Ғазиз Құлахмет. Әкем жайлы ел айтатын естелік…  
12.05.2021
2826
2

Түс жоритын қасиетіңіз  бар еді

 Өкпе айтамыз, қатты айтамыз түйіле,

Ерік беріп кейде көңіл күйіне,

Қадіріңді қараңғыға барғанша

Білмейміз-ау, қайран Жарық Дүние.

Сәуірдің 14-і – әкемнің туған күні. Ол кісі туған күнін тойлауға жоқ еді. Есімді білгелі, артық даңғазасыз, сол күні үйден шықпай бала-шаға ішінде өткізгенді қош көретін. Оның сырын өзі де айтпайтын, біз де сұрамайтынбыз. Қазір өткен күнге оралу мүмкіндігі берілсе, елеусіз боп көрінген көп дүниені сөзсіз өзгертуге асығар едім. Елуге толар-толмас шағыңызда аяқ астынан ақиретке аттанып кетеріңізді кім білген?! Жүрегімде сағыныштың теңізі әлі де тулап жатыр. Қазір туған күніңіз – біз үшін бабаларымызды еске алу күні. Әке, туған күніңізді ауылдағы ағайын, дос-жаран, ел-жұртыңыз бір мезгіл ұмыт қалдырған емес. Жыл сайын алақандай ауылымыз Шолпанға (Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы) алыс-жақын өңірдің волейбол командалары келіп, спорттық сайыс өткізіп, ауылдың күнделікті өмірін бір қыздырып кетеді. Олардың бәріне Алланың шапағаты тисін, баршасына айтар алғысымыз шексіз! Қайғымызға ортақтасқан да ең алдымен ауыл жұрты еді. Осы уақытқа дейін елдің сізге деген құрмет, ілтипаты ерен. Сізді қатты сағынған барлық жақындарыңыз, туыстарыңыз «Ғабаңның көзі тірі болғанда, 55, 60, 65 жасын армансыз думандатар едік» деп қиялға беріліп, көздерін бір сулап алады. Анығында, сіз қайтқалы, той да азайып, мағыналы басқосулар да тыйылды. Осы күні ағайын қу тірліктің қалың шырмауында.

Қайран уақыт… Әке, бәріміз жиналғанда сіздің мәрттігіңізді, балажандылығыңызды, мейірімділігіңізді жиі қозғаймыз. Мен сіздің өткір интуицияңызға қатты қызығатынмын. «Балам, маңайыңдағы толып жатқан белгілерге мұқият бол, мән-мағынасын ажыратуға үйрен. Бұл өмірде мал танымаймын, бірақ адам танимын», – деген сөзіңізге алғашында  көп мән бермейтінмін. Түс көріп, түс жоритын қасиетіңізді де үй ішінде анам екеуміз ғана білетінбіз. Өзгелерді шошытып алмайын деп жасырып жүретінсіз. Бір жолы: «Аякөз өлкесінің тарихы жайлы үлкен роман жазуға отырамын. Батылдығым жетпей жүр еді. Енді мемлекеттік мұрағатқа қайта тіркеліп, ұзақ айлар бойы деректер жинау қажет. Балтекең (Балтабек Байсұлтанұлы) түсіме жиі кіріп жүр. Ұрпағы Кенжебайға жолығып, ас өткізу мәселесін, ұйымдастыру ісін шұғыл пысықтау керек», – деп қатты мазасызданғаныңыз әлі көз алдымда. Сөйтсем, ол уайымыңыз тегін болмаған екен. Биыл қаңтардың соңында Кенжекеңнің бауыры Санат телефон шалды. Кенжағаң менімен жолығып, сізбен  болған соңғы кездесудің мазмұнын айтуды тапсырған екен. Жүздесудің кіріспесін тез қайырған соң, өзіңізбен болған әңгімеге көштік. Ауылға барған бір сапарыңызда біршама жігіттердің қарасын жинап: «Бабаларың түсіме күнде келуін қояр емес. Топтасып келсеңдер, тоғызыңды аламын, жалғыз келсең, жаныңды аламын деп хабар білдіріп жатыр. Малдың қанын шығарып, халықты жинап, үлкен іс-шара ұйымдастыруды қолға алмақ керек», – деген екенсіз. Алматыдан қайырылған соң, сұрағанын қанағаттандыратын боп уағдаласып та кетіпсіздер. Сол сөзіңіздің куәлері:  «Ғабаң дүниеден өтті» дегенді естігенде жағамызды ұстап, астапыралла десіп, шулап қалдық», – деп отыр. Биыл Балтекеңнің тергеусіз атылып кеткеніне бір ғасыр. Бұйырса, өзіңіз бастаған сол іске өзіміздің де үлесімізді қосып, қараусыз қалған бейітін* (сәулет өнерінің ескерткіші) сақтап қалу ісіне, Алла қаласа, мұрындық болсақ деген ниетіміз бар. 

Әке, «Жас Алаш» газетіне Аякөз өңіріне тікелей қатысы бар оқиғалар, тұлғалар жайлы тарихи-деректі мақалалар топтамасы кезек-кезек жариялана бастады. Есімдері шықпай жатқан бабалар әлі де көп. Мазалап жүр, аз-кем үзіліс керек», – деп қысқа қайырғаныңызды ұмытқан жоқпын.

Сізден көз жазып қалғанымызға биыл он бесінші жыл өтіп барады. Тамыздың сол азалы күні әлі есте. «Жас Алаш» газетінің сейсенбілік санында Балтабек қажы Байсұлтанұлы жайлы «Шәйіт» деген мақалаңыз жарияланып, қаладағы шаруаларды 2-3 күнде ыңғайлап біткен соң, кенже ұлыңыз Шыңғыспен бірге ауылға жол жүретін болғансыздар. Аякөзге де жол түсіп, өткізілетін тойға қатысып, төбе көрсету қажеттігін де қайталай айтқансыз. Оның үстіне анам мен кенжеңіз Тоғжан сіздің келгеніңізді ауылда асыға күтіп жүрді. Тамыздың 23-і – сәрсенбінің тал түсінде Шыңғыс екеумізге телефон шалып, шұғыл үйге шақырттыңыз. «Таң атқанша жазу жазғаннан болар, қол-аяғым ұйып тұр, жедел жәрдем шақырыңдаршы», – деген сөзіңіз құлағымды шулатып, өзегімді өртейді. Дәрігерге айтқан соңғы сөзіңіз: «Мен ақын-жазушымын. Ақындардың ажалы жүрегінен…» – болды. Ащы шындықтың еріксіз куәсі болып, сізден қапыда айырылып қаларымызды сездірер күштің болмағаны-ай… Осы ойдың тұзағынан бүгінге дейін шыға алмай жүрмін.

 

Әкемнің жылағанын алғаш әрі соңғы рет көрдім

Сіз көз жұмған жылы – Садық атамның қайтқанына 30 жыл толған еді. Көктемнің қайбір айында, ауылда бірге болғанымызда: «Атаңа биыл күзде хатым түсіріп, ауылға ас беремін», – деп жоспар құрған едіңіз. Ауылдан шыға бере, әкеңіз бен ұлыңыз бірге жатқан қорым басына соғып, құран оқуға тоқтадық. Неге екені белгісіз, сол сапарымызда бейіт басында жалғыз қалдыруымды өтініп, әдеттегіден ұзақ кідіріп, дауыстап, өкіріп, жылағаныңызды көргенде, көз жасымды мен де тия алмай, шошығанмын. Сонда атам жайлы әңгімені тарқатып: «Мирзоның көзі тірі болғанда орда бұзар (отыз) жасқа толар еді», – деп көңіліңіздегі бар шерді, шексіз сағынышты ақтарғандай болдыңыз. Алып әкемнің жылағанын алғаш әрі соңғы көруім сол болды. Есіме түскен сайын бауыр етім езіліп, қабырғам сөгіледі.

Әке, атамның жылап жүргенде көрген баласы едіңіз. Құмархан деген ағасы бала күнінде ауылды жағалай аққан Қарақол өзеніне ағып кеткенін тебіреніспен айтқан болатынсыз.

Екі әженің, екі ананың таласы ем,

Кешіре гөр шынымды айтсам, аға, сен,

Он ұлы бар Жошы емес, Садықтың

Қырыққа кеп, жылап көрген баласы ем, – дейтін өлеңіңіз – өткен күннен берер шағын ғана дерек.

Алты жасар баласының мезгілсіз қазасынан Садық атам қатты күйзеліп, жүрегіне ауыр салмақ түскен екен. Атамыздың да ғұмыр жасы ұзақ болмады. 1976 жылы ұзақ сырқаттан небәрі 56 жасында дүниеден озды. Мен де, әке,  жылап жүргенде көрген ұлыңызбын.  Мирзо ағамның қазасынан соң, мені көпке дейін еркелетуге қорқып, иіскеп қана қоятыныңызды анам айтатын. Көз тиер деген үреймен, маған назарыңызды көп аудармауға тырысқан екенсіз.  Қарындасым Әсел дүниеге келген соң ғана жүрегіңіз жібіп, балаларға ерекше мейіріммен қарай бастағаныңыз да рас. Әселді майтабаным деп еркелетіп отырған бейнеңіз көз алдыма қалықтап шыға береді. Әке, анам екеуіңіз залға үйдегі бар көрпе-жастықты жайып, Әсел екеумізді арқаларыңызға отырғызып, аударыспақ ойнататын едіңіздер ғой. Біз үнемі ұтыла берген соң,  Әселді менен көптеу жақсы көретіндей боп тұратынсыз…

Біздің үйде «ажал», «өлім» тақырыбы ешуақытта айтылмайтын. Нәбиә әжемнің де жүйкемізді қорғап, зират басына бір апарған сәтін есіме түсіре алмадым. Жарықтық: «Не нәрсені өз мезгілінде көресіңдер», – деп отыратын. Сіздің қазаңыз Нәбиә (әкемнің анасы) мен Қайынжамал (нағашы әжем) әжелеріме қатты батты. Екі айдан соң, Қайынжамал әжем де барзақ әлеміне аттанды. Анаңыздың денсаулығы күрт нашарлап, бірер жыл араға салып, бақилық сапарға шығарып салдық. Сол бабалар көшіне туған әпкеңіз Бәтимә, қызы Динара, жездеңіз Төлеген, құдағиыңыз Жұмағайша, ініңіз Нұрлан, ағаңыз Аманжол, құдаңыз Төлеш, достарыңыз Мағауия, Мәстура да ілесіп, кете барды.

Жаным қобыз, зар мұңым!

Қолымнан келсе, әттең мен,

Игі-жақсылардың барлығын,

Ажалға бермей, сақтар ем, – дейтін өзіңіздің бір шумақ өлең жолыңыз көңілімді дәл жеткізеді. Жандарыңыз жаннатта болсын!

Өзімізге келсек…

Әке, айтпақшы осыдан жиырма жыл бұрын өзіңіз салғызған Шолпан ауылының мешіті Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен қызмет істеп тұр. Ұлыңыз Шыңғыс тоза бастаған ғимаратты үш жыл бұрын қайта жөндетіп, жаңартып қойды.

Өзіңіз барда бокстан жақсы нәтиже көрсеткен Шыңғысыңыз әскери борышын абыроймен атқарып, жоғарғы білімін алды. Осы күні үйлі-баранды. Алина деген келініңіз, Альтаир, Амина, Алпамыс деген немерелеріңіз бар. Қара шаңырағыңызға иелік етіп отыр. Өзіңізге ғана еркелейтін кенже ұлыңыз өз кәсібін дөңгелетіп жатқан іскер азамат болды. Шешеміз Света Шыңғыстың қолында. Анамыздың тұрмыс-жағдайына толықтай жауапты – Шыңғыс пен Тоғжан.

Ал ауылдағы қожалықты сіз қайтқан соң, екі жылдан кейін сатып жібердік. Малдың соңынан жүру – мехнаты көп іс. Әкенің дүниесі, балаға мал болмайды, алдыңа салып, жаңадан мал жинайық деген ұсыныстар да көп болды. Алайда  өз таңдауымызды оқу-білімге бұрдық. Ол ойымызды құптап, қолдайтыныңызға бір сәт күмәніміз болған жоқ. Ешкімге ренжімей, ешкімді ренжітпей, тек өзімізге, тәрбиемізге ғана сеніп ғұмыр кешіп жатырмыз. «Жақсы әкенің аты, баласына қырық жыл азық» деген даналықтың растығына көзімді жеткізіп келемін. Былтыр 65 жылдығыңызға орай, барлық шығармаларыңызды қайта түптеп, екі томдық жинағыңызды шығардық. Нұрлан Оразалин ағаңыз бен досыңыз Ұлықбек Есдаулет алғысөздерін жазып берді. Кітаптарыңызды оқырмандарыңызға таратып, бір марқайтып тастадық. Өзіңіз барда тұрған үйдің қабырғасына өткен күннен белгі болсын деп ескерткіш тақтаңызды ілдірдік. Сіздің әдеби мұраңызды кеңінен насихаттау – біздің мұратымыз.  

Әке, бірге туған апа, інілеріңіз бен қарындасыңыз аман. Барлығында – күнделікті күйбең тірлік. Ауылдағы Бөкен ағам, Бөкіш досыңыз да сізді қатты сағынып жүр.

Қыздарыңыз Әсел мен Тоғжанның да қал жағдайы жақсы. Немеріңіздің алды Назерке биыл жоғарғы оқу орнын тәмәмдағалы жатыр. Ерасыл мен Кәусәр – оқуларында озат. Тоғжанның ұлының да мектептегі білім көрсеткіші өте жақсы, биыл үшінші сыныпқа ауысады. Ұланның шахматқа қабілетін байқаған ұстазы, жарыстарға сүйреп, «чемпион жасаймын» деп жүр. Бала кезімнен мені шахматқа баулып, гроссмейстер қылмақ болған арманыңызды мүмкін немереңіз орындап қалар. Лұқпан хәкім ұрпағымен мың жасапты демекші, немерелеріңіздің бәрі – сіздің осы өмірдегі ізіңіз.

Өзіме келер болсам, сіз кеткелі журналистиканы, жалпы, жазу-сызуды мүлдем тоқтаттым. Тағдырға налып, қатты қиялданған кездерім көп болды. Сізден айырылдық деген ойға мүлдем жеңілгім келмеді. Тірі бейнеңізді үйдегілердің жанарынан, жаныңызды кітаптарыңыздан іздедім. «Әке сөзі» деген өлеңді маған берген белгі, жауабыңыз деп қабылдадым.

Қой, қой енді, қой енді… күрсінбе, ұлым,

Ойыңа алма, ажалдың бұл сұмдығын.

Жігіт шақта жабырқау ұят саған,

Құшағыңда еліңнің жүрсің бүгін!

Уландырма санаңды сары уайымға,

Ақ көбейсе, көбейсін самайыңда.

Қиналған бір кездерің… ол да – бақыт,

Тек адамдар болса екен маңайыңда…

Әке сағын сындырар жасық бала,

Арожданнан бір сәтке қашықтама.

Мұнда келсең, ештеңе көре алмайсың,

Жарық күнде көзіңді ашып қара!

Аяқ-асты басыма түскен жауапкершілік қалыпты өмір дағдысын түпкілікті өзгертуге итермеледі. Шыңғыс пен Тоғжанның жоғары білім алуын қадағалау, інімді үйлендіріп, қарындасымды тұрмысқа беруден маңызды мақсат болған жоқ. Ол парызымды сіздің алдыңызда толық атқардым. Тағдыр көптеген жақсы азаматтарға кезіктіріп, мұнай-газ, тау-кен саласына қарай ыңғайлап, мамандандырды. Қызметімді барлық мекемеде адал атқардым. Басты жаңалығым, Тәңірдің қалауымен, сіздің «мәжіліс депутаты болсам» деген тілегіңізді іске асырдым. «Жақсылығым елден алған еншім, жамандығым – өз меншігім», – деп санама сіңірген тәрбиеңізден бір қадам ауытқымай келе жатырмын.

Ол ұстанымыңызды ұлдарыма да насихаттап келемін. Өзіңіздің ерніңіз тиіп, атын қойған немереңіз Аймедеттің оқудағы жетістіктеріне ризамыз. Тілдерді меңгерудегі қабілеті мықты. Бұйырса, келесі жылы жоғарғы оқу орны күтіп тұр. Тіл-көзден аман болса, үкілеп отырған үмітіміз зор. Кенжем Теңіз тура өзім. Менің сізге қалай тартқанымды ескерсек, сәйкесінше, ол да –  атасының аумай қалған көшірмесі. Кітап оқығанды жақсы көреді. Тілі ащы, шағып сөйлеп, бәрімізге ақыл айтуға әуес. Аспаз, жазушы болам деген бастапқы райынан қайтып, енді Садық атам сияқты мектеп директоры болуға дайындалып жүр. Ұлдардың арасы – бес жас. Мінездері – жер мен көктей. Үй ішіміз тату. Екеуі де «біздің атымызды кім қойған, неге бұлай қойған?»  деп еркелеп, қайта-қайта сұрағанды ұнатады. «Аймедет – Ақтамберді жыраудың әкесінің есімі, ал Теңіз –  аталарыңның шығармасындағы кейіпкердің аты», –  деп отырамын. Шығармаларыңызды қызыға оқып, болмысыңызды әдебиет арқылы таныса деген ізгі тілек қой. Келініңіз Алтынай былтыр Мәскеуде өзіңіз оқыған М.Горький атындағы әдебиет институтын үздік бітірді. Құдайдың құдіреті, Добролюбова көшесіндегі жатақханадан өзіңіз тұрған 711-бөлмеден Алтынайға орын тигенде, таңданысымызды жасыра алмадық. «Бастапқыдағы қобалжу су сепкендей басылып, кейін түлектер тізімінен папамызды көргенде кеудемді мақтаныш кернеп, көкке төбем сәл жетпей қалды», –  дейді. Сіздің рухыңызды жүрген жердің бәрінде сезіп жүреміз. 

Әке, маған айтқан бір әңгімеңізді үйдегілерге үздіксіз айтып келемін. Атам хәл үстінде жатқанда: «Ғаба, саған айтар бір ғана өсиетім бар, кейінгі ұрпақтар мені ұмытып кетпесінші», – деген екен. Сіз ол аманатқа берік болдыңыз. Бабаларымыздың кім екенін құлағымызға құйып отыратын қасиетіңіз туыстардың бәріне жақсы мәлім еді. Әке, берген сертіңізге біздің әулет те, ұрпақтарыңыз да адал. Біз барда Ғабиден атыңыз ешқашан өлмейді! Өзіңізге жолдаған үшбу хатымды, «Әкем және ақ боз ат» дейтін өлеңмен аяқтауды қош көрдім.

Ойландырған, өкіндірген, күлдірген,

Барлық күнім аумайды екен бір күннен.

Ақтық демде ақ бас атам іздеген

Ақбоз атты ұзақ таппай жүрдім мен.

Содан, содан… көз жұмарда шекті азап,

Түсінбеді атқа құмар көп қазақ.

Оқта-текте көңілімді оятып,

Әлдеқайдан кісінейді Ақбоз ат.

Көкейімді жүрді бір ой мазалап,

Атқа бола қинала ма, азамат?

Кейін білдім ол іздеген Ақбоз ат –

Ағып өткен ғұмыр екен, о ғажап!

Жақсыға да, жаманға да «қош!» – дедік,

Жаңғырды өмір, кәрі кетіп, жас келіп.

Ақбоз атпен алға шауып барады,

Әкем жайлы ел айтатын естелік.

 

*Балтабек қажы кесенесі ХХ ғасырдың басынан сақталған сәулет өнерінің ескерткіші. Қазақстанда шикі кірпіштен тұрғызылған кесенелердің ең биігі, көлемі мен формасы жағынан да ерекше.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 12.05.2021 | 14:43

» …Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп әнекей жағада тұр» — деген Мұқағали ағамыздың жыр жолдары есіме еріксіз түсті. Менің де әкем 53 жасында дүниеден озған. Сондықтан сіздің жан-дүниеңіздегі әттеген-ай деген толқыныстар менің де басымнан өткендіктен Сізді жақсы түсінемін.
Артында өзіне сай балалары, өшпейтін із іспеттес аталық сөз қалдырған әкеңіз тірі жүрсе ең бақытты азамат болар еді.
Аллаға тәуба сіздің де соңыздан ерген тұяқтар бар. Олар да оқ жонсын деп тілеймін.
Атасы мен әкесі жеткен жоталардан өтіп, өмірдің талай шыңдарын бағындырары сөзсіз. Бастысы аман болайық!

Аноним 19.05.2021 | 14:18

Дұға тілеп қойыңдар! Садақа беріп! Басқа ештеңе керек емес!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір