Әбубәуір Қайран. Ұста
12.05.2021
4524
0

(новелла)

Ә.Қайран

– Мен мынандай төсекте өмірі ұйқтап көрмеппін, – деді көзі оттай жайнаған мосқалдау әйел, – Қазақтөсек пе?

– Төсекағаш! – деп жауап берді шалқасынан жатқан жүдеу еркек.

– Өзі жайлы екен. Қалай сонда?

– Түйе жүні төрт қабат, бие жалы бес қабат болса, солай болады.

– Бұл не?

– Бұл – төсеккиіздер.

Әйел астындағы төсеніштерді қолымен сипалап көрді.

– Сонда… текемет сияқты ма?

– Жоқ. Тек төсекке арналған. Тығыз. Қалың. Қазақ мұны қасиет тұтады.

– Бисмилла!.. – деді әйел төсектің екінші шетінде отырып. – Өзінің бас‑аяғын түгел өрнектеп тастапты ғой. Төсектің деймін. Керемет!

– Мен өрнектеп тастадым… Ой… «мен» деппін ғой, атам қазақтың өзі осылай өрнектеген. Қошқар мүйіз әдіппен. Мен… Мен… Мен жай ғана сол бабаларым мен аналарымның өрнегін қайталадым.

– Басы мен аяғы бірдей қайқайып тұрады екен. Соны түсінбеймін. Қызық тіпті.

– Сен бірінші мүшелдің қай жаста екенін білемісің?

– Білемін. Ол үште.

– Дұрыс. Сол он үш жастан бастап, балаға арналған төсек‑ағашқа қос‑қостан төсеккиіздер салына бастайды. Бозбала аяқтанған кезде…

– Аяқтанғаны несі?

– Келін түсіргенде деген сөз. Сен журналистпін дедің бе? Білуің керек қой.

– Дұрыс айтасың, – деп, әйел ұялған қыздай болып төмен қарады. – Сен сияқты көп білмеймін ғой.

Еркек басын көтеріп, шынтақтап отырды.

– Журналист болсаң,  біл! Біл! Бәрін біл! Ол өзің үшін ғана емес, елің үшін… бүкіл болашақ үшін қажет… Қажет деппін ғой… Ол – сенің парызың! – деп, әйелге сұқ саусағын кезеп‑кезеп алды да, терең күрсініп, жастығына сылқ ете түсті.

– Мынау керемет үйді жалғыз өзім салып алдым деп бөстің ғой, – деді әйел, еркекке қарай тізерлей ұмтылып. – Соның рас па?

– Жобасын да өзім жасағам.

– Жоқ! Саған біреулер көмектесті ғой?

– Әрине.

– Неге «жалғыз өзім» дейсің?

– Қаражат жағын айтқаным ғой. Біліп қой, бұл үй кірпіштен емес, шпалдан.

– Шпал?

– Иә. Кәдімгі. Шойын жолдың төсеніш ағаштары.

– А‑а! Білемін, – деді әйел, – Кірпіштен қалағаннан оңай шығар?

– Оңай дейсің‑ау!.. Ең бірінші, мәңгілік екенін айтпайсың ба? Бұзылмайды. Мүжілмейді. Жер сілкінсе де, мызғымайды.

Әйел жап‑жалпақ, кең төсектің үстімен еңбектеп келіп, еркектің бетіне үңілді. Неге үңілгенін өзі де білмейді. Отыз жыл бойы көрмеген, қанша армандаса да қолы жетпеген ғашығының бет‑жүзі мен дене сұлбасына, бағана, күн жарықта, қайта‑қайта анықтап қарап алды емес пе?!

         Баяғыдағы тіп‑тік, жап‑жазық кең маңдайына түскен терең‑терең әжімдер мен ағы сарғайып, кірпігі сирей бастаған аялы көздерінің астындағы салбыраңқы жалбыршақтарына, тіпті, шодырайып тұрған бет сүйегі мен пышақ жанығандай жақ сүйегіне дейін сәт сайын телміріп қарамап па еді?! Сонда көңілі құлазыған.

–  Не? – деп таңданды еркек.

– Сенің көзіңнен маған деген бір жылылық байқала ма деп, жақыннан барлап жатқаным ғой.  

– Е – е,  сен де айтасың-ау! – Еркек әйелдің бетінен сипады. Сонсоң  басын еңкейтіп, маңдайынан өпті. – «Сені сүйем! Сені сүйем!» деп қыр сонымнан қалмаушы ең.  «Ауылда қалыңдығым бар» десем де,  қоймайтынсың. Енді елуден асқанымызда…

– Иә. Махаббат қой. Көркем сурет училищесінде үш-ақ жыл бірге оқыдық.  Ауылдағы ғашығың о дүниелік болып кеткен соң, оқуды да, бізді де тастап…  жоқ болдың. Қайда кетіп қалдың? Ауылыңа да тұрақтамапсың? 

– Мен шаршадым, Ғайни. Ұйықтайықшы! Жарықты өшірші! – деді еркек  іргеге қарай аунап түсіп. 

Ғайни жарықты өшірді. Ол да көрпесін айқара жамылып, діріл аралас демменен бір күрсінді де, тым-тырыс күйінде жатып қалды.

         Түн ортасы ауып кеткен соң, дем алғаным жөн болар деп ойлаған еркекке ұйқы тұрмақ, оның аз ғана белгілері де білінген жоқ. Мына Ғайнидың аспаннан түскендей боп жетіп келгеніне алғашында қатты қуанғандай болып еді, күнді батырып, түнді түсіріп төсекке жатқандарынан кейінгі біраз уақыттан сон-ақ көңіл күйі күрт төмендеп кеткен. Жастық шақтағы студенттерге ғана тән қызықты сәттерді еске алғандарының өзі қанша уақыттарын алды десеңші. Онда да тынбай көп сөйлеген Ғайнидың өзі. Бұл тек тыңдаушы, анда‑санда қостаушы ретінде, басын қайта‑қайта изеп, жағын таянып, жымиып күлумен ғана отырды. Ғайнидың мұны «Айбар», «Айбар» деп шын атымен атағаны да құлағына тым тосын, жат естілетініне өзі де таң‑тамаша қалды‑ау! Көп жылдардан бері мұны бұл маңайда ешбір адам өз есімімен атамайды ғой. Бәрі «Ұста» дейді. Тіпті, көпшілігі мұның Айбар екендігін ұмытып та қалған. Кейінгі жастар білмейді де. Бұл азан шақырып қойылған өз есімінің жоғалып бара жатқанына бір де бір рет қиналып, намыстанып көрмепті. Өзі тумысынан өте намысшыл, қайсар, өткір бала болатын. Оқуды да жақсы оқыды. Кішкентай күнінен қағаз бетін шимайлап сурет салуға, ермексазды умаждап адам мен жан‑жануарлар бейнесін жасауға құштар болатын.  Сөйтіп жүріп, мектепте жүрген кезінде‑ақ мүсіншілікке ыңғайы бар екендігі анықталып қалған.

         Мұның мектеп бітірген кезі Гоголь атындағы көркем‑сурет училищесінің талапкерлерді үш жылда бір‑ақ рет қабылдайтын мүсіншілер бөліміне дөп келгеніне орай, армандаған оқуына да оп‑оңай түсіп кетті. Бір қызығы, мүсіншілер даярлайтын бөлім талапкерлерді тым аз қабылдайды екен. Бұлар – алты студент. Араларындағы жалғыз қыз – осы Ғайни. Бұл да кейіннен мүсіншілік өнердің соңына түспей, өзінің жазуға ыңғайы болған соң, университеттің журфагында сырттай оқып, журналист болып кетіпті. Күйеуге де тимеген, жігітпен де жүрмеген. Себебін сұрап еді: «Бүкіл ойым мен арманым сен болған соң, бір күні болмаса да, бір күні кездесіп қалармын, көңілін табармын деп үміттеніп жүріп, көп жылымды өткізіп алдым. Сөйтіп жүріп, «кәрі қыз» атандым. Ешбір адамға ғашық болмақ түгілі, сәл‑пәл ынтығу дегенді де ұмыттым. Жалғыздыққа жаным да, тәнім де үйреніп кеткен соң, ешбір еркектің қажеті болмай қалды. Тіпті, маңыма да жолатқым келмейді. Бірақ… Бірақ сөйтіп жүргенімде, осыдан бір айдай бұрын сенің қиян шеттегі бір ауылда жалғыз өмір сүріп жатқаныңды естіп, тәуекелге бел буып, жеткен бетім – осы», – деп, ішінде іріп жатқан сыры мен мұңын лақ еткізіп бір‑ақ төкті‑ау бағана!

         Ғайнидың бұл сөзіне Айбар сенерін де, сенбесін де білмей, екі қолын басына жастанып, төбеге тесіле қарап, жатып алған. «Біздің арамызда ешқандай сүйіспеншілік болған жоқ қой. Бұл не деген үзілмейтін үміт!» – деп ойлады.

         Бағанадан бергі бір байқағаны – Ғайни әлі қартая қоймапты. Сол баяғы аққұба жүзінен сәл‑пәл рең тая бастағаны болмаса, әлі де жап‑жас, үлбір қалпында сақталған сияқты.

         Сүп‑сүйкімді пісте мұрнының желбезегі сәт сайын желбірей қалатыны да баяғыдай. Аппақ тістерін зорға жасыруға жарайтын жұп‑жұқа еріндерінің қызғылт‑қоңыр түсінен айнымайтын табиғи қасиеті де әлі жоғалмаған. Тек қана екі езуінің екі шетінен жіп‑жіңішке нәзік әжімдер үрке шығыпты. Мұндай әжімдер дөп‑дөңгелек тана көздерінің қиығынан да атойлап тұрғандай. Қысқа қидырған қайратты қара шашында да бір қылау жоқ. «Жас кезінде түк боянбаушы еді, әлі де бет-аузына бояу жұқтырмайды екен»  деп ойлаған Айбардың жүрек соғысында әлдебір өзгерістер пайда бола бастағандай. «Дене бітімінде де бір мін жоқ әдемі әйелдің осы уақытқа дейін еркек көрмей жүруі мүмкін бе?» деген әлдебір күмәнді сезімнің ояна бастағанын біліп: «Адамның таза табиғатын арам оймен былғаудың өзі үлкен күнә ғой»  деген тосқауыл түйін жасады да:  «Егер мен осы әйелмен үйлене қалсам, марқұм махаббатыма берген сертімнен тойғандай боламын. Ал адам үшін аруақтың рухын алдаудан өткен күнә бар ма?» деп, өзіне‑өзі тиым жасап тастағандай болды.

         Алайда  осы әйелдің соноу алыстан арнайы іздеп келгенін және жай ғана емес, бұған жар боламын ғой деп үлкен үмітпен келгенін анық біліп алған соң, көңілі де көлкілдей беретін сияқты. Бірімен-бірі арпалысқан кереғар ойлардың азабынан әбден шаршаған Айбар таң құланиектеніп ата бастағанда ғана мынандай байламға келді: «Бұл әйелмен ешқашан бас қоспаймын. Мен оған осыдан отыз жыл бұрын о дүниеге аттанып кеткен Бақытгүлімнің қайтып оралғанын көрсетем. Көрсін! Үмітін үзсін!».

         Ғайни оянғанда күн көтеріліп кеткен екен. Қалың ұйқының арасында жатқан Айбардың сұрғұлт жүзіне, түңіліңкі қабағына біраз уақыт қарап жатты да, орнынан тұрып, дыбыссыз киіне бастады. Айбарды оятып алмайын дегені. Кеше айтып отырды ғой, осы ауылдың ғана емес, бүкіл аудан көлеміндегі ең танымал ұста болғандықтан, үй салатындардан бастап, арба, шана жасататындар, тіпті  сыйлы қонаққа ас тартатын ағаш табақ пен астау ойдыратындар, қазақ оюымен өрнектелген кебеже, сандық, төсектерді тәуір көретіндер де күн сайын осыған тапсырыс беру үшін келіп жатады екен. Ешбір адамның көңілін қалдырмайын деп, қолынан келгенше жайнатып жасап беру үшін түнгі ұйқыдан басқа уақытының бәрі ағашшылықпен өтетін көрінеді. Сол тынбай еңбектенудің арқасында, бұл Айбар осы ауылдағы ең дәулетті адамдардың қатарында болса керек: үйі кірсе – шыққысыз, су мен жылу жүйесі, ваннасы мен әжетханасы да ішінде. Мініп жүрген көлігі де қымбат.

         Айбар оянғанша таза ауа жұтып жүре тұрайын деп, есік алдына шығып еді, басы бураның басындай, жуан мойынды, сарыала төбет табалдырыққа табынғандай болып, қарсы қарап жатыр екен. Иегін алдыңғы екі аяғының үстіне тастай салып, манаурағандай болып жатқан төбет: «Е, тұрған екенсің ғой» дегендей, қызғылт көздерін ашып‑жұмып, үнсіз сәлемдескендей болды.

         Бұл иттің аты – Арыстан. Өзі әбден қартайыпты. Он жеті жаста дейді. Кеше тапшанда шай ішіп отырғандарында, Айбар өзінің осы итін жер‑көкке сиғызбай мақтады дейсің. Оның айтуынша, күш жағынан да, естілік жағынан да бұған жететін ит жоқ көрінеді. Ешқашан байлау көрмей, еркін жүріп үйренген ит біреуді қаппақ түгілі, орынсыз үрмейді де екен. Атақ‑даңқы бүкіл елге тарап кеткен бұл иттің беделділігі сонша – Айбардың жақын достары қол беріп амандасады. Арыстан да алдыңғы оң аяғын соза қояды. Сезімталдығы соншалық – қай адамның қандай пиғылмен келгеніне дейін біліп тұрады дейді. Кеше мәдениет үйінің меңгерушісі өзін ертіп келгенде, бос жатқан дәу итті көріп, бұл шошып қалып еді, Мұрат деген әлгі жігіт: «Қорқпаңыз. Бұл Арыстан жақсыны да, жаманды да таниды» деді де, төбетке жақындап барып, «Сәлем!» деп оң қолын созып еді, ол да орнынан керенау көтеріліп, оң аяғын ұсынды. Осы көрініске таң қалып тұрса, әлдеқайдан мысықтың «мияу» деген дауысы естілгендей болды. Сөйтсе, қап‑қара, жып‑жылтыр биік мәшиненің үстінде ақ бауыр қара мысық шуақтап жатыр екен. Оның да екі көзі – бұларда. Дыбыс бергені амандасқаны болуы керек, «қонақ келгенде, мелшиіп жата бергенім дұрыс болмас» дегендей, ол да мәшинеден қарғып түсіп, Арыстанның қасына келіп, шошайып отыра қалды. «Бұл кісінің аты – Қарлығаш» деп таныстырды Мұрат. 

Осы көргендерінің бәрі әйелдің жүрегіне бұрын сезініп көрмеген ерекше бір жып‑жылы нұрын төгіп, сапарының сәтті болатынын білдіргендей болды. Жақсылыққа ырымдады…

Есіктің ашылғанын сезініп, артына қараса, Айбар екен.

–  Қалайсың, Ғайни? Арыстанмен әңгімелесіп тұрсың ба?

– Иә.

– Не дейді?

– «Айбар неге тұрмайды? Шаршатып тастағансың ба?» – дейді.

– Сен не дедің?

– «Иең маубас екен дедім», –  дедім.

– Дұрыс айтыпсың, – деп, айбар қарқылдап күлді де: – Жүр. Үйге кіріп жуынып‑шайынайық. Кофе ішейік. Мен сенің оразаңды еуропалықтарша аштырайын, – деді.

«Осы Айбар жас кезінде де осындай ма еді? Ауыл адамына түгі де ұқсамайды. Әр қадамын есеппен басып, әр сөзін ойланып барып айтатын кісі сияқты» деп ойлады Ғайни. Бірақ оның бұл мінезін дереу ақтап алғысы келгендей: «Жылдар бойғы жалғыздық та оңай ғой деймісің. Жалғыздық адамды тек өзіне ғана сенетін, өзіне ғана сүйенетін етіп қалыптастырады ғой» деп толғанды.

Айбар жуынып‑шайынып, кофесін дайындағанша мына жарқырап жатқан аулада қан таратып жүре тұрайын деп ойлады да, екі қолын айқастырып, ерсілі‑қарсылы ілби басып жүріп кетті. Кенет, шатыр жақтан көгершіндердің гуілдегенін естіп, сол жаққа қараса, шатырдың орта шеніндегі кішкентай есіктің алдындағы жап‑жалпақ тақтаның үстінде бір топ ақ көгершін гуілдеп отыр екен. Өздері өте әдемі. Ғайнидың осы уақытқа дейін көріп жүрген көгершіндерінен мүлде өзгеше. Сұлу. Сымбатты. Көгершіндер отырған тақтаға дейін тік жүріп көтерілетін баспалдақ орнатылыпты. Құстарға жем беру үшін осымен көтеріледі‑ау.

Айбар кеше бұл көгершіндері туралы айтып үлгермей қалған болуы керек. Әйтпесе, мыналармен мақтанбасқа болмайды ғой. Сол кездегі оның бар ойы итінде болды да, Арыстанның нағыз таза қанды қазақ төбеті екендігін айтып отырып, ақырында әлемдегі ең керемет, ең мықты, ең сезімтал, ең төзімді ит қазақ төбеті екендігін жарты сағат бойы жыр етті‑ау, сабаз! Иттің осы тұқымының азайып бара жатқанын айтып, терең‑терең күрсініп те қойды.

Ғайнидың көзі ауланың қарсы бетіне салынған ұзын құрылысқа түсті. Қақпасы сәл ашықтау тұр екен. Әуесқойлық билеп, ішіне бас сұғып еді, оң жағында жинаулы тұрған алуан түрлі ағаш кесінділерін, ұзын‑ұзын, жалпақ‑жалпақ қарағай қиындыларын, келдектер мен томарларды көрді. Айбар кеше осы құрылысты «сарай» деп атағанда, «сарайы несі?!» деп таңырқап қалған. Енді: «Бұл сарай – ағаш патшалығының сарайы екен ғой» деп топшылап тұр. Кіре берістің оң жағында жарық қосқыш бар екен, қосып қалып еді, сарайдың іші нұрланды да кетті. Жан-жақтан төгілген аппақ  нұр сүт түстес, көз жанарына жұмсақ тиетіні сонша – ешқандай қарықтырмайды.

Сарайға шойын батареялар қойылып, жылу жүйесі де тартылыпты. Соның біріне жаңадан иіліп, екі басын қосақтап тастаған доға сүйеулі.

Сірә, ұста таяуда ғана жасап кептіруге қойған болу керек. Доғаның ағашы оңтаудай жұп-жұмыр, теп-тегіс, төбесінен жалт-жұлт еткен аппақ шығыршық салбырап тұр. Анау бұрышта үлкенді-кішілі арба дөңгелектері дап-дайын күйінде тізіле қалыпты.

– Ғайни! – деген Айбардың қатты дауысы естілді.  

– Мен мұндамын!

   Сарайға кірген Айбардың екі езуі екі құлағында.

– О-о-о! Журналист қыз мына жаққа кіріп кетіпті ғой! Не деген ізенімпаз.

– Иә, өзің туралы жазбасыма қоймадың. Жақсы тақырып болды, – деді Ғайни екі бетінің ұшына қан ойнап, – Мен сені мына ауылда қалай жалғызсырамай жүр десем, ермегің көп екен ғой.

– Сен мұны «ермек»  деме, сен бұны еңбек де. Мен жалғызсырау, жалығу дегенді ұқпаймын. Тіпті, танауыма су жетпей, етегіме сүрініп жүремін.  Кейбір істерді қатарынан тындырам. Мысалы, анау доға кеуіп болғанша, мынау арбаның төсағашын жанып тастамақпын… Үйге жүр. Дастархан дайын.

Бұлар сарайдан шығып, үйге қарай беттей бергенде, алып Арыстан орнынан атып тұрып, қүйрығын бұлғандатып, арсалаң қақты да, иесінің басына бір-ақ секірді. Алдыңғы екі аяғын Айбардың екі иығына қойып, тік тұра қалғанында, ерекше зорлығы тіптен білінеді екен. Иесінен әлде қайда биік. Арыстан Айбардың бетінен жалап-жалап алды да, иесін босата салып, сілкініп-сілкініп алғанда, желке жүндері жалбырап,  арыстаннан айнымай қалды.

Кофелерін ішіп болған соң, Айбар өз бөлмесіне барып, сурет альбомын алып келді. Ғайни оған: «Осы сен Бақытгүл  марқұм туралы ештеңе айтпадың ғой. Өзің туралы да жақ ашпайсың», – деп бірнеше рет сыр тартқан болатын. Айбар болса сол сауал қойылған сайын: «Оның айтатын несі бар?» – деп, тез тайқып кетумен жүр. Өйткені  өзінің ең бір сүйіктісі болған, жаны мен жүрегіне айналып кеткен, барша бақыты мен аппақ арманына теңеген аяулы ару туралы әңгіме айту – бұл үшін қияметтің қияметі. «Бақытгүл иіс тиіп қайтыс болыпты» деген хабарды естігенде, аспан айырылып, жер жарылып кеткендей болып еді. Бұл хабарды тым кеш естіп, ауылына арнайы барғанында, бұған қаралы хабарды дер кезінде жеткізбегені үшін, жақын жолдас‑жораларының бәрінің бетіне түкірген. Бақытгүлдің басына барып, қабірін құшақтап, еңіреп жылап жатқанында: «Сен өлген жоқсын! Сен өлмейсің! Сен менің жүрегімде мәңгі өмір сүресің!» – деп қайта‑қайта айғайлай берген. Достары қабір үстінен зорға тұрғызып, жасын сүртіп, үсті‑басын қаққылап, әуре болып қалып еді, сонда. Бет‑аузы алау‑далау болып достарының демеуімен үйіне келгенде, мұның қарт әке‑шешесі мен ағалары, тіпті, қарындасы мен жеңгелері де бұған түк аяушылық білдірген жоқ. «Бұл арақ ішпеуші еді ғой. Ішіп алған ба, өзі?!» – деп алая қарады әкесі. Жанындағы жігіттер Бақытгүлдің басына барып қайтқандарын айтқанда, үлкен ағасының ашуланғанын‑ай! «Өй, ез! Ел‑жұртқа күлкі болып осынша еңірегені несі?! Бір жаман қыз өлді деп, бүкіл ауылды дүрліктіргені несі?! Ой, ынжық!» – деді ол жер‑көкке  симай аласатып жүріп.

Осы сәттен бастап Айбардың ойы мүлдем бұзылды. Өзінің жүрегін ешкімнің түсінбейтінін, адамдардың бәрінің санасынан «махаббат» деген асыл сезімнің сызылып қалғанын, олар жеке бастың қамы үшін ғана өмір сүріп жүргендерін, сондықтан да бірімен‑бірі таза көңілмен сыйласа да, ұғыныса да алмайтындықтарын түптеп түсінгендей болды. Әсіресе, өзі жақсы көретін қарындасының: «Бақытгүлден жүз есе артық қыздар толып жүр ғой», –  дегені жанына қатты батты. Кіші ағасы төмен қарап отырып: «Сол қыз әліне қарамай, екі жыл қатарынан КазГу‑ге барып, оқуға түсе алмай қайтты ғой», – деп күңкілдеді. Жақын достары да мұның өртеніп бара жатқан жан дүниесіне сәл де болса су себерлік әрекетке ыңғайланбады.

Айбар  сол жолы екі‑үш күн ғана үйіне түнеп, қалаға қайтып кетті. Келесі жылы аяқталғалы тұрған оқуын да оқығысы келмеді, студент жолдастарына да жоламады. Өзі жақсы көретін бір мүсінші бар болатын. Соған бар шындығын айтып, мұңын шағып еді, ол кісі ұзақ ойланып отырып: «Қатты соққы алған екенсің, бауырым. Өзіңді‑өзің жей берме. Еңсеңді көтер! Еркек бол! – деді де, мынандай ақыл айтты: – Мен үлкен мүсін жасап жатырмын. Сен маған көмекші бол. Осы шеберханада жұмыс істейсің. Жалақың да, баспанаң да болады. Сенің маған ұнайтының – мүсіншілік қабілетің бар, ең бастысы – арақ ішпейсің, бұзақылық жасамайсың. Оның үстіне еңбекқорсың. Құдай қосса, көп ұзамай мәдениет министрлігінің жатақханасынан бір бөлме алып беремін, әзірше осы шеберханада тұра бересің».

Өзінің бар мақсат‑мүддесінің бастамасындай болып сезілген бұл жұмысқа бойындағы бар құлшыныспен кірісті. Күн өткен сайын мүсінші ағасының мейірімі төгілген үстіне төгілгені  соншалық – «Қазақтан шыққан ұлы мүсінші сен боласың!» – деп, айналып кеп, айналып кеп арқасынан қағатын болды. Бірақ бір көңіліне келетіні – мүсінші ағасы кейбір кешкілік уақыттарда аяқ астынан құбылып, мұны өзінің немере інісі – жылпос жігіттің қасына қосып жібереді. Әлгі жігіт ыржың‑ыржың күліп: «Ағамыздың күйіті келіп тұр екен. Ой, нағыз сабаз ғой бұл кісі!» – деп, Айбарды өз үйіне апарып қондыратын. Мүлде кісі киік болып кеткен Айбар бұл сөздің астарына үніліп те қарамай, «ағаның бір шаруасы болған шығар» деп ойлайтын. Ойлайтын да қоятын. Сөйтсе…

Бір күні жап‑жас келіншек келді.

Айбардың таң қалғаны – мұның Бақытгүлінен бір аумайды‑ау, бір аумайды! Сәлемдескен соң: «Ағаңыз қайда? Осында боламын деп еді ғой», – деді. Мұның тілі байланып қалғандай. Сәлден кейін есін жинап алғандай болып: «Келу керек. Келеді. Отырыңыз», – деп, Бақытгүлге ұқсайтын келіншекке орындық ұсынды. «Рақмет!» – деді келіншек. Өзіне сұқтана қараған жауһардай көздерінен жүрегі шымырлап, зыр жүгіріп, есі шығып кеткендей болды.

«Өзіңіз де отырсаңызшы», – деп бұл да бір орындықты алып келіп, қарсы алдына жайғаса қалды. «Тым елгезек екенсіз», – деді келіншек езуін тарта күліп. Бұл басын изегендей болды. Келіншекке тіктеп қарайын десе, батылы бармайтындай. «Төмен қарап отыру әдетіңіз бе?» – деген сөзін естігенде, өр намысы лап ете түскендей болып,  «Ешқашан төмен қарап көрген жоқпын, апай», – деп, еңсесін теп‑тез көтеріп алды. Осы сәтте  ғана екеуінің көздері түйісті. Келіншектің көзінде терең мұң бар екен. Бірден ұқты. Ол да мұны түсінгендей, ішкі әлеміне терең үңілгендей болып, кірпік қақпастан қадала қалды. Аздан соң көзін тайдырып, саусақтарын салалап отырып: «Мен сіз туралы білем. Ағаңыз айтқан. Сіздің атыңыз Айбар ғой», – деді. «Иә», –  деді бұл, тағы да басын изеңдетіп.

Келіншек кіп‑кішкентай әдемі сөмкесінен сигарет алып, онысын алтындай жарқылдаған газоттықпен тұтатты.

Міне, Айбардың бүкіл болашағының бастамасы осы сәттен кейін‑ақ тұтқиыл өзгерістерге түскен болуы керек.

Бұлардың мәңгі ұмытылмас әңгімелері былай өрбіді. Темекісін тұтатып алған соң, аяғын айқастырып, шалқая отырған келіншек:

– Өзіңіз темекі тартпайсыз ғой деймін. Күл салатын бірдеңе бар ма? – деді де, – Әуре болмаңыз. Міне… тұр екен ғой, – деп жігіттің су ішіп жүрген үлкен бақалына күл түсірді. Кенет ойланып кеткендей болып, аз отырды да: – Сіз маған шын ұнап қалдыңыз. Ерекше адамсыз. Көздеріңізде бір ғажайып нұр бар. Мен актрисамын ғой. Бірнеше киноға түскенмін. Адамның барлық қасиеті мен кемшілігін бірден танып тұрамын,  – деді.

– Ой, рақмет, апай.

– Рақмет айтпай‑ақ қойыңыз… Ә, менің, «сіз, сіз» деп отырғаным жараспас. Сен жиырмадан жаңа асқан жігіт емессің бе? – деді келіншек тым әдемі жымиып. – Ал мен сенен сәл ғана үлкенмін. Екі‑үш жас. Мүмкін құрдас та шығармыз. Нешедесің?

– Жиырма екі.

– Әне, анық айтыппын. Мен жиырма төрттемін.

– Сіздің атыңыз кім?

– Тамара.

– Тамара!?. Қызық.

– Несі қызық?

– Қазақша емес.

– Менің анам – татарка. Әкем – қазақ. Бірақ  біреулер сияқты шалақазақ емеспін, таза қазақпын. Шешем де татаркамын демейді. Қазақ жолын ұстанады. Сөйлегенде… әй, қазақтың қатындары айдалада қалып қояды! – деп, Тамара алақанын сарт еткізіп соғып жіберді.

– Сіз актрисамын дедіңіз…

– Тоқта. Тоқтай қал. Мен актриса болғанда, орыстың да, ұйғырдың да, қазақтың да… м‑м‑м… театрларында ойнағам. Так что… Ал сен… мүсіншісің.

Тамараның мынандай сөздеріне рахаттанып, жаны жадырай бастаған Айбар оның  бет-жүзін бағамдап отыр. Алғашқы сәтте Бақытгүліне ұқсайтын сияқты болып көрінген осы келіншек мүлде басқа адамға айналып бара жатқандай. Ол ұзын сигаретін әлі тартып отыр. Еркін. Көнілді. Темекісінің түтінінен әлдебір тылсым иіс тарайтындай.

– Кешіріңіз. Сіздің күйеуіңіз бар ма? – деді Айбар оған қарай емірене түсіп.

– Күйеу?.. Сен… білмейсің бе? – деп, қап‑қара көзін аударып, төңкеріп қарады, Тамара.

– Қайдан білемін?

– Айтқан жоқ па?

– Кім?

– Анау ағаң… склу… склу…

         Тамараның телефоны сұңқылдай жөнелді. Келіншек жалпақ смартфонын көтеріп, арғы жақтағы адамға: «Бопты! Майлы!»  – деді де: – Ағаң. «Келе алмаймын» деді. Келмесе, кебенематри. Екеуміз бармыз, – деп, орнынан тұрып кетті. Тұра сала сол қолын мықынына қойып, оң қолын көкке көтеріп, билей жөнелді. Саусақтарын сыртылдатып, өкшесін тарсылдатып алды да: – Жан! Жан! Жан! Сен – бір арман! Сен бір арман! Өтеді‑ау жалған! Өтеді‑ау жалған! – деп әндете жөнелді.

         Айбар аң‑таң болып отыр. Тамараның биі де, дауысы да… әлгі сөздері де бойын балқытқандай. «Өзі тым әдемі екен!» деді ішінен.

         Кенет, сұлу келіншек қалт тұра қалды да: – Сен мынандай әңгімені білесің бе? – деп күлімсірей қарады. – Қазақ жігіті мен татар қызы туралы. Бір қазақ байының баласына татар көпесінің қызы ғашық болыпты. Жастардың бір шулы бас қосуында татар қызы гармонын алып, әлгі жігітке былай деп жырлапты:

                            Айқап жібер, шайқап жібер –

                            Қазақ байдың қамшысын.

                            Қызыл шарап құйып берсем,

                            Қалдырмай іш тамшысын!

         Сонда қазақ жігіті табан астында былай деп жауап беріпті:

                            Айқап жібер, шайқап жібер –

                             Татар тотай бақшасын.

                             Сендей қызды сүйіп, құшу –

                             Көптен бергі мақсатым.

Міне, көрдің бе, қалай?

         – Сонсоң не болыпты?

         – Не болғанын өзің де біліп отырсың ғой. Мына мүсінші ағаң да маған жабысып алған. Бірақ… соңғы кезде өзін онша жаратпай жүрмін, – деді де, жігіттің арт жағынан келіп, иығынан құшақтады. Айбардың бүкіл өне бойы балбырап, не боп бара жатқанын өзі де сезе алмай отыр еді, дәл сол сәтте есіктің сарт етіп ашылғаны! Кіріп келген мүсіншінің өзі екен. Екі көзі атыздай болып, сәл тұрды да, тез‑тез басып келіп, Тамараны жұлқи жетелеп, сыртқа қарай беттеді. Айбар өң мен түстің арасында отырғандай болып, мелшиді де қалды.

         Мүсінші ағасы көп ұзамай‑ақ қайтып оралды. Бетінде ашу‑ызаның белгісі де жоқ.

         – Ана қатын саған не деп тұр еді? Тіпті, өзіңе асылып алыпты ғой.

         – Неге өйткенін білмеймін. Билеп‑билеп алды да, татар қызы мен қазақ жігітінің өлеңмен жырласқанын айтты. «Айқап жібер, шайқап жібер» деп басталатын.

         – Ол – бәле қатын. Енді қасыңа жолатушы болма. Жабысып алады… Ал, давай, ертеңге дейін, – деді де, шығып кетті.

         Ағасы Тамараны жамандап кетсе де, Айбар түн ортасы ауғанша соны ойлаумен болды. Қандай сұлу! Қандай сымбатты! Өзі Бақытгүлден аумайды! Қалай бұзылып кетті екен? Мүмкін емес қой. Әлде… Әлде… бұл да біреуден алданып, опық жеп, ақырында жаман жолға түсіп, бұзылып кеткен кейбір қыздар сияқты, өкініштің уын ішіп жүр ме екен? Мұның ендігі өмірі не болады? Өстіп көрінгенмен қыдырып жүре бере ме? Күні ертең‑ақ бетінен әр тайып, мүсінді мүшесі бұзылып, ешкімге керек болмай қалады ғой, байқұс!..

         Тамара сол кеткеннен оралған жоқ. Сірә, мүсінші ағасы сүйреп алып шыққан соң, мүлдем келмейтіндей етіп қуып жіберген болуы керек. Алайда  сол келіншек Айбардың есінен шықпай, ұйықтайын деп төсекке жантая қалса болды, көз алдына елестеп, алуан түрге құбылып, жүрегін сыздата беретін болды.

         Ғайни сияқты өзінің қыр соңынан қалмай жүгірген қыздардың көптігі сонша, тіпті  солардан ығыр болатын. Қашып жүретін еді, студент кезінде. Бақытгүлден басқа қызды ұнатпақ түгілі, көп сөйлескісі де келмейтін тәкаппарлығы да бір сойқан еді‑ау, сонда! Енді мына бір өмір жолынан адасқан қайдағы бір келіншекті ұмыта алмай күн сайын, түн сайын ойлай беретіні несі?!

         Сол бір келіншек келіп-кеткеннен кейін‑ақ мүсінші ағасының да бұдан салқындай түскенін байқады. Бұрынғыдай асты‑үстіне түсіп, қал‑жағдайын да сұрамайды, анда‑мұнда көп жұмсамайды да. Бұлар биіктігі бес метрлік алып мүсінді де орнына қондырып, тағы бір тапсырысты аяқтап қалған. Осында орналасқанына бір жылдай уақыт болса да, ағасының алып беремін деген бөлмесі де жоқ. Шеберхананың ішіндегі анау бір қуыста тұра беруден де әбден жалығып бітті. «Осы тіршілігім – не тіршілік?!» – деп ойлады бір күні. Жас адамның өміріне жараса ма осы жүрісі?! Ешқайда шығып, қыдырмайды да.  Жаңа жылда ғана әке‑шешесінің халін білу үшін ауылына барып қайтқаны болмаса, осы қаладан аттап баспапты ғой. Оны қойшы, жап‑жас басымен әлдекімнің малайындай болып, гипс илеп, шапқы шауып, мүсін жасаудың бүкіл бейнетін көтеріп, өстіп жүре бере ме? Қой! Бұл болмас!

         Ары ойланып, бері ойланып, осы қаладан мүлдем безуге бел байлады. Бір шалғайдағы аудандағы кеншілер кентінде әкім болып отырған алыс туыс ағасы бар еді. Соны есіне түсіріп, бір күні арнайы отырып, өзінің бүгінгі қал‑жағдайы туралы, мәнісі болмай жүргені жөнінде, сурет салудан бастап, мүсін жасауға, ұсталық етуге дейін қабілеті бар екендігін тізе келіп, ендігі жерде өзіне қамқор болуын өтініп хат жазды. Хаттың соңына қарай арақ ішпейтінін, тіпті  темекі де тартпайтынын қосып жіберді. Әйтпесе, қазіргі жұрттың бәрі суретшілерді шетінен ішкіш, араққұмар деп біледі емес пе!

         Хатты «жауап күтем» деп аяқтап, өзінің мекен‑жайын да қоса жазды.

         Содан он‑он бес күн өтпей‑ақ әлгі әкім ағасының өзі шеберханаға келіп тұр! Амандасып, құшақтасып бола салысымен‑ақ: «Ал, бауырым, жинал! Мен асығыспын. Біздің кентке кетеміз!» – деді. Бұл мүсінші ағасымен асығыс қоштасып, қаладан далаға – атақты кеншілер кентіне қарай бет түзеді.

         Ағайындас ағасының мұны тез алып кеткен себебі, өзі әкім болып отырған кеншілер кентінде жаңадан мәдениет үйі салыныпты. Соның іші‑сыртын безендіруге суретші таптырмай тұр екен. «Іздегенге – сұраған»  дегендей, дәл осы сәтке Айбар тап келіпті.

         Ағасы мұны алып келген соң заңды түрде суретші-безендіруші ретінде жұмысқа орналастырып, сол кезде бос қалған, кейбір үйі жоқтарға пәтер ретінде бөлмелері беріліп жатқан интернаттан екі бөлмені тұтас беріп, жарылқап тастады.

         Біраз күн өткеннен кейін, әкім ағасының өзі келіп, көлігіне отырғызып алды да, «Ескі ауыл» деп аталатын кент шетіндегі құлаған тамдары көп бір жерге алып келді. Әлі бүлінбеген ескілеу бір тамның алдына тоқтап:  «Міне, мынау үй енді сенікі болады. Қолыңнан ұсталық та келеді екен, кейін, кеңірек уақытта жөндеп аласың. Бұл үй басы бүтін сенің атыңа құжатталады»,  – деді.

         Қатты қуанған Айбар бір‑ақ айдың ішінде үйдің іші‑сыртын кісі танымастай етіп өзгертіп жібергені сонша – көрген жұрттың бәрі таңдайларын қағысып, бастарын шайқасты.

         Кейіннен ескі тамды құлатып, оның орнына өзінің ойынан шығатындай етіп, мына үйді тұрғызған болатын…

         Айбардың фото-альбомын алып келіп, соны Ғайниға көрсетпек болған себебі – Бақытгүл мен өзінің әр сәттегі суреттерінен өтіп кеткен дәуреннің бақытты шақтарын байқатпақ. Ең бастысы, Бақытгүлдің бет-бейнесін әбден танып алсын деп отыр.

         Бұлар жарты сағаттай альбом тамашалады. Ғайни марқұм қыздың суреттерін әбден көріп, көзі қанған соң: «Шынында өте сұлу екен!» – деп, еріксіз мойындады.

         – Енді сен Бақытгүлдің өзін көргің келе ме? – деді Айбар Ғайниға күле қарап.

         Ғайни шошып кетті.

         – Қалай?

         – Жүр!

         Айбар әйелді жетектеп бір есіктің алдына апарды. Қалтасынан кілт алып, құлыбын аша бастады. «Мынау ғашық қызын «өлді» деп қойып, қамап отырғаннан сау ма?» деп ойлаған Ғайнидың жүрегі аузына тығылғандай болды.

         – Кір! – деді Айбар. Өзі селқос.

         Ғайни кірер‑кірмесін білмей, ішінен дұға оқып, сәл тұрды да, табалдырықтан аттады. Аттай салысымен‑ақ, шошығаны соншалық – жүрегі тоқтап қала жаздады. Жаңа ғана альбомнан көрген жас сұлу бұларға қарай құшағын ашып, ұмтылып келе жатыр. Үстінде – етегі желбіреген ақ көйлек, бір қолында – қызыл гүл. Көзі оттай жанады. Жүзі шаттыққа толы.

         Ғайни шыңғырып жіберіп, есікке қарай атылды.

         Ол сол күні ыстығы көтеріліп, қатты ауырып қалды да, тек ертеңінде ғана орнынан тұрып, жолға жиналды.

         Қоштасарда Айбардың бетіне мұңая қарап тұрып: – Айтшы, көзін қалай жасадың? – деп сұрады.

         – Оны сен әлі білмейтін асыл тастан жасадым, – деді Айбар.

         Ғайни бұл мүсінді тұңғыш көрген көрермен өзі ғана екенін білген жоқ. Айбар мен мүсін туралы жазған жоқ, жазбақ түгілі жан баласына жақ ашып айтқан да жоқ.

                                                                                   

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір