«ЕСТЕЛІКТЕР СӨЙЛЕГЕНДЕ…»
06.03.2023
726
0

Ұзақ жылдар бұрынғы Гурьев облыстық партия комитетінің хатшысы болған, кейін облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы боп қызмет атқарған, мемлекет­тік қызмет ардагері, Атырау облысының Құрмет­ті азаматы, бүгінде құрмет­ті зейнеткерлік демалыстағы Мәдина Ғабдісәлімқызының кейінгіге айтары көп. Ол кісіні білетіндер Мәдина апайдың биік адамгершілігін, әдеп нормаларын қатаң сақтайтынын, жұмыс барысында орынды талап қоятын әділдігін айтып тауыса алмайды. Қиыншылықтарға мойымайтын, әрдайым айналасына шуақ шашып, білмегенді білгізіп жүретін ақылдылығын да ел қызыға баяндайды. Сондықтан да Мәдина апайды жақсы көреміз бәріміз. Ол кісінің әңгімесі де ғажап.

«Естеліктер сөйлегенде» – бұл Мәдина апайдың жаңа туындысы десек те болады. «Апай, сіздің кеудеңіз толған ғибрат­ты әңгіме, қазыналы кітап екен. Мұны жазу керек», – деп біраз әңгімесін қағазға түсіріп алған едім. Мәдина Ғабдісәлімқызының әңгімелерінен үзіндіні «Қазақ әдебиеті» апталығының оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім.

Алтын жүзік

70-жылдардың басы болуы керек. Облысымызға гастрольдік сапармен Бибігүл Төлегенова келді. Бибігүл қарапайымдылығымен маған қат­ты ұнады. Концерті де жақсы өт­ті. Халық сүйікті әншісін көргеніне мәз болды.
Бибігүл Ахметқызына Жайықты көрсетіп, аралатпақшы болдық. Жайық толқып жатыр. Катермен суға шықтық. Бір кезде қарасам, Бибігүл суға түсетін киімін киіп алып, басына косынкасын тартып, суға қойып кет­ті. Содан мен де қалмайын деп жеңіл киімдерімді кие бастадым. Мені көрген Бибігүл қолыңдағы жүзігіңді шешіп қой, суға кетіп қалар дегесін, сақинамды әрі тартам шықпайды. Бері тартам шықпайды. Бұл сақина – бір құрбымның: «Сақина, сырға, алқа деген әйелдің ажарын аша түседі. Нәзіктіктің белгісі. Еркек құсамай, өзіңді әйел сияқты сезініп жүрсеңші», – деп алдырғаны еді. Өзім алтын-күміске құмар болмадым. Партия қызметкері болғасын жылтырақ киім, сақина, сырға тағу ол кезде сән емес біздер үшін. Ақ кофта, қара юбка еді киетін киіміміз. Бұл тәртіп қатаң сақталатын. Бір кезде сақинаны бар күшіммен тартып қалғанымда, алтын жүзігім дөңгеленіп алып ұшты да кет­ті. Қарап тұрып қалыппыз, басқа қолдан келер қайран болмады… Оған бірақ көп қайғыра қоймадым. «Балықшылардың қармағын қапқан не ауына түскен бір балықтың ішінен табылар», – деп күлдік те қойдық.

«Балон плащ жамылып-ай»

Мәскеуде СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар Академиясында оқып жүрген кезіміз еді. Сол кезде КСРО Жоғарғы Советінің депутаты Бибігүл Ахметқызы өнер істері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде жиналысқа кеп жатыр екен. Содан ойланып, Бибігүлді бөлмеме шақырып шай берейін дедім де, сендер де бірге болыңдар деп, осында Партия мектебінде оқып жатқан атыраулық Парух, Ізбасар деген жігіт­терге хабарластым. Бибігүлді өзім метродан барып күтіп алдым. Шай ішіп, ет жеп, нағыз қазақтарша ауылдағыдай шат-шадыман боп әңгіме шертістік. Парухтың тамаша баритон даусы бар болатын. «Ауылдың алты ауызы» деген болады, Парух сен ән сал», – дедім. Парух «Қара қөзің» деген әнді шырқады Бибігүлге арнап. Содан Бибігүл үлкен әдемі көздерін аударып-төңкеріп: «Паке, қарашы, менің көздерім қара емес, көк қой», – дегені. Ал кеп күлеміз. Содан Бибігүлден жоралғы деп қонақкәде сұрадық. Бибігүл «Дедім-айды» бастап, «Алма ағаштың гүліндей-ау, текемет­тің түріндей-ау» деген жолын ауыстырып, «Балон плащ жамылып-ай, келіп қалдық сағынып-ай» деп айтып, күлкіге одан сайын қарқ қылды. Ол кезде балон плащтың модаға енді еніп жатқан кезі еді. Кейін Бибігүлдің осы сөзі өз арамызда мақалға айналып кет­ті.

«Бибігүл» шарабы

Тоқсаныншы жылдары Алматының «Есік» деген шарап заводында болдық. Әйелдердің бір республикалық кеңесі өт­ті-ау деймін Алматыда… Арамызда Бибігүл Төлегенова да бар. Шарап дайындайтын жер астындағы жертөлені де көрдік. «Мына жерде Бибігүлдің даусы қалсын. Бибігүл ән салсын», – дедім. Жиналғандар сөзімді құптады. Бибігүл тамылжытып ән салды. Зауыт­тың директорына: «Бұл жерде Бибігүлдің әсем даусы қалды. Енді сіздер «Бибігүл» деген бір әдемі шарап шығарсаңыздар қалай болады?» – деп едім. «Болады, болады», – деп олар бастарын шұлғи берді. «Бибі­гүл» шарабы осылай шыққан. Менің ұсынысым бойынша. Бұл да бір өткен күннен естелік.

Роза Бағланованың алтыны

1967 жылы Гурьев облысы Октябрь революциясының 50 жылдығына орай Ленин орденімен марапат­талды. Ел қуанып, мәдени шаралар өтіп жат­ты. Махамбет драма театрында үлкен жиналыс болды. Артынан концерт ұйымдастырылды. Осы концертке Алматыдан Роза Бағланованы шақырған едік. Роза апамыз келді хан қызындай боп. Соңында – көш. Администраторы, киімін кигізуші, чемоданын көтеруші біршама адамымен. Ол кезде машина қат болатын. Обком, горкомда санаулы ғана «Волга». Содан «Химзаводтың» Петросян деген директорының машинасын Роза апамызға байлап қойдық. Концерт біт­ті. Сценарий бойынша облыстан басшы сөйлеп, Роза апайға рақмет айтып гүл береді ғой. Содан қызық болды. Әлгі басшымыз сахнаға шыққанда тіл-жақтан айрылғандай Роза Бағлановаға қарап, үнсіз қатып қалғаны. Зал тым-тырыс. Роза күліп, үнсіздікке жан кіргізгендей болды. Шетел актрисаларынан Мэрилин Монроның кереметін айтып жатады. Роза Бағланова да Мэрилин Монродан артық болмаса кем емес дер ем. Розаның бойында табиғат берген ғажап қасиет болатын. Сұлу, жас жігіт­терді көргенде маңдайы алтын табақтай жарқырап, қара көздері от­тай жанып, екі беті алмадай албырап, ерні бақтағы жаңа піскен шиедей уылжып кетеді екен. Жасы кішілерге «ағай, ағай» деп сызылғанда үні сыбызғының үніндей әсем-ақ. Оған ішкі тебіренісі мен назды сыпайы қылығы қосылғанда, шынында да адамды ішпей-жемей мас қылатын сиқырлы күшке, магияға ие екенін сезінесің. Мен осы өмірімде осындай сұңғыла сұлу әйел затын көрмедім. Аңыз-ертегілерде бар емес пе: бір ханның әйелі керемет сұлу болыпты. Бір күні жалшысы кіріп келсе, әйел айнаға қарап шашын тарап тұр екен. Жалт қарағанда келген адам есінен танып, шалқасынан құлаған екен. Сондай сұлулық Роза апайда бар еді. Сирек сұлулық.
Содан концерт аяқталып, банкет бітіп, үйімізге тарастық. Түн ортасында телефон шылдыр ет­ті. Сізбен Роза Бағланованың администраторы сөйлеседі деді. Администраторы емес, телефон тұтқасының ар жағынан Розаның өзі маған: «Әй, Мәдина! Менің алтыным қайда?» – дегені. «Қайдағы алтын?» – деймін түк түсінбей. Сөйтсем, ол кісі қайда барса да алтын-бриллиант­тарын саквояжына салып, өзімен бірге алып жүреді екен. Қасынан бір елі тастамайды екен. Сол бағалы зат­тары салынған саквояж жоқ дейді. Қазір анықтайын деп телефон тұтқасын қойдым. Банкет­те болған обком, горкомның жігіт­терінің бәрінің үйіне қоңырау шалып, суық хабарды жеткіздім. Мынау масқара болатын болды, тез табу керек деп. Содан бәріміз сабылып іздеуге шықтық Розаның алтындарын. Табылды. Роза апай өзі мінген машинада ұмыт қалдырған екен. Саквояж машинаның багажнигінде қалыпты. Оған ешкім де назар салмаған. Таң ата алтындар иесін тапты. Ертесіне маған жұмыстағы жігіт­тер: «Мәдина Ғабдісәлімқызы! Түнде аяқтан тік тұрғыздыңыз ғой. Мінезіңіз жаман екен. Шошып кет­тік», – деп жатыр.

Факс деген кісі…

Тоқсаныншы жылдардың аяғы. Ол кезде Иманғали Тасмағамбетов облыс әкімі болатын. Сайлау өтетін болды. Мен облыстық сайлау комиссиясының төрайымымын. Факс жаңадан қолданысқа еніп жатқан кез. Көп адам оны қолдануды білмейді. Бірақ факс қолданысқа, өмірімізге өте қажет­ті техника болды. Астанадан сайлау қағаздары келеді, есеп жібереміз, есеп аламыз. Облыстан – ауданға. Менің қарамағымда Ботагөз Құлғалиева, Сәрсенбай Еңсегенов сияқты жақсы қызметкерлер болды. Бір күні кабинетіне келсем, Ботагөз жерде құлап жатыр. Ішек-сілесі қатып күліп жатыр. «Ойбай, не болды?» десек, «сосын айтам» дейді де күлкісін тыя алмай одан сайын күледі.
Кейін білсек, бір аудандағы сайлау комиссиясының төрағасы жасы үлкендеу адам болатын. Сонымен телефон арқылы байланысқа шыққан Ботагөз: «Аға, сізге факспен жібердім» десе, ол кісі факсты адам екен деп ойлапты да, «Факс маған әлі келген жоқ, келген кезде айтам ғой» дейді екен. Ботагөз: «Факс сізге барып тұр, менен кет­ті ғой» десе, ана кісі: «Қарағым, өзің қақылдап қоймайды екенсің. Факс маған келген жоқ. Атырауда тұрып, маған келгенін қайдан көріп тұрсың факстың?» деп, айналасындағыларға: «Маған Факс деген адам кеп тұрған жоқ па, жіберіңдер» дейді екен. Ботагөз түсіндіре алмағасын күлмей қайтсін енді. Содан екі сағат біресе күліп, біресе жыларман боп отырып, қызыл, жасыл кнопканы басасыз деп әйтеуір факсты жөнелтіпті ауданға. «Факс дегендерің осы ма еді, адам ба десем, бір жапырақ қағаз екен ғой» деп ана кісі одан сайын күлдіріпті…

«Улы Сталин»

Менің идеология саласындағы қызметім қиын да күрделі қызмет болды. Ол кезде қазіргі замандағыдай емес, баспаханалардың жұмысы өте жауапты жұмыс болатын. Түнімен газет­тер басылып жатады. Және ол қызмет­ті көбіне әйелдер, қыздар атқаратын. Жұмыстары қиын. Пәленбай градуста балқыған болат әріптерді теріп, ауыр машинаға салатын. Май мен қорғасын арасындағы жұмыс. Кіп-кішкентай әріптен бір қате кетсе, күнің қараң дей бер. Сөз емес, бір әріп үшін үлкен дау. Орталық Баспаханадан «Ұлы Сталин» дегенді қателесіп, «Улы Сталин» деп жіберіп, баспаханадағы бір адамның басы да кеткен ғой. Сол қателікті жібермеу үшін идеология саласы сақ әрі қатаң тәртіпте жұмыс жасады. Қатаңдық та, тәртіп те жақсы ғой жұмыста. Өзім әйел адам болғасын, баспаханадағы қызмет ететін әйел адамдарды аяйтынмын. Жұмыстан соң баспаханаға барып, олардың еңбекақы, сыйақы және үй-тұрмыс жағдайын біліп, хал-қадірімше көмек көрсетіп жүрдім. Алаңсыз жұмыс жасаса, қате де кетпейді ғой. Әйтеуір біздің әріп теруші мамандарымыз жаңылыспады.

Сауат­тандыру

1939 жылы алфавитіміз кириллицаға ауысты да, үлкендер жағы сауатсыз болып қалды. Олардың білетіні араб, латын жазуы еді. Осылайша бірінші класқа бардық. Сол кезде ата-аналар балаларымен бірге мектеп партасына отырды сауат ашпаққа. Сосын соғыс басталды. Балаларынан хат келсе, аналары оқи алмайтын. Бастауыш класс оқушылары, біздер оқып береміз ежіктеп. Сосын қиналып отырып жауа­бын да жазып беретін едік. Ал жоғары сыныпқа өткенде бастауыш сыныптарға сабақ беріп, сауат аштырдық. Себебі ол кезде мұғалім мамандығы өте қат болатын. Мұғалім деген әулиедей көрінетін. Ұстазға сусаған ел шынымен де ұстазды, сауат­ты адамдарды әулие тұт­ты. Құрмет­теді. Бір әріп үйреткен ұстаздың жолы қашанда биік қой адамға!

Атырау мен Маңғыстау

Қызмет еткен жылдарымызда Атырау (ол кезде Гурьев) мен Маңғыстауды біресе қосты, біресе айырды. Мен қызмет еткен жылдары екі облыс қосылды да, басқару орталығы Гурьев облысында болды. Қазір ойласам, таңғалам. Ол кезде байланыс та шамалы. Рация деген болатын. Екі жақтан айқайлап сөйлесіп жатамыз. Екі облыстың территориясы алшақ жатыр бір-бірінен. Самолет аптасына бір-ақ рет ұшады. Сонда шалғай жатқан екі елдің шаруасын қалай үйлестіріп, қалай жұмыс жасадық екен… Ғажайыптың ісі сияқты қазір ойласаң. Бірақ уақыт солай болды. Ол кездің адамдары жұмыс десе беріліп кететін. Партия ұран тастаса, бәрі сол эшалонға жүгіретін. Ол кездің адамдарында ерекше энергия болған сияқты. Ондай энергияны қайдан алды екен десең, «ұят болады», «обал болады», «сабыр», «шыдам», «сыйластық», «шындық» деген ұғымдардан алған сияқты сол кездің адамдары. Ал қазір басқаша. Ақпарат­тандыру дәуірі. Бірақ адамдар баяғыдай шыдамды емес. Жоғарыдағы мен айтқан ұғымдарды ұмытқан. Үлкенді кіші, кішіні үлкен тыңдай бермейтін заман болды-ау қазір…

Жәңгірдің указы

Менің әкем – Ғабдісәлім, оның әкесі – Халиолла, оның әкесі – Арал. Аталарым діни сауат­ты молда болған, арабша хат таныған. 1840 жылы Бөкей ордасында Жәңгір ханның указымен Халиолла атам сол өңірдің молдасы атанған. Архив деректерінен біліп жатырмыз. Атам Меккеге сапар шеккен. Бір жылдай уақыт жол жүрген екен. Сол сапарынан күнделік жазып отырған. Бұл құнды деректерді де тарихшылардың көмегімен архив материалдарынан тауып отырмыз. Атамның Мекке жазбаларын қазақ, түрік, ағылшын тіліне аударып жатырмыз. Болашақта осы еңбекті елге таныстырғым келеді.
Партия жұмысында жүргенімде әкем, «сен үндеме, зияны тиер қызметіңе» дегесін аталарым жайлы айта алмадым. Партия қызметкерінің бәрі бірдей атеист болған жоқ. Иманы жүрегінде жүретін адамдар болады. Иманы бар адамның парызы болады өтейтұғын…

Фариза, Ақұштап

Фариза – ғажап ақын. От­тай лаулаған мінезді еді. Талай боранын-бұрқасынын көрдік қой. Шыдадық. Фаризаның мінезі – аңыз болған мінез ғой. Фариза келгенде әкім қаралардың мысы басылып, алдында кібіртіктеп сөйлей алмай қалатын. Мінезінен ығатын. Бұл да бір батырлық шығар. Ақұштаптың өлеңдерін жақсы көрем. Ана жайлы, әйел жайлы жазған жырлары әдемі-ақ. Өмірді әйелше түсініп, әйелше жырлайтын ақын.

Атырау Маржандары

«Атырау Маржандары» деген теңеуді облысымызда әкім болған, қазіргі таңда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бауырым қалай тауып айтқан?!. Дуалы ауыздан шыққан сөз деген – осы. Бәрімізге ұнады. Нұрланның осы сөзі идеяның бастауы болған екен.
1951 жылы Әбілахат Еспаев «Маржан қыз» әнін жазды. Әннің сөзін жазған Садықбек Адамбеков. Әнге арқау болған Маржан қыз – Атырау өңірінің батыр қызы. Дала заңын жатқа білген, күш-қайраты еркектерден кем түспеген Маржан қыз – тылдың батыры. Индер ауданы, Елтай ауылында өмір сүрген Маржан Енбаева еңбегі мен ерлігін танытып, 18 жасында 1942-1946 жылдар аралығында колхоздың 300-дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Оған осы еңбегі үшін 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ол кезде Маржан қыз небәрі 24 жаста еді. Аталған ән сол бір батыр да ержүрек, ақылды да қайрат­ты дала аруын ел есінде қалдыру мақсатында дүниеге келген.
«Маржан қыз» әнінің шыққанына 70 жыл толуына орай атақты жылқышы, Еңбек Ері Маржан Енбаеваны еске алу мақсатында Маржан қыздың нағыз ізбасарлары, Атырау – Жайық бойын­дағы есімі елге белгілі 20-дан астам Маржанның қатысуымен «Атырау Маржандары» ат­ты тағылымды шара белгілі ақын қызымыз Маржан Ершудың ұйым­дастыруымен өт­ті. «Атырау Маржандары» ат­ты кітап та көп көңілімнен шықты.
60-жылдары комсомолда жұмыс жасадым. Ол кездегі идеология деген бөлек қой. Әнді радиодан жат­таймыз. Екі жолын жат­таймыз, сосын оны ән етіп айтамыз. Тыңдайтынымыз – радио, оқитынымыз – кітап. Қазіргінің жасы да, жасамысы да телефон шұқып, компьютерге үңіліп отырғаны. Ол кездің әні де, мақамы да бөлек. Қазақтың кең даласындай шалқып тұрады. Композитор «Маржан қыз» әнінде халықтық сарын бар. Сондықтан болар халық құлағына сіңісті болып, ел арасына тез тарады. Алғаш рет «Маржан қыз» әнін Роза Бағланова радиодан шырқады. Елуінші жылдардан бастап «Маржан қыз» концерт­терде жиі айтыла бастады. Ришат Абдуллин әнді пластинкаға жаздырады. Осылайша, «Маржан қыз» ел арасына кең тарап кет­ті. Әнге жетпіс жыл толса да ән ажарынан айырылмады. Бүгінде жастардың да сүйіп айтатын әніне айналды. «Маржан қыз» әнінен кейін Атырауда Маржан есімді қыздар көбейген.
Маржан деген – су астында жататын асыл тас. Өзі бір тазалықтың символы іспет­тес. Маржан есімі де адамға жайдан жай берілмейді. Қазақ о бастан сәби өмірге келген сәт­тен бастап, ат қоюы, барлық өсу кезеңдеріне ерекше мән беріп, жақсы нәрселер жұғысты болсын деп отырған.
«Атырау Маржандары» шарасы – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын, өткенін ұмытпауға себепші болатын рухани құндылық. Атақты Маржан қыздың ізін жалғастырушы Маржандар қандай көркем! Бүгінде алдыңғы буынның кейінгі сіңлілеріне айтары бар, аузында ата сөзі бар. Білем, үйренем деген адам үшін бар мүмкіндік бар, тек ниет керек заман болды ғой қазір. Тағы бір айтарым, уақыты келгенде әркім өз ой елегінен өткізіп алар, бірақ соған тыңдайтын құлақ керек.
«Маржан қыз» әнінің прототиві болған Маржан Енбаева – өте бір еңбекқор, рухы күшті жан еді. Ол кісіні көрдік. КСРО-ның Жоғарғы депутаты болған мұнайшы-оператор Маржан Боранбаева, Еңбек Қызыл Ту орденді, сауыншы Маржан Мұқановамен апалы-сіңлідей жақсы араластым. Олар – қарапайым да тәрбиелі еңбекқор қыздар еді.
Маржан Боранбаева КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат­тыққа сайланарда аудан, облыс аралағанда қасында жүрдім. Қолдан келген көмегімді бердім. Гурьев обкомының бірінші хатшысы Оңайбай Көшековтың зайыбы: «Қызым, жарайсың, «Жоғарғы Кеңеске депутат болдым» деп шашыңды қидырмадың, қасыңды жұлдырмадың», – деп Маржанға ризашылығын білдіргені бар еді. Сауыншы Маржан Мұқанованы Алматыға Компартияның пленумына алып бардым. Бұл Маржан – көпбалалы ана болатын. Екі Маржан да – қиындыққа мойымаған, жұмыс дегенде елге бар болмысымен қызмет еткен, кәсіптерін адал атқарған асылдар еді.
Ал бүгінгі «Атырау Маржандары» кімдер десеңіздер, бәрі де нағыз Маржандар екен. Бибігүл Төлегенова: «Атырауда Маржан Төреханова деген жақсы шәкіртім бар. Нағыз опера әншісі. Маржан Төрехановадай әнші Батыс Қазақ­стан аумағында жоқ. Өзімнің Алматыда өткен жеке концертімде, Маржан екеуміз дуэт орындадық», – деген еді. Маржан Төреханова елге танымал сүйікті әншіміз болса, Маржан Қабышева апайымыз – зейнеткер ұстаз, КСРО Халыққа Білім беру жөніндегі мемлекет­тік комитетінің Құрмет грамотасымен марапат­талып, «Үздік тәлімгер ұстаз» атағына ие болған ардақты адам.
Маржан Ғалымжанова – педагогика ғылымдарының кандидаты, академик, Ы.Алтынсарин атындағы Ғылым академиясы институтының директоры. Маржан Бисенова – белгілі ұстаз, 90-жылдары республика бойынша «Миллионер мектеп» атанған Есбол ауылдық мектебінің директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі. Маржан Бисенованың мектебі «Миллионер мектеп» атанған себебі совхоздан мектептің атына жер алып, бау-бақша өнімдерін өсірген. Ол жұмысты бос уақыт­тарында мұғалімдер мен оқушылар атқарған. Кейін мектеп бақшасының өнімдерін сатып, одан түскен қаржыны мектеп игілігіне, көпбалалы үйлердің балаларына көмекке жұмсаған.
Бес тілде сөйлейтін Маржан Маршалл – елімізге ғана емес, шетелде де танымал дизайнер-суретші, коллекционер . «Маржан Маршалл» сән үйінің директоры.
Маржан Диарова – белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті. Маржан Байзулиева – мемлекет­тік қызмет ардагері. Ол – Қазақ­стан ЛКЖО Орталық комитетінде хатшы болып, облыстық мемлекет­тік мекемелерде қызмет ет­ті.
Маржан Асқарова, Маржангүл Сүлімованың білім саласында айшықты ізі бар. Маржан Боранбаева, Маржан Қарабаевалар болса – суретші, қолөнерші атанып, сан түрлі өнерді ұштастырған жандар екен. Атырау Маржандарының тізімі осылайша жалғасып кете береді.
«Атырау Маржандары» кеші жаны­мызға рухани нәр берді, бәрімізге ой салды. «Адамның аты қандай – заты қандай» деген. Қазір елімізде Маржан, Гүлжан, Айжандардан гөрі Айлина, Элина, Эленора, т.б сияқты қыз есімдерінің көбейіп келе жатқаны рас. Тіл тазалығы адам атынан басталатын сияқты. Ел мұратын сезінсін десек, балаларымызға қазақша ат қоялық, ағайын!

 

 

Маржан ЕРШУ,
ақын, филология ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір