Гүлнар САЛЫҚБАЙ, ақын: НАҒЫЗ ӨЛЕҢ ТҰНЫҚТАН ЖАРАЛАДЫ
10.04.2021
2468
3

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнәр Салықбаймен әңгімеміз жел бесікте жатқан сәби кезінен басталып, Abai TV арнасындағы қазіргі қызметіне дейін жалғасты. Ақын туып-өскен ауылынан Алматыға аттанған қызықты күндерін де, алғашқы кітабының жарық көрген сәтін де, өмірінде жолыққан жақсы адамдар туралы да баяндап берді. Тіл тазалығы мен сауаттылық жайындағы ойларын да ортаға салды.

 Жақсы адаммен сөйлессең де қуанып қаласың

– Сіз жыр оқыған, сөз сөйлеген видеокөріністерді қарағанда, суреттеріңізге зер салғанда бойыңызда бір балалық лебі сақталып қалғанын байқаймыз. Көктемнің нағыз құлпырған шағында, мамырдың ортасында дүниеге келіпсіз. Балалық шағыңызға саяхаттап қайтсақ… Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?

– Менің алдымда Мұратбек деген ағам көз тиіп, шетінеп кетіпті. Мен де сол сияқты ірілеу болып тусам керек, әке-шешем жұрттың көзінен тасада ұстағысы келді ме, аспалы бесікте өсіппін. Кейде жел бесік деп атайды оны. Ары-бері өткен адамдар бір қозғап кет­се, тербеліп жата береді екем. «Бала болып, жылағаныңды естіген жоқпыз», – дейді әпкем. Дыбысым шықпаған соң үлкендер үйде жас бала бар екенін ұмытып та кететін көрінеді. Алты айлығымда талма аурумен ауырыппын. «Қаратпаған, көрсетпеген жеріміз жоқ», – дейді. Қандай ауру екенін таппапты. Сосын Зайсандағы бір татар емшінің дұғасынан қайтқан көрінеді. Шешем байғұс сол талма ауру қайталана ма деп, өмір бойы қорқып, мені уайым-қайғы, өкпе-реніштен қорғаштаумен өтті…

Өзім күзді жақсы көрем. Күн соңғы жыл­уын төгіп, жапырақтар сап-сары немесе қып-қызыл болып кететін Алматының күзін. Сол кезде көлік аздау жүретін жерлермен жаяу серуендеп кетуші едім. Тоқтай алмай. Үйде отыра алмайсың. Бұрын қысты да асыға күтетінмін. Біздің жақтың, Зайсанның қысы керемет қой..

Әр мезгілдің өзінің бір тартымдылығы бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын қыс келгенде аязды, жауып тұрған қарды мақтап, екі ағамды ыза қылушы едім. Екі ағам дегенім – Ғалым Доскен мен Тұрсынжан Шапай. Олар көктем мен жазды жақсы көреді. Суыққа жандары қас. Соны біліп, әдейі: «Бүгін ауа райы қандай керемет! Ылғи осылай болып тұрса ғой!» – деп хат жазам. Екеуі екі жақтан ашуланып, шыж-быж болады. Маған да керегі сол. Күліп, рақаттанып, жаным кіріп қалады.

Қазір өзім де солардың қатарындамын. Жезқазғандағы Жездіде Зейпін деген досым тұрады. Енді екі ағамның менде кеткен «кегін» сол алып беріп жүр. Боран соқса, телефоныма дамыл жоқ, «Далаға шықтың ба? Бүгін керемет боран соғып тұр ғой! Тіпті үйге кіргің келмейді!» – деп үсті-үстіне хабарлама жазады (күліп).

 – «Бір күлімдей күлкің болса, лақтыршы,

 Есігімнен бір қуаныш ап кірші», – дейсіз бір өлеңіңізде. Қандай сәттер сізді қуанышқа бөлеп, қандай жәйттер көңіліңізді қалдыруы мүмкін?

– Адамның қуануы да, ренжуі де әп-сәтте ғой. Кейде болмашы нәрсеге қуанып, түкке тұрмайтын бірдеңеге ренжіп қаласың. Біраздан бері бұлттанып тұрған күн жарқ етіп ашыла қалса да – қуаныш. Жақсы кітап оқысаң да, жақсы адаммен сөйлессең де қуанып қаласың. Кейде қуанып, не ренжіп жүріп, неге өйтіп жүргеніңді, соның себебін ұмытып қалып, әзер есіңе түсіретін кездер де болады.

«Оң қабағың тартса, қуанасың, сол қабағың тартса, ренжисің» деген бар ғой. Шешем марқұмға: «Оң қабағым тартып тұр», – десем, «Қуанасың», – дейтін. Ал сол қабағым тартқанын айтсам: «Нерв қой», – дей салушы еді… «Сонда оң қабақтағы нерв емес пе?» – деп күлуші едік.

Өткенде көпірмен бара жатсам, алдымда 3-4 жасар бала ерткен жас әйел кетіп барады екен. Баласы томпаңдап, әзер еріп келеді. Анасы қарамайды. Қолында – телефон. Бала шешесінің қолынан ұстап, бірдеңе айтқысы келеді. Ал ол болса, назар аудармайды. Сосын бала көпірдің жақтауына шығып, ойнай бастады. Анасы бұрылып та қараған жоқ. Құлап кете ме деп зәрем ұшып, баланың қасына жақын жүрдім. Әйтеуір көпірден аман-есен өттік-ау… Содан біразға дейін ана бала есімнен шықпай, уайымдадым. Сөйтіп жүріп, бір күні құлап қалып, жазым болар ма екен деп…

– Сіздердің жастық шақтарыңыз өте күрделі, өтпелі кезеңге тап келді ғой. Ол кездің адамдары қандай еді? Қолдау көрсетіп, көмектескен адамдар болды ма?

– Әрине. Ондай адамдар көп болды. Ылғи есіме алып жүремін… Менің алғашқы екі кітабымның қолжазбасын да кітап шығару қиын кезде баспаның директорлары газеттен өлеңімді оқып, өздері сұратып алды. Алғашқы кітабымды шығарған аяулы ағамыз – Сейдахмет Бердіқұлов. Шақыртып жатыр деген соң барып едім, «Айналайын, өлеңдерің керемет екен. Егер бір кітапқа жететін болса, тез қолжазбаңды тапсыра ғой», – деді. Тапсырдым. Шағын ғана кітабыма сол кезде біздің түсімізге де кірмейтіндей қаламақы қойылыпты. Ақшамды алуға шақырғанда касса алдында тұрған аға-апалармен бірге кезекке тұруға ұялып, кешке дейін сол маңда жүргенім есімде. Кешке барсам, ақша бітіп қалыпты.

Екінші «Жан» деген кітабымды Бексұлтан аға (Нұржекееев) «Жалын» баспасынан шығарып берді.

Адамның адамшылығы – бір-біріне жанашыр болуында

– Ол кезде пәтер жалдап тұрған шығарсыз?

– Иә, пәтерден пәтерге көшіп жүрдік қой. Үй алғаным да қызық болды. Ол кезде Жазушылар одағында жұмыс істейтінмін. Одақты Олжас Сүлейменов басқаратын кез. Тұрсын аға, Қалихан аға, Несіпбек ағалар пәтерде тұратынымды естіп, төрағаға кіріп, Алматы үй құрылыс комбинатынан жатақхана алып берді. Бірнеше жылдан кейін Жазушылар одағына үй бөлінетін болды. Одақтағы ағалар маған сол кездегі Квартбюроның бастығы Сұлтанғалиев Серік ағаға баруға кеңес берді. Үлкен мекеме ғой. Серік аға барған адамның бәрін қабылдайды. Өзі: «Жиі келіп, біліп тұр», – деген соң, бір-екі айда бір кіріп шығамын. Серік аға барған сайын туысың сияқты жылы қарсы алады. Өтірік алдаусыратпайды, тілектес болып жүреді. Бірде барсам, хатшы қыз: «Әлібек Дінішев отыр», – деді. Біраз күттім. Әлібек Дінішев шықты. Бірақ ешкімді шақырған жоқ. Хатшы қыз сәлден соң маған: «Кіре беріңіз», – деді. Кірдім. Кабинетте ешкім жоқ. Жан-жағыма қараймын, шығатын есік жоқ сияқты. Таң қалдым. Сыртқа шыққан жоқ, Әлібек ағамыз кетіп қалды. Қайда кетуі мүмкін? Сосын еңкейіп, Серік аға отыратын үстелдің астын қарап жатқам. Сол кезде бірдеңе сықыр ете қалды. Еңкейіп отырған күйі жалт қарасам, Серік ағам бір шкафтан шығып келе жатыр екен. Сөйтсем, шкафтың есігі арқылы жапсарлас бөлмеге шығып кеткен екен. Ол кісі өзін үстелдің астынан іздеп жүргенімді көріп: «Гүлнар-ау, үстелдің астына тығылып қалды деп ойладың ба?» – деп әбден күлді.

Сол жолы Серік аға маған бір қағаз берді. Қаланың әкіміне кіріп, сол қағазға қол қойдыруым керек екен. Қалай кірем деп, қатты қиналдым. «Қашан барсаң да қабылдайды ол кісі», – деп қояды Серік аға. Қазір сол аға мен сияқты қанша адамға көмектесті екен деп ойлаймын. Сондай қарапайым, жылыжүзді адам болатын. Қазіргі шенеуніктерге мүлде ұқсамайды. Ол кісі сол жерде елге көмектесу үшін отырған сияқты болып көрінетін маған.

– Сонымен әкімге кірдіңіз бе?

– Батылым бармай, бір айдай жүрдім. Ол кезде қаланың әкімі Заманбек Нұрқаділов ағамыз болатын. Бір күні барсам, түскі үзіліс екен. Хатшы қыз: «Қазір келеді, мен шығып кетейін, сіз артынан іле-шала кіріп барыңыз. Әйтпесе кісі көбейіп кетеді», – деді. Ол шығып кетісімен Заманбек аға келді. Менің сәлемімді алып, кабинетіне кірді. Хатшының ақылымен мен де кіріп бардым. «Отыра ғой», – деп орындықты нұсқады. Қолымдағы қағазымды сұрады. Оқыды. «Кітап қайда?» – деді сосын. Мен кітап апармаппын. «Маған келген ақын-жазушылардың бәрі кітап әкелуші еді», – деп күлді. Сосын «Ақындардың өз үйі болуы керек», – деп қағазыма жақсылап тұрып қол қойып берді.

Мұндай жағдайлар өте көп. Қазір біреу біреуге жақсылық жасаса, таң қалып жатамыз. Негізі солай болуы керек қой. Адамның адамшылығы – бір-біріне жанашыр болып, қол ұшын беруінде. Осы уақытқа дейін қиналғанда жол көрсеткен, жылы сөзімен демеген адамдар қаншама! Өмірден өтіп кеткендерінің алды жарық болсын. Арамызда жүрген аға-апаларымызға Алла Тағала ұзақ та, бақытты ғұмыр кешуді жазсын!

Көркем шығарманы көпшілік ақылдасып жасамайды

– Күнделікті тұрмыста қандайсыз? Өлең мен қарапайым тіршілікті қалай үйлестіресіз?

– Шынымды айтайын, бала кезімнен шаруаға аса бір қырым болған жоқ. Оған шешем де кінәлі аздап. Тесемен картоп түптейін десем, «қолың қатайып кетеді», – дейді. Сиыр сауғызбайды. Теуіп жібереді деп. Бүкіл адамзатқа теппей, дәнеңе етпей, сүт беріп жүрген сиыр мені көрсе, быт-шыт болып, тулай жөнелетін сияқты. Кір жуғызбайды. Ол кезде машина жоқ қой. Ауылдың шетінде таудан ағып келетін Сұңқарбұлақ деген мөп-мөлдір өзен бар. Жағасының бәрі – бұрқ-бұрқ еткен қайнар. Бар жұмысым, сол бастаудан күніне бір-екі рет су тасимын. Және бір талабы, шелекті толтырмай әкелуім керек. Әйтпесе, бойым өспей қалады. Мен Алматыға оқуға барарда шешем қатты уайымдады. «Ештеңе қолынан келмейді, тамақ пісіріп жей алмайды, қалай күн көреді?» деп. Сосын ойлап-ойлап, бір амалын тапты ма, кетерге екі-үш күн қалғанда шаруаға кірісті.

Біз жақта малшылар жайлауға шығарда ішіне сары май құйып, ашытпай пісіретін май бауырсақ пісіріп әкететін. Ол ешқашан қатпайды, көгермейді. Біздің үйдегілер «жайлауға» әкететін азығымды дайындай бастады. Ләйлә деген әпкем оқуға бару құрметіме бірнеше көйлек тігіп үлгерді. Марқұм Сапар ағамның әскерден әкелген беті жұп-жұқа, сары шабаданы бар еді. Жол жүрерде қарасам, әлгі шабаданның беті бұжыр-бұжыр. Ол не десем, сықап тұрып бауырсақ салып тастапты. Май бауырсақ. Ішінде киім-кешек, керек-жарақтан гөрі бауырсақ көбірек. Тапсырма бойынша, Алматыға барған соң, алдымен Ұлықбек ағамның үйіне түсіп, бірер күннен кейін жатақханаға орналасуым керек. Олар Горный гигантта пәтер жалдап тұрады екен ол кезде. Үй ішінің сәлем-сауқатын жеңгейге тапсырдым. Бірақ бауырсақтың бірде-біреуін шашау шығармай, жатақханаға алып кеттім. Кейін үйге барғанда сұрасам, ол бауырсақтың жартысын түскен үйіме тапсыруым керек екен. Қысқасы, абитуриент болған бір айда сол шабаданды суалтып қайттым. Қыздармен бірге тамақ ішуге барайын десем, уақытым босқа кететін сияқты. Оқуға дайындала бердім. Арасында бауырсақ жеп, су ішіп алам.

– Тамақ пісіруді қашан үйрендіңіз?

– Жан керек болса, үйренеді екенсің. Студент кезде әжептәуір шыж-быж жасай­тындай жағдайға жеттік. Дегенмен әлі күнге дейін алған азық-түлігімнің бағасын, «кеше қанша болды, енді қанша?» деген мәселені ұмытып қаламын. Осы Наурызда бір-екі ақын бауырым құттықтап келіп, көжеден ауыз тиіп кетті. Мақтады. Наурызкөже шынымен дәмді болды ма, әлде апайларының көңілі үшін мақтай салды ма, оны өздері ғана біледі.

Өзім ақша жарата алмаймын. Бірақ студент кезде бір бөлмеде тұратын қыздар: «Осы ақша сені жақсы көреді», – деп күлетін. Оның себебі бар. Бірде бір бөлмеде тұратын үшеуміздің де ақшамыз бітіп қалды. Күн суық. Ұмытпасам, қарашаның орта шені болуы керек. Жерде аздап қар бар. Қарнымыз ашты. Тамақ таусылған. Сосын мен: «Жүріңдер, менде азын-аулақ ақша бар, көшеге шығып, қыдырып келейік», – дедім. Өтірік айта салдым. Неге екенін білмеймін. Далаға шыққым келген шығар. Үшеуміз Казгуградтың қақпасынан шыға бергенде: «Осы жерде менің ақшам болуы керек», – деп аяғымның ұшымен қар аралас жапырақтарды қозғап қалып едім, астынан бір бес сомдықтың шеті қылтиды. Әлі көз алдымда. Көкпеңбек еді ғой бес сомдық. Өзім де аң-таңмын. Қыздар: «Әдейі, бізге білдірмей, өзің жерге тастадың», – деп сенбейді. «Жарайды онда, ана-ау жердегі ақшаны да ала салайықшы», – деп күліп, сәл әрірек бір жерді түртіп қалып ем, бірнеше үш сомдық шықты.Қысқасы, сол жерден 17-18 сом тауып алдық. Сөйтіп үшеуміз мәз болып, киноға барып, балмұздақ жеп, бір тойлағанымыз бар.

90-жылдары Ақсайда тұрғанда бірінші қабатта шешеммен құрдас бір апа тұратын. Көп балалы адам, өздері Семей жақтан көшіп келген. Бір күні сол кісі біздің үйде шай ішіп отырғанда тез бірдеңе қажет болып, үйдің жанындағы базарға кеткем. Біраз айналып, бос келдім. «Неге бос келдің?» – деп сұрап жатыр шешем екеуі. Мен ұзақ тұрып, кезегім келгенде алдыма біреу тұра қалып, көздеп тұрған нәрсемді түгел сыпырып алып кеткенін айтып жатырмын. Көрші апа: «Ана әйелге «кезексіз неге аласың?» деп айтпадың ба?» – дейді. Мен: «Аузымды ашып үлгермедім», – деймін. Сондағы апаның айтқаны ғой: «Ее, оқу оқып, қалада тұрып, жаныңды сақтап жүрсің ғой. Егер ауылда тұрсаң, оқу-тоқуың болмаса, далада қалады екенсің», – дейді. Сол кісі дұрыс айтқан сияқты…

– Ал өлең қалай туады, әпке?

– Түкемсал (Тұрсынжан Шапай) радиодан Төлеген Момбековтың бір сұхбатын тыңдапты. Сонда журналист сұрақ қояды ғой: «Мына күйіңіз қалай дүниеге келді?» – деп. Төлеген ағамыз: «Мал қоралап жүргем, радиодан бір күй беріп жатыр екен. Әлгіні тыңдайын деп асығып, тез сиырды байлай сала үйге келсем, күй бітіп қалыпты. Сосын соны есіме түсіріп, домбыраны қолыма алып, тыңқылдатып отырып, осы күй дүниеге келді», – деп жауап беріпті. Шындығына келгенде, шығарма осылай туады ғой. Кейде өзің де түсінбейсің қалай екенін… Прозаиктер күнделікті, арнайы уақыт бөліп, жазып отырады. Өйткені проза – эмоциямен лап етіп жазылатын дүние емес. Ал өлең жазу үшін аяғың жерден көтерілуі керек. Шынымды айтсам, дүниеде өлең жазғаннан артық рақат жоқ. Оны сөзбен жеткізе алмаймын…

 – Поэзияда өз үніңіздің қалыптасуына ортаның әсері болды ма? Яғни әдеби орта қаламгерге қаншалықты ықпал етеді?

– Оны білмеймін. Жас кезімізде топтанып, бірге жүрдік. Жазғанымызды оқимыз. Әдебиет туралы сөйлесеміз. Кейін әрқайсымыз өз жолымызбен кеттік. Әдеби орта қаламгерге ықпал етеді деп ойламаймын. Көркем шығарманы көпшілік ақылдасып жасамайды. Ол әркімнің өз әлемінде дүниеге келеді.

Дос деген – жан-дүниесі үндес адамдар

– Күнделікті режиміңізді қатаң сақтайсыз ба? Уақытты тиімді пайдалануда өзіндік ережеңіз бар ма?

– 2000 жылдардың басында аурушаң болып кеттім. Түннің бір уағында ұйықтаймыз, кітап оқимыз, жазамыз дегендей. Ертеңінде демалатын уақыт жоқ қой. Жұмыс. Тамақты да уақыт болғанда ішіп, болмаса, жүре беретінмін. Содан салмақ қосыла бастады. Қан қысымы, омыртқа, т.б. аурулар басталды. Сосын осылай кете берсе, не болатынын түсіндім. Алдымен жайлап салмақ тастауға кірістім. Сосын жаттығу жасап, ұйқы, тамақ мәселесін реттедім. Жаңағы аурулардан біртіндеп құтыла бастадым. Қазір режим сақтаймын. Салмағымды бақылап отырамын. Ерте тұрам. Таңертең, кешке жаттығу жасаймын. Күніне кем дегенде бір сағаттай жаяу жүремін. Суды көбірек ішемін. Жеңілдеу тамақтарды жақсы көремін. Жеке кабинетте алаңсыз жұмыс істейтіндей жағдай менде ешқашан болған емес. Әлі де солай. Үйдің шаруасы, одан қалса, жұмыс бар. Сондықтан күй талғамаймын. «Аттың жалында, түйенің қомында» дегендей.

– Досыңыз көп пе?

– Дос көп болмайды. Әсіресе менің жасымда. Әлгі азғана достың адам болған соң кемшіліктері болуы мүмкін, егер ақын-жазушы болса, шығармаларының кейбірі ұнамауы мүмкін немесе бір пікірлері көңіліңнен шықпауы мүмкін. Ең бастысы, адамшылығы мен ар-ұяты бар. Дос деген жақтас емес, жан-дүниесі үндес адамдар.

– «Жасыл бағы жаныңызды көрікті еткен» Алматыны сағынасыз ба?

– Алматыны сағынбау мүмкін емес қой. 39 жыл тұрыппын. Бүкіл саналы ғұмырым сонда өтті… Астанаға көшіп келген алғашқы айларда көшеге шықсам, жылағым келетін. Алматыда сенген, сүйген, мұңайған, түңілген, үміттенген – бақытты кездерім қалды…

– Сіздің өлеңдеріңізде түңілу де, өмірдің тұңғиығына, сәулелі жақтарына үңілу де бар. Гүлнар Салықбай пессимист пе, оптимист пе?

– Екеуі де емеспін. Ортасымын. Осыдан бірнеше жыл бұрын алыс бір жаққа ұштым. Ұшағымыз жол бойы селкілдеп барды. Стюардессалар ары-бері жүріп, шай-су бермек түгіл, орнынан қозғала алмады. Жылап, шу көтергендер болды. Басында мен де қатты қорықтым. Сосын бүкіл өмірім көз алдыма келді. Тәуба дедім. Мүмкін еш жерің ауырып, қиналмай, аспанда кетіп қалған да жақсы шығар деп ойладым. Сосын жеңілдеп қалдым. Бұл енді өзімді жұбатқаным ғой. Сөйтіп, дұғамды оқып, көзімді жұмып отыра бердім. Әйтеуір аман-есен қондық. Артынан күлкім келді, жұбанышымның түрін деп…

Қиналатын да, қуанатын да кездер болады. Бірақ қиналдым деп, жылап-еңіреп, жұрттың мазасын алған емеспін, қуансам да жар салмаймын. Өмірде жамандықтан гөрі жақсылық көп. Көре білсек…

Қалам ұстағың келген кезде жұмыс та қызып кететіні бар

 – Әпке, сіз ұзақ жыл ұлттық арнада бас редактор болдыңыз. Қазір «Абай» телеарнасының бас редакторысыз. Қызметтің ақын шығармашылығына қандай да бір оң немесе теріс әсері болуы мүмкін бе?

– Кезінде ақын-жазушылар шығарма­шылық демалысқа шығатын. Кітап жазады. Сол үшін ақы төленеді. Жазушыларға арналған арнайы демалыс үйлері де болды ғой деймін. Қазір заман басқа. Бір жерде тұрақты жұмыс істемесең, күн көру қиын. Бастапқыда бірінші орында жазу болатын. Жазуға жайсыз болса, жұмыстан шығып кете салатынмын. Балалы болғасын жұмыс бірінші орынға шықты. Өлеңнен басқа да жауапкершіліктер пайда болды. Жұмыстың өзің айтқандай, оң әсері де, теріс әсері де бар шығар. Азды-көпті, тұрақты табысың болады. Бірақ сен қалам ұстағың келген кезде жұмыс та қызып кететіні бар. Сөйтіп, дүниеге келмек болған сөздердің ғұмыры қағазға түспей орта жолдан үзіліп жатады.

 – «Өлең жазу жастық шаққа тән» деген пікір айтылып қалады. Поэзия жас талғай ма?

– Ол адамына байланысты сияқты. Нағыз өлең тұнықтан жаралады. Жан-дүниесі қартаймайтын, балалығынан, тазалығынан ажырамайтын ақындар болады. Мен сондай екі ақынды білем. Біреуі – Сырбай аға (Сырбай Мәуленов), екіншісі – Қанипа апай (Қанипа Бұғыбаева). Жазушылар одағына алғаш машинистка болып жұмысқа тұрғам. Үлкен газеттерге өлеңдерім шыға бастаған кез. Сырбай аға аптасына бірнеше рет келіп, маған қағазға қолмен жазған өлеңдерін тергізетін. Жазуын түсінбеймін, өзі оқып береді. Ол кезде біразға келіп қалған шағы. «Қалай екен өлеңім?» – деп күліп қояды. Өлеңі қарт адамның жазғанына мүлде ұқсамайтын. Қа­ни­па апамыз да аңғал, сәби сияқты еді ғой. Бұ­рын «Жапырақтар сыбырлап жел шақырады Көкке созып саусағын» деген өлеңін жатқа оқушы едім. Өзі де, өлеңі де қартаймаған күйі кетті…

Маған қазір айналаны су басып кеткендей көрінеді

 – Қазақ тілінде сауатты жазуға бағыт беретін кеңестеріңіз қазір жазарман қауым үшін ережеге айналған. Яғни тіл мәселесіне бей-жай қарамайтыныңызды білеміз. Қоғамдағы тағы қандай келеңсіздіктер жаныңызға қатты батады?

– Біраз жыл «Қазақстан» Ұлттық арна­сы­ның бас редакторы болдым ғой. Кейін телеарна астанаға көшкенде Алматы филиалының бас редакторы болып қалып қойдым. Оған дейін баспада редактор, бас редактор болып жұмыс істегем. Осы жылдар ішінде Ұлттық арнадан эфирге кететін әр сөз үшін күрестім. Қазір бағдарламалардың бәрі сырттан – аутсорсинг компанияларда түсіріледі. Бизнес. Кейде телеарнадан жоба алғандар мәдениет, өнер түгілі, тележурналистикадан да мүлде хабарсыз адамдар болып шығады. Олар арзан жұмыс күшін іздейді. Кім көрінгенге сценарий жаздырады. Белгілі журналистерді жалдап, дұрыс қаламақы төлегісі келмейді. Сосын олар арғы-бергі бастықтарға шығады: «Бас редактор сценарийімізді өткізбей жатыр», – деп. Кейбіреуі жоғарыға дейін барады. Сосын неге өткізбей отырғаныңды дәлелдейсің. «Неге сонша әуре боласың, басыңды қатырып, жеккөрінішті болып?» – дейді жанашырларым. Сонда да қоймаймын. Дұрыс емес екенін біліп тұрып, неге оны эфирге жіберуім керек деп ойладым. Теледидардың ар жағындағы көпшіліктің не жазығы бар? Мысалы, қазір екі сөзіміздің бірінде «тәуелсіз Қазақстан, «тәуелсіз еліміз»» дейміз. Мереке кезінде айтсақ, жарасатын шығар. Дүниежүзінде тәуелсіз біздің еліміз ғана сияқты неге күнде айта беретінімізді түсінбеймін. 30 жыл болды ғой. Қай ел күнде азат екенін айтып, мақтанып жатыр?

Ұлттық арнада жүргенде жиі кездесетін қателіктерді тізіп жаза бастадым. Сосын өзіміздегі журналистерге, аутсорсингтегі редактор, сценаристерге тараттым. Сол қателіктерден арылуды талап еттім. Кейін арнадағы журналистердің бірі, ұмытпасам, сол кезде «Айтуға оңайдың» продюсері болған Әлия Құдайбергенова осы жазбаларымды фейсбукке салыпты. Басында «неге рұқсат сұрамайсың?» деп ренжідім. Ол: «Басқаларға да пайдасы тисін», – деген соң, мүмкін бұл да дұрыс шығар деп ойладым. Мұхтар аға (Мағауин) жазды ғой «туылған», т.б. сөздер туралы. Соны да қостым. Қазір байқаймын, «баруымыз керекпіз», «сәйкесінше», «болады ма» дегендер әжептәуір азайған сияқты. Әлде де айналысып отырғаным осы шаруа ғой. Эфирге кететін сөздерді жөндеуге келсе, өзім жөндеп беремін. Тіпті нобайға келмесе, аутсорсинг компанияға сауатты ақын-жазушы, журналист қыз-жігіттердің тізі­мін тапсырамын. Өздері келісіп, жаздырып жатады. Солар жазса, жұмысым жеңілдеп, рақаттанып қаламын. Меніңше, радио, те­леарна, сайт, порталдарда тілді жақсы білетін, жанашыр адам отыруы керек. Сол адам жазғыштар мен жүргізушілерден сауатты сөз талап етіп, талмай күресуі керек. Сонда ғана бір нәтиже шығып, сөзіміз түзелуі мүмкін.

Қазір тілдің тазалығы мен сауаттылығы үшін күресіп жүрген жастар бар. Өкініштісі, сөзіміздің бәрі орыс тілінің нашар аудармасы болып барады ғой. Осындай калькамен «соғысып» жүрген Назгүл Қожабек деген қызымыз бар. Сауатты, білімді. Ақын, әдебиетші Батырболат Айтболатұлы, жазушы Арман Әлменбет деген бауырларым да тілімізді жайлап алған қателіктер жайлы пікірлерін фейсбукте ортаға салып отырады. Қуанып қаласың. Мұның бәрі – елге, тілге деген жанашырлық. Дүниеде немқұрайдылықтан қорқынышты нәрсе жоқ.

Маған қазір айналаны су басып кеткендей көрінеді. Өйткені су басқанда жеңіл нәрселер бетіне қалқып шығады да, ауыр дүние түбіне шөгіп, көрінбей қалады. Мәдениетті айтамын. Өйткені қоғамның, мемлекеттің өзегі – мәдениет. «Халықтың жанын ұққың келсе, музыкасын тыңда» деген бар. Қазір орындаушыларына жұрт пұтқа табынғандай табынып жүрген әндер – біздің жанымыздың қандай аянышты, бейшара күйде екендігін көрсетеді. Құрманғазы, Тәттімбеттей әлемдік өредегі күйшісі, Біржан сал, Ақан сері сияқты ғажап әнші-композиторлары бар елдің талғамының осынша құлдырап кеткеніне ішің ашиды. Сенгің келмейді… Бұл туралы режиссер Ермек Тұрсынов тамаша айтыпты. Өткенде интернеттен тыңдадым.

Қазір түсініксіз «жұлдыздар» көп. Теле­жүр­гізушілер, әзілкештер, әншілер, т.б. Атақ-даңқ соларда. Күні-түні көрген соң, балаларымыз ертең солар сияқты болғысы келеді. Қазір кино түсіре салу да, кітап жаза салу да, топтанып, біреуді мақтап немесе даттай салу да оңай. Өзіміз білетін нәрсемен айналыспаймыз. Кері кетуіміздің бір себебі осы, меніңше. Әркім өзінің шамасы келетін жұмыспен айналысып, әркім өз орнында отырса ғой… Менің арманым – осы.

Саян Ақмолда деген керемет күйші, зерттеуші жігіт бар. Әрі еліміздегі ең мықты қобызшы, шертпе күйдің шебері. Жаны таза, өнерге берілген. Ылғи архивте отырады. Уатсабына «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп жазып қойыпты. Музыкалық училищеде сабақ береді. Ешқандай атақ-мансабы жоқ. Байырғы қобызшылардың қобызын тауып алып, ақша іздеп тауып, соны жөндетіп жүреді. Бұрынғы музыканттардың орындаушылық шеберлігін, ерекшелігін зерттейді. Соны балаларға үйретсем дейді. Өз ісіне адал. Осының бәрін парыз санайды. Қайтсем атағымды шығарам, қайтсем ұпай жинап, бір тәуір қызметке тұрам, қайтсем ретін тауып, жоғары жақтың көзіне түсем, қайтсем пайда тауып, байимын деп бас қатырып, қиналмайды. Оған уақыты да жоқ. Сусылдап, көсемсімейді. Осындай жігіттерді дәріптесек қой. Бүгінгінің батыры да, жұлдызы да осындай адамдар болса, әлдеқашан өрге басар ма едік…

– Жақында жазған бір өлеңіңізді оқып берсеңіз?

– Мені ұмытып қалдың ба сен, ей, көктем –

Жерді оятып, жүрегімді сөйлеткен?

Ұмыттың ба жүргенімді желбіреп,

Күн бақыттан тігіп берген көйлекпен?

 

Бір қарашы маған қайта  бұрылып,

Құлайыншы қателесіп, сүрініп.

Тұрайыншы мұз құрсаған орнымнан,

Жылайыншы мен де қайта тіріліп…

 

Өзіңменен өмір кеткен, той кеткен,

Неге мені танымадың, ей, көктем…

Сыртымдағы қабығымды сыдырсаң,

Ішіндегі – сол баяғы бойжеткен…

 

Танымасаң, өзің білші, таныма,

Таласпаймын күн жалатқан тағыңа.

Қол тигізіп жел билеткен жалыңа,

Жақындасам болды сенің жаныңа…

– Әдемі әңгімеңіз үшін көп рақмет!

                                                                                                        Сұхбаттасқан  Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 12.04.2021 | 02:44

«…Сыртымдағы қабығымды сыдырсаң,
ішімдегі- сол баяғы бойжеткен…!

Сізге денсаулық, шабыт жетістіктер тілеймін!!!

Аноним 14.04.2021 | 01:59

Тамаша!

Аноним 21.04.2021 | 11:24

Ғажап! Жаныңыз қандай мөлдір еді. Жазарыңыз көп болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір