Ынтымағы жарасқан жұрттың ұпайы түгел
16.04.2021
518
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел», – деп жазған еді. Мақаладағы негізгі тақырып ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы еді. Сонау тоқсаныншы жылдардан бастап әр онжылдыққа шолып, сараптап, оны халыққа түсінікті тілмен жеткізді.

Ал біз кітапханашы ретінде мақаланың мәдени сипатын талдап көрелік. Президент мақаласында елдің қозғаушы күші жастар екеніне баса назар аударды. Олардың сауатты, жан-жақты болып қалыптасуы үшін барынша жағдай жасау елдің міндеті екенін айтты. Осы орайда Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі  кітапханалары қала жұртшылығы, оның ішінде жасөспірімдер мен балалар үшін үздіксіз жұмыс істеп тұр. Кітапханаларды жаңартып, заманауи үлгіде жабдықтап, көпшіліктің сұранысына сай дамыту бүгінгі күн талабы. Жарық, интерьер, тыныштық, жақсы сервис қай жерде болсын оқырмандардың назарын тартпай қоймайды. Сол үшін де кітапханаға келушілердің қарасы көп. Бірі кітап оқуға, бірі тіл үйренуге келсе, енді бірі топтық аймақта жобамен шұғылдануға келеді. Міне, осы жастар ел ертеңі деуге әбден лайық. Президент мақаласынан ұғатын келесі өзекті мәселе – тіл үйрену. Алдымен мемлекеттік тілді жетік білу кез келген қазақстандықтың борышы екенін баса айтып, елді ұйытатын фактордың негізгісі мемлекеттік тіл екеніне айрықша мән берді. Мемлекеттік тілді меңгеру өзге этностың ана тілінен бас тартуы деген сөз емес. Ел ішіне іріткі салғысы келетіндер осылай ұран тастауы да әбден мүмкін. Ондай топтардың байбаламы еш нәтижесіз боларына сенімдіміз. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекеге қабілетті әлемдік аренаға шығу үшін өнер мен тілдің маңызына да тоқталған. Осы ойды жүзеге асыру үшін білімді ұрпақ керек. Біздің кітапханалар жүйесі Президенттің ойын жүзеге асыруға айрықша ынталы екенін айтуға тиіспіз. Себебі кітапханаларда ұзақ жылдар бойы тіл курстары тегін жұмыс істеп келеді. Кез келген оқырман қатысып, өзін жетілдіре алады.

Кітапханалар арқылы мәдени ошақ қалыптастыра алғанымызды зор мақтанышпен айта аламыз. Кітап оқитын жастар мен кітапхана қызметін пайдаланушы оқырмандардың басын қосып, түрлі жобаларға мұрындық болып келеміз. Білім – мәдениеттің айнасы. Мәдениетсіз білім тұл екенін заман өзі дәлелдеп отыр. Президент мақаласында, Халыққа жолдауларында, сұхбаттарында үнемі білім мен мәдениетті дамытуды жиі айтып, бірегей жобалар ұсынып келеді. Халықтың міндеті – білімді де мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу. Біз сол жолда қызмет ете береміз.

Роза ҚАБИЕВА, Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір