Ұлықбек Есдәулет. Жазылар естеліктер мен туралы
30.04.2021
1460
0

  Бұл – шет елде шығатын осы кітабына өзім алғысөз жазып отырған, тайталаста өмір сүрген қазақтың қайсар ақынының жыр жолы. Тағдыр  мен  тарих қай-қашан да қайыспайтын қайсарлыққа бас иеді. Уақыт бәрін де өз орнына қояды. Кейде мен өткен шақты ойлағанда қалқып жүрген баспалдақтарды көремін, ол – уақыт баспалдақтары; кейде мен өмірден өтіп кеткен аға ақындарды ойлағанда асқақтап тұрған асқар тауларды көремін, олар тірі кезіндегідей биіктен биікке өрмелеп бара жатады, кейде сол биігінен бізге бұрылып қарайды…  

«Өткен шақтың кемесімен алысқа жүзіп бара алмайсың» дегенмен де, біз кейде өткенге үңілеміз деп бүгінгі мен келешекті байқап қоятын сияқтымыз. Ақынның дүниеден өткеніне қырық жылға жуықтап қалса да, маған кейде оның осынау қыруар жылдар қатпарынан  алып тұлғасы қарауытып, ажарлы бейнесі алабұртып, шүңірек көзі сүзіліп қарап тұрғандай болады. Сұсты емес, мейірімді, көзге жылы бейне. Құлағыма дауысы да саңқылдап естілетіндей. Қатқыл емес, қайырымды, құлаққа жағымды үн. Өлеңдерімді тыңдап, үйіне ертіп апарғаны, алакөлеңке бөлме бұрышындағы жазу үстеліндегі ұлы Абайдың әппақ гипс бюстін маған көрсетіп тұрып айтқан сөздері құлағыма келгендей болады. Ауыр науқастың алғашқы белгілерін сезіп, секемденіп, уайым басып жүргендегі мұңды түрі. Қазір сол келбеті кітапханалар мен мектептердегі қазақтың ұлы перзенттерімен қатар ілінген портреттеріне, гүлзарлардағы ескерткіштеріне көшкен. Ол  –  Мұқағали Мақатаев, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы классигі, ақиқатты айтуға болмайтын уақытта ашынып та, астарлап та айтқан шын мәніндегі халық ақыны, ұлт мақтанышы.

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мұқағали Мақатаев көзі тірісінде лайықты бағаланбай,  даңқы  өлгеннен соң шыққан шын дарындылар санатына жатады. Ақынның бар құпиясын ішіне бүккен, бір қарағанда қарапайым болып көрінетін сырлы сөздері қашан да қалың оқырман жүрегін қозғап, тебірентуден жазған емес. «Даңқ деген  – өлгендердің жарық күні» деген сөз осы ақынға арнап айтылғандай…

Меніңше, М.Мақатаев поэзиясының алтын арқауы  –  жақсылық пен жамандықтың, махаббат пен зұлымдықтың  бітіспес күресін бейнелеу арқылы адамгершілік пен гуманизмге, ізгілікке үндеуінде, адамның азат жаратылған болмысын қорғап, бар ерік-жігерімен бостандыққа ұмтылысында жатыр. Ақын өз шығармалары арқылы киелі Ақиқат, Ар, Намыс, Адамгершілік, Қайырымдылық, Әділдік, Еркіндік деп аталатын ұлы ұғымдарға қызмет етіп, олардың қасиетін асқақтата көтеріп кетті.

Мұқағалидің бір ерекшілігі өмірдің тар жол, тайғақ кешуінде өзі бастан кешіп, көрген-білгенін, сезген-түйгенін көкірегінің көрігінде шыңдап, жүрегінде қайнатып, санасында сүзіп, көңіл елегінен өткізіп, образға орап, сезімге бөлеп, оқырманға шеберлікпен ұсынуында.

Ұлттық тілде жазатын дарынды ақынның ерекшелігін толық тану үшін кейде оның өлеңдерінің аудармасын оқу жеткіліксіз болуы мүмкін. Қандай қиядан шалар өткір көз, тереңнен түйсінер зерек көңіл болса да басқа ел, бөтен жұрттың өкілінің түпнұсқа тіліндегі сұлулық пен ішкі терең иіріміне аударма арқылы бірден сүңгіп, тұнығынан сүзіп ішу қиын. Сондықтан  осы олқылықтың есесін толтыру үшін ақынның туған халқы, туып-өскен ортасы, ұлтының өзіндік менталитеті, философиялық танымы, психологиялық  пішіні, тілі, дәстүрі және міндетті түрде өмір сүрген дәуірі  туралы аз-кем хабардар болғаны жөн деп санаймын.

Қазақтар – Орталық Азияның ең ежелгі халықтарының бірі. Өзінің көп ғасырлық тарихында олар аты аңызға айналған сақтар мен гундердің лайықты ұрпақтары екенін танытып, қытай қысымы, орыс отарынан айдаһар мен аюдың ортасындағы барыстай Ұлы даланы қорғау үшін жүргізген тәуелсіздік жолындағы қиян-кескі күрестерге қарамастан, байырғы мәдени мұраларының үлгілерін сақтай отырып, халық қанында (генінде) үзілмей келе жатқан эпикалық мәдениеті пен ақындық дарынын дамыта білді. Орта ғасыр шапқыншылықтарынан күйреп барып қайта бас көтерген Қазақстан қалалары сияқты қазақ  жырының да 2 мың жылдан асатын терең тарихы бар. Тасқа қашалған көне түрік жазбаларының авторлары мен кейіпкерлері Иоллығтегін, Білге қаған, Тоныкөк пен Күлтегіннің Алтайда  –  қазақ жерінде, Қара Ертіс өзені бойында  туып, өскені  дәлелденген шындық. Соңғы он жыл көлемінде Астанада «Фолиант» баспасынан жарық көрген, алуан жанрды қамтитын, әрқайсысы 25 баспа табақтан тұратын 100 томдық «Бабалар сөзі» фольклор сериясының өзі неге тұрады? Бұл – ұлан-байтақ жерінде мұхиты жоқ қазақтың мұхиттай терең, әрі мұхит түбіндегі маржандай мол мұрасы. Жүздеген дастандар мен қыруар жырлардан, ертегілер мен аңыздардан, айтыстар мен термелерден, мақал-мәтелдер мен жаңылтпаш-жұмбақтардан тұратын бұл қалың жинақтар әлемдік өркениетке қосылған үлкен үлес екенінде дау болмаса керек. Осындай теңдессіз рухани қазынаны ана сүтімен бойына сіңіріп өскен бірегей тұлға –  бір туар ақын бұған да місе тұтпай, мұхиттың арғы-бергі бетіндегі әлем әдебиетінің классикалық үлгілерін бас алмай оқып, үйренді.

Бүгінде көріп-тыңдауға мыңдаған жанкүйер-тыңдармандар жиналатын суырып салма өлең сайысы  –  ежелгі Айтыс өнері  –  импровизациялық поэзиясы  өркендеп отырған елде  жазба ақын болып танылып, топ жарып, үздік шығу дарындының дарындысына ғана бұйыратын үлес, қиынның қиыны екені белгілі болар. Сонымен қоса, Мұқағали поэзиясын  түсіне білу үшін ол өмір сүрген және әдебиет босағасын аттаған дәуірге назар аударған дұрыс болатынын жоғарыда айттым.

Мұқағали дүниеге келген 1930-жылдар қазақ ұлтының басына қаратүнек орнап, советтік саясаттың сыңаржақтығы  мен зұлымдығының кесірінен демографиялық апатқа  ұшырап, 50 пайызы қырылған, кейін тарихшылар «геноцид» деп бағалаған кезең еді. Холокост пен голодомордың бұл қазақ жеріндегі қанқұйлы нұсқасы «ашаршылық» деп аталған. Халықтың бар байлығын, малы мен жерін, дүние-мүлкін тартып алып, жалған ұранмен колхоз жұмысына зорлап жегу, білімді, білікті, бас көтерер тұлғаларын,  елдің қаймағындай көрнекті қайраткерлерін бірінен соң бірін жаламен ұстап, жазықсыз, жаппай  репрессияға  ұшырату, ширек ғасыр бойы шетінен лек-легімен Сібірге және Қазақстанның өз жерінде қаптап ашылған ГУЛАГ лагерьлеріне айдап, қамап, атып-асып, азаптау сияқты айуандықтар мен озбырлықтар жасалды. Бұл қылмыстардың баршасы бесіктен белі шықпаған болашақ ақынның көз алдында өтті. Он жасқа келгенде әкесінің Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, қаза табуы да баланы ерте есейтіп, санасына сызат түсірді. Қаршадай баланың өгіздің соңына ілесіп, соқамен жер жыртқан күндері оның өлеңдерінде сарғайған суреттей сақталып қалды.

Халық қазанынан қайнап, домнасынан шынығып шыққан жас тұлғаның нағыз халық жыршысына айналып, ұлы ақынның тағдырын иеленуіне осылайша, уақыт пен заманның өзі көмектесті. Бірақ мұның өзі күштілердің алдында шыбындап, иіліп, тізерлеуді білмейтін, жаратылысынан бірбеткей ақын үшін қандай қымбатқа түсті десеңізші…

Ол 17-18 жасында Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүріп, аудандық газетте тырнақалды өлеңдерін жариялайды. Жас ақындар жинағына 3 өлеңі кіреді. 20 жасында Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі бөліміне түсіп оқиды. Оқудан шығарылып, ауылға барып, орыс тілінің мұғалімі болып істейді,  1956 жылы   ҚазМУ-дің заң факультетіне қабылданып, бір жыл оқиды. Одан Қазақ радиосының дикторлығына қабылданады. Қайтадан ауылға кетіп, мұғалім болады. 1962 жылы сол кездегі ел астанасы Алматыға отбасымен көшіп келіп, әдеби ортамен етене араласа бастайды. «Қазақ әдебиеті» газеті, әдеби «Жұлдыз» журналдарында жұмыс істейді. 1973 жылы  Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында бір жылға жақын білім алады. Бұл қарапайым деректердің өзінен болашақ ұлы ақынның басын тауға-тасқа соғып, өмірдегі, әдебиеттегі өз орнын іздеп жүрген тынымсыз, беймаза, өршіл, албырт мінезін, қалыптасқан жағдайға көндіге бермейтін тарпаң тағдырын, ноқтаға төзімсіз болмысын көргендей боламын. Оны осылайша бір жерге байыздатпай, жанына жай таптырмай жүрген нәрсе  –  шеңберге, қалыпқа сыйғысы келмейтін нағыз Ақындық мінез  екені бесенеден белгілі.

Оның әдебиетке біржолата бет бұрып, бел шеше араласқан кезеңі Сталин қайтыс болған соң жеке басқа табыну (культ личности) аяқталып, совет тарихында прогрессивтік сипат алған «хрущевтік жылымыққа» тұспа-тұс келген болатын. Бірақ өзінің асыл арман толы романтикалық  қайығы идеологияға негізделген тұрмыстың жартасына соғылып қираған жас ақын, бұл әлеуметтік дағдарыстан шығудың нақты жолын таба алмайды, бірақ өзін сондай күйге ұшыратқан тоталитарлық жүйенің алдында тізе бүккісі де келмейді, белсеніп, ашық қарсы күреске де шыға алмайды. Күреске шыға қалса – жындыхана немесе түрме күтіп тұрғаны әркімге айдан анық кезде оның бар қолынан келгені өзінің ішкі қарсылығын жырларында астарлап суреттеп, тұспалдап жеткізу болды. Оның жазып кеткен жеке басының күйінішін әркім өз күйінішіндей қабылдайтыны содан.

Әрбір Адам ғарыштың бір бөлшегі болса, Ақын болып туған кісі жаратылыстың  алуан түрлі болмысы, табиғат пен қоғамның күрделі ара қатынасы, тағдырдың қайшылықтары, адамның арманы мен мақсаты, қайғысы мен шаттығы, сағынышы мен өкініш-өксігі, тәуекелі мен сүрінісі  жөнінде сыр  шертпей, ой толғамай тұра алмайды. Әсіресе,  туып-өскен Отаны географиялық жағынан  әрі аспанмен таласқан асқақ, асқар таулы, әрі түпсіз терең көлді, әрі қиырына көз жеткісіз, шетсіз-шексіз, боз жусанды кең далалы мекен болғандықтан  Кеңдік – Тереңдікпен қатар  – Биіктікті, Уақыт – Қозғалыспен қатар – Кеңістікті қоса жырлайды. Ал өрлік, кеңдік пен дарқандық қазақтың ұлттық мінезінің бір сипаты болып табылады.

Алматыдағы мәдени өмірдің қайнаған ортасына келіп,  қазақ әдебиеті мен өнерінің бетке ұстар қайраткерлері шоғырланған ортада өткерген алғашқы  жылдарда Мұқағали ақын бұзып-жарып алға шықпаса да, көптің бірі болып қалмай, жыл ара жинақ шығарып, әдеби процестердің бел ортасында болды, өзіндік дара дауысын, қайталанбас қас дарынын, суреткерлік ерекшелігін жыл өткен сайын айқын таныта берді. Ақынның жас кезінде жазған шығармаларында («Аппассионата», «Мавр», «Ильич», т.б.) мемлекет, қоғам туралы ой-пікірлері өзі тәрбиеленген советтік дәуірмен, коммунистік кезеңмен үндес болса, ғұмырының соңына қарай (70-жылдарда) саяси-идеялық көзқарасы мүлде кереғар бағытқа өзгергендігі анық байқалады.

Оның бұл тұстағы шығармашылығы өз қатарластарынан социалистік реализм шеңберіне сыя бермейтіндігімен ерекшеленеді. Ол советтік билікке, тұрмыс салтына, оның қатаң шектеулеріне,  құқықтық, цензуралық бұғауларына бас игісі келмей, жырымен, мінез-құлық, іс-қылығымен асаулық танытып, бұлқынумен болды. Және өзінің ішкі қарсылықтарын шығармалары арқылы бейнелей білді. Коммунистік гипноздан өз бетімен арылып, ұлттық сана-сезімі оянған  ақын өз елінің СССР құрамындағы еріксіз, тәуелді, пұшайман, мүшкіл хәлін, бұл одақтағы болашағының бұлдыр екенін іштей сезініп, түсініп, халқының ертеңіне алаң болғаны анық көрінеді.

Мұқағалидың қадау-қадау өлеңдерінде бостандықты аңсау мен еркіндікке ұмтылыс тақырыбы қозғалғаны, оның кейбір жырларымен ақын өзі дүниеден өткеннен соң 10 жылдан кейін болған Желтоқсан көтерілісінің идеясының үндестігі жайында жекелеген зерттеушілер баспасөзде жазып та жүр.

1969 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты  ақынның «Қазақ әдебиеті» газетінде (14.06.1969 ж.) жарияланған  өлеңдері жөнінде арнайы қаулы қабылдайды. Қаулыда «М.Мақатаевтың жарияланған өлеңдерінде күңгірт, көмескі ойлар, жұмбақ, жұтаң жолдар баршылық. Ақын өмірдің сан алуан сырын астарлап жырлаймын деп отырып, жеке адамның басында кездесетін күйректілік, күйбең сарынға бой ұрып кеткен», – деген цензуралық сын-айыптау беріліп,  оларды жариялаған газет басшыларына «ақын өлеңдеріндегі идеялық кемшілікті көрмегендігі, жауапсыз қарағандығы үшін қатаң ескерту-сөгіс жариялап, өлең әзірлегендердің жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау керектігі» айтылған. Егер баяғы 37-жылдары болса, ақынның итжеккенге айдалып кетуіне осындай бір ғана айыптау-пікір жетіп жатар еді. Бұл оқиғадан кейін ақынның басына қара бұлт үйіріліп, өзін ешбір қызметке алмай, шығармаларын баспасөзге жарияламай, шетқақпай көріп, шөміштен қағылды. Советтік цензураның бұл шешімі өр мінезді, бірақ сезімі нәзік, жүрегі жараланғыш жанға  ауыр соққы болды.

Бірақ ағысқа қарсы жүзген ақынның көрешегі мұнымен бітер болмады. Баспасөз беттерінде, әдеби басқосуларда әділетсіз, солақай сынға ұшырап, қағажу көрді.  Осы айыптаулар ақырында оның  СССР Жазушылар одағы  мүшелігінен шығарылуына апарып соқты. Жалақысыз, қаламақысыз қалған ақынның отбасында бес баласы бар болатын. Мұндай жағдайда өз ойын ашық жазу, көзқарасын астарлап болса да жеткізу ақын үшін аса қиын, күрделі болғаны айтпаса да түсінікті.

Батыс пен Шығыс әдебиеті мен тарихын өмір-бақи құныға оқып, бойына сіңіре білген сұңғыла ақын  өз өлеңдеріне жолдар мен есіктердің бәрі бірінен кейін бірі жабылып, барар жері, басар тауы қалмаған осы бір алмағайып кезеңде тығырықтан шығар жолды тәржімадан тапты.  Сондықтан да  ол өз өлеңдерін жаза жүріп, асып-тасқан шығармашылық қуатын аударма саласына арнады. Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы  –  У.Уитменнің «Шөп жапырақтары»  (1969); У.Шекспирдің  – «Сонеттері» (1970); Д.Алигьеридің  – «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімі (1971) жарық көрді. Сонымен  қоса Р.Бернстің, орыс ақындары Пушкиннің, Некрасовтың, Блоктың, т.б. өлеңдерін аударды. Егер М.Мақатаев ақын ретінде бір шумақ өлең жазбағанның өзінде классикалық аудармаларымен-ақ әдебиет тарихында қалар еді.

Меніңше, ол ұлылардың шығармаларын өз ана тіліне тәржімалау арқылы бүкіл адамзатқа ортақ асыл қазыналарды, әлемдік алтын  қорға қосылған жауһарларды өз халқына дархандықпен тарту етіп, тағы бір перзенттік парызын орындады әрі өзінің поэзиясын да классикалық биікке көтере білді.

Әдебиетпен өз тұстастарына қарағанда тым кеш – 30-дан асқан шағында бел шеше шындап шұғылданса да, соңғы 14-15 жыл бойы тынымсыз ізденісте, білім қуалаумен болып, бір жағынан мұқтаждық қысып, уақтылы емделуге, жанын күтуге де мұршасы болмай, соңында ауыр науқаспен арпалыса жүріп, қыруар асыл мұра  –  700-ге тарта  өлеңдер мен поэмалар қалдырған ақынның адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған медитативтік, лирикалық жырларында  еркіндікке, азаттыққа ұмтылу, әділетсіздікке қарсылық, іштей ширығу, философиялық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу басым. Поэтикалық тілінде кездейсоқ, селкеу сөздер, толымсыз тіркестер, болбыраған болымсыз бос ұйқастар  кездеспейді. Әрбір шумағы, әрбір жыры  шыңыраудан қайнап шыққан магмадай жалын атып, қызуын шашып тұрады. Толғаныстарынан дарынының магиялық қуатын, асау аттай алып қашқан темпераментін, сезімі мен ойының найзағайдай шарпысуын сезінуге болады.

Бүгінгі күні Қазақстанның туында бейнеленген Қыран бүркіт – тәуелсіздіктің рәмізі, о бастан еркіндіктің нышаны (символы) болып саналады. Оның қыран құстарға арналған жырларында азаттықты аңсау сарыны астарлы түрде берілсе, космонавтар қазасына арналған «Қырандар, қош болыңдар!» поэмасында мынадай түйін бар:

О, Еркіндік!

Не деген арман едің!

Қыранның қанатына жалға мені.

Ақиық қайда кетті, қайда кетті?

Ақиық  – Еркіндіктің ардагері.

Еркіндікті үйреніп қырандардан,

Мен де соған жан едім құмарланған.

…Белгісіз бір төбеде қалғаным ба?

Арылмай өңшең құныс сұраулардан?

Ақынның бұл ащы сауалына Уақыт өзі жауап берді. Жүйе құлады, елі еркіндік алды.

Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған «Моцарт. Жан азасы» реквиемі философиялық мазмұны, психологиялық пайымдаулары жағынан алғанда бітімі бөлек, белгілі бір дәрежеде Пушкин («Моцарт пен Сальери») мен Рильке туындыларымен («Дауыстар – Беташар парақ пен 9 дауыс») үндесетін  ерекше шығарма. «Табыт үні», «Халық үні», «Жесірлер үні», «Бесік жыры» аталатын 4 бөлімді туындының әрбір бөлімінде бірде Табыт-Ажал, бірде Халық-Қоғам, бірде Жесір-Ана, бірде Жер-Бесік атынан өмір мен өлім туралы философиялық терең толғаныстар айтылған. Ақын ұлы композитордың тағдырын тілге тиек ете отырып, опасыз өмір, дүние-жалған, баянсыз бақ, тұрлаусыз заман туралы өзінің өзекжарды ойларын адамзаттың арман-мұңына ұластыра жеткізеді.

1976 жылы 44 жасында ауыр науқастан көз жұмған кезде қалың жұрт аһ ұрып, жоқтап, қандай ғажайып дарыннан айырылып қалғанын бір-ақ білгендей болды. Содан бері М.Мақатаев есімі ардақталып, даңққа бөленіп, ғасырлар тоғысында Қазақстанның ұлт ақыны, ғасыр ақыны атанды. Тірісінде маңайлатпаған Мемлекеттік сыйлық та берілді. 60-70-80 жылдық мерейтойлары бүкілұлттық деңгейде дүркіреп атап өтілді. Бүгінгі күні Қазақстанның көптеген қалалары мен елді мекендерінде ақын атында мектептер, көшелер, музейлер, кітапханалар, ескерткіштер ашылған. Оның атында әдеби сыйлықтар тағайындалған. Екі айда бір шығатын «Мұқағали» әдеби журналы ғана емес, бір кезде өлеңдерін жарялаудан бас тартқан бүкіл газет-журналдар оның шығармаларын үзбей насихаттау үстінде. Мектептер мен жоғары оқу орындарында жыл сайын «Мұқағали оқулары» өтуде, диплом жұмыстары мен диссертациялар қорғалуда. Деректі-дерексіз фильмдер түсірілуде. Республиканың түкпір-түкпінде  оған арналған жыр мүшәйралары, Айтыс додалары, оның жырларын мәнерлеп оқудан конкурстар ұйымдастырылып жатады. Композиторлар оның өлеңдеріне жарыса ән шығаруда, олар жарыса шырқалып,  үлкен қалаларда мыңдаған тыңдарманды жинайтын концерттер жиі ұйымдастырылады, күнделікті тойлар мен мәдени шараларда, күллі мерекелерде басқалармен қатар сол әндер  орындалады, оның өлеңдерін балабақшадағы тілі шыққан сәбиден еңкейген қарияға дейін жатқа айтатын болды.

Жақында мен «Ұлттық ақын және Ұлттық батыр» деген атпен Мұқағали мен испандарға қарсы 18-ғасырдағы инк көтерілісінің көсемі Тупак Амару ІІ-нің портреттерін «Фейсбукте» қатар қойып жарияладым: көргендердің бәрі өз комменттерінде екеуінің түр-тұлғасы, кескін-келбеті ғана емес, бүкіл жан дүниесінде ғажап ұқсастық барын айтып, қызыға жазысты. Тіпті «Реинкарнация: Амару қазақ ортасына Мұқағали бейнесінде қайта оралып өмір сүрген сияқты, Судың егіз тамшысындай» деген пікір де оқыдым. Қайтыс болғанда да екеуінің жасы қарайлас екен…

«Ақын – өз жерінің елшісі» деген сөзге қосыламын. Оның өзі болмаса да өлеңі  халқының сөзін сөйлейді. Оның жырына қарап бүкіл әлем оның еліне, жеріне, тіліне, діліне баға береді. Мұқағали кезінде «Сөйле, Моцарт, менің ана тілімде!» деп жазып еді. Енді өзінің Шекспир мен Уитменнің тілінде сөйлейтін кезі келіпті. Дантенің тілінде сөйлейтін күні де алыс болмас.

…Ол өмірден өткелі 40 жылға жақындады. Бірақ жыл өткен сайын оның ақындық тұлғасы іріленген сайын ірілену үстінде. Оған жыл сайын ондаған жас ақындар өзінің жүрекжарды өлеңдерін арнайды. Көзі тірі адамға арнағандай… Оның жырлары қырық жыл бойы жас ұрпақтардың жан суатына айналды. Осы ғасырда әлі де қаншама жүректерді кәусарымен сусындатарына күмән жоқ. Кумирлер өлмейді.    

Ескерту: Жоғарыда жарияланған мақала – қазақ поэзиясының классигі Мұқағали Мақатаевтың 2015 жылы Америкада «Selected Poetry of Mukaghali» деген атпен жарық көрген ағылшын тіліндегі кітабына арнайы жазылған алғысөз. Аталған кітаптың жарық көруіне Қазақ Пен-клубының Президенті Бигелді Ғабдуллин мұрындық болған.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір