Еділбек Дүйсен: Жанрлық даму бәсеңдеп тұр
30.04.2021
985
0

Жуырда жас ақын Еділбек Дүйсеннің жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Маңғаз Маңғыстаудың топырағында аунап өскен Еділбектің туындыларында да  тереңдік пен еркіндіктің үйлесім тапқанын аңғарамыз.   Жас ақынмен сұхбаттаса отырып, жинаққа енген туындылары мен аудармалары жөнінде сұрап көрдік.

    – Еділбек, оқырманға жол тартқан жаңа жинағыңызға құтты болсын айтамыз! Қандай күйдесіз? Кітаптың атауы да ерекше екен.

–  Рақмет. Ғалым Қалибек ағамыздың:

«Жұп-жұқа болып басылып,

Алғашқы кітап шықты да,

Көрімдік сұрап асығып,

Көрсеттім талай «мықтыға».

 

Сүйінші дана қойында,

Езуім тіптен жиылмай, –

«Жібек жолының» бойында,

Дөңгелеп жүрдім құйындай», –  дейтіні бар ғой. Осыған ұқсас көңіл күйдемін. Дегенмен, әлдекімнен көрімдік сұрап, әлдебір «мықтыларға» көрсетіп жатқанымыз шамалы. Кітаптың қай деңгейде екенін, оның оқырмандарының да қандай ауқымда болатындығын күні бұрын сездім.

Кітап Елордамыздағы «Кәусар» баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көрді. Атауы «Қалалық құстар». Кітапқа студент кезімізде жазған өлеңдер мен аудармалар топтастырылды. Аудармалардың қатарына Бодлер мен Бэй Даодан тәржімалаған өлеңдерді де, Латын Америкасы қаламгерлерінің әдебиет туралы сұхбаттары мен мақалаларын да, Памуктың әдеби портреттерін де енгіздім. Кітапта 1961 жылы көпке белгісіз әрі қазір шығуын тоқтатқан мексикалық журналда басылып, кейін Маркестің көптомдық шығармалар жинағының ешбірінде  жарық көрмеген Хемингуэй жайлы құнды мақаласы да бар. Кітаптың көп бөлігі Алматыда жазылғандықтан атауын «Қалалық құстар» деп қою жөн шығар дедік. Бұл атаудың мағынасының мазмұн арқылы ашылуына жұмыс істедік. Бұдан арғысын оқырманның өзі айта жатар…

       – Алғашқы кезде қара өлең формасындағы жырларыңызбен танылдыңыз. Бертін келе туындыларыңыз  бітімі бөлек стильде жазыла бастады. Екі арнаның ақын үшін қандай да бір айырмашылығы бар ма?

–  Әлбетте, бар. Өлең туралы дүниетанымның уақыт өте келе дами, беки бастауынан әртүрлі өзгерістердің тууы – қалыпты дүние. Мазмұнның форманы тудыратынын ескерсек, мұны «арна» деп қараудың да қате екенін түсінетін шығармыз.

Дегенмен, қазіргі жазу стилімнің менің еркіндігімді шектемейтіні қуантады. Маған мұнда ұйқас үшін өз ойымнан ауытқи тұруымның, сөздің сүйегін сындыруға мәжбүр болуымның қажеті жоқ.  Десе де Маяковский айтатындай, өлеңнің ырғақ, өлеңнің музыка екенін де әсте естен шығаруға болмайды. Қалай дегенімізбен, бұл – жаңа кеңістік. Өзім үшін де, менің өздеріне ұқсауын қалайтын алдыңғы толқын ақын ағаларым үшін де.

         – Кітапқа өлеңдеріңізбен қатар аудармаларыңыз да топтастырылғанын айттыңыз. Аударма жасау барысында авторларды қалай таңдайсыз?

– Біз үндістер мен түріктердің (оның ішінде, қазақтардың) ұқсастықтары туралы көп сөз қозғаймыз. Түр-келбеті, фольклоры, шығу тегі т.б. турасында. Тіпті  Америкадағы үндістердің тіліндегі 4 мыңдай түбір сөз – түркі халқына ортақ. Медицина бойынша түркі халықтарына ғана тән жаңа туған сәбидің сегізкөзінің маңындағы көк мең үндіс сәбилерінде де кездеседі. Мигель Анхель Астуриастың Нобельді алып тұрып, Стокгольмде сөйлеген сөзінде үндіс әдебиетіне тоқталатыны бар. Сол мәтіннен үндістердің жырлары, ауыз әдебиеті, мәдениеті туралы оқып отырып, оларда да жыраулардың бар екенін кезіктіріп, ойыма қазақ әдебиеті орала берді. Неге дейсіз ғой?

Осы үндістерден бері қарай тартып, сол жердегі әдебиет үлкен ауқымға кеңейе береді. Біз тамырдан қол үзе бастағанымызда, олар дабыл қағып, үзілген тамырын іздей бастады. Біз Кеңес үкіметінің астында өз дініміз бен тіліміздің тәнтанайлап тұрған кезінде «шүкір» деп өмір сүріп жатқанымызда, олар диктатураға қарсы шықты. Әдебиеті қоғамына ой салды, жолбасшы болды. Біздің әдебиет ол кезде ауыл тақырыбынан аса алмай, «соцреализм» терісін жабыла илеп жатқан кез. Қанша ғасырлардан бергі тарихымыз, қоғамдық оқиғаларымыз соншалық ұқсас болса да, олар «латынамерикалық бомба» жасап, дүн-дүние әдебиетін ұйқысынан селт еткізіп оятты. Сол тақырыптар бізде бола тұрса да, қақ ортасында өмір сүріп жатсақ та, жаза алмадық. Борхес, Маркес, Амаду, Карпентьер, Аргедас, Бастос, Онетти, Доносо, Астуриас, Кортасар, Сабато, Фуэнтес, Льоса тудырған дүниелер қолдан келмеді. Осы жерде міндетті түрде қойылуға тиіс «Неге?» деген сұраққа мен жауап бере алмаймын. Сұраудан гөрі, кейінгі ұрпақтың шарасыздық қосылған айыптауына ұқсас бұл. Сондықтан да өзіміз жаза алмаған тақырыпта қалам тербеген өзге авторлардың шығармаларын аударып беруіміз қажет. Тым құрығанда осыған қол жеткізуіміз керек.

Аудармаға келгенде, ең басты көздейтін нысанам – ол шығарманың ой сала алуы. Қазақ қаламгерлеріне, қазақ оқырмандарына, қала берді, қазақ қоғамына. Қоғамға ой саларлықтай көркем-әдеби туындыларды, айталық, роман-повестерді тәржімалап жатқаным шамалы. Дегенмен, повесть  көлеміне жетеқабыл сұхбаттар мен әдеби мақалаларды аударғанда біз үшін таңсық жаңа дүниелердің, жаңа ойлардың болуына әлбетте, назар аударамын.

Мәселен, «Қалалық құстарға» Марио Варгас Льоса мен Габриель Гарсиа Маркестің 40 беттік Латын Америкасындағы роман туралы диалогы енді. Сұхбат – 1968 жылғы. Әлемдегі әдебиет туралы ең ғажап сұхбаттардың бірі 53 жыл бойына, яки жарты ғасырдан астам уақыт бойына қазақ тіліне аударылмаған. Қазақтілді оқырман қауым үшін үлкен бостық.

Сосын, Латын Америкасы қаламгерлері мен Памукты  аударуымыздың бұдан да басқа мәні бар. Бұған менің тарапымнан аударылған дүниелерді оқыған соң ғана көзіңіз жететін шығар…

         – Эмиль Чоранның афоризмдерін де қазақша сөйлеттіңіз.  «Қазақ әдебиеті» газетінде бұл аудармаңыздың біршама үзінділері жарияланды. Чоран философиясы, сіздіңше, несімен ерекшеленеді?

– Иә, кейінгі кездері Чоран афоризмдерін аударумен әуестеніп жүрмін. Чоран да – қазақтілді оқырмандарға бейтаныс қаламгер. Оның пессимизмі, адам туралы, адамзат туралы ойлары санада сілкініс жасағаны белгілі. Әлемдік даңққа жетіп тұрып, барлық атақ пен сыйлық атаулыдан бас тартқан қаламгердің шығармалары әдебиеттегі жастар мен жалпы оқырман қауымға тың дүние болатыны сөзсіз. Кезінде оның қаламынан шыққан «Құрмет һәм қарғыс» кітабы шу тудырып барып, бестселлерге айналған еді. Бүгінгі таңда осы кітапты тәржімалап жатырмын. Кітап қазақша сөйлеуге толықтай дайын деуге болады. Тек, соңғы жағына Чоранның оншақты әдеби порттерін тіркеу үстіндемін. Сәті түссе, сәуірдің аяғында кітапты аяқтамақ ойым бар. Чоран философиясы, Чоран шығармашылығы жайлы жалпы сөзді сол кітаптың алғысөзі есебінде беретін боламын.

– Төл әдебиетімізді де, алыс-жақын шетел әдебиетін де жан-жақты оқып жүрсіз. Қазақ әдебиеті қапыда қалған немесе жоғалтып алған стильдік ерекшеліктер мен жанрлық түрленулер бар ма? Сипаттама беріп көрсеңіз?

– Қазақ әдебиеті қапыда қалған дүниелер көп. Соцреализмнен кейін бірден «постмодернизмге құлаш ұрдық» деп санайтын қаламгерлер қауымы осы екі нүктеге дейінгі қаншама ағымдар мен бағыттарды, измдер мен стильдерді, тақырыптар мен жанрларды бастан өткермеді. Ол бостық біздің кітап сөремізде үңірейіп көірніп тұр.

Кітап  сөресінде жанр бойынша қазақ қаламгерлерінің шығармалары тізіліп тұрса деген арман бәрімізде де бар. Өкінішімізге қарай, қазір жанрлық даму бәсеңдеп тұр. Әлдебіреулер қазіргі қазақ кітаптарының мотивациялық сарынға бет алғанын, бизнес туралы кітап жазудың белең алып кеткенін сынайды. Бір ағам айтпақшы, нарық заманын әкелген біз емес. Бұл да – өтпелі дүние. Бұл кезеңнің нәтижесі ретінде кітапқа деген қызығушылық қайтадан оралса деген үміт бар. Дегенмен, жастардан күтеріміз көп. Бұл қай заманның да адамының айтар сөзі. Тек, күткен үміт ақталып, келер заман өкінішсіз болса екен.

– Жазарыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір