ӘКЕ ТӘРБИЕСІ – ТҮГЕЛ ҰЛТТЫҢ ТУРА ЖОЛЫ
18.05.2023
597
0
  Бала тәрбиесінде ана мен әкенің рөлі бірдей десек те көп жағдайда балаға қатысты бар шаруаға анасы шапқылап жүреді. Жай ғана ата-аналар жиналысын алайық, бірен-саран әке болмаса, негізінен аналары барады. Неге? Бала ортақ болған соң оның тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі әке-шешеге ортақ болуы керек қой. Саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әкенің тәрбиесі тіпті ауадай қажет.  Өйткені, нарық бәсекесі артқан мына қоғамда ұлттық болмысымыздың жоғалуы шын мәнінде қауіпке айналды. Шекарамыз шегенделіп тұр десек те, интернет желісі іске қосылғалы жан-жақтан ағылған ақпарат көздерінен малтығып шыға алмай қалғанымыз сонша отбасы институтының ұлттық бейнесі құлдырауға айналғалы тұрғаны ащы шындық.  
Сол ащы шындықтың ішінде әке беделінің күрт төмендеуі күрмеуі қиын мәселеге айналып барады. Баланың әкеге иек артуынан гөрі, шешесіне иек артуы басым болып кетті. Бәлкім сол себептен де болар ер балалар енжар, жасық, жігерсіз болып барады. Осы жолда не істеу керек, қандай мақсат-міндеттер мен жобаларды басшылыққа алған жөн деген мәселелер төңірегінде қарқынды жұмыс істеп келе жатқан «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі әр іс-шарада  әке тәрбиесінің өзектілігін де өзгеге түсіндіріп келеді.
Сондай ауқымды жиынның бірі №206 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. «Әке тәрбиесі – түгел ұлттың тура жолы» тақырыбымен өткен әкелер форум 15 маусым — Отбасы күніне арналды. Әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүріндегі әкенің рөлін арттыру, беделін көтеру мақсатын ұстанған семинарға 200-ге жуық әке қатысты.  Жиынға келушілер мектеп оқушыларынан құралған оркестрдің  күйін тыңдап, ұлттық тағамдар мен сусындар қойылған дастарханнан дәм татты. Ерте келгендер тоғызқұмалақ, қол күрестіру сынды ойындармен уақыт өткізіп жатты.  Ерекше форматта өткен жиынға келген спикерлер де нағыз  өз ісінің майталмандары болды. Бірлестіктің қалай дүниеге келгенін және қандай нәтижелі жұмыстар атқарып жатқандығын  толығымен жеткізе білген бірлестіктің Алматы филиалының өкілдері мен Сараптама кеңесінің мүшелері тал бесіктен басталатын тәрбиедегі әкенің рөліне тоқталды. Әсіресе ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облыстық «Тіл» оқыту орталығының Талғар аудандық филиалының директоры Камнұр Тәлімұлы  жан бағудың қамымен жүрген жұмысбасты әкелердің санасын оята сөйледі: «Бала тәрбиелеудің бабалардан жетіп, алайда, қаймағы бұзылғалы тұрған тағы бір әдісі бар. Ол – қас-қабақпен басқару, тәрбиелеу. Яғни, «әке мысы», «сесі», «қатулығы». Оның бұл қаталдығы, талапшылдығы баласын жек көргенінен емес. Түздегі әке перзентін ұрмаса да, ұрыспаса да, бала содан қаймығып сескеніп, құрметтеп өсуі тиіс. Еркек образының жиынтығын әкесінен көргені абзал. Баланың бойындағы ер мінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасуы керек. Ол үшін аналарымыздың көмегі қажет. Олар балаларына «әкең біледі», «әкең шешеді» «әкеңмен ақылдас», «әкең ренжиді», «әкең рұқсат бермейді» дегенді жиі айтып, өзі де күйеуіне патшадай құрмет көрсете білуі тиіс». Бұл ойды Сараптама кеңесінің мүшесі, тарихшы Мирхат Мадияров сабақтай түсті: «Қазір балабақшадағы, мектептегі, университеттегі тәрбие әйел адамдардың қолында екендігі  жасырын емес. Әсіресе, осы кезеңде әкенің тәрбиеге араласуы өте маңызды. Қарапайым ғана шеге қағу, балға ұстау, шұрып бұрау, ат міну, аяқ киім тігу, электр тоғын жалғау сынды әйелдің шамасы келмейтін шаруаларға баулу да әке мойнына артылған. Әке көрмеген бала ертең балға сұраса ара әкеліп жатса таңғалмаймыз. Баланы өзімен бірге ертіп жүру, шамасы жетпейтін шаруа болса да жай ғана қарап тұруға қалдыру, көлік жуғызу, анасы мен қарындастарына ауыр заттарды көтертпеуге үйрету – ертеңгі күні жеміс беретін әдістерден».
Спикерлердің түйінді сөздерінен соң мектеп психологы Ләйлә Ерекенқызы тренинг өткізіп, қарапайым ойындар арқылы бала мен әке арасындағы қарым-қатынасты ұқтырды. Сауалдар қоя отырып ұлттық мәдени құндылықтарын еш уақытта материалдық құндылықтан жоғары қойып көрмеген қазақ үшін дәстүрлі отбасылық тәрбие қаншалықты жоғары екендігін түсіндіре білді.  Форумды қорытындылаған білім ошағының басшысы Фатима Маметқалиқызы әкенің қас-қабағы — баланың бас сабағы екенін ұмытпау керектігін алға тартып, әкенің статусын көтеруден ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық екенін айтып кетті. Оқушылардың ән-жырымен әрленген кештен әкелер «Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек…» деген ойды түйіп тарқасты. 
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ, 
бірлестік журналисі
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір