ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ
26.10.2022
555
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика күнін қайта жаңғыртып, Ұлттық мереке ретінде бекітуі – Жаңа Қазақстан құру жолында маңызды және тарихи шешім болды.

1990 жылы 25 қазанда қабылданып,  Қазақстанның шекарасы, азаматтығы, дипломатиялық дербестігі, ресми рәміздері бекітілген Мемлекеттік егемендік туралы декларация Тәуелсіздігіміздің басты алғышартына, негізгі тірегіне айналды.

Еліміз үшін егемендік – ғасырлар жүгін арқалаған ерекше кезең ретінде құнды. Заманауи теорияларда мемлекет дамуының негізгі үш шарты ерекше көрсетіледі: биік мақ­сат­-мұратты алға қойып, іске асыра алатын саяси лидердің болуы; мемлекетте сындарлы стратегиялық даму жоспарының жұмыс істеуі; адами капитал мен біліктілігі жоғары еңбек ресурс­тарының мемлекет дамуына ықпалы. Бүгінгі таңда осы үш шарт – ұлт тұтастығының үш тағаны, тәуелсіздігіміздің берік кепілі.

Қаңтар оқиғасынан басталған биылғы жыл Тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу шын мәнінде қиын екенін көрсетті. Бірлік болмай, тірлік болмайтынын айқын сезіндік. Жаңа саяси реформалар мен оң өзгерістер қажеттілігі туындады.

Президент 7 қаңтардағы Үндеуінде «Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы  мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсетті. Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек» деп баса айтты.

Сондай-ақ 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін  бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі!

Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі  бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде  Қазақстанымыз бізден басқа  ешкімге керек емес. Сондықтан, маған  елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ.

Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін  киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды  бірге өркендетейік!»  деп үлкен сенім артты.

Президент бастамасымен маусым айында Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтай өтіп, елдік мәселелер көтерілді. Маусым айында жалпыхалықтық референдум қолдау тауып, Конституциямыз заман талабына сай жаңарды.

Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»  қалыптастыру бағыттарын айқындап берді.

Алдағы 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Ел болашағы үшін әрбір азамат өз таңдауын жасап, белсенділік танытарына сенемін.

Президент атап өткендей: «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады.

Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз».

Мемлекет басшысы көздеген Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақтанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген кәсіби мамандар, білікті ғалымдар ғана қалыптастыра алады.

Ғұлама ғалым Әл-Фараби бабамыздың: «Бір елдің болашағын білгің келсе, ол елдің жастарына қара» деп қалдырған өсиеті бар. Тәуелсіздік тұғырын нығайтып, мемлекетімізді биіктерге көтеру – жастардың қолында. Ал, сол жастардың қанатын қатайтып, тәрбиелеу ұстаз-ғалымдардың міндеті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымы өзіне жүктелген бұл міндетті ең жоғары деңгейде орындауға күш салады, осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар да аз емес.

Оқу орнымыз биыл QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді.

Мемлекет басшысының қолдауымен Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасы Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істей бастады. Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.

Биылғы 1 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ресми сапармен келіп, оқу орнымыздың қызметімен және ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңінің жоспарымен танысты. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін университетіміздің оқытушы-профессорларына, ғалымдарымызға үлкен жауапкершілік жүктелуде.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да ғылыми жетістіктері Қазақстан мен шет елдерде жоғары бағаға ие 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Биылғы 2022 жылы жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 900 млн теңгеден астам 60-қа жуық жоба орындалуда.

Университетте Көшбасшылық дәрістер жүйелі өткізіліп, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елші-димломаттар, шетелдік ғалым-профессорлар тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Студенттердің игілігі үшін аудиториялар мен жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республика күні қарсаңында  екі үлкен жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, студенттерге пайдалануға берілді. ҚазҰУ қалашығы аумағында жаңадан заманға сай дәмханалар, ғаламтор-кафелер, дүкендер, кофеханалар мен көшірме орталықтары ашылды.

Ұлттық мереке аясында университетімізде арнайы іс-шаралар, апталықтар, Көшбасшылық дәрістер ұйымдастырылды. Жас ғалымдар мен үздік білім алушылар форумы, Республикалық жастар форумы, Студенттік спартакиада апталығы, жалпыуниверситеттік марафон мен Алтын күз жәрмеңкесі – ұлттық мерекені ұлықтау және студенттерді отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылды. Жастарды жаңа қазақстандық патриотизмге баулу ҚазҰУ оқытушы-профессорларының алдағы уақытта да басты бағдары болып қала бермек.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы-Ректоры

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір