Б.Жұмағұлов. Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес
05.04.2021
1566
6

Дәстүрге айнала бастаған Парламенттік тыңдаудың 30 наурыз күнгі кезекті отырысы «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» атты тақырыпқа арналды. Жиынға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жетекшілік етті. Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов бас баяндамашы болды. «Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызды», – дей келіп, бас баяндамашы Елбасымыздың: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе де жоқ. Тарихта талай дәуірлеген кездеріміз де болған. Талай басымыздан бақ ауып, кер кетірген замандарға да кез келгенбіз», – деген сөзін мысал етті. Расында, қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ. Алайда біз бүгін жаңа дәуірде, жаңа қоғамда өмір сүріп отырмыз. Баһадүр бабаларымыз сияқты ұятқа қалмау үшін біз бүгін не істеуіміз керек? Қандай ел болуымыз керек? Нені үйреніп, неден жиренуіміз керек? Бақытжан Тұрсынұлы өз баяндамасында соы сұрақтарға жауап іздеп, келелі ойларын ортаға салды (Ескерту: газеттің көлеміне байланысты баяндама сәл ықшамдалып жарияланды).

Аталған  жиында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарамсының төрағасы Ұлықбек Есдәулет  те бүгінгі өткір мәселелерге тоқталып, баяндама  жасады. Баяндаманың толық нұсқасын ұсынып отырмыз.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Сенатор, ҰҒА академигі

 «Идеологиялық вирустар» тарап жатыр

Қазіргі таңда Батыс елдерінің теріс идеологиялық  технологияларымен күресу әлдеқайда қиын және ол көзге көрінбегендіктен едәуір басым күші бар екенін мойындауға тиістіміз.   Кезінде Америка Құрама Штаттарының ЦРУ-н басқарған Аллен Даллестің (1893-1969) Кеңестер Одағын ыдырату жөніндегі доктринасы бар еді. Содан үзінді келтірейін:

«…Әдебиет, театр, кино – бәрі адамның ең нашар қасиеттерін бейнелейді және дәріптейді. Біз адамның сана-сезіміне зорлық-зомбылық, сатқындық, бір сөзбен айтқанда, рухани құлдыраушылықты дәріптейтін шығармашылық адамдарын  көбірек қолдаймыз және қолпаштаймыз.

Мемлекетті басқару ісінде түйткілді мәселелерді көбейтеміз… Біз өзімшіл чиновниктерді, парақорларды, принципсіз адамдар  қатарын молайтамыз.

Ұлтсыздық, өтірік пен өсек, азғындық пен нашақорлық, бір-біріне үреймен қарау, сатқындық, ұлтшылдық, ұлтаралық араздық, оның ішінде басқа халыққа деген өшпенділік уытын байқатпай оңтайлы түрде санаға ендіре береміз. Бұл осылай қанатын кең жая береді».

Сол доктрина қазір де жетілдіріліп, жалғасын тауып отырғаны  күмән туғызбайды. «Араб көктемі», ТМД-ның кейбір елдеріндегі әр деңгейдегі ірілі-ұсақты «демократия құндылықтары» деген желеумен күштеп енгізіліп жатқан «революциялар» бәрімізге белгілі ғой.  Халықаралық сарапшылар, Қырғызстанда, Украинада, Арменияда өткен революциялар халық үшін билікке деген сенімсіздікті  өсіріп, оларға ешқандай өзгеріс әкелмегенін айтады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының шешіміне сәйкес мемлекетімізде 22 ұйым экстремистік, террористік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынып отыр. Бұл ұйымдар Қазақстанның қоғамдық  өміріне араласып, іріткі салып, ішкі тыныштықты, халық бірлігін бұзу үшін жұмыс істеуге тырысты. Олар, әлде бір жалған идеяларды таратып, Қазақстан азаматтарын Сирия, Ирак жеріндегі соғыс ошақтарына тартуға тырысты.

 «Жусан» операциясының нәтижелерін Сіздер жақсы білесіздер. 595 Қазақстан азаматы елімізге қайтарылды. Олардың   33-і – ер адам, 156-сы –  әйел,  406-сы – балалар. Бұдан басқа да түрлі діни, тағы басқа да ресми тіркелмеген ұйымдар мен топтар бар ғой. Елімізде осындай ахуалға жол бермес үшін жаһаннан жетіп жатқан келеңсіз құндылықтарға өзіміздің заманға сай ұлттық құндылықтарымызды қарсы қоюымыз керек. Біздің ұлттық менталитетті дамыту  үшін  жаңа көзқарастар, бағдарламалар қажет.

Бір жағынан, шетелдік әріптестерімізбен бәсекеге түсе алатындай білікті маман, екінші жағынан, ата-бабасының тілі мен әдебиетін, ділін, дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңірген отаншыл,  ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.

Ұлы Абай: «Адамды заман билемек, заманға жаман күйлемек» дейді. Бұл  әлемдік даму жолын түсінуге мүмкіндік береді.  Біз үшін жасанды, виртуальді әлемде жоғалып кетпеу, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық болмысымызды,  ұлттық бірегейлігімізді және рухани ерекшелігімізді  сақтап қалу – ерекше маңызға ие  болып отыр.  XXI ғасырда  рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай кемел ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Әрі жастарды, ең бастысы еңбекқорлыққа тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл –  ең маңызды мәселелердің бірі.

Осы күні экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз «идеологиялық вирустар» да таратыла бастады. Жалған ақпараттар сол вирусты әлеуметтік желілер арқылы шұғыл таратып жібереді. Сондықтан «Әлеуметтік желілер туралы» заң қабылдау қажет деп білемін. Бұл сөз бостандығын шектеу үшін емес, әлеуметтік желі жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеу және олардың құрылтайшыларының заң алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін қажет.

Жаһандану кезінде ел жат-жұрттық  құндылықтар ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Осылай, жаһандық когнативті технология – бұқаралық санаға әсер ету құралына айналып отыр.

Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына. Әрине, халқымыздың ұлттық құндылықтары өте көп. Оларды іріктеп, бес бағытта қарау қажет қой деп ойлаймын. Енді солар туралы ой бөліскім келеді.

 Тарих – тәрбиеші

 Бірінші құндылықты – тәуелсіздік және тарихи таным деп атағанды жөн көрдік. Тәуелсіздіктің арқасында, қазақ елін, Қазақстан халқын әлем таныды және мойындады. Тәуелсіздік символы – мемлекеттік Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Туы жығылған елдің – рухы жығылады. Ту – ұлттың бірігуіне ықпал етеді. Ұлттық сананың биіктігін көрсетеді. Президент  «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңға тиісті өзгерістер жасау қажеттігін айтты. Бұл –  ұлттық құндылығымыздың Тәуелсіздік ұғымымен пара-пар екенінің айғағы. Болашақта аталған Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетініне сенімдіміз.

Қазақстандағы тұрақтылық, ұлтаралық жарасымдылық кейбір сыртқы күштерді алаңдататын сияқты. Сондықтан да «үй ішінен үй тігу»  секілді қоғамымызға жат әрекеттерді санаға сіңіруге тырысуда. Оған жол беруге болмайды.  Халық пен мемлекет – біртұтас. Яғни,  Тәуелсіздік – ұлттың басты құндылығы.

Тәуелсіздік – еркіндк пен азаттықты ғана алып келмей, сонымен қатар, ұлтымыздың санасын өзгертті, сапасын жақсартты, өзін танытты.  Тарихи танымның  ар жағында тек өткен жылдар мен көнерген ғасырлар сыры  тұрған жоқ. Ұлттың   болмысы, санасы, дәс­түрі мен салты, кәсібі, ұстанымы, тәрбиесі – бірде әлсіреп, бірде жетіліп ғасырлармен бірге жаса­сып келеді.

Бәрінен  бұ­рын тарих – тәр­бие­ші, ұлт­­тың  бағдары, жол сілтеушісі.  Тарихы бекем жасалған халық дұрыс бағыт алады. Бірегей көп томдық мемлекеттік тарихымызды өзіміз жазбай – ұлттық құндылықтарымызды орнықтыра алмаймыз. Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі мерзімді қамтитын жаңа тарих қажет. Қазақстанның жаңа тарихын жазуды ғылыми жоба ретінде емес, мемлекеттік ұлттық бағдарлама ретінде іске асырған жөн. Ол үшін Республика Үкіметі «Қазақстанның көп томдық ұлттық тарихы» туралы арнайы қаулы қабылдап, бюджеттік  қаржыландыру көздері нақтыланғаны дұрыс. Кітап авторларының құрамы да Үкімет қаулысымен бекітілгені дұрыс болар еді. Бұлай болмаған жағдайда бұрынғы қалыпқа қайтадан түсеміз.

Жер – саяси сауда құралы емес

Екінші құндылық: – ел мен жер деп білемін. Қазақта «Егесіз ел азар, иесіз жер тозар» деген мақал бар. Ұлан ғайыр даланы бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтады.  Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғады. Қазақтың жері – касиетті. Ол бүгінгі жаһандық тайталас кезіндегі ұлттық бірігейліктің символы болып қала береді.  Әрине, осындай ұланғайыр Ұлы даланы бабаларымыз бізге аманат етіп кетті. Мәңгілік мемлекеттің белгісі – Жер мен ел.  Жер – саяси сауда құралы емес.  Президент Қ.Тоқаев айтқандай: «Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді».

Иә, халқымызды, түрлі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарды алаңдатып отырған ең маңызды мәселеге Президент нүктесін қойды. Енді  парламентарийлер не істей алады? Жер кодексіндегі мораторий жарияланған баптарды ғана емес, оны қазіргі күннің талаптары негізінде қайта пысықтап, тиісті ұсыныстар әзірлейтін болады. Халық үніне біз де өз үнімізді қосуға тиіспіз. Түйткілді мәселелердің түйінін   Жер кодексі аясында шеше аламыз.

Мұны қазақтың басты құндылығы деп білемін, өйткені қазақтың  жаны мен  рухын  сақтайтын  –  елі мен жері!  «Ел мен жер» қазақтың ең қасиетті бойтұмары болып қалды, қала береді. Тәуелсіздік,  ел мен жер – ұлттың ең негізгі байлығы. Ол ұлттық құндылықтарымыздың бірегей қасиеті ретінде Ата заңымызбен қорғалады.

 

«Ана тілі туралы» Заң қабылдау қажет

 Үшінші құндылық: – тіл, әдебиет және имандылық. Тіл мен әдебиет – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені, бүгіні мен болашағы. Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп тілдің ұлт үшін қандай маңызы бар екенін  бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған еді ғой.

Тіліңнен безгенің – еліңнен безгенің; Тілді қорғау – ұлтты қорғау; Ана тілі – ұлт жүрегі, ұлт тілегі; Тіл – ұлттың өзгешелігі мен өркеншілігі; Тілді білмеу – ұлтты білмеу; Тілді сүймеу – ұлтты сүймеу;  Тілдің болашағы – ұлттың болашағы!

Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан қанша ма тіл жоғалып кетті, қаншама тіл жоғалу  алдында тұр. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғау үшін  барынша күш салуда.  Қазақстан Республикасы  мемлекеттік тілдің ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр.  ЮНЕСКО  «2100 жылға дейін әлемнің 7000-ға жуық тілінің жартысынан астамы жойылады» деген болжам жасапты. Үрейлі   цифрлар. Сондықтан Ата Заңға, қолданыстағы «Тілдер туралы» Заңға қайшы келмейтін арнайы «Ана тілі туралы» Заң қабылдау қажет.

Қазақ әдебиеті туралы айтатын болсақ, оның әлемдік өркениетке қосқан үлкен үлесі бар. Жүз томдық «Бабалар сөзі» фольклорлық мұрамыз соның айғағы болып табылады. Классикалық зерттеулеріміз де жеткілікті.  Сонымен қатар, балалар мен жас өспірімдер әдебиетіне де ерекше мән беру қажет.  Балалар әдебиеті қызықты, тартымды, танымды, көркем жазылғанда ғана олар балалар талғамынан шығады, іздеп оқиды. Ал қазіргі жағдай  сын көтермейді десек, артық айтпаспыз.

Имандылық бар жерде – тәртіп те, бейбітшілік те, адами құндылықтар да сақталады. Сонда ғана  ұлттық құндылығымызды жаңғырта аламыз,  дамыта аламыз. Ұлы Абай бабамыз өзінің  38-қара сөзінде, «Толық адам» концепциясын ұсынғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Алла жолымен жүрген, білімді адам ғана толық адам деп есептеледі. Бұл – дүниенің тіршілігін ұмытып, сәждеге  бас ию ғана емес.  Бұл  – білім, ғылымды дамытып, елге адал қызмет ету, әділдіктің ақ жолынан таймау, кісі ақысын жемеу деген сөз!

 

Қоғам жолдан тайса – Тәуелсіздіктен айрылады

Төртінші құндылық: – ұлттық дәстүр және отбасы. Халқымыздың «Отан  отбасынан басталады» деген қарапайым қағи­­даты бар. Расында, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы екенін ұмытпайық. Бесіктен тәрбиелеу –  ұлттық ұғым кепілі. Отбасының орнықты тəрбиесі болмай   баланың үйлесімді дамуы мүмкін емес. Ал отбасылық  тəрбие қоғамдық тəрбиемен бірлесіп нығая түсуі керек. Отбасы мен қоғам бірлікте жұмыс істегенде ғана ұлтжанды, өз халқын сүйетін ұрпақ тәрбиелей аламыз. Олар өзіне ғана емес, Отанға қызмет істейтін болады. Сонда ғана жеке адам мен мемлекет мүддесі бір арнада тоғысады. 

Ұлттық құндылық – ата-ананы қастерлеу, өз ортасын құрметтеуден басталады. Бабаларымыз жесір мен жетім дауын жер дауынан кейінгі екінші орынға  қойғанын ұмытпауымыз керек.  Кейбір статистикалық деректерге назар салып көрелікші. Қазақстанда тіркелген некенің 40 пайызы ажырасумен аяқталады екен. Осыған байланысты, баланың толық отбасында тәрбие алмауы, «тірі жетім» атануы, оған қоса әкелердің өз балаларының тәрбиесі мен қамқорлығынан бас тартуы  қоғамдағы  өзекті  мәселелердің біріне айналып отыр. Бір жынысты отбасын құрғысы келетіндер, трансгендер сияқты қатынастарды ресми рәсімдеу жөнінде шеру ұйымдаструшылар ұлттық мүддені ойлай ма екен? Эмансипация, гендер деген ұғымдарды желеу етіп, әйелге тән асыл қасиеттерден арылуға болмайды ғой. Тіпті бұл Жаратқанның өзіне қарсы шығу емес пе? Кезінде ғалымдар мұны психологиялық ауытқу ретінде қабылдайтын. Енді болса, саясаттың біріне айналдыруға тырысушылық байқалады.  Эксперт мамандардың пікірінше, бұл ұлтқа шабуыл жасау, ұлттық құндылыққа қарсы жүйеленген, ұлтты ыдырату, сол арқылы мемлекетті әлсіретуге бағытталған іс-әрекеттердің бірі болып табылады.  Осыны білгеніміз  жөн.

Жетім балалардың, тастанды балалардың «Балалар үйіндегі» тағдырлары да, олардың ертеңі де алаңдатады. Бұл мәселе бір жағы отбасылық тәрбиеге келіп тірелетіні де анық.  Халық даналығын ұмытпалық:

 Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Ана жолдан тайса – ұлт жолдан таяды.  Әке жолдан тайса – ұлт тозады. Қоғам жолдан тайса – Тәуелсіздіктен айрылады. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы­­ның кепілі. Әр бала  әкенің қаны­­мен, ананың ақ сүтімен келетін туа бітті қа­сиеттер сияқты, ұлттық рухани құн­дылықтарды да ең алдымен отбасында, ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық.

Сонымен қатар қоғамда үрей мен қорқыныш тудырып отырған педофилия, суицид, әсіресе жасөспірімдер арасындағы қатыгездік, жануарларды  аяусыз қинау, ол жағдайларды   видеоға түсіріп, желіде тарату сияқты мәселелердің көбеюі қоғамды да, жекелеген адамдарды да алаңдатып отыр.

Отбасы тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралар жетерлік. Мысалы, 2013 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Отбасы күні» белгіленді. Дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 300-ге жуық Аналар кеңесі құрылды.

2013 жылдан бастап республикалық Әкелер форумы жұмыс істей бастады. 2015 жылы Отбасылық қатынастар, моральдық-этикалық және рухани құндылықтар туралы Жалпыұлттық жоспар қабылданды.

         Педагог ретінде,  жоғарыда айтылған мәселелердің барлығын  бір жүйеге келтіріп, арнайы «Отбасы институты туралы» Заң қабылдануы қажет деп есептеймін.  Қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» Кодекс нормалары ұлттық құндылықтар мәселесіне толықтай жауап бере алмайды. Өйткені  аталған Кодекстің қағидаттары – нарықтық жағдайындағы азаматтық-құқықтық және отбасылық қарым-қатынас мәселелерін реттеуге арналған.

Хайп ағылшын тілінен аударғанда – бос сөз

Бесінші құндылық: – білім мен біліктілік. Білімді ел – озады, ғылымсыз ел – тозады. Елімізде білім мен ғылым саласына үлкен қамқорлық жасалды.  Өйткені, кез келген қоғам – адами капитал арқылы дамиды.  Ұлттық құндылықты қалыптастыратын да, дамытатын да білімді, білікті кәсіби мамандар.  Қазақстан да  осы жолды таңдады.  Отандық білім, ғылым саласын дамыту бағытындағы реформалар қалыпты жүргізіліп келеді. Оң нәтижелер аз емес.  Алайда сарапшылар осы саладағы реформалар жиі өзгереді деп алаңдаушылық білдіріп жүр.  Ол жүздеген, мыңдаған адамдардың қызметіне, білім алуына қатысты екенін естен шығармайық.  Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі! Болашақта мұндай бағдарламаларды асықпай, жүйелеп, қоғамның пікірін ескеріп, ұлттық құндылықтармен үйлестіре  отырып  қабылдаған  жөн. Сонымен қатар «Адам және рухани мәдениет» атты Ұлттық бағдарламаны қабылдауды қарастырған жөн болар.

Мәселе ұлттық құндылықтар тұрғысынан қарастырылып отырған соң, ғаламдық әлеуметтік желілер мен сайттар, әсіресе қазіргі уақытта жасөспірімдер мен жастар жиі пайдаланатын аудио және бейнемазмұнды, ойын сайттары,  оның ішінде жастарға қолжетімді және танымал болған «YouTube», «Tik-tok», «Instagram», «Vkontakte» сынды сайттар мазмұнын ұлттық құндылықтар ұғымымен  кеңінен үйлестіргені дұрыс болар еді.

Ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыруда электронды ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Өкінішке қарай, телекомпаниялар халық теледидардың алдына отбасымен жиналатын, прайм-тайм уақытында ұлттық дәстүрлерімізді, өнегелі отбасы, тәрбие, танымдық, нанымдық хабарларды көрсетудің орнына – рейтинг қуамыз деп, менталитетімізге сай келмейтін жат дүниелерді насихаттайтын  ток- шоулар көрсетумен әуестеніп кетті.

Хайп ағылшын тілінен аударғанда – бос сөз, алдау, арбау деген мағынаны білдіреді. Оны әлеуметтік желілер іліп алып, халық арасында жаппай талқылауға салып және түкке тұрмайтын нәрсені қызу қоғамдық пікірталасқа ұластырады. Бұл турасын айтқанда, қоғамды ойсыздыққа, алдамшы құндылықтарға жетелейді және оған жастардың белсене араласуы алаңдатады. Зиялы қауым бұл мәселені дұрыс көтеріп жүр. Себебі  арзан ток-шоулар, хайптар жастарымыздың рухани жағынан құлдырауына, сананың улануына әсер етеді. Әлеуметтік желі арқылы сананы улайтын вирус өте қауіпті.

2024 жылдан бастап он екі жылдық жаңа білім беру жүйесіне көшеміз. Уақыт аз. Ал үш жыл дегеніңіз өте шығады.  Осыған орай,  қоғамдық-педагогикалық талқылаудан өткен, ұлттық оқу бағдарламалары қайта жасалынады.  Осы сындарлы кезеңді пайдаланып, барлық ұлттық оқу бағдарламалары мен оқулықтарға ұлттық құндылықтарды енгізген жөн.  Білім саласындағы нормативтік-құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер енгізіле отырып, жалпы білім беру ұйымдарында оқылатын «қазақ тілі», «қазақ әдебиеті», «шет тілі», «мемлекеттік тілдегі әлем әдебиеті», «дүниежүзі тарихы» сияқты оқулықтар білім беру жөніндегі ұлттық бағдарламаға енгені дұрыс.  Келешекте, осының бәрін ескере отырып, «Білім және ғылым кодексін» қабылдау қерек деген мамандардың ұсынысын қолдаймын. 

Әл-Фараби бабамыз: «Дүниеде тәрбиесіз берілген білімнен  қауіпті нәрсе жоқ» деген екен. Сондықтан да білім мен тәрбиені бір процестің екі жағы деп қарау қажет.

Ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда электронды ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Прайм-тайм уақыты арзан ток-шоуларға беріледі.  Осы орайда, «Бұқаралық ақпарат құралдары  туралы» Заңға тиісті түзетулер ұсынып, осы мәселелер реттелгені жөн болар.

Президент Қ.К.Тоқаев: «…әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ  соның бәрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді. Негізгі қауіп-қатерлер алда. Сондықтан қырағылық сақтай отырып, қиындықтарды еңсеруге әрдайым дайын болуымыз керек», – деді. Әрине, қазіргі заманда жаһандану процесі ықпалынан оқшау қалу мүмкін емес. Біз үшін ең алдымен, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды,  бірегей ұлттығымызды, ана тіліміз бен әдебиетімізді, ділімізді, дәстүрлі төл мәдениетімізді дамытуды жетілдіре беруге тиіспіз. Ой мен сана бәсекелесі кезінде ұлттық құндылықтарымызды сақтайтын іргелі міндеттерді жүзеге асыру – әрбір адамның, қоғамның, мемлекеттің ең жоғары міндеті болып қала береді.

Ұлтсыздану  ұлтты, мемлекетті әлсіретеді. Қоғам дамуын тежейді. Бұл – тарихи шындық. Сондықтан тарих, замана алдындағы ұлы сынақ кезінде біз өз таңдауымызды жасадық. Әлемдік озық  құндылықтарды игере отырып, оны ұлттық құндылықтарымызбен байыта береміз. Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес.

 

 

ПІКІРЛЕР6
Аноним 05.04.2021 | 15:08

Өте орынды қарастырылған мәселе

Аноним 05.04.2021 | 15:37

Өте жақсы жазылған бүгінгі күннің нағыз актуальды мәсеьелерді көтерген екен, бірақ осы ойларды жүзеге асыру механизмі қарастырылмаған неге?

Аноним 05.04.2021 | 21:51

Құрметті Бақытжан Тұрсынұлы! Сіз рухани, отбасы, тәрбие, ана тілінің маңызды мәселелерін көтердіңіз. Біздің халқымызда жас ұрпақты тәрбиелеу үшін қолдануға болатын көптеген дәстүрлер бар. Үлкендерге, аналарға, Отанға деген құрмет әрқашан біздің мәдениетімізге тән нәрсе! рахмет сізге

Аноним 05.04.2021 | 21:54

Батыс Қазақстан филиалының жастар қанаты сізге ризашылығын білдіреді!!!

Аноним 06.04.2021 | 16:35

Құрметті Бақытжан Тұрсынұлы! Тәуелсіз еліміздің тұғырлы болуы үшін әрбір қоғамның мүшесі өз үлесін қосуы парыз. Өкінішке орай, жаһандану заманында бұрын соңды естіп білмеген Сіз көтеріп отырған мәселелер біздің қоғамда да орын алып отыр. Төніп тұрған қатерлерден елді аман сақтаудың алғы шарттары ретіндегі ұсыныстарыңызды толықтай қолдаймын!

БҚО, Бауыржан Атауов.

Аноним 10.04.2021 | 20:11

Белгілі бекбике

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір