Бауыржан Қарабеков. Жанымынң емі – сағыныш…
12.05.2021
1116
6

Өткен күннің елесі

Ымырт туса сүңгиді ай іңірге,

Дүниенің көз жетті фәниіне.

Балдай тәтті күндердің көкжиегі

Жүгінеді жүректің әміріне.

 

Қызды ауылдың етегіқалың шалғын,

Серілерше жастықтың әнін салдым.

Бұлғақтаған үкісі кәмшат бөрік

Көңілімді басады сағынса мұң.

 

Ақ жүзі бар толған ай албыраған,

Тамылжытып көрсетер таңды маған.

Қос етекті көк көйлек,

қыжым камзол

Жалғыз рет көргенде жанға ұнаған.

 

Ботадайын жанары жаутаңдаған,

Селк еткізді сезімді әр таңға алаң.

Найзадайын кірпігі керілгенде

Періште боп көрінді қалқам маған.

 

Мен де ұқсағам сол кеште сертім барға,

Жапырақтар шулайды жел тұрғанда,

Өң мен түстей бір өмір кештім бастан

Махаббаттың отына шарпылғанда.

 

Көңіліме жарықты айдан алам,

Сәулесімен сол еді аймалаған.

Бұйра құмның ішінде бұлдыраған

Алтын бауын бақыттың байлап алам.

 

Сурет еді бұл да бір іңірдегі,

Сан қиянға апарар жырым мені.

Елесіне елтимін ара-тұра

Шалғайдағы шағыл құм түніндегі.

 

Түсіме де сол елес кеп тұрады,

Балаң кездің қайда екен бақ тұрағы?!

Қызылқұмда қызарып батқан күндей

Кетті бәрі…

бұл бастан өтті бәрі.

 

Сол көктем…

Белестер, саған беттегем,

Көгілдір қырда көктеген.

Көгеріп жатқан дүниеде

Көктемге еріп кеткен ем.

 

Қол бұлғап қалған керім қыр,

Өзекті өртер өмір бұл.

Жанымның емі – сағыныш

Көктемнің аты – көгілдір!

 

Жанымды тербеп сазы елдің,

Соңымнан, көктем, жаз, ердің.

Ақша бұлт қалған қол бұлғап

Ақ жаулығындай әжемнің.

 

Өмірдің келер күзі анық,

Жолдарым содан ұзарып…

Шардара қалған шайқалып

Құмдарым қалған қызарып.

 

Дала да, мен де әдемі,

Бақыт та баста бар еді.

Қиялын көкке тербеткен

Ақын баланың әлемі.

 

Жас ғұмырымды ұрлатып,

Қойғызды өмір жырлатып.

Ақ таңым атса бір арман

Сендерді көрсем – бір бақыт.

 

Жаңбырын жаным төккенде,

Көгеріп келем көк белге.

…Сонау жыл шыққан сапарға –

Қайтсам ба екен көктемге?

* * *

Кеш бата көкейіме мұң кірді бір,

Тұғырға қондыра ма тұлдыр ғұмыр.

Шайқалтып Шардараның

толқындарын

Мен саған тағы келдім,

жыңғылды қыр!

 

Жеткенде көкіректен көшеді мұң,

Тірліктің сенде өткіздім неше күнін.

Сағымдай қырдан асып бара жатыр

Өлшеулі өмір деген кеше, бүгін.

 

Бала едік алдымыздан бақ қараған,

Арманын туған жерден тапқан адам.

Сезбедік қызғалдақты сол алқапта

Бұл ғұмыр тұратынын ақ-қарадан.

Көгімнен көктем болып қараған Ай,

Жолдарым жарық еді самаладай.

Шардара! Саған жеттім бүгін тағы

Шалғайдан ұшып келген шағаладай.

 

Сенде өткен қызыл, жасыл зерлі күнім,

Өрімтал осы өлкенің өндірімін.

Көгеріп кеткенімде көктем еді,

Көнеріп келіп тұрмын енді бүгін.

 

Осында дәурен қалды, орта қалды,

Ақын ұл талай топта арқаланды.

Шардара! Іздеп келдім бала досты,

Қуантып қайтайын деп қарт анамды.

 

Барсың ба, бақуатты, базарлы әлем,

Жаныма сыйлаушы едің ажарлы өлең.

Шардара! Арманымды аялашы, –

Түбінде бір ұлы жыр жазам деген.

 

Есенғалиға

Дүлей толқынмен тоғысқан,

Дүр өлең, дүрдей шығарма!

Оралып келіп оқыс ән,

Ұласқан мұзарт, мұнарға.

 

Толғанып күймен күңіреніп,

Кеңістік кезіп кетесің.

Терең бір оймен тебіреніп,

Туған ауылдан өтесің.

 

Түстік-ау шаққа, бақ қандай!

Құм қызыл, Есен! Қарашы!

Алдымнан әжем шыққандай,

Адыраспандардың арасы.

 

Ботасы боздап, адасқақ

Нар… алған бетке төскейді.

Сенің әжең қырда… Ойы асқақ!

Мені әжем келіп иіскейді.

 

Сары тазың келіп төсіңе,

Алдыңнан шығып асылды.

Қызылдың іңір кешінде

Дүние қызыл-жасылды.

 

Әр һәрпін сызған таяқпен,

Құмдағы жазу қандайды.

Құм кезген жалаң аяқпен

Шолпандай атқан таңдайды!

 

Құсқанаты жауған күн…

Құсқанаты!

Жаудың ба, құсқанатым?

Ақ қанатқа қашанда құштар ақын.

Хабаршысы көктемнің өзің едің

Қоштасуға бізбенен қыс та жақын.

Құсқанаты жауып тұр кеше-бүгін,

Менің жүрер жолыма төседі мұң.

Құсқанаты – баяғы ақ арманым, –

Түссем деген жолына көшелінің.

 

Құсқанаты жауып тұр…

бір тынбайды,

Бала кезден жаныма

бұл күн жайлы.

Өмір деген зырылдап өтіп жатыр

Бірде уайым, ал енді бір күн қайғы.

 

Жолдарыңа өзіңнің ғалам ғашық,

Жылда жауып бересің амандасып.

Бұлбұл ұшып барады басымыздан

Саған да асық,

бір дәурен маған да асық.

 

Сен жауған соң көзімнің кеткен жасы,

Ашылатын асылсың көпке арнасы.

Өміріңді өлең қып жіберетін

Құсқанаты атауы – көктем басы.

 

Өн бойыңнан нұр-шуақ тарайды анық,

Сағынбасын өзіңді қалай халық?!

Жапырағын жанымның жайқалтуға

Құсқанаты жаудың ба тағы айналып?!

 

Көңілдегі көмескі сырды ұрлатып,

Қоңырауын көктемнің сыңғырлатып,

Құшағына ап даламды, тауларымды

Құсқанаты жауғаны, бұл – бір бақыт!

 

Қуанышқа кенелтер қайран Айым,

Қанатыңа мен сенің байланайын.

Құшағына ап ғаламның ғаламатын

Құсқанатым! Жауа бер, айналайын.

 

Тайында озған тұлпардан

                              (Ислам Әбішке хат)

Екі тізгін, бір шылбыр,

Су төгілмес жорға едің.

Тағдыр тайқы,

Жол жылтыр

Тірлігіңде көргенің.

 

Тайында озған тұлпардан,

Қамшы ұрғызбай сауырға,

Жарық күнге іңкәр жан, –

Жыр арнадым бауырға.

 

Сезімдерің тым ыстық,

Қызылқұмның құмындай.

Жүрген жерің ырыс-құт, –

Жайдақтыққа бұрылмай…

 

Талай келдің бәйгеден,

Тартып мініп ат жалын.

Қазағыңа әйгілі ең

Қатарластың мақтаны.

 

Додадағы дарабоз,

Ислам дос, сен едің.

Сені іздейді көңілім

Сені іздейді өлеңім.

 

Талай көрген жұрт азап,

Қол көтерген Абайға.

Арыстарын бұл қазақ

Алпысында қамай ма?

 

Ақтап едің сенімді әр,

«Ұлым» дейді ел сені.

Дос жараның,

Елің бар,

Көтер, досым, еңсені…

 

Неге ояттың?..

(баллада )

Жастығымның куәгері сен менің,

Ала таңды әуеніңмен тербедің.

«…Неге ояттың,

неге ояндым тым ерте?..

Қызық еді-ау түсімдегі көргенім»

 

Алматыда біздің жастық шынар бақ,

Тұнық үнін тұмар әнмен тұмарлап,

Гитараның әуеніне қосылған

Сыйқырлы үні көңілімді тұр арбап.

 

Кіл махаббат өлеңінің өзегі,

Оның жанын менің жаным сезеді.

Алматының тұнық еді өзені

«Дос-Мұқасан» шырқап тұрған кез еді.

 

Ғажап еді мен естіген алғашқы үн,

Әуенге елтіп келер күнге жалғастым.

Саусағыңда құдірет бар, дәурен-ай

Гитарасы керемет ед(і) Алмастың.

 

Туған жері бұл өндірдің Сыр ерке,

Арамызда жүрген ол да бір ерке.

Жанымызды жақсылықпен тербепсің

…«Неге ояттың, неге ояндым тым ерте?»

 

Көңіліңде құстарың да көп еді,

Бұл өмірге құштарың да көп еді.

…«Қызық еді-ау түсімдегі көргенім»

Бізді оятқан Тұманбайдың өлеңі.

 

Содан бері жылжыды жыл,

жылжыды Ай,

Бұл ғұмырдың заңдары да бұлжымай.

– Неге ояндық тым ерте? – деп ал бүгін

Терезеге қарап тұрмыз тұнжырай.

 

Қанат қаққан көңілімнің құсы еді,

Артта қалды өмірдің бес мүшелі.

«Неге ояндың?..»

осы өлеңді тыңдасам

Бала досым Алмас еске түседі.

 

Нәзік еді ән тербеген жүрегің,

Сол әуенді есіме алып жүремін.

…Қанат байлап саған жетіп бір күні

Әсем әнмен тербетейік Сыр елін.

 

Ортақ болған жастық шақта жырымыз,

Ғұмыр бойы еске аламыз мұны біз.

«Неге ояттың?..»

осы әуенге қосылып

Оятыппыз бірімізді-біріміз.

 

Гүлдерайым

Ән еді Гүлжан салған «Гүлдерайым»,

Дүниенің елестетіп Күн мен Айын.

Көшкенде көз алдымнан аққу-қаздар

«…Дүние, арманым көп не қылайын?»

 

Аққанда ақшам туа Сыр сылаңдап,

Сол әнмен қанат қаққан бір сыңар бақ.

«…Дүние, арманым көп не қылайын»

Бір бақыт көз алдымда тұрсаң арбап.

 

Дариға-ай,

Гүлжан қыздың әні қандай,

Әуенін төрткүл әлем танығандай.

Сол бір ән көкке қанат сермегенде

Қайрағын намысымның жанығандай.

 

Көктем кеп көз алдыма тұнған шығар,

Тұрғызғым келген сонда жырдан шынар.

Әлемде ең сұлу ән – «Гүлдерайым» –

Әлемде ең сұлу қыз Гүлжан шығар.

 

Ақшамда әннің ессе отты лебі,

Сол кезде бала көңіл көк тіреді.

Гүлжан мен «Гүлдерайым» қос құдірет –

Сол жазда ақын қылып кетті мені.

 

Тербелді бала көңіл жыр терегі,

Жұлдызым түнде көрер Үркер еді.

Қиялда «Гүлдерайым» көкте жүзсе

Гүлжанның жасы он жасқа үлкен еді.

 

Тұрмыстың төрін көріп, өрін көріп,

Жолдарым алға тартты, шегінбедік.

…Әуені «Гүлдерайым» кілт үзілді

Гүлжан қыз көрші ауылға келін болып…

 

Басымнан талай-талай көшкен ағын,

Тірліктің бағып келем қас-қабағын.

…Әуенін – «Гүлдерайым» ести қалсам,

Қыз Гүлжан, Қызылқұмды еске аламын.

 

Қоймайды мынау жалған сайрандатып,

Қанатын қайсымызға жайған бақыт?!

…Гүлжан қыз жетпіс бесте той жасапты

Сынаптай сырғып аққан қайран Уақыт!

ПІКІРЛЕР6
Аноним 12.05.2021 | 22:21

Очень красиво написано Спасибо автору за такие стихи благодарю от души

Аноним 12.05.2021 | 23:42

Бауыржан аға!
Қаламыңыз ұштала берсін. 👍

Аноним 13.05.2021 | 11:06

Баке. Көз тимесин! Әумин! Рахмет! Аллаға мың да шүкір! Керемет жазған өлеңдер!

Аноним 13.05.2021 | 17:26

Керемет, әр қашандай!

Аноним 14.05.2021 | 16:48

Қалай болғанда да- керемет әуен, сағыныш, мұң табиғат көріністері көз алдыңнан Ақын шабыты жылжып өтіп, баяғы бір- елес сағымға лестіріп алып кете береді екен…! Нұрлыбай.

Аноним 15.05.2021 | 11:40

Оте тамаша

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір