Батырхан Сәрсенхан. Сіз өткен жол – басқа жол…
07.04.2021
972
2

Сіз жайлы тым ертерек қазанама жазып отыруды ойлап па едік, жан аға?.. Өмірде жоқ екеніңізге сене алмастан неше күндер, неше түндер өтті. «Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып» деуші еді. Өмірдің мәні мен мазмұны неде? Кісілік пен кішіліктің айырмасы не? Жалғанда біз білмейтін дүниелерді бізге кім түсіндіріп береді? Адамдар неге бір-бірінің жанына үңілуден қалып барады? Неге адамның мұңайғаны, көз жасы, күрсінгені біреулерге жай ғана нәрсе көрінеді? Мұң неге түссіз? Ес біліп, етек жиып осы сұраудың бәрін өзіңізге қояр тұста, бұл дүниеде жоқ екеніңізді сезіну қандай ауыр еді.

Бүгін таңертең өмір сонша қайғылы, кейіпсіз көрінді. Әншейінде әйнек алдында жымиып тұрған ағаштар әженің адыр-адыр саусағындай білеуленіп кетіпті. Сын­ған айнадан жартылай күңгірт дала, жар­тылай терезенің жақтауы көрінеді. Әлсіз ғана бөлмеге түскен жарық кісінің көңіл-күйін төмен түсіре береді, түсіре береді. Адамның көзі бес мыңға жуық түсті ажырата алса, бүгін табиғат, заттар, ауа бәрі де бір ғана түске ауысқан секілді. Бір ғана сұр түске.

***

2013 жылдың жаймашуақ жаз айы ыстық тартты. Атырапта ауаның дірілдеп тұрғаны көзге анық көрінеді. Дүние баяу дауыспен сыңсыған ән салып тұрғандай. Сол бір күндер ең аяулы уақыт-тын. Ба­ла күннен арман болған Алматыға сапар шеккелі тұрдық. Алматы… Ол жер­де тек ақындар ғана бар. Олар көшеде ж­а­рыса өлең оқиды… Әнебір жерде Мең­тай, мына жерде Бәтес пен Бүркіт, мы­на тұс­та Назира мен Тоқтар, Қар қызы, «қыз бол­саңыз сұлусыз ба?» деп сұрай­тын шо­пыр жігіт пен Әсел. XX ғасыр­дың елесі санамызды тұмшалап, өзіне бағын­дырып алғалы қашан. Ескілеу автобусқа отырар тұста Түркістанда бірге оқитын ақкербез қалқамен кезігіп қалып, арман сапарына бірге аттанғанымыз-ай. Сезіну түйсіктерім одан әрі ашылып, аңсар мен бұла қайнар кеудемде шалқыды.

Алматыдан ұстазым күтіп алды, Мұқа­ға­ли ауылына апарды. Қайтар жолда қай­­рылып Аманхан ағаға соғуға бей­іл ауды. Ерте кезден кітаптарын оқып, басылымдардан жиі көретін аға­ның дидарын көруге асықтым.

Бөл­меге кіріп келгенде әлдебір жазбаларға мұрын­ға түскен көзілдірік үстінен із кес­кен аңшыдай шүйіліп отыр екен. Бұ­рыннан танитын адамындай және өмірде жалғыз ғана бізді күтіп отырғандай қауқылдаса амандасты. Орталарда талай-талай оқып жүрген өлеңін ақынның өзіне жатқа оқып бердім.

Қас пен көздің, бауырым, арасында,

Асқақ кеуде, соңына қарасын ба?

Көзім кетіп барады бұрымында,

Өзім кетіп барамын санасында.

 

Жаулап алған жанымды талма кеште,

Керемет күн кешегі қалмады есте.

Ерінім кетіп барады ерінінде,

Жайқалады шаттығым алма төсте.

 

Кеш ұғынған қадірін, тірегім бе?

Сол қыз қазір мұратым, тілегім де.

Көзім кетіп барады бұрымында,

Өзім кетіп барамын жүрегінде.

Ағам аздап қопаңдап қалды да, әкелген өлеңдеріме үңілді. Көзілдірігі мұрынға, тіпті мұртқа түсіп кеткенше үңілгені-ай. Не айтар? Әр секунд мың жылға созылды. Мінезі кейде дауыл, кейде шорт кесер ақын «тәйт!» десе не боламын? Іштей үміт пен уайым арпалысқан сәт. «Жақсы екен», – деді бірде. Бір ғана сөз. Ғұмырда мұнан өзге ештеңе де керек емес еді ғой, бауырлар!

***

Содан бері Аманхан аға қоңырау соғып тұрды. Әр қоңыраулатқаны біз үшін мереке. «Сендер білмейсіңдер» деп басталатын ұзын-сонар сөзі бүкіл орыс классиктерімен басталып, қара өлеңнің құдіретімен аяқталады. Тыңдап қана отыруға болады. Ара-тұра аздаған біліміңді көрсеткің келіп сөзге араласа жөнелсең, одан ешбір қайыр жоғы белгілі. Тек тыңдау. Сөздің ортасы не бітпеген бір жеріне келгенде: «Жақсы онда», – дейді де, телефонды қоя салады. Мұның өзі он сегіз жасар балаға орасан зор үміт пен қанат.

***

Көлік жүйткіп келеді. Шұбатылған жол соңымызда қалып барады. Бағытымыз – Қарасаз ауылы. Қасымда – Аманхан аға. Ол кісі көліктің алдыңғы орнына, мен болсам соңына жайғастым. Қолымда – Мұқағали ақын ескерткішіне қойылатын бір шоқ гүл. Иісі мұрын жарады.

Жол­ қысқарсын деді ме, Аманхан аға әңгімесін бастап жіберді:

– Е­кі жыл бұрын Мұқағалидың тойына келгенбіз. Онда қасымда Маралтай болатын. Кешке Қарасазға келіп қо­нып, ертесіне асықпай мәжілістерге қа­тысып, кешінде болғамыз…

Таң­ғы алтылар шамасында Алматы артта қалып, бозарған уыз таң шапағымен белгісіз ауылдардың сұлбасы көріне бастады. Енді бірде көгілдір көл үстінен тау қалықтайды. Бұлттар көшпелі маусымдардай.

– Мы­на жолды қарашы, – дейді, – тура жүре берсең таудың басына шығатын секілдісің. Қойын дәптерін алып, бір-екі қатар өлең шумақтарын түртіп қойды. Бірде шоқыларға қарап ұзақ ойға батады.

– Өлең деген көрінбейтін сағым емес! Міне, осылар! – дейді. Сол кеште аға бума жібін сөгіп жіберген бидай қабындай ақтарылып, шешіліп әңгіме өрбітті. Мұқағали ағасы жайлы естеліктер легін жаудырды. Қабағында әлдебір мұң бар секілді сезілді. Ауыл әкімі, рухани мәдениеті жоғары (былтыр індеттен қаза болған) Жолан Омаров ақынның асты-үстіне түсіп, жарқырай күліп отырды. Мәскеуде оқыған жылдарынан сыр суыртпақтап, киіктей зымыраған, ай-хай, ескі кезеңнен емірене сөз қозғағанда Қарасаз ауыл жастары шешіліп кетіп, ағаға өлең оқып беруге асықты. Әрбір жасқа жеке тоқталып, өлең техникасы, ішкі үйлесімі, ырғағы жөнінде де біршама ойлар айтты. Сапардан қайтар жолдың қызығы бір хикая. Көңілденіп, мамыражай кештен соң ағаға әр сөзді бір айтып, әзілдеп келемін. «Мына ақынды сынағаныңыз дұрыс емес, сіз оның мына кітабын оқып көріңізші», – деп қоймаймын баяғы. Бірде ағам қызбаланып кетіп: «Шіркін-ай, жас кезімде кездескеніңде ғой, өзіңді бір соғып, сабап алар едім!» – дейді. Тоқтайтын біз бе, одан сайын жүйткіп, әр тақырыптың басын бір қайырамын. Бір мезетте көлікті тоқтатты. Іштен тынып қалдым. Аздаған үнсіздіктен соң, бойдағы ерке күйдің тоғаны қопарылғандай құшақтаса келіп күліскеніміз-ай.

***

Ақын өмірінің соңына қарай газет редакциясына келіп, «Реквием» атты өлеңіне көп үңілді. Қателерін қайта-қайта тексеріп: «Бұндай шығарманы әлі ешкім жазған жоқ», – деді. Әрине, жазған жоқ қой. Ыждаһатты, бала сынды мәз-майрам ақын көңілі – көптен күткен сәбиін дүниеге әкелген ананың жүзіндей нұрлы, мейірбан тартты. Редакция алқасын жинап дастархан жайды. Дастархан үстінде бұрынғыдан өзгеше аусар көңілмен кеңк-кеңк күліп, әрбірімізге жеке-жеке көз қадады.

…Күллі қазақтың белін қайыстарған Желтоқсан оқиғасы, Жаңаөзен хақында шер төккен реквиемді бүгін қайта оқып отырып мүлде басқа қырынан көремін. Апыр-ай, қалай байқамағанбыз? Ақын бұл жырда өзінің соңғы сөзін, қоштасу хатын қалдырғандай екен-ау! Қаралықшы:

Сабыры – ұстам,

Қабірстан, –

Желді күзгі.

Елес қалар,

Кім еске алар, –

Енді, бізді?!

Мұнда қуық,

Сыртта суық, –

Емес пе екен?

Талай нала,

Қалай ғана, –

Елес, көкем?!

Ішін тартып,

Күнә артып, –

Тұр-ау жел де.

Құсты мекен,

Түсті ме екен, –

Қырау көлге?!

…Кешкі жел, ә,!

Ескі мола, –

Елес қалар,

Кім еске алар, –

Енді, бізді?!

Сізді енді біз еске алатын боламыз, аға! Поэзияға адалдық пен асқақ ақындық болмыстың үлгісіндей бейнеңіз санамыздан өшпек емес, сөнбейді де. Ғұмырдан саудагер де, қойшы да, бай-манап пен бектер де өтті, бірақ сіз өткен жол – басқа жол. Сара жол, сардар жол. Мына абың-күбің тірлік сіздің бір сәт ғайып сәулесімен құшақтаса ойға батқан сәтіңіздің тырнағына тұрмайды! Мамырласа қиқуласып тырна көшер, үзіліп жапырақ түсер, жұлдыздар астында бөтен ғашықтар сыр айтар, сол сәттің бәрінде сіз барсыз! Мүмкін әртүрлі техникалық құрылғы ойлап табылар, мүмкін адамзат Марстан үй салар, бірақ ешқайсысы сіздегі құс қауырсынындай нәзік жүректі қайта мүсіндей алмас! Мына біз, тіпті, мүмкін еместің бәріне сенеміз ғой, бірақ сізді өмірде жоқ дегенге, өз басым, әлі сенбеймін…

 

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.04.2021 | 10:03

Өте шынайы жазылған екен, марқұм Аманхан ағамыздың бір үзік асыл болмысын үздік етіп прозалық поэтикамен төгілдіріпті.

Аноним 16.04.2021 | 11:02

Аманхан, ағамыздың, жаны жаннатта болғай, білімі кенен, көңілі дархан еді. Жас ақындарға қамқор, мейірлі еді. Оның мәрт көңілі естен шықпайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір