ҚАЙРАН ҚАРАКӨЗ бен БАЯНЫМ-АЙ!..
08.08.2022
980
0

Осы көктемде Мәскеудің
Е.Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпейісова Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында
М.Әуезовтің «Қаракөзін» және Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында Ғ.Мүсіреповтің «Баян сұлу – Қозы-Көрпеш» пьесасын сахналады. Екі классиктің шығармасын көрерменге ұсынған жас режиссердің ізденісі мен жаңашылдыққа ұмтылысын көрермен қауымның көпшілігі «ұната қойған жоқ». Неге? Классикалық шығармаларды сахналаудың өзіндік дәстүрі, жол-жосыны бар ма? Жас режиссерлар біртуар драматургтердің туындыларын өзгертуге неге құмар? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде театр­танушы Айзат Қадыр­алие­ва­­ның шағын рецензия­ларын ұсынып отырмыз.

Сен кімсің,
«Қаракөз»?..

М.Әуезовтің қандай жазушы болғанын айтып жатудың өзі артық болар. Бір ауыз сөзбен жеткізер болсақ, ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгерген ұлы суреткер. Оның «Еңлік-Кебек», «Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Қаракөз» пьесалары – ұлттық драматургиямыздың інжу-маржаны. Иә, «Інжу-маржаны» деп сөзбен баға бергенімізбен, іспен бағасына жете алмай жатқанымыз бар. Кезінде көркем шығарманың тартымдылығымен қаншама суреткерлеріміз театр өнерін жаһанға танытса да, бүгінгі күнде олар көп өзгерістерге ұшырап жатқаны жасырын емес. Әжептәуір өзгергенін көргенде, «авторы сол ма еді, өзі?» деп өзің ойланып қаласың. Тыңнан сүрлеу салу үшін тіпті классикалық дүниелерге де аяушылық танытып жатқан жоқпыз. Соның салдарынан актерлік спектакльден гөрі, режиссерлік спектакльдер қаптап кетті. Сондықтан болар, бұрынырақта жазылған шығармаларға жас режиссерлар «қол салыпты» дегенді естісек, бұ күнде жайсыз күйге түсетін жағдайға жеттік. Расын айту керек, шок алуға, комаға түсіп қалмауға өзімізді жан-жақты жақсылап дайындап баратын болып та жүрміз.

Наркоман Сырым, ызақор Нарша, жеңілтек Қаракөз

Осы ойлар жетегінде Қарағандыға жол тарттық. Мәскеудегі Е.Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпейісова М.Әуезовтің баға жетпес рухани қазыналарының бірі «Қаракөзін» қай қырынан көрсетер деген қызығушылық та жоқ емес. Сырттан режиссер келгенін естісек, елпілдеп кететін әдетіміз бар емес пе? Сонымен – Қаракөз!.. Өзінің қазақы көрінісімен көрерменге тікелей әсер етіп келген бұл пьесаны режиссер С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасына мүлдем басқа жолмен ұсынуды жөн көріпті. Жоғарыдағы сөзіміз ұғынықты болу үшін тарқата кетейік. Әрине, әрбір режиссердің өзіндік шешімі, алға қойған мақсаты болатындықтан, бұрын қойылып жүрген спектакльді сол қалпында қайта ұсыну шарт емес, жұртшылық одан ойдағыдай әсер алмауы да мүмкін. Оның үстіне, сахнада жүріп жатқан оқиға мен біздің арамызды ғасырдан астам уақыт бөліп тұрғандықтан, өткен өмір бейнесін неғұрлым жастар талғамына жақындатып, бүгінгі күн талабын да ойластыра бейнелесе, спектакльдің құндылығы да арта түсетіні түсінікті жағдай. Бірақ бүгінгі күннің талабы осы екен деп, ана дүниеге әлдеқашан кеткен марқұмдардың құқығын аяққа баса беруге болады деген сөз емес.
Неше жерден шы­ғар­машылық ізденіс, интерпретация, тыңнан түрен салу керек десек те, ата-дәстүрден аттап өтпесе керек. Ал бұл қойылымда өкінішке қарай, дәстүрді белден басу басым болды. Актерлердің ойынына жеке-жеке тоқталатындай, шеберліктері сарқыла ашылды деуге сөз сараң. Трагедиядағы қайғылы халдің негізгі себепкері – салт-сана майданына айналған Мөржанмен бірге, Қаракөз, Сырым мен Наршаның автор меңзеген ерекшеліктерін сақтай отырып, сәл ғана өзгерістер енгізсе де жарты ауыз жағымды сөз айтар едік. Бірақ режиссер оқиғаны бүгінгі көзқарас тұрғысында бейімдеймін деп, онсызда қоғам арыла алмай жүрген жастардың жат мінездерін көрсете түсуге күш салыпты. Сырымның сыршылдығынан, Наршаның сабырлығынан, Қаракөздің пәктіген айырылған сахналарға сөз табу қиын. Еліне алып келген Қаракөзді еркіне көнбеген соң Нарша оны күшпен дегеніне көндіреді. Зорлау… тәсілі тым тұрпайы… Қаракөзді екі қабырғаға кезек-кезек аяусыз ұрып, сілікпесін шығарады. Наршаның осы әрекетке баруын «ер намысы» деп түсіндіргісі келеді. Сонда, қазақ жігіттерінің намысын қашаннан бері төсекпен өлшейтін болғанбыз. Сосын Сырым да Қаракөздің о жақ, бұ жағын ұстап сипалайды, құшақтайды, сүйеді, ол аздай Қаракөз екі аяғын талтайтып жата қалады. Ессіз құмарлық. Сонымен сахнада – наркоман Сырым, ызақор Нарша, жеңілтек Қаракөз, оған алба-жұлба шашымен Ақбала қосылғанда қойылымның жұлым-жұлымы шықты. Әлбетте, сахналық шешімдерді өзге де режиссерлердің спектакльдерінен көріп жүрсек те, осы қойылымда әдемі орын тапқан. Орындалатын әндері эклектикаға ұрынса да музыкамен сүйемелдеу жағы жаман емес. Яғни режиссурасында біраз ізденістер байқалғанымен, тұтас алғанда, нұсқалықтан гөрі еліктеушіліктің басым екенін байқадық.
Бұл бір театрда ғана емес, біраз театрларда – ұлттық дүниелеріміздің салиқалы да салмақты сөздерін мәнсіз де мағынасыз қимыл-қозғалыстарымен алмастыра салу соңғы кезде белең алып барады.

Қаракөздер мен Жібектер «қаннан»
көз ашпай келеді…

Айтпасқа болмайтын тағы бір жайт. Қыздың пәктігін көрсету үшін ақ көйлекті я болмаса матаны қанға бояу сәнге айналып бара жатқандай. Әуезовтің Қаракөзі де, Мүсіреповтің Жібегі де «қаннан» көз ашпай келеді. Бұл не сұмдық! Бәрін сахнада «батыл» көрсетеміз деп, «ар», «ұят» деген ұғымнан тым алыстап кеткен жоқпыз ба, осы?! Әлде бәрін ашық, жалаңаш көрсету жаңашылдыққа жататын болған ба?
Әуезов сипаттаған қыздарының сыр-сымбатын, мінез даралығын кертартпа көріністермен былғамай-ақ, дәл бүгінгі күннің көшірмесін айнытпай көрсеткілері келсе, заманауи пьеса жаздыртып, өздерінің еркін ойын жүзеге асыра берсе, түк те демес едік. Ал қаншама актерлерімізді мәртебелі белестерге көтерілуіне сеп болған осынау қымбат кейіпкерлерді қор қылып жатқандарына үнсіз қала алмадық. Мысалы, Әуезовтің көзқарасы бойынша Қаракөзі қандай еді? Шәріпованың естелігіне мән берейікші: «Қаракөз рөлінде Нұрмұхан Жантөринмен жұптас боп көріне бастаған кезім, ұмытпасам, 1960 жылдың 20-шы қазаны ғой деймін, Мұхаң театрға келді. Қойылымнан соң Әлжаппар Әбішев ағамыз мені «Мұхаң шақырып жатыр» деді. Абдырап қалдым. Мұхаң сыпайы сөйлеп, жұмсақ үн қатты:
«Қарағым, Нұрмұхан-Сырымға тесіліп аузыңды аша берме. Сырт көзге ерсілеу көрінеді екен. Қарагөздер үһілейді, еміренеді. Қазақ ғұрпында қыз жігітті құшақтамайды, жігіттің иығына қолын артса да, сол емеурін жетіп жатыр!» деп, қатаң ескерту жасады. (Сығай «Толғам») Міне, Мұқаң, Ғабең мүсіндеген Қаракөздер, Еңліктер, Ақтоқтылар, Жібектер осындай болатын.

Театр директорлары мен көркемдік жетекшілерге бірер сөз:
Шетелде оқып жүр, пәленшенің шәкірті екен, түгеншеден бітіріпті деп асқақтатып қарсы алу әбден дұрыс. Сырттан болсын, іштен болсын режиссерлерді жиі шақыртып тұру керек. Бірақ талай уақыттан бері рухани асыл қазынамызға айналған туындыларымызды қолдарына ұстата салмай, биік зерделі дүниетаныммен қарауға, пьесаға тек әдеби шығарма деп қарамай, халқымыздың тарихынан тамыр тартатын тұтас бір жауапты жанрдың ауыр жүгі деп ұғындыруға ұмтылайықшы. Керек десеңіз, ауыз әдебиетін, халықтың тарихын терең білмейтін режиссерлерге ұлттық дүниелерді қойдырудан қашуға тиіспіз. Әйтпесе, орысша ойлап, орынсыз еліктеу кең етек жая бастады. Әуезов пен Мүсіреповтен гөрі шетелдің қаңсығы жақын болып тұратындығы жанға батып жүр.
Сөз соңында тағы да айта кетейік. Режиссерлер бұрынғы көзқараспен қалсын, дәстүршілдіктен еш ауытқымасын деуден аулақпыз. Біздің мақсатымыз – өткен өмір мен бүгінгі күнді жалғастырып тұратындай жағдай жасауына, тәрбиелік мәні бар тұстары мүлдем жүдеу тартып кетпеуіне, сахнадағы көріністер спектакльдің көркемдік шешіміне сәтті үйлесуіне үлес қосу. Бар болғаны осы. Режиссураның қиындығы да осында болса керек-ті. Әйтпесе, өмірде болып жатқан барлық былықты сол қалпында сахнаға қоя салу менің де қолымнан келеді. Сол себепті, көрушінің жаман әдеттерден жанын шошытып алмайтындай астарлап, көркемдеп жеткізудегі шеберлік тәсілдерін жетілдіре түссе, сахнаның сыры мен сымбатын аяқасты етпесе деген ізгі ой біздікі.

Қор болған БАЯН
мен ҚОЗЫ

Қаллеки театры сахнасында – «Баян сұлу – Қозы Көрпеш». Авторы – заңғар драматург Ғ.Мүсірепов. Сахналаған Мәскеу қаласынан келген қазақ қызы Г.Балпейісова. Режиссер Гүлназдың екінші жұмысын көріп отырмын. Бірінші жұмысындағыдай (Қаракөзді айтам) дәстүрлі түсініктен бәрібір де алшақ кеткенін аңғару қиын емес. Өзіндік орны бар трагедияның поэтикалық, романтикалық рухын тағы да «өзінше» пайымдаған. Ішкі сезімге тағы да жеңіл-желпі қараған. Соған қарағанда, әдебиетіміздегі лиро-эпикалық жырымызды толық меңгермеген не менсінбеген деген ой келеді. Бәлкім, меңгерген де, менсінген де болар. Тек, кейіпкерлер мен көрермендерді бауырластыру жолындағы шыңыраудай терең тартыстар шатқаяқ тартып кеткен.
Сахнадан азалы Баян (А.Орынтай), жаралы Қозыдан (М.Наменов) гөрі, сол сахнаның ортасында шешініп-киініп жүрген қыз, ұшып-қонып жүрген жігітті көрдік. Басында найзаны төбесіне көтеріп алып, шашы жалбыраған біреу шыға келгенде, төбе шашым тік тұрды. Бұл тағы не масқара деп. Мынандай жағдайда «Жылқыларды мен қайырып алып келемін. Мен бармын!» дейтіндей батыл әрі кербез арудың бейнесі де, Қозымен кездескен сәтіндегі биязылық пен нәзіктікті де сөз қылудың өзі ұят. Себебі, оның бірі де жоқ. Яғни бір-бірінің қасында күн және ай болып сезінетіндей жүрек толқуларын байқамадық. Негізгі кейіпкерлер Қозы мен Баян болса да, ашығын айту керек, рөл талқылайтындай ойын көрмедік. Есесіне анау төрден есікке дейін домалап жатып, сүйіскенді көрдік. Ол жай алқын-жұлқын сүйіс емес, кенезең кеуіп кетердей ұзааақ сүйіс. Жабысқан еріндер мен жарылған қарбыздар бөлек әңгіменің арқауы…
Ары қарай кетейік. Қарабайдың қатігездігін, сараңдығын актер Ж.Ерболат беруге тырысқан. Дегенмен мал басы көбейген сайын жанның рахаттанауы, малыма бір нәрсе болып қала ма деп үнемі мазасыз күйде жүру жағы кемшін. Ал Ж.Төленбаевтің Қарабайын да кісі нанарлықтай сомдады деуге келмейді. Оның орындауында ант бұзушы сұм қатігезден гөрі, ұйқысы қанбай қалған әлжуаз, аурушаң әке бейнесі менмұндалайды. «Қара емен майысса да, Қарабай қайыспайды» деуге келетін образды көре алмадық. Қодардың бейнесі де есте қаларлықтай емес. Жасандылық басым. Осылардың ішінде қулығына құрық бойламайтын, есебінен еш жаңылмайтын – Жантық. «Қоғамға қарабайшылдықтан жантықшылдық әлде қайда қауіпті…» деп Қ.Мұхамеджанов айтқандай, жаным-күнім деп ішіңе кіріп алып, аяусыз тіліп шығатын зымиян адамдар айналаңда өте көп. Барлығын қорғағандай, қолдағандай болып алдап-арбап жүрген қорқынышты типті актер О.Жақыпбек ойдағыдай жеткізе алмады. М.Джексонның кебін киіп, әнін салса да, оқиғаның басынан аяғына дейін тартыс туғызып, шиеленістіріп жүрген Жантықтың мінезінен шалыс басу бар. Олжастың ойыны бірсыдырғы болып кеткен.
Үміт күткен бір сахна бар еді. Ол да ақталмады. Шығармада алысқан қол, серттескен сәт, қанмен анттасқан уәдені аяққа басып кете барған Қарабай қараулығының кесірінен көкірегі қарс айрылған шарасыз ананың ағыл-тегіл көз жасы қандай ащы еді?! Қозы мен Баянға деген аналық мейірімін, басына түскен жетім-жесірлік қасірет бояуын әлі де актриса А.Нөгербек қоюлата түсу керек пе еді?.. Оңашада жан күйзелісін өзіне-өзі сыр ғып айтып, жалғыздықтың жырын шертетін көрінісі көмескілеу. Сосын бар шындықты Қозысына айта алмай, айтпаудың ретін және таба алмай, біресе күліп, біресе жалтарып, біресе абдыраған Мақпалдың сол тұстағы аянышты пішіні бізге жетпеді. Ал Күнікейдің бітім-болмысын шошқаға ұқсатып қорсылдатып қойған. Берілген тапсырманы орындау керек болған соң, актриса А.Жетпісбаеваның қара күш иесіне қарсы тұруы да, қызының ыстық-суғына күйіп-тоңып жүруі де көңілге қонымдырақ. Бірақ абзал ананың ақыл-есін кемдеу ғып, Қарабайға балта ала жүгірткізіп, етегін түргіздіріп, бүкшеңдетіп қою қаншалықты дұрыс. Ұшқалақ Қозы мен шыжбақай Баянмен бірге, әкесі жынды, анасы адуынды болып шыққан. Белгілі театртанушы, ұстазымыз Әшірбек Сығайдың: «Киіміміз, гриміміз бұзылса бір сәрі, ал енді психологиямыздан айрылсақ не болғаны?! Бүгінгі күннің қыз-жігіттерінің жағдайы басқа, бізге керегі сол Мұқаң, Ғабең жазған Мөржан, Еспенбет, Қарабай заманындағы Қаракөздердің, Еңліктердің, Баяндардың өмірі. Сол заманға саяхат жасап, сапар шексек дейміз. Сәукеле кидірсең де, кидірмесең де «шіркін, Еңлік, Баян осы екен ғой» дейтіндей сенім, сезім орнату керек көрерменнің көкейіне» деп айтқаны бар еді. Иә, сахна безендіруді, костюмдерді жаңашылдыққа жақындатса да, мінез-құлықтары өткен дәуірден мағлұмат боп қалуы керек деп ойлаймын. Онсыз да заманауи спектакльдер бар, енді классиктерді де тегіс заманауиландыра берсек оның несі қызық, айтыңыздаршы. Жарайды, түрлі жанрлардың бәрін бірінің үстіне бірін мінгестіріп кіжінтсін, өзгертсін дейік. Енді сол өзгерткен дүниені алып шығатын актерлерге дұрыс мақсат қоя білсе, дәл бұлай шыш-быж болмас едік-ау.
Жоғарыда айтып өткендей, құйқылжыта ойнаған ешкім жоқ. Ал халыққа жеткізер негізгі күш артист біткеннің ішкі-сыртқы мүмкіндігі түгел ашылмаған жерде, спектакльдің көркемдік көкжиегі байи түсті деуге негіз бар ма, өзі? Бар ықыласты артистерге аударудың орнына, көруші зерікпесін дегендей қызылды-жасыл нәрселермен қашанғы алдай береміз? Аяққа оралғы болған жылтырақ бояулардың салдарынан, режиссер спектакльді мөлшерден артық созып та жіберген. Жігіттердің сахнада құлап түсіп, Жарқын-Шахмұраттың балмұздақ жеп баяндап отырып алуы, т.б. – режиссер ойынан туған тәсілдер деп ұқтық оны. Бірақ осы сахналардың орындалуының тым ұзақтығын былай қойғанда, олар спектакльдің желісіне табиғи түрде кірігіп жатқан жоқ. Сосын, арасында ұлттық аспаптарға көңіл бөліпті. Шүкір дейін десек, оған да келмейді. Әрине, оркестр құрамындағы қыз-жігіттердің оқиғаға араласып отыруы сәтті шыққан. Дегенмен ұлттық құндылығымыздың бірегейі саналатын күйлерімізді домбырашылар арғы жақта орындап жатса, бергі жақта қыздардың тоңқаңдап жүрулері, етегін көтеріп қойып шалқалап жатулары көрер көзге тым оғаш. Бейнебір жалаңаш денеге ұлттық бұйымды тағып қойғандай… Оның үстіне сахнадағы барлық актерлердің сөздері құнсыз шығып жатты. Түсініксіз. Әсіресе Баянды ойнаған актрисада тіл мүкістігі қатты байқалады. Жалпы, дауыс ырғақтарында табиғилықтың нышаны сезілмесе, көрермендерді сендіру мүмкін емес.
Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры – елордамыздағы мәдени ошақтың бірегейі. Алматыдағы М.Әуезов­ театры секілді Астанадағы бас театр – осы Қаллеки театры. Сондықтан жаңа спектакльдердің көркемдік сапасына көбірек көңіл бөлген абзал. Ұлтық құндылықтарды құртуға емес, қайта оны кең насихаттауға сеп болу керек. Бұлай деуімнің себебі, мұның алдында М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» да, осы «Қозы мен Баянның» маңайында «ойнақтап» жүр. Бір емес, екі емес, дәл осылай мазмұнға емес формаға, классиканы сақтауға емес, бұрмалауға жол сала берсе, онда тек режиссер-актерлерге емес, театр басшыларына да жылы пікір айтудан қалатын түріміз бар. Театр өнерінің қайнары мен арқауы – ұлттық драматургияда. Оны бұзып-жаруға ешкімнің хақысы жоқ! Біздің тілек-өтінішіміз – өз дүниелерімізге қамқор көзбен қарап үйренейік. Дәстүрлі ғұрпымызды сүйеніш қыла алмасақ та, тым құрыса қорламайық…

Жоғары жақтағыларға:
Дәстүрлі туындыларға тосыннан шаб­уыл жасаса, «о, не деген жаңашылдық! Міне, ғажап! Тамаша!» дейтін болып барамыз. Тіпті «таптаурындылықтан осылай қашу керек, стереотипті бұзу керек, қатып қалған қағида жоқ» деп те қолдап жатқандар бар көрінеді. Режиссуралық жаңашылдық пен модашылдықты ажырата алмайтындардың кесірінен Әуезовтің, Мүсіреповтің шығармалары мүшкіл жағдайға жеткенін тәптіштеп айта беруден жалықтық. Ұлы драматургтердің өзіндік үні мен бояуынан көз жазып, сортаң тартқан аралға қарай бара жатырмыз ба деп алаңдаймыз. Өнердегі стилін әлдеқашан қалыптастырған қаламгерлердің шығармалары әлдекімдердің эксперименттеріне айналып жүр! Цензураны ұнатпаушы едім, бірақ еркіндік осы екен деп «жалаңаш қылыштасатындарға» қарап мен сүзгінің керек екенін күн өткен сайын ұғына түстім. Кеше Қаракөзді қинадық, бүгін Қозы мен Баянды қорладық, ертең Еңлік пен Кебекке кезек келмейді дегенге кім кепіл? Сондықтан біртуар классиктеріміздің еңбектерін аман алып қалу үшін рухани цензура ауадай қажет. Ұлт әдебиетіндегі інжу-маржандарға қашанғы жанымыз ашып отыра бермекпіз. Алтын қорларымызды қолға алып, оларды көзіміздің қарашығындай қорғамасақ, күні ертең бәрі кеш болуы мүмкін…

 

 

Айзат Қадыр­алие­ва­

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір