Азамат НҰРМҰХАН. СУРЕТІҢЕ ҰЗАААҚ ҚАРАП ЖАТЫРМЫН…
05.04.2021
860
0

Жамантас

 Тігіліп, киіз үйлер – алты қанат,

Жамантас жарқырайды, алтын алап.

Болдырып мінген аты аялдаған,

Адамның жолаушы алды, арты қонақ.

 

Желіге құлын байлап, бие сауып,

Күбіде піседі оны иесі ауық.

Ұсынса бал қымызын қонағына,

Қызарар кесеге ерін тие салып.

 

Туғанда Тамыз айы, тербеліп күн,

Жөргекті  босатуды жөн көріппін.

Толғатып екі күндей асыл  анам,

Жарыққа  Жамантаста  мен  келіппін.

 

Жамантас –  жайлау аты,

Тасы ерекше,

Аспанның онда төккен жасы ерекше.

Табиғат барын берер, ерке ескен,

Самалдың маңдайыңды әсері өпсе.

 

Тастарды тарай тамған тамшылардың,

Талдаусыз тағдырына ем сұрар кім?

Өмірге келген осы Жамантаста,

Ең  соңғы ақын мына,

Мен шығармын..!

***

Тәтті қиял кеткенде таңға сіңіп,

Тәтті арманнан түн ұйқым алды ашылып.

Түршіккенде жарылса бүршік кеуде,

Тағат таппай тұрамын тауға асығып!

 

Маңдайымнан сыйпаса самалы ескен,

Білтелі үміт тұтанып жанады өшкен.

Тау қадірін біле ме тауда тумай,

Қабатты үйдің баласы қалада өскен?!

 

Міні басым мұң артып талғанда иық,

Көз алдымда кетсе де жалған күйіп,

Тарау-тарау жолымнан адастырмас,

Ай тұмарлы арманым  таудан биік.

 

Мазаласа жаныңды жалғанда елең,

Шабыт қонып қаламнан жауған ба өлең?

Арғымағы арманның мөңкіп кетіп,

Құлатпаса болғаны таудан төмен.

 

Тәтті қиял кеткенде таңға сіңіп,

Тәтті арманнан түн ұйқым алды ашылып.

Таңырқамай биіктен қарашы бір,

Төмендегі тірлікке тауға шығып…

Адам көзімен!

 

 

Миялы өлең

 Иә, менің,  

Өлең ішім, егістік миялы егін.

Шырмауығы гүлденіп тербеледі,

Кеңістіктің көркейтіп қия белін…

 

Егістігім,

Самалына тербелген жер үстінің.

Жанарыма қаяу-мұң түсе қалса,

Күнгейіне күйдірер терістігін.

 

Миялысы,

Кермек татқан көк шалғын қиял іші.

Жалбыз болып жанымды жазбаса да,

Мен үшін ол, желектің зиялысы…

 

Егін өлең,

Ақиқаттың жете алмай шегіне мен,

Шырқырадым, не таптым шындықты іздеп?

Сылқ-сылқ күліп жалған тұр жерімеген.

 

Ішімде мұң,

Баспай алға қойғанда ісім менің,

Миялы өлең жанымды жегідей жеп,

Маза бермей жатады түсінгенім!..

 

Бозторғай

 Шырылдайсың шаршамай,

Шырылыңды ұғар кім?

Қарғалардан болшы абай,

Бәсі басым бұлардың.

О, бозторғай, бозторғай!

 

Бұлбұл неге жылайды?

Қарлығаш та көңілсіз.

Қолдамайды Құмайды,

Қырандардың көбі үнсіз.

О, бозторғай, бозторғай!

 

Сауысқандар ұшады,

Қырғи мінез танытпай.

Құрқылтайдың құшағы,

Жылылығын дарытпай…

О, бозторғай, бозторғай!

 

Жарқанаттың ұсқыны,

Жапалақты үркіткен.

Сыртқа апарып ішкіні,

Сескенбейді бүркіттен.

О, бозторғай, бозторғай!

 

Аққу-қаздар тізбегін,

Алаңдайсың бұзды деп.

Тырналардың іздерін,

Тырнағандар – мұз жүрек.

О, Бозторғай, Бозторғай!

 

Құнсыз қылып құндыны,

Ділді қайтем бүлінген?..

Менің үнім бұл күні,

Сенің егіз, үніңмен,

О, бозторғай, бозторғай!

 

Көл

 Бір өзіне бар өзенді құйдырып,

кең маңдайын күнге жиі сүйдіріп,

Тоғыз секунд толмай қалса арнасы,

жағаны ұрар толқындары шүйлігіп.

 

Ал өзендер жанталасып ағады,

үлгермейді айырып ақ-қараны.

Құрбандығы жан бітіріп қурайға,

жылдамдығы күрсіндірді даланы.

 

Бұлақтардың бұрайды кеп құлағын,

құрақ қалың біледі іштей тынарын.

Тамырына нәр бере алмай балдырлар,

тағдырына алаңдайды тұманың.

 

Қайнардың да бүлкілдеуін қарашы,

үмітінен үрей басым шамасы.

Табу үшін көл көңілін төрт мезгіл,

сағынышын сарқып болды жағасы.

 

Жауған жаңбыр сөндіре алмас от мұңын,

от мұңына өртенумен өтті күн.

Жер бетінен көл кеткенше құрдымға,

Өзен,

Бұлақ,

Тұмаларға жоқ тыным.

 

Бір өзіне бар өзенді құйдырып,

кең маңдайын күнге жиі сүйдіріп,

Көп көзіне жазықсыз боп көл жатыр,

құшағына жер-жаhанды сыйдырып!

 

***

Күн сүйгенде маңдайыңды жел өпкен,

Кеудеңдегі шығатындай шер еппен.

Күрсінуге жол береді адамдар,

Кеше ғана көңіліңді көл еткен.

 

Көктем келсе, шуақ шашып көкте күн,

Күлім қақтың қайта түлеп көктедің.

Кеуде керіп көлгірсіген адамдар,

Көңіліңнің елемейді шөккенін.

 

Кең дүние, кімге керек кеңдігің,

Көлеңкеде қалса үнемі ерлігің.

Көзге ілмесе жақын жүрген адамдар,

Көңіліңді көтереді енді кім?

 

Кеш те болса көңіліңе сенің сәл,

Кернейлеттім еміне алсаң, емінші ал.

Күлкі ұялап келбетіңе күн сүйген,

Күйсін іші адамдардың керімсал!

 

***

Суретіңе ұзааақ қарап жатырмын,

Солай тағы, тағы бір кеш батырдым.

Ұйқы қашып тәтті өлеңге айналды,

Саған жазған әрбір сөзі хатымның.

 

Атсын таңым, дамыл таппай тағатым,

Соға түссін, соқсын кеуде сағатым.

Бейуақытта кештім күйді беймаза,

Беймезгілде құстай қанат қағатын.

 

Лүпіліне бағына алмай жүректің,

О, құдірет, басыла ма бұл екпін?

Алып-ұшып, жанып-ысып от кеуде,

Сағатымның соққан тілін үдеттім.

 

Түрлі-түсті болады екен қиял да,

Күллі күшті махаббат та ұяң ба?

Өне-бойым діріл қағып барады,

Жаным таппай бір қуыс жер сиярға.

 

Өзімді-өзім алдай алмай әлекпін,

Бәрі-бәрі болатындай дәметтім.

Бәлкім түнді келді ме екен ән еткім,

Бәлкім жоқты келді ме екен бар еткім?!

 

Қойған мені ескен желдей елітіп,

Ойдан мені тастамаған кемітіп,

Ұйықтайын, жетелеген өзіңе,

Тәтті арманды таңдайымда ерітіп!..

 

Бейтаныс

 Мен сені көрмедім, рас, кім біледі,

Маусымның жолықтырар түнгі лебі.

Дауысыңды естісем болғаны әйтеу,

Кеудемде ай жымыңдап, күн күледі.

 

Таңдарым сені ойласам, қалады атпай,

Арманым алып-ұшып жанады оттай.

Дауысыңды естімей қалған күні,

Жүрегіме жүремін дауа таппай.

 

Батыс деп білгеніміз  Шығыс шығар,

Алтын деп жүргеніміз  күміс шығар.

Қымбат болып көрінген жанымыздың,

Жұмбақ болып қалғаны дұрыс шығар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір