ПРОМЕТЕЙТЕКТІ  ТҰЛҒА
14.05.2021
1924
2

Олжас Сүлейменов жасындай жарқ етіп, әдебиет әлеміне келгелі тұп-тура алпыс жыл болды.

Ғарышқа алғаш адам ұшқан 1961 жылдың сәуірі адамзат ғұмырнамасында  жаңа дәуірдің ғана емес, тарихқа алпысыншы  жылғылар деген айбынды, айдынды атпен  еркін енген асау толқынның атақты өкілі Сүлейменов Олжас есімді 25 жасар ақынның да томағасын қалай сыпырғаны – ел есінде, тарих жадында. Тұяғының дүбірі алыстан жетіп, алысқа кетер ақынның бүгінгі арғымақ  дәуіріне бастау болған сол сәулелі сәуірден бері де тұп-тура алпыс жыл өтті.

Алпыс жыл…

Әдебиет дейтін сиқырлы, сырлы әлемге алғашқы соқпақ-сүрлеуімді салып, қолыма қалам ұстаған бозбала күнім еске түседі. Осы күнгі ұлт әдебиетінің  классигі, патриарх, әйгілі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің редакторлығымен жарық көретін «Жұлдыз» журналының бетінде көзінен от шашқан, жалыны мол, сұлу кескінді жас ақынның «Қаһарманым хақында» дейтін шағын мақаласы мен бір топ өлеңдері жарық көрді. Аты-жөні – Олжас Сүлейменов. Тәржімалаған – Әбіш Кекілбаев. Журналдың айы мен жылы есімнен шығып отыр. Бірақ басылым бетінде жарияланған әлгі мақала да, өрісі бөлек өзгеше өлеңдер де  қаз-қалпы жадымда. «Адамға табын, Жер енді!» дейтін атақты поэма авторының атын естігенімен, өлеңдерін оқи қоймаған ауыл баласының көзін де, көңілін де мына жырлардың бірден баурағанын айтып жеткізу мүмкін емес еді…

«Жетсейші қуып, жігітім,

Жігітім қуып жетсейші!

Жүректе өрттей үмітім,

Жетсейші қуып, өпсейші!..» –  деп басталып,

«…Құрып кеткір,

Қу халық!

Құрып кеткір, қу халық!

Нағыз батыр жігітке,

Нағыз батыл жігітке,

Нағыз асыл жігітке,

Тұлпар деп тұғыр мінгізген!..» – деп аяқталатын «Қыз қуу» жырының үзіктері менің жадымда жатталып қалуы да, шамасы сол «баурау» сезімінің мықтылығынан болар деп ойлаймын. Түпнұсқадағы:

«Догони меня, джигит,

Не жалей коня, джигит.

Если ты влюблён и ловок,

Конь догонит, добежит…

Злые люди,

Злые люди,

Вы обидели меня.

Дали смелому джигиту,

И красивому джигиту

Ишака,

А не коня!..» – деген табиғатынан  қазақы  жырдың (ақ өлеңдік) ағыл-тегіл екпіні атқақтап тұрған 1961 жылы өмірге келген осы бір өлмес өлең мені халқымыздың екі бірдей ұлы перзенті – Олжаспен де, Әбішпен де  алғаш сырттай таныстырып, табыстырған еді…

Иә…

Қазақ көркемсөзі  мен көркем ойының кеңістігіне қанат бітірген, тұтас бір дәуір әдебиетінің жанын, жаратылысын жарқыратып ашып, ұлт пен ұрпақ көкірегіне беріш боп түйілген шындықтарды бар бояу-реңімен нәшіне келтіріп, келістіріп жазу бақыты пешенесіне  бұйырған санаулы саңлақтардың бірі – Олжас Омарұлы Сүлейменов алпыс жыл ішінде ұлт рухы мен халық намысын ұйқысынан сілкіп оятып, әлденеше ұрпақтың жанына сыр құйды, жүрегіне нұр септі, санасына сәуле шашты. Өзі де, сөзі де уақыт дейтін қатал, қатыгез, «бетің бар, жүзің бар» демейтін безбүйрек сыншының тезінен сүрінбей өтіп, Ұлы Даланың абырой, беделін алты құрлыққа алып шықты. Желкенін жайды. Айдын бірде тыныш, момақан болса, енді бірде дауылмен тұншықтырды, түнек мінезімен тереңіне тартты. Арғы атасы Олжабай батырдан дарыған, алпыс екі тамырына қалғу бермес күрескерлік рух Ақынды отқа да салды, ақ қар, көк мұзда жалаңаш табанынан ызғар-суығын  да  аямай өткізді. «Аз и Я» дейтін атақты шығармасы үшін қуғын көріп, алаш арыстарының кебін кие жаздады… Өз сөзімен айтқанда, «Димаш Ахметұлы Қонаев сынды ірі тұлға араша айтпағанда» көрер күніне күмән тұзағының байланғаны анық еді…

Алаш жұртының ары мен намысын қорғап, алып империямен алысқан жылдар тарихқа айналып барады.

Жалаңаш қолымен от уыстаған Прометейдей болған сәт-сағаттар қалып барады…

«Семей-Невада» қозғалысының әлем назарын қазақ қасіретіне бұрған, Тұңғыш Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартқан өткен ғасырдың 90-жылдары тарихтың еншісіне ерлік үлгісі боп айналды.

Алпыс жыл ішінде… Өмір де, қоғам да, адам да өзгерді. Ел де, Жер де өзгерді…

Күні кеше ғана іргесі шайқалмастай көрінген «алтыншы империя» ыдырады. Тәуелсіздік келді. Екі ғасыр тоғысында әлемнің саяси картасына жаңа атаулар енді. Адамзат баласын алаң көңіл еткен тарихи дүмпулер, аймақтық қақтығыстар, ғаламдық катаклизмдер молайды. Санаға қонбас айуандық әрекеттер мен қолдан жасалған сұмдықтар жер үстін жайлай бастады. Екі дүниенің шарпысуы адамзат баласын шешімі қиын сауалдар қорығына қамады. Індеттің тұманы мен күмәніне тұншықтырды. Адам өмірі қыспаққа түсті. Ұлт үшін ауадай қажет құндылық атаулының ең маңыздысы – тіл мен сөз өнері де жаңа дәуірдің алуан түрлі сұрқия сынақтарына ілікті.

Иә…

Әдебиет елдің кескіні, ұлттың ұлы қазынасы екені артық дәлелді керек етпейді.

Алпыс жыл…

Олжас Сүлейменов Алаш жұртының ой­параметрлерінің мүмкіндігін әлемге еркін танытқан, ойы мен сөзі ер үстінен түспей келе жатқан ұлтымыздың кемеңгер ойлы, кесек бітімді ұлы перзенттерінің бірі екенін дәлелдеді.

Алпыс жыл…

Халқының ары мен ожданын, жігері мен намысын арқалап, Тәңіріден бұйырған ақындық дарыны мен қайраткерлік қарымын өзінің туған еліне, жұртына қалтқысыз арнаудан еш жаңылмаған, Арын, Иманын тұмар қып түйген тұғырлы тұлғаның мәртебесін асырды, мерейін үстем етті.

Өйткені…

Ол – құбылыс!

Ол – жиырмасыншы ғасыр тұсауын кескен ұлт феномені!

Рас!

Олжас шығармаларын орыс тілінде жазады. Жазған ақын болғанымен, жаздырған заманы! Туған ұлты тұғырынан тайып, әкесі «халық жауы» атанып  түрмеде атылған, өз жерінде өгейліктің кебін киген кешегі Алаш жұртының жалғыз перзенті Олжас қана ма еді?!

Әлемді шеңгелімен бүріп, талай шағын ұлттардың тілін, ділін, дінін алған тоталитарлық жүйе, қанша тізесін батырғанымен, қазақтың рухын жыға алмады. Олжастың орыс тіліндегі жырлары – сол бүгілмеген, үгілмеген ұлт рухының көрінісі!

Тұлға табиғатына байыппен қарап, барынша тереңірек үңілген адам оның жаны, рухы, болмысы Қазақ екеніне еш шүбә келтірмейді. Олжастың орысшасынан жусанды дала мен бетегелі белдің, төрт түлігін өргізіп, ондаған ғасырлар бойына ұрпақ өсіріп, өзінің ұлттық бітімін сақтаған сайын сахараның иісі аңқып тұрады. Сары даланың сағымын кешкен ақын қиялына қанат біткен сәттерде жер-жаһанды кезуі заңды. Соның өзінде ақынның мына он сегіз мың ғаламның  жұмбағы мен сырын  арқалаған киесі де, иесі де ұлы Жаратушы болған  жер хақындағы толғанысынан қазақы мінез менмұндалап тұрады.

«Кружись, айналайын. Земля моя!

Как никто

Я сегодня тебя понимаю.

Все болезни твои

на себя принимаю.

Я кочую, кружусь по дорогам твоим…» – деген жолдардағы далалық дүниетанымның саумал самалындай есіп тұрған жалғыз «айналайын» сөзінің өзі неге тұрады?! «Арғымағы» ондаған ғасырларға жалын сүйгізіп, Тәуелсіз жұртымызға – Ұлы  Дала Еліне рух берген «Шығыстың  шұғылалы шағы», замана, дәуірлер соқпағынан бағыт түзеп, бағдар іздеген «Қыш кітабы», берісі Азияны, әрісі адамзат баласының санасын сілкіген «Аз и Я»-сы, «Адамға табын, Жер ендісі!», тамыры  тым тереңде жатқан түркілік дәуірлерді ұйқысынан оятқан «Мың бір сөзі»  – ұлттық әдебиетіміз бен халықтық дүниетанымыздың көркі болған  адамзат өркениетінің қазыналы құндылықтары санатынан екені айдан анық.

Қара орман қазақ әдебиеті мен аламаны қою Алаш мәдениетін әлемдік абыройдың асқарына көтерген, «Махамбеттен қалып қойған бір тамшы, мен бейбақ Хафиз болып тусамшы» деп,  өз шығармаларымен өркениет дүниесіне кең өріс ашқан Олжас Сүлейменовтың әлем әдебиетіндегі орны мен абыройы айырықша екенін уақыт дәлелдеп отыр.

Иә…

Олжас маған қандай тұста да, қандай күрделі қиын кезеңде де дүниелік құбылыстарға барынша кең қарап, ұлт үшін тиімді жол іздеуге ұмтылған қайраткер бітімді ойшыл, ұлт үшін жырымен де, жүрегімен де, көзқарасымен де, мінезімен де от уыстап алдан көрінер прометейтекті, тебінгілі ұлы тұлға  болып елестейді.

Ол – өзгерген заманда өзгермей ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақ Ұлтының қайыпберен мінезді қайсар ұлы!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 14.05.2021 | 14:39

«Адамға табын, Жер енді!» дейтін атақты поэма авторы», енді, алып империя атеизімімен келмеске кетіп, ел тәуелсіздігін алып руханиятымыз зынданан жарыққа шыққанда түсінген болар, жердің Алладан басқа ешкімге табынбатйнын, сондай-ақ адамның да сол Аллаға ғана бойсұнып, бағынатынын. «Ештен кеш жақсы» деген осы ғой.

Аноним 02.06.2021 | 11:04

Осы жұрт «Адамға табын. Жер енді!» дегенді әлі дұрыс түсінбей жүр…
Олжас ағамыздың сөзін түсінбегендер әлі де бар… Сөз коды…
Ақынның аузына сөз салатын Алланың өзі ғой… Ал Олжас — ақын! Ақын болғанда қандай!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір