«Қазақтың жақұт сөзі жүрегіне ұя салған»
27.11.2015
4228
0

foto-Lushnikova

Надежда Лушникова жайлы бұл пікірді Мұхаң, Мұхтар Әуезов айтқан екен. Ғұмырының көп бөлігін қазақ сөзін қастерлеуге, айтыс өнерін дәріптеуге, қазақ жәдігерлерін жи-настырып, сақтауға арнаған ақынмен тек қана айтыс өнері жайлы кеңінен толғауға да болар еді. Алайда, бүгінгі сұхбатта Надежда Лушникованың жетпіс бес жылғы көрген-білгені, көңілге түйгендері жайлы сыр шертіссек деп едік. Нәтижесі төмендегідей…  

– Надежда апа, сіз өскен орта, сізге қазақы тәрбиені сіңірген шаңырақ, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым…» дегенді үйреткен отбасы туралы сөзбен әңгімемізді бастасақ…
– Құдайға шүкір, отағасы Тұрлыбекпен 45 жыл отастық. Бетіме жел болып тимеді, шәй деспедік, сыйласып өттік. Құдайға тағы да сан мәрте шүкір, қазақ мені осы күні туған құдағиындай құрақ ұшып күтеді. Ол да болса, қазақ жырының ұлағаты, еліміздің сөз сыйлайтын дәстүрі. Құдай берген бала-шаға, немере, шөбере де бар. Үш қызбен қатар ержеткен жалғызымыз – Жәнібекке Көшек бабамыздың моншақтай мөлдіреген Назира есімді қызын алып, Нұрберді мен Арнұрдай немере сүйдім… Бұл – бүгіннің әңгімесі ғой. Бүгінді айтсам, бұрынғы да еске түседі…
«Қу соғысты шақырған, қу жетімек атандық…» деп жазғаным бар еді… Біз Ұлы Отан соғысы өртеңінен өндік. Жетісудың жеті өзені басталатын Алатаудың етегіндегі Үшқоңыр жайлауында дүниеге келіппін. Шамалғанның тау шатқалындағы «Шұбаратта» балалығым өтті. Ол кезде бұралаң жолмен тауға көтерілетін ауызда малшылардың шағын ғана шоғыры отыратын…
Атам – Герасим Лушников. Баяғыда болған оқиға ғой, әжеміз Агафия қалтасының түбін қағып, соңғы ақшасын атамыз Герасимге беріп, базарға нанға жұмсаған екен. Ол кісі базарды ары аралап, бері аралап, уысындағы бар ақшаға 1907 жылы шыққан, Гордий Саблуков орысшаға аударған Құран кітабын сатып әкеліпті. Өзі «Інжілді» жетік білген кісі екен. Сол Құран кітабы қазір менде. Бір бетін бүлдірмей, тап-таза сақтап отырмын. Бала күнімнен қазақ арасында жүргендіктен, дархан елдің тілін, ділін ғана емес, дәстүрін де жетік біліп өстім. Қазақстанға Сібірдің Кяхта деген жерінен қоныс аударған бабаларым туралы көп айтуға болатын шығар. Білетінім – байырғы заманнан үшінші гильдия көпестері болған олар 1922 жылы Алматыда алғашқы шай фабрикасын ашқандардың бірі екен. Ата-бабалардан жалғасқан жолды сұрапыл соғыс шайып жіберді. Әкем Андрей соғыстан оралмапты. Біз – соғыспен жағаласа туған ұрпақпыз. Майданға кеткен әкелердің бір-бір көзіміз. Менің өмірім соғыстың ауыр да азапты жылдарын кешкен осы елмен етене…
Шешем Ирина Иосифовна – Үшқоңыр биокомбинатында жұмыс істеді. Бала күнгі естеліктерімді айта отырайын, анам жұмысқа кеткенде Рақыш Ботамбаев атамыздың үлкен шаңырағында қалатын едім. Бұл үйдің кіші баласы – Сайлаумен түйдей құрдаспын. Сайлаудың анасы– Шәлі апам екеуімізді егіз емізіп, еркелетіп бақты. Өзі де анаммен дос-жар, сырлас еді. Өмірлерінің соңына дейін бір-бірінің қадірін біліп, сыйласып өтті. Бала күнгі естеліктерімде Зура апам да жадымда жақсы сақталған. Соғыс кезіндегі, соғыстан соңғы ауылдың көңілсіздеу күндерінде жанымызды жылытып, ертегі айтып, ән салып, жұбатып жүруші еді. Тентектік жасасақ, «Шоң әже Тәтебала келе жатыр» деп қорқытатын. Жүзден асып өмірден озды жарықтық. Зура апам да, сіңлісі Шәлі апам да – қырғыз қыздары еді. Соғыстың сүреңсіз жылдарының өзінде дастархандары жиылмайтын, жоқтан бар жасап жүретін кеңқолтық жандар ғой. Естіп-білуімше, Рақыш атам мен Шәлі шешеміз өз кезінде жұптары жарасқан Әбіш пен Әлжанның өкіл әке-шешесі болыпты. Ал аты аталғанда зәреміз қалмайтын Шоң әже – Нұрсұлтандай азаматтың туған әжесі. Шоң әжеміз туралы жылы-жылы естеліктер өте көп. Шоң әже мені тікелей келген ажалдан да арашалап алған жайы бар: өз шешем бірде Желдісайды жағалап, отындық ағаш шауып әкелуге шығыпты. Мен жолай жылап, күре жолдың қақ ортасындағы топырақта қалсам керек. Шешем анда-санда дауыстап шақырса, «Ерке» дейді екенмін, сосын шалықтап кеп күле беріппін. Бұған не болды деп келіп қараса – бір құлаштай абжылан мені шыркөбелек айналып жүрген көрінеді. Ал мен қақ ортада, шалықтап кеп күле беріппін. Анам үлкендерге жүгіреді. Шоң апаның: «Балаға көлеңкелеріңді түсірмей, жыл­дам жұлып алындар!» – де­ген кеңесімен жыланның арбап, шағуынан құтылыппын…
«Шұбаратта» отырған бар шаңырақ, кейінірек Бірінші Май ауылына бірге көтеріле көштік.
Сол ауылдан мектепке барған біздің маңдайды Жәкемнің көзін көрген талай жандардың алақаны сипады. Соғыстың өтеуіне аяғын, қолын беріп келгендер де, дін аман оралғандар да, соғыста қыршын кеткендердің соңында қалған кемпір-шал, жесірлердің, жетімектердің жүректерінде шемен боп қатқан жарасының жеңіл емесін ұғатын. Осылайша біздерге әкелер жеткізе алмаған жылуды, олар маңдайымыздан аялай сипап жеткізуші еді. Соғыстан кейінгі ұрпақтың тым мейірімді болғаны, көпшіл келетіні, шүкірін ұмытпайтыны – талай ананың, талай әкенің сорғалап аққан көз жасын көргендігінен шығар. Соғыстан кейінгі ұрпақтың көп нәрсеге үнсіз көне беретіні – соғыс жандарын жаралаған адамдардың соншалықты зор қайғыны да үнсіз көтеріп, жанарларынан таусылмайтын жастарын үнсіз жұтқанына куә болғандығынан ба деймін. Соғыстан кейінгі ұрпақтың әңгіме-жырға жақын келетіні – соғыстағы жарына, әкесіне арнап шығарған жырларды тыңдай-тыңдай, құлағына құйып, жаттап алғандығынан болар…
Мен өскен орта осындай еді, қарағым…
– Демек, өлеңді де бала кезіңізден жаза бастадыңыз…
– Бала күнгі өлең бір бөлек қой. Жазуын жаздық. Ал бойжеткен шағымда, өзімше үлкен азамат боп жазған өлеңіме батасын алғаш берген ірі ақын – марқұм Асқар Тоқмағамбетов еді. Бұл бата – қолыма домбыра ұстап, айтысқа шығуыма үлкен демеу болды. Ал қаламымнан төгілген тұңғыш жырымды Мұхтар Әуезовтей заңғардың алдында оқыдым. 1961 жылдың көктемі еді. Қазақстан жазушыларының пленумы КазГУ-дың ескі ғимаратында өтіп жатты. Жаныма ғалым Мүсілім Базарбаев келді де: «Әуезов шақырады, төрге оз», – деп президиумдағы үлкен кісінің жанына ертіп апарды. Мұхаң аялы мөлдір қара көзімен жүзіме барлай қарап, сыбырлай амандасты да: «Қарлығаштай ғана орыс қызының жүрегіне, қазақтың жақұт сөзі қалай ғана қонып, әдемі ұя салған», – деп таңқалған еді. 1963 жылы шыққан «Елім менің» деген тұңғыш кітабыма Жұмекен Нәжімеденов редактор болды. Ол кісі менің қазақша өлеңімді оқып-оқып алады да, бір кезде: «Әй, орыстың қызы, жүрші үйге шәй ішіп келейік», – дейтін. Осы өмірімде қазақтың талай-талай сайыпқыран қаламгерлерімен сыйлас, дәмдес болдым. Қай-қайсысының да жырларыма деген жүрекжарды тілектері жадымда, олардың бұл пікірлері мен үшін құнды, қадірлі.
– Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында» орыс қызы Надежда Лушникованың Шымкентте өткен Оңтүстік өлкелік айтысында топ жарып, жүлдеге батыр Баукеңнің алтын сағат сыйлағаны туралы айтылады…
– 1964 жыл ғой. Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облысы ақындарының айтысы Шымкент қаласында өтті. Қызылордада оқып жүрген мен айтысқа осы өңірден қатыстым. Айтысқа халық өте көп келді. Отыратын орын тимегендер қабырғаны жағалай тікесінен тік тұрып тамашалады. Төрелік етуге, онымен қоса айтысты көруге Қазақстан Жазушылар одағынан да бірталай қаламгерлер арнайы келіпті. Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облысы ақындарының айтысы аяқталғаннан кейін, бірден, сол арада қалың қауымның алдында әділқазы­лар­дың қорытындысы шығарылып, ақын­дарға жүлде үлестірілді. Біреулер кілем алды, біреулер шапан киді. Айтыстың қазылар алқасын басқарған Әбділда Тәжібаев менің атымды атап, ер адам­дардың «Маяк» атты қол сағатын ұсынды. Осы кезде залдың алдыңғы қатарында отырған Бауыржан атамыздың қаһарлы үні саңқ ете түсті. «Надя бұл сағатты алмайды! – деді ол кісі. – Менің ана тілімде асыл сөздер ақтарып, жұрттың жүрегін тербеген мынау шүйкедей сары қыз! Сенің тіліңді біліп, жай сөзіңді сөйлей беретін орыс, неміс, өзбек, шешен, қырғыз толып жатыр. Бірақ сенің өнер тіліңді өз тілінен артық білетін осы Надядан басқа кімді көрдің, айтшы, кәне? Кешегі Мариям Жәгөрқызының жөні бір басқа. Дәл бүгінгі бас бәйге біздің тілімізде бұлбұлдай сайраған осынау кішкентай қызға берілуі тиіс!..». Сөйтіп, Бауыржан ағам маған жүлдеге берілген ер кісілердің сағатын алдырмады. Сыйлық үлестіріліп болғаннан кейін Бауыржан аға, әйелі Кәмәш екеуі мені орталарына алып, ювелир магазиніне барды. Апай екеуі таңдап жүріп «Лира» маркалы алтын сағатты сатып алды да, Бауыржан аға зергерге апарып, оның қақпағына: «Надя, шеберлігің үшін. Б.Момышұлы. 25.02.1964 ж.»  деген сөз жаздыртты. Сағатты беріп тұрып: «Мұны саған Бауыржанның бергені деме, адал жүрек, асыл өнерің үшін саған қазақ халқының сыйлағаны деп біл, игілігіңе тақ, қарағым…», – деді Бауыржан аға.
– Ол сағат қазір сақталған ба?
– Ол алтын сағат бүгіндері халық ақыны Үмбетәлі Кәрібайұлы мұражайының баға жетпес жәдігері қатарында тұр.
– Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібайұлы мұражайының ашылуы, жабдықталуы мәселесінің басы-қасында болғаныңызды білеміз. Жаңа мұражайды жасақтау ісі біраз әуре-сарсаңға салған шығар?
– Алматы облысы, Жамбыл ауданының «Бай Киров» ауылына келін боп түскен кезімде бетімді ашқан әйгілі халық ақыны – Үмбетәлі Кәрібаев еді.
1984 жылдың маусымында өткен Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы М.Әуезов атындағы драма театрында қатарынан үш күн салтанатқа ұласты. Қызықты да, қызырлы той болды. Кенекеңнің замандасы, өнердегі досы, сыйласы Үмбетәлі де ақындардың аузынан түспеді. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының идеология жөніндегі орынбасарлығына жаңа келіп жайғасқан беті еді.
Өнерге жанашырлықпен қарайтын аудандағы игі жақ­сылардың аманат сөзін, яғни Үмбетәлі ақындай Жамбылдың ұлағатты шәкіртіне музей ашу туралы пікір-тілектерін жеткізу маған жүктелді. Қапысын тауып, кеңсесіне бардым. Үмбетәлі ақын жайында жазылған қомақты мәліметтерді қалдырдым. Той өтісімен бір-ақ апта ішінде Өзбекәлі ағамыз шақыртты да:
– Үмбетәлі музейі Жамбыл музейінің бөлімі болып ашылады. «Бетімді Үмбекең ашты, келін болып түскенімде», – дегенің рас болса, өзің бас болып музейін аш, төрт штат қызметкер беріледі, – деді.
Үйге келіп  енеммен ақылдастым: жұмыстың жауапкершілігінің ауыр екенін айттым, жалақысының да мектепте алатын айлығымнан аздау екенін тілге тиек еттім. Енем: «Жалақысы аз дейді… Алтын ішсең де, баратын жер – бір. Ойланып-толғанатын түгі жоқ. Дулат – Айқымдардың баршасының өлмес ескерткіш мұражайы ол, тартынба!», – деді дем беріп.
Сонымен, 1984 жылдың 11 қыр­күйе­гінде ақын атамыздың атындағы мұражай босағасын оң аяқпен аттап, директорлық тізгінді қолға алдым. Кіші әпкеміз Дәмегүлдің үйіндегі қосағы Сейілбай Мұсабеков пен Өздекең бірер сағат әңгімелесті де, қолыма Үмбетәлі Кәрібаевтың отыз екі затын, кітабын, киім-кешегін тізімдеген қағаз берді. «Міне, музейің осыдан басталады. 40 жастан жаңа ғана астың, өлең сөздің жүйрігі Үмбетәлімен бес жылдан аса уақыт араластың, тұрмыс-тіршілігімен қанықсың. Екі бөлмелі үйін жөндеп ал да, еңбек ет. Ал, ақ жол!», – деді. Мәдениет саласында жүргендер қайтадан ақылдаса келе, музей салмаса болмайды дегенге тоқтадық. Сөйтіп, уақыт өте келе музей жұмысын жандандыра түстік. Ол жұмыстың бүгінгі таңда қалай болғанын, сол музейдің жәдігерлерін өз қолымен ұстап, көзімен көргендер толықтыра жатар…
– Талай жыл айтысқа шықтыңыз, жер таныдыңыз, елдің мұңын білдіңіз. Осы күні біздің қоғамда не кемшін деп ойлайсыз?
– Осы күні тіл туралы әңгіме бастасаң, біреулер шоршып шыға келеді, енді бірі жалықтық қой дегендей бей-жай тыңдайтын болып алыпты. Меніңше, тіл мәселесі әрдайым күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Айқап» журналының 1913 жылғы №13 санының 8 бетінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мақаласы бар: «Көңілді түзейтін машина – өлең, жыр. Ол машинаның тетігін біліп сайратып, естігендердің аузынан суын ағызып, көңілінің уын шығаратын кімдер? Ол неше түрлі әуез білетін әншілер, жыршылар. Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады. Сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып, отқа жаққыларың келмесе, әнді, жырды сақтаудың қамын қылыңдар». Айналайын, қазақты қазақ ететін – тілі. Ол тіл қазақтың әні, жыры арқылы құлаққа сіңеді. Осы күні сол ән мен жырды тыңдайтын құлақ азайып бара жатқандай. Соның азаймауы үшін еңбектенейік. Ұлттық идея – көздің қарашығы. Өнерлінің көші – көңіл көтеруге, ел іргесін бекітуге арналсын. Қазақтың өзі ұзақ жасауы үшін оның өнері де ұзақ жасауы керек екен. Оның жыры, өлеңі, сөзі ұмытылмауы тиіс. Менің түйгенім осы.
– Әңгімеңізге рахмет! 
Әңгімелескен 
Қарагөз Сімәділ.

АҚЫНДА БАТЫР ЖҮРЕК БАР…
 
Жетпіс бес
Жетпіс бес! Үш жиырма бес секілдісің,
Жәкеңнің  жасы  дегіз ендігісін.
Көз, құлақ, аяқ аман кенеулімін,
Сыр берген  селеу шаш пен селдір тісім.
Үш жайдың –  жиырма бестің  кенересін,
Жүректің жырлатқандай  сыр пернесін.
Көктем мен  жазда алған құрт, майдайсың,
Тағдырым татымды бір жыр бергесін.
Пырақпен  ақын шарлар Ай барып кеп,
Өлеңді тұмар еттің, тәбәрік деп.
Ел-жұртым, өздеріңмен  өткен әр сәт,
Құбылсын  қыр гүліндей  жайқалып  тек!
Тобында жүрмін Жәкеңнің
Өнерді ұштап өрмелеп
Қайнардай қайнап бал дәурен,
Тобында жүрдім Жәкеңнің
Көзін көрген салдармен.
Үмбетәлі, Есдәулет,
Мұқаш, Манап көмбе-кен.
Кеудеден асыл ақтарған
Солардай қазына кемде-кем.
Құдайым төрде жүргізді
Тулаған теңіз жалдармен.
Риза ғып халқын жыр шашқан,
Хантәңір шыңдай жандармен.
Хан қысылса жөн сұрар
Ақыннан кемел ақылы.
Қылыштай жырды сілтедім
Баукеңнің дарып батасы.
Өлеңдей шексіз өлкенің
Желбіреттім байрағын.
Аламан бәйге айтыста
Жырымды шыңлап қайырдым.
Қиып түсер алмастай
Шумақ-шумақ от өрдім.
Алатаулық қырандай
Қарсы ақынды бөктердім.
Жыр қазынасын іздесең,
Жетісу – алтын қорықтай.
Ақында батыр жүрек бар
Шындықты айтқан қорықпай.
Балалы үйдей базар ол,
Жатпайтын бұғып өтірігің.
Ән, жыр, күйсіз өткізген
Қайтпекші күннің көптігін.
***
Қазақ хандығының 
550 жылдығына арнаймын
Әр күнім атқан иіп, батқан иіп,
Сүйінбай, Жамбыл жырдай бар ма биік?!
Батыр мен ақындардың жалғасымыз,
Жүретін төбемізді аспан сүйіп.
Аруағы риза бізге Нар Хандардың,
Сыйлаған жанын, Жер, тіл – дархандардың.
Ғасырлап қан жұтумен көшін бастап,
Талайын үзген керме арқандардың.
Сұмдығы аума-төкпе замандарда,
Бөрілі байрақ болды қалқан арға!
Арқасы батыр Ұл мен батыл қыздың,
Жүз жылдап тарих тартқан аман арба.
Тіріліп Бабаларым күншуақты,
Жалғады өмір атты нән кітапты.
Найзаның ұшы болған ұрпақтары,
Аңсаған азаттықтың дәмін татты.
Ту тікті тұсымызда нағыз Хандық,
Өзім би, өзім қожа – жоқ жалғандық.
Шекара,  нәсібім бар, беделдімін,
Осы ғой қыл шылбырдан құтылғандық.
Жүректі  алаулатты, күмбірлетті,
Тәуелсіз Қазақстаным құдіретті.
Елбасы  алып өтті қыл көпірден,
Бірлік пен ынтымаққа бұрдық бетті.
Шүкір-ау, ерекшеміз күллі жұрттан,
Құралдық қыр гүліндей түрлі ұлттан.
Кеудеге жаз орнатып, гүл жайнатып,
Күн шықты масайратып күліп бұлттан.
«Сіз»  бен «Біз» адамзатты жүз жасатқан,
Асаудай дүниені жуасытқан,
Алла мен  Аруақ сыншы аламанда,
Ел Қазақ шаң қаптырмай ұзап шыққан.
Ай-жылын қос биліктің осып желдім,
Жонымды ызғарына қосып желдің.
Қорғаштап қызғыш құсша, таң-кешімді,
Көтердім шашбауларын осы елдің.
Осы ел, өніп-көктеп көгергенім,
Осы ел, ұлан-асыр той дегенім.
Ауылда бесік жырмен ауыздандым,
Сол жыр ғой, асылым деп өңгергенім.
Сәлем ал туыстарым, көзкөргенім,
Ыстықсың тұңғышымдай кез келгенің.
Қолпашпен, нұрын сепкен ақ ниетпен,
Иә жоқтық, иә жамандық сезбегенім.
Топыраққа балам туған басымды идім,
Жұртымның, келін болған, салтын сүйдім.
Сағыныш, қуанышым ұя салған,
Табындым мекеніне Жамбыл  жырдың.
Болсын деп жыр көгінде зор құлашың,
Берді өзі Қазақ атам домбырасын.
О, дала, жомарт дала гүл бағыңа,
Сен әлі сан бұлбұлды қондырарсың.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір