БАЛАЛАРДЫҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҚОЙЫЛЫМ
28.02.2023
443
0

Ағымдағы жылдың 31 қаңтар күні Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры Г.К.Андерсеннің «Дюймовочка» ертегісінің желісі бойынша «Рәнагүл» спектаклін сахналады. Режиссер Дилмұрат Жанбақиев пен суретші Рүстәм Мұсаев шығарманың мәнін ашатын декорациямен, әртүрлі үлгідегі костюмдері жарасым тапқан актерлердің күлкілі іс-әрекеттерімен балдырғандарды елітіп әкетті. Ән-думанға негізделіп, музыкамен, бимен әрленген спектакльден Г.К.Андерсен сұлу, нәзік әрі ақылды деп сипаттаған Түймеқыздың, яғни Рәнагүлдің әдемі сахналық бейнесін көрдік. Бұл рөлдегі Эльмира Дамоллаеваның қызғылт түсті көйлегіне сай келген көркі мен нәзік үні, әрбір қимылы ертегідегі кіп-кішкентай ғана сүйкімді қызды көз алдымызға алып келді.
Спектакльдегі актерлардың костюмдері олардың өздері бейнелеп жүрген кейіпкерлерге сәйкес пішіліпті. Мысалы, ертегідегі үнемі барқыт тонын киіп жүретін, бай әрі білімді көртышқанның дәл шығармада суреттелгендей киім үлгісі, оның көзі көрмейтіндігінің белгісі ретінде маңдайына қол шам тағып алуы өте жарасымды әрі қисынды. Ал екі бақаның: «Тамақ жейміз, ұйықтаймыз», – деген сөздері арқылы жас жеткіншектерді болашақта жақсы тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізетін әдеттерден жирендіріп, тойымсыздық пен ұйқышылдықтың адам өміріне зияны көп екенін байқатады. Сондай-ақ суықта қалып, әл-дәрмені кеткен қарлығашқа жылулық беріп, қол ұшын созуға көрерменді шақырған Рәнагүлдің әрекеті сол балалардың бойына жанашырлық қасиетін ұялатуға ықпалын тигізеді. Осы тұстағы Рәнагүл – Э.Дамоллаеваның айтқанын қайталап, қасиетті құсқа көмектесуге ұмтылған бала көңілдің бойынан тазалықты, шынайылықты, мейірімділікті байқағандай болдық. Актрисаның: «Балалар, мейірімдеріңе рақмет!» – деген сөзі сол көріністі одан әрі жандандыра түсті.
Д.Жанбақиевтің бүгінгі балалардың жас ерекшеліктеріне сай шығармалардың жазылу жағынан да, қойылу жағынан да ақсап тұрған уақытта бала көрерменнің театрға деген қызығушылығын оятатын көріністерді заманауи бағытта әрлеуін айтарлықтай жетістік деп санаймыз. Мысалы, режиссердің «Tik-tok» желісінде қолданылып жүрген әндер мен би қимылдарын ертегі кейіпкерлеріне (яғни, актерларға) орындатуы ұтымды шешім болды. Қазіргі таңда жас буынның барлығы дерлік заман ағымына сай әлеуметтік желіні пайдаланатыны белгілі. Техника мен технология күн сайын дамып, оны қолдану қоғамның ажырамас дағдысына айналғанымен, мұның балалардың психологиясына кері әсер етіп жатқаны да жасырын емес. Сенсорлы телефонға тәуелділік олардың көру, есте сақтау қабілеттерінің нашарлап, оқуға деген ынталарының төмендеуіне алып келіп жатыр. Ал Д.Жанбақиевтің сол мәселені сахнаға шығару арқылы жас көрерменнің санасына жаңашылдықтың, қызықты оқиғалар мен өлеңдердің тек ғаламторда ғана емес екенін түсіндіруі – режиссер шешімінің ұтымды қыры. Режиссердің мұндай әдісін спектакльді үнсіз отырып, қызығып тамашалаған балалар аса құштарлықпен қабылдады. Олар рөл орындаушылардың әрбір сөзіне құлақ асып, олармен бірге ертегі әлеміне еніп кеткендей күй кешті. Жалпы ертегідегі түрлі мінездегі кейіпкерлердің тартысын ашық көрсете отырып, мейірімді, адалдықты, достықты насихаттаған режиссердің жұмысын жоғары бағалаймыз.

Мақпал АБДУЖАББАРОВА,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының 2 курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір