Байбота Қошым-Ноғай. «Шолпан жұлдыз туғанша»
13.05.2021
2041
0

– «Қарабауыр қасқалдақ…» деп басталатын өлеңді осы қолжазбадан алып тастауға болар еді ғой. Қазір осы өлеңді Желтоқсан оқиғасымен байланыстырып, оған саяси мән беріліп отыр.

– Қасеке, ол – Желтоқсан оқиғасынан әлдеқашан бұрын жазылып, «Жұлдыз» журналында жарияланған өлең. Табиғат экологиясы тақырыбындағы туынды. Жұрттың аузында өлеңнің мазмұны мүлдем бұрмаланып түсіндіріліп жүр. Лермонтовтың «Парусы» секілді…

Шындығында Есенғалиға үлкен абырой әперген «Қарабауыр қасқалдақ…» оның Мырзашөлде (Гагарин қаласында) жүрген кезінде өзі қарамағында қызмет қылған «Достық» газетінің бас редакторы Шарапхан Кенжехановқа арнап жазылғанын кейінірек білдім. Оның жазылу тарихын менен де гөрі жақсырақ білетін қаламгерлер бар. Сондықтан бұл әңгімені ақиқатын егжей-тегжейлі айта алатын солардың еншісіне қалдырдым.

– Сен жақсылап дайындалған екенсің. Бірақ жұрттың бәрін сендіре алмассың бұл сөзіңе, – деді Қастек Баянбаев.

– Дәлелі бар ғой, – дедім мен.

– Оны білемін. Бірақ мен бұл қолжазбаға қол қоя алмаймын.

– Түгел оқып шықсаңызшы.

– Оқығанмын. Бәрі де түсінікті. Бірақ біреудің екіұшты өлеңдерін өткізіп беремін деп, партбилеттен айырылатын жағдайым жоқ.

Бұдан ары қарай әңгіме болуы да мүмкін емес еді. Бірақ ол кісінің өзі не кеңес берер екен деген оймен:

– Қолжазба графиктегі уақытынан тағы да кешігетін болды, Қасеке. Мұны және бас редакцияның рұқсатынсыз өндіріске өткізе алмаймыз ғой, – дедім.

– Өздерің шешіңдер. Басқа біреуге оқытып аласыңдар ма, білмеймін. Ал мен қол қоймаймын, – деді Қасекең.

Ұнжырғам түсіп, қолжазбаны қолтықтаған күйі редакцияға кіріп келе жатырмын. Алдымнан шыққан бөлім меңгерушісі Серікбай Оспанов:

– Қол қойып берді ме? – деп, қолжазбаның алғашқы бетін ашып қарады.

– Қасекең: «Партбилеттен айырылатын жағдайым жоқ», –  деді.

– Енді не істейміз?

– Қоқаңның өзіне немесе басқа орынбасарларының біріне оқытып алайық.

– Ой-бо-о-ой, олар оқымайды ғой енді…

– Енді… бас редакцияның рұқсатынсыз өндіріске өткізе алмаймыз ғой.

– Қолжазбаны госкомиздат қайта сұратуы мүмкін бе?

– Білмеймін. Сұратпайтын шығар. Бұрын госкомиздат сұратып алып рецензиялаған қолжазба – бір басқа, бұл қолжазба – бір басқа. Екеуінің редакторы да екі басқа адам.

– Қолжазбадағы негізгі шығармалар бір ғой бәрібір.

– Бұл қайта жұмыс жасалған басқа қолжазба, – деймін мен қасарысып.

– Егер қайта сұратып жатса, соны дәлелдеу керек.

– Дәлелдейміз.

Біз осы мәселені шеше алмай, әрі-сәрі күйге түсіп жүргенімізде қабылдау бөлмесінде отыратын хатшы қыз келіп, Серікбай Оспановты бас редакторға шақырып кетті. Бас редактордың бөлмесінде бес-он минут кідірген Секең орнына отыра беріп маған бұрылды.

– Мына қолжазбаның соңында біреу жүр ғой деймін. Бәле болды ғой, – деді ол абыржып. – Енді госкомиздат емес, ЦК сұратыпты!

– Не дейді?! – деппін мен де сасқалақтап.

Бөлім меңгерушісі баспаның бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевтің кабинетінде айтылған әңгімені қысқаша баяндап берді де:

– Директордың атына ЦК-дан телефонограмма келіпті. Есенғали Раушановтың «Шолпан жұлдыз туғанша» атты қолжазбасын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Ауман өзі оқымақшы көрінеді. Соған сен редакторлық тұжырымыңды орыс тілінде қайта жазып бер, – деді маған.

– Оны мен қалай орыс тілінде жазамын. Бас редакция оны орыс әдебиеті редакциясындағы редакторлардың біріне аудартсын да, – деймін мен шыр-пырым шығып. – Оның үстіне қазақ тіліндегі қолжазбаны Ауман қалай оқиды? Сол өзі орыс па, неміс пе, кім?

– Онда не шаруаң бар? Редакторлық тұжырымыңды орыс тілінде дайындасаңшы. Директор мен бас редактордың тапсырмасы бұл!

Дереу Есенғалиға телефон соқтым. Ол қолжазбаға бас редакция қол қойып берді деп үміттенген болса керек. Мен жағдайды келген соң түсіндіретін болдым да, сөзді келте қайырып, оның тезірек келуін өтіндім.

Есіктен кіріп келген Есенғалидың екі езуі екі құлағында. Бірақ оның аптығын басып:

– Өзіңнің әжептәуір орысшаң бар ғой. Менің редакторлық пікірімді орыс тіліне аудар. Артық ештеңе қоса берме. Қолжазбамен көп жұмыс жасалғаны, мемлекеттік баспа комитетінің сын-ескертпелеріне жіті назар аударылғаны, Октябрь революциясының жеңістері мен ұлттар достығы жырланады дегенге басымдық бер, – деп түсіндіріп жатырмын.

Ол менің айтпағыма тез түсінді де, редакторлық тұжырымымды өзімен бірге ала кетті.

Бірнеше күннен кейін редакторлық тұжырымның орыс тіліне аударылып келген мәтінін біз өзімізбен бірге қызмет істейтін жазушы Кәмила Құдабаеваға қайта қаратып алып, машинкаға тергіздік. 1987 жылғы мамырдың 18-і күні «Жалын» баспасының директоры Сейдахмет Бердіқұловтың атынан Орталық Комитетке қатынас хаттың мәтіні дайындалды:

«ЦК КОМПАРТИИ КАЗАХСТАНА ОТДЕЛ ПРОПАГАНДЫ И АГИТАЦИИ

тов. АУМАНУ В.А.

В связи с Вашим запросом представляем неотредактированный вариант рукописи стихов Е.Раушанова  «До рассвета».

Приложение: рукопись в ІІ-ом экз. на 208 стр.

Директор издательства «Жалын»        С.БЕРДИКУЛОВ». 

Қолжазбаны курьер арқылы жөнелткеннен кейін он шақты күн өткен соң баспаның бас редакторына Орталық Комитеттен телефон соғып: «Қолжазба редакторы келсін», – депті.

Абырой болғанда, менің алдымнан Қазақстан КП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі, жазушы Софы Сматаев шықты. «Шолпан жұлдыз туғаншаны» сол кісі оқыпты. Софекең менің өз атыма, Есенғалидың қолжазбасына жылы-жылы лебіздерін айтып, ауызша бірнеше ескертпе жасады.

– Сонша шу шығарып дүрбелең туғызатындай ештеңе жоқ мұнда. Менің қолжазбада көрсеткен ескертпелеріммен жұмыс жаса да, өндіріске жібере бер, –   деді.

Қолжазба Орталық Комитеттен келгеннен кейін редакторлық тұжырымымды: «Шолпан жұлдыз туғанша» атты бұл қолжазба Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұлтаралық қатынастар секторының сұратуы бойынша алынып оқылды. Қолжазбаға елеулі ескертпелер айтылған жоқ», – деген сөйлемдермен толықтырып, бас редакцияға қайта ұсындым.

Қолжазбаға бас редактордың орынбасары Қастек Баянбаев бәрібір қол қойған жоқ…

Арада аз уақыт өткен соң мені Сейдахмет Бердіқұлов шақырды. «Есенғали Раушановтың қолжазбасын ала кел», – деді. Көңіл күйі тым жақсы екен. Жағдайымды сұрады. Адам мен адамның арақатынасы, кісілік жайында бір моральдық тақырыптарды қозғады. Өзінің Шыңғыс Айтматов, Габриэль Гарсиа Маркес сынды жазушылармен дүниежүзілік ірі жиындарда кезігіп, иық тірестіріп жүргенін, олармен арасында тең дәрежеде достығы болғанын әңгімеледі. Бұл әңгімелерді не үшін айтып отырғанын түсінбедім. Әсілі, маған дейін сөйлескен біреумен арадағы әңгімесінің әсерінен арыла алмай отырса керек.

Оның мені шақырып алғандағы айтпағы мүлде бұл емес екенін ойлап отырмын. Бір уақытта барып ол мені неге шақырғанын еске түсірді ме:

– Есенғали Раушановтың қолжазбасын неге өндіріске өткізбей отырсың? – деп сұрады.

– Бас редакция қол қойған жоқ, –  дедім.

– Қолжазба барлық инстанциядан өткен секілді ғой.

– Иә.

– Қол қоймай отырған кім?

– Қастек Баянбаев.

– Қол қоюға қауіп қылатындай не бар екен онда?

– Ештеңе де жоқ. Есенғали Раушанов – өте жақсы ақын. Өлеңдерінің көркемдігі аса жоғары…

– Мен оны білемін, – деді Сейдағаң.  – Маған редакторлық тұжырымыңды берші.

Мен осылай болады деп күткенмін. Қайта дайындалған қолжазбаны енді бас редакцияның да, баспа ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің де қайталап оқуының мәні қалған жоқ. Ал комитет сұрата қалған күнде де «Шолпан жұлдыз туғаншаны» екінші рет жабық рецензияға беруі неғайбыл. Қолжазбаға жазылған редакторлық тұжырыммен танысқан адамға бәрі де бес саусақтай айқын еді. Сейдағаң редакторлық тұжырымды оқып шыққан соң:

– Ал бұлар қолжазбаға қандай кінә қойып отыр? – деді маған бұрылып.

– Табиғат жайында жазылған өлеңдерден саяси астар іздейді.

– Мысал үшін,  қай өлеңнен?

– «Қара бауыр қасқалдақ…»  деп басталатын өлеңнен.

– Кәне, қолжазбадан сол өлеңді тауып берші маған.

Мен қолжазбаны тез сапырылыстырып, «Қара бауыр қасқалдақты…» тауып алдым да, «Шолпан жұлдыз туғаншаны» Сейдахмет Бердіқұловтың алдына қойдым. Ол өлеңді түгел оқып шықты.

– Мұнда қандай саяси қате бар? – деді сосын маған таңырқай қарап.  Сәл кідіріп: – Бұлардың қорқып отырғаны мына «қаңғып келген шүрегей» деген тіркес шығар? – деді.

– Иә,– дедім ол кісінің тап басып тұрғанын аңғартып.

– «Қаңғып келгеннен» қорықса, бұл «адасып келген» болып жүре берсін,– деді де, қолына қаламын алып «қаңғып» деген сөзді «адасып» деп жөндеп жіберді.

– Басқа не бар мұнда?

– Ештеңе де жоқ, – дедім мен істің дұрыс шешіліп келе жатқанына көз жеткізіп.

Сейдахмет Бердіқұлов қолжазбаның бастапқы бетіндегі штампта көрсетілген бас редактордың орнына өзі қол қойды да:

– Өндіріске өткізе беріңдер, – деді.

Редакцияға кіре сала телефон соғып, Есенғалидан сүйінші сұрадым. Болған оқиғаны қысқаша баяндап, «қаңғып» деген сөздің «адасып» деп өзгертілгенін ескерттім.

– Бір буыны асып кетті ғой, – дейді ол.

– Бара берсін, – дедім мен. – «Ондай-ондай ханның қызында да болады».

Телефоннан оның қуанышты да риясыз күлкісі естіліп тұрды… 

Есенғали «Шолпан жұлдыз туғанша» жарық көргеннен біраз уақыттан кейін Барнауыл көшесіндегі біз жалдап тұратын 60-үйге келді. Кітап сөресінде тұрған өз кітабын қолына алып парақтап қойды. Әлденені еске алғанын байқаймын.

– Мына кітабыңды бермепсің ғой маған, – дедім мен. – Таяуда дүкеннен сатып алдым.

– Қой! – деді ол маған күмәндана қарап.

– Шынында да солай болыпты, – деді сосын кітапты қайта парақтап. Қолтаңба жазып қалдырайын.

«Байбота!

Бұл кітаптың атасы да, анасы да сен. Тіпті, тәтесі де өзің.

Сенің ақындығыңды, адамгершілігіңді қадір тұтатын қаламдас досың Есенғали Раушанов.

20.08.88 ж.», – деп қол қойды.

Кітабын тағы да біраз парақтап тұрып, соңғы бетін ашты. Жүзі бал-бұл жайнап, қуанып тұр. «Шолпан жұлдыз туғанша» «Сарыөзен» дастанымен аяқталады. Кітаптың 150-бетінде эпилог орнына жазылған «Оба жыры» бар. Есенғали соны тағы бір оқып шықты да, қаламын қолына қайта алып, дастанның соңына: «Мықты ғой, ә?!» – деп жазды. Бұл оның өзіне де, маған да ризашылық сезімін көрсетіп тұр еді.

Көп ұзамай оған «Шолпан жұлдыз туғанша» атты кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.

Арада бірнеше жыл өткен соң 1991 жылы Есенғали «Ғайша бибі» деген кітабын жарыққа шығарды. Баспа ісі жөніндегі мемлекеттік комитет «талап деңгейінен төмен» деп тапқан «Алматының аспаны», «Айламен, оймен басқарып…»,  «Сары тазы. Элегия» т. б. өлеңдері оның осы жинағына енді. Ал оның 1995 жылы шыққан қайта басылымының аты оқырман қауымның көпшілігі назар аударған «Қара бауыр қасқалдақ» деген өлең жолына байланысты қойылды. Бұрын атсыз, жұлдызша қойылып басталатын бұл өлең де өз атын тауып, «адасып келген» шүрегей баяғы «қаңғып келген» атын алды. Ал бұл уақытта бір кездері әлдекімдер соншама қимастық танытқан қызыл партбилеттердің ешкімге де керегі болмай қалып еді.

Оқырманның қаперіне: Есенғали Раушановтың «Шолпан жұлдыз туғанша» атты кітабының қалай жарық көргендігін баяндайтын бұл естелік үзінді Байбота Қошым-Ноғайдың «Келінтөбеден» келген бала және қимас қызыл партиблет жайындағы хикая» шығармасынан ықшамдалып алынды.

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір