адамзаттың ортақ құндылығы, рухани ізгі мұрасы болып үлгерді.
Орталық басылымдарда алғаш жарық көрген жырларыңызбен жиырма үш жасыңызда Сөз Шебері ретінде танылдыңыз.
Сіз дәйім планетаға ортақ, ең ауқымды өлшемдермен ғана ойлайтын кемеңгерсіз ғой. «Адамға табын, Жер, енді» поэмаңыз бен «Аз и Я» кітабыңыз осы сөздерімнің дәлелі болмақ. Барша адамзатқа қамқорлығыңыздың шұғыласын шашып, төрткүл дүниенің түкпірлерін мекендеген жандарға мейірім төгуден шаршамадыңыз.
Сонау 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я», сол замандардан осы күнге дейін талай лингвистер мен саясаткерлердің талмай талдайтын тақырыбы болса, сіздің шығармашылығыңыздың осы бір биік белесі еді.
Ал сол еңбегіңізді бастаған сәтте сіз әлі жас жігіт – М.Горький атындағы Жоғары әдеби курстардың студенті ғана болған екенсіз.
Ойды айқын жеткізуіңіз бен түйіндеріңіздің тосындығы «Аз и Я» кітабына бүкіл партия билігін қарсы қойғандығына, сегіз жыл бойы сіздің туындыларыңызды басуға (оқуға да!) тыйым салғанына қарамастан, ақын әрі азат ойлы арда ер ретінде Олжас Сүлейменов есімі Ел аузында жүрді.
Көне орыс әдебиетінің ең басты жәдігері «Игорь жасағы жайлы жырды» терең зерттеп, эпикалық дастанның қостілді автордың қолынан шыққандығын дәлелдеп, тағы бір таң қылдыңыз. «Жырдың» өзге зерттеушілер байқамаған, байыптамаған тұстарын тұтастай төңкеріп, тың көзқараспен өз түйіндеріңізді толық мойындаттыңыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлмира Мәдиева ешкімге ұқсамайтын әдебиет қайраткері ретінде бағаңызды қысқа да нұсқа «Сөз археологы» деп дәл берген екен.
Талай жылдан бері ең басты кітабыңызды – «Мың бір сөз» атты әмбебап этимологиялық сөздікті жазу үстіндесіз… Сіздің талантыңызға бас ұратын көпшілік (ішінде өзім де бармын!) тереңдегі Сөз Коды туралы осы еңбегіңізді елеңдей күтіп жүр.
…Әртүрлі салаларда, әртүрлі әлем елдерінде жемісті еңбек етіп, е ліңіздің ғана емес, барша адамзаттың аяулы ардагеріне айналған сізді құрмет тұтатын, сүйсінетін оқырмандарыңыз алты құрлықта түгел бар десем, артық айтқандық емес-ау…
М.Горький атындағы Әдебиет институтын 1976 жылы бітірген мен де, сіздің шығармашылық жолыңызды зерттеу барысында екеумізге де үлкен әдебиетке жолдама берген бір адам – танымал ақын, тәжірибелі аудармашы Лев Озеров екенін аңғарып, таң қалдым. Сізге шығармашылық дәрістерін жүргізген ұстаз, менің жаңа грек тілінен тәржіма жасаған дипломдық жұмысымның – Яннис Рицостың «Персефона» поэмасына аудармасының жетекшісі болды. Бұл жағдайда менің сізге рухани бауырлығымның бір белгісіндей қабылдаймын.
Олжас Омарұлы, сексеннің бесеуіне жетіп жатқан жаңа белесіңіз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыстар, ұзақ ғұмыр тілеймін! Қаламыңыздың қарымдылығынан қанағат табуға жазсын!
Валерий БАСЫРОВ,
«Қырым Республикасының Жазушылар одағы» қоғамдық ұйымының Басқарма төрағасы,
Қырым Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері
Қадірменді, Олжас Омарұлы!
Сүйіншілете жеткен жаңа жасыңызбен мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Сіздің жырларыңызбен бозбала шағымнан таныспын. Қоғамды дүр сілкіндіріп, дауыл боп өткен ғажайып кітабыңыз «Аз и Я», менің жанымды шуаққа бөлеп, көл-көсір шабыт сыйлады. Мен ол кітабыңызды өз достарыма, әсіресе, шығыстағы шын жанашыр жолдастарыма тарту еткенмін…
Екеуміздің ортақ досымыз – Александр Петрович Межиров, өзіңіз жайлы үнемі үлкен құрметпен ең жылы лебіздерін айтып отыратын. Қазақстан туралы ойласам, ең алдымен еске түсер ерек тұлға өзіңіз! Біздің әдебиеттерге сіздің дәйім бар болғаныңыз керек. Әдебиеттің көсегесі көгеріп, өркені өсе беруі үшін сізге ұзақ ғұмыр мен шексіз шабыт, баһадүрлерге ғана тән қажырлы қайрат тілеймін!
Үлкен құрметпен һәм байырғы достық көңілмен
Михаил СИНЕЛЬНИКОВ, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы
Мәскеу, Ресей
ПІКІРЛЕР2