ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫ: ҒАЛАМДЫ ЕМЕС, АДАМДЫ ӨЗГЕРТУ
21.04.2021
6129
1

  Әңгіме Қорқыттан басталатын, ақын-жырауларда, би-шешендерде Махамбет, Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қарашта жалғасын тапқан дәстүрлі қазақ философиясы туралы болып отырғанын айтқым келеді. Кеңес заманында біздерге, қазақтарға, қазақ діліне, ойлау үрдісіне қайшы келетін маркстік-лениндік философия сырттан таңылды. Сөйтіп, қазақ философиясының тарихында үлкен үзіліс болды.

   Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.


Әмбебап философия болмайды

 Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін, біздерге – тарихшыларға, тіл-әдебиет мамандарына, философтарға қазақ тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ философиясы туралы ойланып, ұмыт бола бастаған тарихымызды, философиямызды, әдебиетімізді, салт-дәстүрімізді жаңғырту, өзіміздің қазақи ойлау машығымызды қалпына келтіру жолында ізденуге тура келді.

Дәстүрлі қазақ ойлауында тереңдік те, көркемдік те, суырып-салма шешендік те, ақындық та, сын да, сұхбат та бар болатын. Кеңес кезеңінде осының бәрінен бас тартуға тура келді. Енді соларды жаңғырту қажет болды. Мен философ ретінде алғашқылардың бірі болып қазақ философиясының мән-жайы, ерекшеліктері, әлемдік философияға қатынасы туралы ойланып-толғанып, аталған мәселелер төңірегіндегі  ойларымды баяндамалар, мақалалар, монография, диссертация, оқулық арқылы оқырманға, жұртшылыққа жариялауға кірістім.

Осы еңбектерімде Батыс философиясына емес, Шығыс философиясына да, орыс, қазақ философиясына да ортақ проблемалар туралы, философияның өзінің төл ерекшеліктері туралы, философияны батысша, Гегельше, Марксше тек ғылым ретінде танудың жеткіліксіздігі, сыңаржақтылығы туралы жаздым.

       Философия – сан қырлы, әр-алуан қызметтер атқаратын күрделі дүние. Барлық философтарға, барлық елдерге, халықтарға бірдей болып келетін әмбебап философия болмайды. Бір елде, бір кезде өмір сүрген бірінен-бірі үйренген Платон мен Аристотельдің, Кант пен Гегельдің ілімдері бірдей деп айтуға болмайды. Шығыс философиясы мен Батыс философиясының арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бір кезде орыс философы М.М.Бахтин айтып еді: «Нағыз философтар, әрине, Германияда. Ресейде тек ойшылдар болған», – деп. Қазақ философиясынан да классикалық неміс философиясына ұқсас белгілер табу қиын. Канттай, Гегельдей философтар қазақ жерінде бұрын болған жоқ. Бірақ осыны желеу етіп, «Шығыста, қазақтарда ешқандай философия жоқ» деп ойлау ағаттық болар еді. Бахтин «нағыз философтар» дегенде маман, кәсіби философтар туралы айтып отыр. Л.Толстой – кәсіби философ емес. Абай – кәсіби философ емес. Осыған қарап, «Толстойда, Абайда философия болған жоқ» десек, есті адамға ерсі болып көрінері сөзсіз. Олар, сөз жоқ – ойшылдар. Сонымен бірге  соның арқасында Толстой да, Достоевский де, Абай да, Шәкәрім де шығармаларында өзекті философиялық проблемаларды қозғап, терең философиялық тұжырымдар жасаған.

Батыс философиясы адамнан алшақтады

 Маркс Сократты: «Философияны жасаған адам», – деп дәріптейді, «нағыз философия Сократтан басталады», – дейді. Маркс бұл арада Сократтың философияны даналық деп танып, адамға бұрғанын, философия мен ғылымның ара жігін ашып көрсеткенін айтып отыр. Сократтың ойынша, ғылым сыртқы дүниемен, ал философия адаммен айналысады.

            Ғылым жолымен дамыған Батыс философиясы бара-бара даналықтан бас тартты, адамнан алшақтады. Сөйтіп, өзіне-өзі қайшы келіп, даналық, софия болудан қалды, кез келген адам игере алмайтын, кәсіби мамандарға арналған теориялық жүйеге айналды. Платон да, Гегель де философияны кез келгеннің кәсібі емес деп есептеді. Сократ болса, кез келген адаммен кездесіп, оны философиялық әңгімеге тартып, ойлауға, тереңге бойлауға үйретпек болды.

           Кез келген адам өзін мазалаған дүние-танымдық сұрақтарға Гегельден, Маркстен жауап таба алмайды. Мұндай сұрақтарға Сократтың, Монтеньнің, Достоевскийдің, Толстойдың, Абайдың ілімі орынды жауап бере алады.

 Философияның міндеті – Сократтың ойынша, әр адамға жету, ықпал ету, ойландыру, үйрету, түзету. Сол үшін философия тартымды және түсінікті болуы керек. Көпшілікке бағытталған қарапайым, түсінікті философияны кейбіреулер «тайыз» деп мойындамайды. Мүлдем тайыз пікір –  осы. Абайдың сөздері – түсінікті де қарапайым. Осыған қарап, Абайдың ілімін  тайыз деп тануға бола ма? Жоқ. Абай – сұңғыла терең ойшыл, көпшілік оны әлі түсіне алмай келеді. Абай көрсеткен жолмен жүріп жатқан жоқ.

Ғылым мен философияның арасына шек қоюға болмайтынын да айтқым келеді. Олар, әрине, бірімен бірі байланысты, бірін-бірі толықтырып тұрады.  Ғылым болған, ғылым жолымен дамып, жетілген философия да бар, болады да. Мысалы, Канттың, Гегельдің, Маркстің философиясы осы санатта. Бірақ басқа жолмен, айталық,  даналық,  тәлімгерлік, антропологиялық жолмен дамыған философияға  «ғылымнан алшақ жатыр»  деп немқұрайлы қарау тағы дұрыс емес.

И.Канттың өзі философияны ғылым биігіне көтерген «Таза зердеге сын» деген іргелі еңбегінде антропологиялық шегініс жасап, адам туралы пайымдауды қажет деп тапты. Қай адамның да алдында тұратын мәселелерді атап көрсетті: «Мен не біле аламын?», «Мен не істеуім керек?», «Мен неге үміт арта аламын?», «Адам деген не?». Бұл сұрақтардың жауабын біз ғылымнан іздеп таба алмаймыз. Амалсыздан философияға, атап айтқанда, антропологияға, даналық философиясына жүгінуге мәжбүр боламыз. Кант өзінің «Антропологиясын» жоғары бағалайды: «Адамға адам болып өмір сүруді үйрететін ілім ол – мына менің философиям», – деп атап көрсетеді.

 Канттың «бұлжымас императив» деп сипаттаған принципі бар: «Адам ешкімге де, ештенеге де құрал болмауы керек, өзіне де, басқаларға да мақсат болуы керек»  деген. Нағыз гуманистік идея!

         Философия негізінен – адам туралы ілім. Ол адамды әр қырынан, әртүрлі жағдайда қарастырады. Ал адам болудың, адам болып өмір сүрудің жолы – даналық және даналыққа апаратын түсінік: адамға қатысты нәрселерді, Абай айтқандай, «адамның кейбір кездерін» түсіну. Даналықтан, яғни, философиядан, әдебиеттен, діннен шет қалған адамды не деп атауға болады? Тірі робот емес пе?

         Қай ғылым да сыртқы нәрселерге, объектерге баса көңіл бөледі. Соңдықтан да ғылымда адам жоқ, адам жоқ болған соң – даналық жоқ, даналықтың оған қажеті де жоқ. Ғылыми философияның даналыққа мән бермейтінін осымен түсіндіруге болады.

Даналық жолынан кімдер ауытқыды?

 Енді тақырыбымызға қайтып оралайық. Сонымен қазақ философиясы қандай философия? «Философия»  деген сөздің мағынасы – даналыққа  құмарлық. Даналыққа  құмар халық деп мен қазақтарды, әсіресе, бұрыңғы өткен бабаларымызды айтар едім. Қазақта даналыққа толы әдебиет бар, шешендік сөздер, қара өлеңдер, мақал-мәтелдер бар. «Бабалар сөзі» бізде жүз том болып басылып шықты. Қорқыт, Иасауи, Асан қайғы, Төле би, Бұқар жырау, Абай, Шәкәрім сияқты даналарымыз болды.

         Біз «қазақтарда даналық философиясы болған»  деп мақтанышпен айта аламыз. Бірақ қазіргі қазақтарды даналыққа құмар деп айта алмас едім.     Қазақ философиясының негізгі анықтамасы, нақты көрінісі, болмысы –даналық.

         Философия Батыста да, Шығыста да, бізде де даналық күйінде қалыптасты. Батыста кейіннен  философия даналық жолынан ауытқып, ғылым жолына түсті. Сол жолмен бүгін де дамып келеді.

         Қазақ философиясы ХХ ғасырдың басына дейін даналық болып қалды. Кейін кеңестік, маркстік-лениндік философия құрамында ғылым жолымен дамыды. Енді тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ философиясы бұрынғыдай даналық философиясы болып дамуы керек. Осы идеяны мен көптен бері алға тартып келемін. Даналық философиясы – адамға жақын, адамға ықпал ете алады, адамға адам болып өмір сүрудің жолын көрсетеді. Философияның міндеті – бір кезде Маркс айтқандай «дүниені өзгерту» емес, адамды өзгерту, адамды жетілдіру.

Қазақ жерінде болған шетел өкілдері – Янушкевич, Александр Гумбольдт, В.Радлов, В.Даль және басқалары – қазақтардың шешендігі, ақындығы, тапқырлығы, түсінігі туралы айтып та, жазып та кеткен. Шығыстанушы профессор  Василий Радлов: «Қазақ тілі – ең таза, әрі бай тілдердің бірі, – деп  жазды. – Қазақтардың тілі әуезді де, әсем, шебер де, шешен. Әсіресе, сөз сайысына келгенде олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып айтар тапқырлығы таң қалдырады» –  дейді. Тағы бір жерде: «Қазақ сөзі өлең, жыр тәрізді болып келеді», – деп атап көрсетеді.

Неміс философы Гегель кезінде өзінің «Логика ғылымы» деген іргелі еңбегін француз тіліне аударып, қысқартып, түсінікті етіп жариялауға қарсы болды. Оның ойынша, француз тілінің философиялық әлеуеті төмен. Кейбір әріптестер қазақ тілінің мүмкіндігіне де шек келтіріп жүрді. Радлов айтқандай, әрі таза, әрі бай тіл философиялық ойды жеткізе алмайды деп ойлау ақылға сыймайды.

Философияның негізгі құралы – сөз, сөзді бейнелейтін  ұғым. Қазақ ойшылдары  адамға  сөз арқылы  ықпал етті. Қазақ сөзді түсінді, сөзге тоқтады, «сөз тапқанға  қолқа жоқ» деп  сөзді зор бағалады. «Сөз қадірін кім білген?» деп  Төле би де, Абай да, Шәкәрім де қапаланды.

         Естіге айтқан  тура сөз –

         Шыңға тіккен тумен тең.

         Езге айтқан тура сөз –

         Құмға  сінген сумен  тең, –  дейді Майқы би.

      Абай оны қостап: «Қайран тіл, қайран сөз –  наданға  қадірсіз», – деп замандастары үшін күйінеді.

«Өнегелі ой, даналық, түсінік қайдан шығады?» – деген  сұраққа  қазақ философиясы былай деп жауап береді:

Аспанның  астынан  шығады,

Жердің  үстінен шығады,

Өнерлінің ісінен шығады,

Ғалымның күшінен шығады,

Жақсының сөзінен  шығады,

Тарихтың ізінен шығады,

Шешеннің тілінен шығады,

Әншінің үнінен шығады,

Жаманның көрген  күнінен шығады.

Бұл сөздердің көркемдігін, шешендігін былай қойғанда, философиялық мазмұнына  танданбасқа  болмайды. Бәрін талдап, тарқатып жатпай-ақ, тек соңғы  жолына  назар аударайық: Қазақта  «жаман» деп адамның  мінін,  кемтарлығын айтпайды. Бұған адам кінәлі емес. «Жаман» деп  қазақ  адамның сөзіне, ісіне, мінезіне баға береді. Өзін-өзі сыйламаған  адамды ешкім  де сыйламайды. Қазақта  «қорлық»  деген   ұғым бар. Жаман адам – қор болған адам. Адам болып туып, адам  қатарына  қосыла  алмау – қорлық. Құдай  сыйлаған  ақыл-еске  ие бола тұрып, надан болу – қорлық. Абай айтады: «Атымды  адам қойған соң, қайтып надан болайын», – деп. Адамның надан болуға хақы жоқ. Әсіресе, бәрі дамыған  бүгінгідей заманда. Ал надандар арамызда  жиі кездеседі. Әңгіме сауытсыздықта емес, әр нәрсенің, істің  мән- жайын білмеуде, түсінбеуде.

Философияда  «қорлық» деп  біреудің зорлығымен  болған  нәрсені емес, адамның өзінің  қырсыздығынан, әлсіздігінен, бейшаралығынан  тапқан  тауқыметін айтады. Абайдың сөзі еске түседі:

         Еріксіз түскен  ылдидан

Еркінмен  шығар өр  артық.

Қорлықпен  өткен  өмірден

Көсіліп  жатар көр артық, – деген.

Даналық пен түсінік – егіз ұғым. Бірін-бірі анықтайды, бірін-бірі толықтырады. Қазақ философиясының  тағы бір қыры – түсінік.

 

Станок жасау – оңай, адам жасау – қиын

 Түсінікпен байланысты, түсінікті жарыққа  шығаратын  дәстүрлі  философиялық  тәсіл – сұхбат, пікір алмасу, ой мен  сөз салыстыру. Сұхбат, диалог тек гректерде, Протагор, Сократ, Платонда деп ойласақ қателесеміз. Нағыз сұхбат, сұрақ-жауап, айтыс-тартыс қазақтарда, қазақ  ойлауында кездеседі. Гректер  өз сұхбатын  алдын ала әзірлеп, ойластырып алады. Қазақ билері мен шешендері  кездескен бойда   бірін-бірі сынау үшін сұрақ  қойып, оған табанда  жауап  беріп жатады. Сұрақтары  да, жауаптары да  мәнді, мағыналы, қисынды болып  келеді. Орыс  ғалымы Радлов айтқандай «ырғақты, ұйқасты, көркем  болып шығады».

Қазақ сөзінде суырып салып айту, импровизация жиі кездеседі.

Қазақ философиясының тағы бір қырын – тәлімгерлік  қызметін – әдейі атап өткім келеді. Адамға бағытталған, даналықты бойына сіңірген, түсінікті бетке ұстайтын философия тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Студенттер кейде: «Үйленбеген, бала-шағасы болмаған  И.Кант тәрбие мәселесін талдаған « Педагогика туралы»  деген  кітапты қалай жазды екен?»  – деп сұрақ қояды. Бұған таңданатын ештеңе жоқ. Кант ұзақ жылдар университетте сабақ берді, шәкірттер тәрбиеледі. Сонымен бірге ол – философ. Тәлім-тәрбие – философияның басты қызметі деуге болады.

«Түзетпек  едім адамды» деп Шәкәрім ғана емес, қазақ ойшылдарының бәрі айта алар еді, айтып та кетті. Тәрбие ісімен бәрі де тиянақты айналысты. Құдай беріп тұрған, ғылым, білім, мәдениет жете дамыған қазіргі замандағы тәрбие – жыраулар, билер, шешендер, Ыбырай, Абай заманындағыдай пәрменді, ықпалды емес. Сол кездегі қазақ даналары есті, үлгілі, әдепті, ұятты, инабатты ұл-қыздарды тәрбиелей алды. Қазақтардан қандай билер, шешендер, ақындар, батырлар, көсемдер шықты! Бір  Шоқанның, бір Абайдың өзі неге тұрады?! Ол кездегі жастар да, үлкендер де  айтылған сөзге құлақ түрді, нәтиже шығарды,  есте сақтады, бірінен-біріне жеткізді.

Қазақтар қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Есті қыз етегін қымтап ұстайды», «қызым – үйде, қылығы – түзде», «қызға қырық үйден тыйым», «ер баланы тәрбиелесең, бір адамды тәрбиелейсің, қыз баланы тәрбиелесең, ұлтты тәрбиелейсің» деген мақалдар сөзімізді нақтылай түседі.

Мәдениеттің де, өркениеттің де нақты көрінісі – техника мен технология емес, тәрбиелі адам. Станок жасау – оңай, адам жасау, адам тәрбиелеу – бәрінен де қиын.

Тәрбие ісі бүгін де ақсап тұр деуге болады. Адамды адам ететін үлгілер, қалыптар, құндылықтар тасада қалып жатыр. Ең өкініштісі – ғылымға сүйенетін оқу-тәрбие ісінде даналық жоқ.

Қазіргі қазақ философиясына қойылатын басты талап – тәрбие ісін жандандыру. Бізге жетпей жатқаны – осы.

Сапалы тәрбие болса, біз қазіргідей тоғышарлыққа, ұятсыздыққа, жемқорлыққа, көзбояушылыққа тап болмас едік.

Қазақ философиясын танып білуге, түсінуге кедергі болып келе жатқан кейбір жайттарға назар аударғым келеді.

Қазақ философиясында сөз болатын нәрселер тым жұпыны, қарапайым күнделікті тіршілікке қатысты мәселе болып көрінеді: жақсы-жаман, ар-ұят, өмір-өлім, жан мен тән қамы, ізгілік-зұлымдық. Мұның бәрі белгілі болып көрінеді де, оның философиялық мәні туралы әңгіме қозғалмайды. Француз философы Жак Дерриданың пікірінше, «философия табиғи тілде жазылуы керек». Қарапайым түсінікті жазу кез келгеннің қолынан келмейді.

Қазақ философиясын түсінбеудің тағы бір себебі – бұл философия гректердегідей, немістердегідей том-том шығармаларда емес, бірер шумақ өлеңдерде, қысқа да нұсқа шешендік сөздерде, мақал-мәтердерде, қарапайым қара өлеңдерде, нақыл сөздерде көрініс табады. Бұларды кәсіби мамандар көркем туынды деп бағалар, бірақ философияға қатысы бар деп ойламайды.

Абай – ұлы ақын, сонымен бірге терең ойшыл, нағыз философ. Мен «Қазақ әдебиетінде», «Егемен Қазақстанда», «Ақиқат» журналында Абай философиясы туралы жуырда жарық көрген мақалаларымда оның ілімінің әлемдік философиямен ұштасып жатқан қырларын ашып көрсеттім.

Абай Сократты дана, «хакім» деп қадірледі, үлгі тұтты. Өзінің 27-қара сөзін Сократтың жолымен диалог түрінде жазды. Өлеңдері мен қара сөздерінде Сократша сынды, мысқылды, кекесінді көбірек пайдаланды. Философия тарихында адам танудағы  жүректің рөлін француз философы Паскальдан кейін ерекше атап өткен ойшыл – Абай. Ол: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:  нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек», – дейді.

Канттың адам туралы ілімінде «Мен неге үміт арта аламын?» деген сұрақ бар. Оған ол: бәріне де, тіпті Құдайға да үміт артуға болады, бірақ түбінде бәрі адамның өзіне келіп тіреледі, –  деп жауап береді.

Осындай сұраққа Абай да өзінше өлеңмен жауап берген:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – дейді ақын.

Абай туындыларынан диалектикалық пайымдаудың небір үлгілерін табуға болады.

Қазақ философиясының үлгісі, бағыт-бағдары туралы әңгіме болғанда, біз бірден Абайға жүгінеміз. Абайда нағыз философияға керек нәрселердің барлығы: даналық та, түсінік те, тәлім-тәрбие де, сұхбат та, ұлттық құндылықтар да – бәрі бар. Абайда біздің халқымызға бүгін де қажет болатын нәрселердің бәрі: ғылым-білім де, ар-ұят та, рух та, намыс та, нарық та, бәсекелестік те, әділеттілікке апаратын демократия да бар. Тек Абайды оқу керек, түсіну керек, игеру керек, Абай жолымен жүру керек.

        

Қазақ философиясының экзистенциалдық сипаты

Философиялық әдебиетте кездесетін тағы бір жаңсақ пікір туралы айтып өтсем… Философияда экзистенциалдық проблемалар, яғни тіршілікте кездесетін қиын-қыстау сәттер туралы сөз бола қалса, кейбіреулер бірден немістерге, француздарға сілтеме жасайды. Мұндай мәселелер тек XIX-XX ғасырларда  Батыс философиясында пайда болған деп есептейді. Әрине, анығында – олай емес. «Экзистенция» – латынша тіршілік ету (существование) деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғымды философияға енгізген дат философы С.Кьеркегор болатын. «Экзистенция» ұғымы философияда күнделікті, қалыпты, жайбарақат тіршілік дегенді білдірмейді. Керісінше, тығырыққа тіреліп, қиналатын, болу ма, болмау ма деп шешуші талғам жасайтын жағдайды бейнелейді. Батыста (Ж.П. Сартр, А.Камю, т.б.) мұндай сәтті «шекаралық жағдай» деп атайды.

Жан мен тән, өмір және өлім, фәни мен бақи, ұят пен намыс, мұң-зар, өкініш, жалғыздық туралы мәселе философияда, әдебиетте  ежелден бері қойылып келеді.

Мен, отандық философияда алғашқы болып, қазақ философиясының экзистенциалдық сипаты туралы жаздым. Экзистенциалдық сарын қазақ ойлау жүйесінде  тым әріден – Қорқыттан, Асан қайғыдан басталады, билер мен жырауларда, Махамбетте, зар-заман ақындарында, Абайда, Шәкәрімде жалғасын табады.

Ғашықтыққа тап болған, Қозы мен Баян, Қыз жібек пен Төлеген нағыз экзистенциалдық жағдайды бастан кешті. Қазақтың сал-серілерінің өлеңдері мұң мен зарға, өкінішке толы екенін білеміз.

          Бернияз ақыннын осы бағыттағы толғанысы:

          Қызғалдақтай қызық өмір,

          Күні келсе, солмай ма?

          Еркін жүрген ерке көңіл,

          Қайғы-зарға толмай ма?

         Тасқан қайтып, толған солып,

         Сарғайтпай ма сондайда?

         Алтын жастық жалған болып,

         Ах ұрар күн болмай ма?

Қазақ сөзінде экзистенциалдар осылай өріледі.

Шәкәрімнің мына өлеңі де экзистенциалдық жағдайды суреттейді:

          Шаранамен туып едің,

          Бөз оранып өтесің.

          Бір сағымды қуып едің,

          Қай уақытта жетесің?

          Қанша дәулет жиып едің,

          Бәрі қалды, не етесің?

          Мал үшін жан қиып едің,

          Қайтіп алып кетесің?

«Бәрі өтеді», «жалған дүние», «суета сует» деген осы.

   Достоевкийдің барлық шығармалары экзистенциалдық тұрғыда жазылған. Н.К.Михайловский Достоевскийді «қорлық көргендердің жыршысы» деп бекер атаған жоқ.

Әдебиетте кездесетін тағы бір қате  түсінік туралы айта кету керек.

Философияда «өмір философиясы» деген бағыт бар. Бұл туралы әңгіме бола қалса, кейбір маман философтар бірден тағы да Батысқа, мысалы, Германияға (Ницше, Дильтей, Зиммель, Шпенглер) немесе Францияға (Бергсон) сілтеме жасайды. Шығыста, бізде – қазақтарда философтар, ойшылдар өмір туралы тіпті ойланбаған сияқты. Өмір туралы ойланбаған, жазбаған ақын-жазушылар, ойшылдар табылар ма екен?!

Өмір деген әдебиеттің де, философияның да өзекті тақырыптарының бірі емес пе?

Ағартушы, ұстаз, ойшыл ақын Ғұмар Қараш қазақ философиясын өмір                 философиясы деп атап еді. Оның «Өмір пәл сапасы» деген керемет өлеңін осы тұста тұтас келтірген дұрыс болады:

          Мысалы, мынау жалған – бір желқайық,

          Қылт етіп, қия бассаң кетер тайып.

          Таяныш тұрағы жоқ болғаннан соң,

          Бұлайша мысал етсек, болар лайық.

          Таянып тұрақсызға көңіл қойып,

          Жүрмеңіз мәңгілікті жұртқа сайып.

          Тіршілік бес күн небар тиген еншің,

          Пайдалан мейлінше қанат жайып.

          Аз еншің, өкінішті жолға шашпа,

          Келуі қайта айналып алмағайып.

          Қалмайды ізі-жолың бұ жиһанда,

          Кеткен соң тағдыр суы жуып, шайып.

          Нені іздеп келіп едің, қайда кеттің,

          Бұл жұмбақ шешуі жоқ таңғажайып.

          Анық сол: атқан таңдай әзіз ғұмыр,

          Уақыты бітсе,  кетер әлі-ақ байып.

    Бұл толғау мен үшін маман философтар жазған  талай трактаттардан артық. Мұнда поэтикалық көркемдік те, философиялық тереңдік те, түсінік те, даналалық та түгел сыйып тұр.

     Сонда біз қазақ философиясын өмір философиясы деп атай алмаймыз ба?!

        …Өмір, дүние дегенің

          Ағып жатқан су екен.

          Жақсы-жаман көргенің,

          Ойлай берсен – у екен, – демей ме Абай? Өмір туралы мәселенің түйіні осы емес пе?!

Батыста «герменевтика» деп аталатын тағы бір беделді философиялық ілім бар. Оны басқаша «түсінік философиясы»  деп атайды. Герменевтиканың негізгі мәселесі – түсінік (понимание), алдына қойған мақсаты  – діни, әдеби, философиялық мәтіндерді түсіну және түсіндіру.

1990 жылы Алматыда өткен диаллектикаға арналған үшінші симпозиумда философиядағы түсінік мәселесі туралы баяндама жасадым, философияның бір анықтамасы түсінік деп атап көрсеттім.

Даналық пен түсінік – астасып жатқан нәрселер. Бірінсіз бірін түсіну мумкін емес. Философияны, әрине, білім де, ғылым да қызықтырады. Сонымен бірге ол түсінікке айрықша мән береді. Көптеген нәрселерді ғылымға сүйеніп, танып қоюдың өзі жеткілікті. Бірақ адамға, тарихқа, дінге, әдебиетке қатысты нәрселерді танып қою аз, талдап түсіну керек.

Түсінік мәселесіне де байланысты жаңсақ пікірге жиі тап боламыз. Әдетте түсінік дегенді таныммен, теориямен, ғылыммен байланыстырады, солардан шығаруға тырысады. Сөйтіп, кешегі қазақтар сияқты көшпенділерде, далалықтарда  түсінік болуы мүмкін емес деген тұжырым жасалады. Қазақ философиясын елемеудің тағы бір жолы осында жатыр.

         Мен айтар едім: қазақ философиясында, би-шешендер сөздерінде, жырауларда, жап-жас Шоқанда, Ыбырайда, Абайда, Шәкәрімде, қазақтың қара өлеңдерінде, мақал-мәтелдерінде дүние, адам, өмір, өлім, уақыт, ар-ұят, обал-сауап, қымбат-арзан  нәрселер туралы, махаббат, достық, жақсы- жаман туралы таңғажайып терең түсінік  бар – деп. Түсінік болмаса, бай ауыз әдебиеті, қара өлеңдер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер бізге  жетер ме еді?! Айтылған сөзді қазақтар түсінгесін, есте сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізгесін, олар бізге жетіп отыр. «Малым – жанымның садағасы, жаным –арымның садағасы» деп бір кезде оқи, жаза білмеген қыр қазағы айтты. Мұндай  тәмсілді осы жасқа келгенше мен классикалық философиялық шығармалардан кездестіре алмадым.

Қазақ философиясының  ерекшелігі оның  әдебиетпен, көркем сөзбен  астасып жатқаны деп ойлаймын. Мұндай әдебиет те, мұндай философия да сирек кездеседі.

Жоғарыда қойылған «қазақ философиясы кандай философия?» деген сұраққа, мен: «Қазақ философиясы – практикалық философия», – деп жауап бергім келеді. Қазақ философиясының басты ерекшелігі осы болса керек.

Қазақ философиясы даналық, түсінік, тәлім-тәрбие түрінде адамға бағытталған. Адамды оятқысы, үйреткісі, түзеткісі келеді. Қазақ философиясында жақсы мен жаман, қымбат пен арзан, жан қамы мен тән қамы, обал-сауап, ар-ұят, шыңдық пен жалған т.б. туралы тиянақты сұрақтар мен жауаптар бар.

Бір кезде Кант «практический философ» деген ұғымды қоладанып еді. Оның ойынша, шын мәнісіндегі философ деп осындай сөзі мен ісі ұштасып жатқан практикалық философты айтуға болады: «Практический философ-наставник мудрости учением и делом – есть философ в собственном смысле», – деп жазды. Және бұған қосымша: «Ибо философия есть идея совершенной мудрости», – деп атап көрсеткен еді. Осы бағытта Маркс Сократты «жүзеге асқан философия» деп атаған болатын, яғни оның сөзі де, ісі де, ілімі де, өмірі де, өлімі де философияға айналып кетті дегені. Мен Абайды да «жүзеге асқан даналық», демек, жүзеге асқан  философия деп айта аламын.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.10.2021 | 20:40

Рахмет сұхбатыңызға. Көпті түсіндім. Төреғали Қазиев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір