Заман келбетін айнаға көшірген қаламгер
Көркемөнердің өмірбақи азбайтын жалғыз мұраты –
шындықтың мақтан тұтар жағы мен жантүршігерлік
жаман жағын да айнадан көрсету.
Шекспир.
Япыр-ау, Шекспир не дейді? Жаз демейді, суретте демейді, сипатта демейді, баянда демейді, – «айнадан көрсет» дейді. Ал Сағат Әшімбаев не дейді? «Нақ өз заманын өз кезіңде жазған бірден-бір адам – Шекспир», – дейді. Ал мен не деймін? Өз заманын өз кезінде жазып қана қоймай, айнадан көрсете алған бірден-бір жазушы Тұрысбек Сәукетаев десем, сенесіз бе?
Бір данышпан айтқан екен: «Екі рет оқуға тұрмайтын кітап – бір рет оқуға да тұрмайды», – деп. Ал мен бұл кітаптарды (Тұрысбек Сәукетаев, «Қилы тағдыр». Романдар циклі. 6 кітап) екі, үш, бәлкім одан да көп оқыған шығармын. Менің бұл кітаптарды оқуым – құмды шөлді ұзақ шарлап, кенезесі кепкен адамның кенет алдынан кездесе кеткен тастай тұмаға бас қойғанындай болды. Қомағайлана, тойымсыздана оқыдым. Оқымадым – сімірдім, сіңірдім. Өзім де сол әлемге сіңіп, еріп жоғалдым. Өзім – өзім емес, кітап кейіпкерінің біріне айналдым. Себебі кітаптан өзімді көрдім, Сізді көрдім, Оны… Оларды көрдім. Өз тағдырым мен тауқыметімді тағы бір бастан кештім. Барлық қызыл-жасыл әлем-жәлемімен көз қарықтырған, жалған жарқылымен, уда-шу даңғаза-даңғой жарнамасымен жұбатқан және алабажақ, шұп-шұбар жалаңаш кейпімен шошытқан ортамды, заманымды, қоғамды көрдім. Ғасырымның алқынған демін, солқылдаған жүрек соғысын, ышқынған үнін естідім. Әр парақтан сорғалаған жас, сойқақтаған қан төгіліп тұрғандай сезіндім. 1-кітаптың басында кездескен бас кейіпкерімнің азат жаны мен азапты тағдырын өз тағдырым деп қабылдадым. Одан соңғы сәтте одан бір сәт айырыла алмай, бірге сапар шектім. Тіпті оның соңғы тағдырына алаңдағаным соншалық – авторды іздеп барып, әлі қолжазба күйіндегі жалғасын оқыдым. Кез келген оқырман осы күйді басынан кешер еді. Себеп неде?
Себебі бұл кітап – тұнып жатқан тұңғиықты астан-кестен еткен тас кесек.
Себебі бұл кітап – тұмса дүниенің тас құрсағын дар айырып, дүниеге ерте келген шақалақтың шырылы.
Себебі бұл кітап – оқыдым деуге жүрек керек, оқымадым деуге ұят керек кітап.
Себебі бұл кітап – осы күнге дейін бойымыз үйренген көне қыпшақтың қыш қорғандарынан құлағымызға келіп жеткен күмбір-күмбір қоңырау үні де емес, сардалада жосыған жортуылдар дүбірі де емес, не болмаса сұлулық пен гармонияға, махаббат пен сезімге шомдырып, қуанышты күрсініспен аяқтап, оқырманды әже әлдиіндей тербеп, тәтті ұйқыға жетелейтін де кітап емес.
Себебі бұл кітап, керісінше, «Ұйықта, қазақ, баю-баймен» қалғып жатқан, тоғышар қанағатын місе тұтқан жан-дүниемізді астан-кестен етіп сілкіп-сілкіп алады да, тамырыңда қалған бір тамшы қазақы қаныңды қайнатып, өзіңнің қазақ екеніңді, ұлт екеніңді, тіпті адам екеніңді еске салады. Өзіңе де беймәлім бір бұла күш ұйқыдағы арыстандай жалын күдірейте бас көтеріп, ақ пен қараның, өтірік пен шындықтың, жала мен жазықсыздың, билік пен әлсіздің бітіспес күресіне араласып кете барасың.
Себебі бұл кітап – кем дегенде жарты ғасыр ерте жазылған кітап. Бірақ бұл бүгін, ішіндегі барлық кейіпкердің көзінің тірісінде, жазылды. Міне, осынысымен де құнды. «Нағыз қаламгер кешені емес, ертеңді емес, бүгінді жазу керек» деп еді-ау Пушкин. Ал дәл біздің қоғамда бүгінді жазу оңай ма?
Оған жүрек керек. Басыңды бәйгеге тіккен жанпидалық керек. Шыбын жанын шүберекке түйген ұлтжандылық керек. Батырлық керек. Біз батыр десе дулыға киіп, садақ асынып, қылыш сермеп, жау қуып баратындай көреміз. Жоқ, әр заман өз батырын өзі жасайды. Оның үстіне руханият әлемінің, рух майданының батырлары бүгін де бар. Бірақ біз осыған үйрендік пе? Жоқ, заманды көшкен соң, билікті құлаған соң, көсемді өлген соң ғана «сазайын беріп», «жау кеткен соң қылышымызды боққа шауып» үйренген басымыз бұған ашық күнде аспаннан жасын түскендей қарадық. Шошындық, кіржидік, тыржидық, түксидік. Шындықты жазбақ түгілі оқуға батылымыз жетпейтін байғұс басымыз «ескі әдіске» көштік. Көрмеген, білмеген, естімеген болдық. «Жоғарыға» жалтақ-жалтақ қарадық. «Жоғарының» қабағын байқап алған соң, «пәлеңнен аулақ» деп, жыбыр-жыбыр жамандауға көштік. «Эклектика», – дедік, «диссидент», – дедік. «Заманнан жылт еткен жақсылық таппай, жамандай беріпті», – дедік. «Арғы тегінде бір бәле бар, қазақты жек көреді», – дедік.
Абайға да осы кінәні артқанбыз. Өз заманымыздың тамаша ақыны Ақсұңқарұлы: «Абай – рентген. Кеудеңе тоссаң, күллі иттігің көрінеді», – депті. Бұдан асырып не дерсің? Сол айтқандай, Тұрысбек Сәукетаевтың бұл туындылары – рентген. Оған қоғам мен билік кеудесін тосса, күллі иттігі, тыржалаңаш сиқы көрінер еді…
Сәукетаев несімен ерекшеленеді?
Біріншіден, қазақ романистикасын жаңа бір кезеңге көтерді.
Екіншіден, композициялық түзілімдегі реформа.
Үшіншіден, көркемдіктің поэтикалық сипаты.
«Сәукетаев қазақ романистикасында жаңалық ашты» деп тұрғам жоқ, қазақ романистикасын жаңа кезеңге алып шықты деп тұрмын. Тәуелсіздік ұғымы Мемлекетімізде қалай жүзеге асып жатқанын қайдам, ал әдебиетімізде, әсіресе, прозада ол былай жүзеге асты: Өзінің ғасырлар бойы жүріп келген сонар ізі фольклоризм, романтизм, реализм, футуризм, символизм т.б. әдістерінен сілкініп шығып, модернизмге батыл қадам жасады. Бұл – қаламгерлер жиналып алып «Келіңдер, осы әдіске көшейік» деп жүзеге асыратын нәрсе емес. Қаламгерлер өздері де сезбестен бейсаналы түрде жаңа ағымға ілеседі. Батыста ғасыр бұрын қабылданып, өміршеңдігін дәлелдеген модернизмнің бізге келгеніне біраз болған. Дәлі, ол бізге емес, біз оған келдік. Қаламгердің екінші тынысы ашылғандай. Өзінің зерттеп отырғаны кейіпкер емес, алдымен адам екенін түсінді. Оның кейіпкері өз заманының перзенті. Өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы барша келеңсіздікке, екіжүзділікке, парақорлыққа, жемқорлыққа, байлық пен биліктің тойымсыз әрекетіне, олардың жазықсыз құрбандарына жаны ашыды. Басын тауға да, тасқа да соғып, өзі де жапа шеге жүріп, қарсы күресті. Қаламгер де қайтсін, өзі сомдап жонған кейіпкерін әділет жолындағы күресте жеңіске жеткізіп типаж-кейіпкер жасағысы-ақ келеді. Өзі де онымен бірге бейнет кеше жүріп, ширығып, шамданып, шамырқанып келеді де, дәл кульминацияға жеткенде, сылқ түседі. Әттең, тип-кейіпкер жасалмады. Кінә қаламгерде де, кейіпкерде де емес. Кінә – қоғамдық ортада. Сөйтсе, қоғамдық орта, қоғамдық болмыс пен сана, қоғамдық құрылым дайын емес екен. Яғни, типтік орта жоқ. Типтік орта жоқ жерде, типтік кейіпкер де жасалмайды. Осы жерде көп қаламгер өз геройын «өлтіреді». Ал сүйікті кейіпкерін өлтіруге қимағандар, оқырманды аяғандар еріксіз постмодернизмге жүгінеді. Әділдік пен мейірімді әлдебір тылсымнан, Құдайлық құдіреттен іздейді. Сөйтіп, ғайыптан әлдебір Айғыр-кісі, Кісі иесі, Бөрі-ана, Алқызыл түлкі көмекке келеді. Бұл – үзілмеген үміт, «болашақта әділет орнайды» деген сенім, оқырманның үмітін үздірмеу. Бірақ қазіргі жас балалардың ішінде құбыжығы жоқ мультфильмді көргісі келмейтіні сияқты, қазіргі орта буын қаламгерлерді бұл әдіс, яғни постмодернизм – қанағаттандырмады. Эфсана-аңыз, қиял секілді көрінді. Сөйтіп олардың табан тірегені – символизм болды. «Жоғарыға да» жалтақтамайсың, «төменді де» түңілдірмейсің. Осылайша, олар азат рухты, рухани тәуелсіздікті, ата қазақтың тектілігі мен ірілігін символизмнен іздеді. Осының нәтижесінде Сүлікқаралар, Бөрісырғақтар, Көкжалдар, Селебелер, Марқасұлулар өмірге келді. Сәл іркіліп қалғандаймыз ба, қалай? Ары қарай модернизмге батыл қадам жасап, табан тіреген бірден-бір қаламгер Сәукетаев болды. Бейнелі түрде айтсақ, сатырлатып жосып келе жатқан топ жылқы долы өзенге тірелсе, бір сәт ұйлығып қалар еді. Сонда ішіндегі жанкешті біреуі асау ағынға қойып кететін еді де, қалғандары да соңынан секіретін. Сәукетаевтың қазіргі қазақ прозасындағы ерлігі осындай көрініске ие.
Сәукетаев – тәуелсіз кезең әдебиетіндегі модернизмнің көшбасшысы. Модернизм – жаңалық. Әдістегі, тәсілдегі, стильдегі жаңалық. Сәукетаев жаңалығы неде? Шындығында. Осы жерде мынандай дау тууы мүмкін. «Ау шындық дегеніміз – реализм емес пе? Кешегі алыптарымыздың бәрі реализм әдісімен жазды емес пе? Мүйізі қарағайдай соцреализмді қайда қоясыз?» Түсініңіз, оқырман, реализм – қоғам көзімен қарағандағы шындық, модернизм – адам көзімен қарағандағы шындық.
Көркем әдебиеттегі тәуелсіздік идеясы Сәукетаевтан басталған демейміз. Ол қазақ қаламгерлерінің көкірек түкпірінде жатқан шерлі күрсініс болатын. Ашып айта алмады, заманы айтқызбады. Тек анда-санда бір оқыс одағай леппен, бұлың-бұлың суретпен белгісіздеу етіп аңғартатын. Мына бір ғана сөйлемді Ғабекең (Мүсірепов) кездейсоқ ала салды деп кім айтар? «Арбада іркілдеп жатқан екі шошқаға «сендерді әлі қанша сүйрейді екенмін» дегендей» сары атан тәкаппар басын көтеріп, жасаураған мұңлы жанарын белгісіз көкжиектен алмай ұзақ қарады». Сұмдық символ емес пе?
«О, жасаған-ай, былтыр осы айт күні бір ауылды ет пен қымызға тойдырған бай-бәйбіше биыл аштан өледі деп кім ойлаған?» Бұл кейіпкерінің аузымен айтқызып тұрған Би-ағаның (Майлин) өз сөзі, өз өкініші, арманы емес пе?
«Қала бикешінің шляпасын киіп, гауһар жүзік, алтын сағат тағып әйелі кіріп келгенде, погребтан қаймақ құйылған ыдысты шығарып жатқан Ахмет шошып кетіп, қаймақ төңкеріліп, бет-аузына, сақалына құйылды» Дәл осы көріністе Ғабиден бай да бақуатты колхозшы, теңдікке жеткен әйелді жазып отырғандай көрінгенімен, әйел теңдігі саясатының әсіре масқара көрнісін әжаулап отыр емес пе? Сондай-ақ Мағауиннің («Аласапыран») екі кейіпкері Ораз-Мұхамед пен тағы бір батыр – қазақтың арыстандай екі ер жігіті жекп-жекте. Көздерін қан жауып, бірі өлмей тоқтамақ емес. Осы кезде Ораз-Мұхамедтің көзі қасындағы екі жат жұрттыққа түседі (Бірі – орыс, бірі – поляк па?). Екеуінің жүздерінде «бірің өліп, бірің қал» деген немкеттілік, тіпті қуаныш бар секілді. Даланың аңғал бөрілерін осылай бір-біріне айдап салғанына риза секілді. Сол сәтте жау болса да, қарсылас батырдың ерен күшіне, намыскерлігіне риза болған Ораз-Мұхамед сұлтан: «Әттең дүние-ай, екеуіміз жауласпағанда ғой, сенімен емес, екеуіміз ана екеуімен жекпе-жек шықсақ етті», – деп өкініш етеді. Міне, осының бәрі біздің қаламгерлеріміздің көкірегінде қай заман болсын отарлауға қарсылық, тәуелсіздікті аңсау болғанын көрсетеді. Тек ашық айта алмай, астарлап қана білдірген. Сәукетаев осы тұйықтықтың томағасын сыпырды. Өзіне дейін қазақ романистикасына өзгеше сипат енгізді дедік қой. Қандай сипат? Қазақ романын эпикалық сарыннан, шартты схематизмнен, қажытқан урбанизмнен алшақтатты. Оның есесіне, Пифагордың өзі Ғаламтанудың үш негізі деп көрсетіп кеткен мифология, религия, философияны енгізді. Соңғы кезде сәнге айналған монологтық психологизмді азайтып, есесіне жанды, қақтығысты диалогты драматизмді молдап енгізді. Бұл – бұл ма? Автор қазақтың аз дегенде бір ғасырлық өмірінің бай полифониялық картинасын жасады. Не жоқ онда? Тағдыр, талан, мінез, мүсін, болмыс пен сана. Эмоция, фантазия, антропология, дәуірлік сипат, экспрессивті – эмоциональді сөздер тасқыны, тасқындап төгілген мінсіз поэтика, жанды образдар, жан түршіктірер катаклизм, дөрекі натурализм де осында… Есіме еркімнен тыс бір салыстыру келе береді. Орыс классикасында үлкен бетбұрыс, сілкініс тудырған Достоевский болатын. Сондағы жаңалығы – өмірді еш бояусыз өз қалпында, шындықты шын қалпында суреттеу. Қазақта ондай қасиетке Майлин мен Аймауытов ие еді. Ал шындықтың бейнесі жаншошырлық екені және рас. Сол үшін де орыс қоғамы Достоевскийге «ең қатігез жазушы» деген атақ беріп, оның туындылары бір ғасыр бойы ешкімнің назарына ілікпеген. Қазір «Қазақтың Есенині», «Қазақтың Толстойы» деп жүрміз ғой. Өз басым Сәукетаев қазақтың Достоевскийі бола ма деп қорқамын.
Иә, қорқамын.
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ
(Мақаланың толық нұсқасын «Жұлдыз» журналынан оқи аласыздар)
ПІКІРЛЕР3