«Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты жоюдың бірден-бір жолы»
«Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!»
атты қоғамдық талқылауға қатысушылардың
Қазақстан билігі мен халқына
ҮНДЕУІ
Осыдан бір ғасыр бұрын Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты жоюдың бірден-бір жолы» деген еді. Кезінде аралас мектептер өзге ұлт өкілдерін орыстандыру, ел аумағында орыстілді орта қалыптастыру үшін арнайы ашылған болатын. ХІХ ғасырда басталған саяси бағдарлама еліміз тәуелсіздік алғанға дейін үздіксіз жүзеге асырылып келді. Соның салдарынан қазақ халқының едәуір бөлігі өзінің тілі мен ділінен айырылды. Тәуелсіздік алған соң да бұл үрдіс тоқтаған жоқ. Қаладағы аралас мектептердің оқушылары түгелдей орыстілді болып өсіп жатыр. Өкініштісі, кейінгі он жылда жаңадан ашылған мектептердің 80 пайыздан астамы аралас мектеп екен.
Біз Қазақстан билігіне, ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа, ҚР Мемлекеттік хатшысы Е.Қаринге, ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа, ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке және барша халыққа мынадай үндеу жолдаймыз!
- Еліміздегі аралас мектептерді жауып, халық сұранысы бойынша қазақ яки орыс мектебі етіп қайта құру.
Біз орыс мектептері түгелдей жабылсын деп отырған жоқпыз. Егер ата-аналар балаларын орыс мектебіне бергісі келсе, өз таңдауын жасауға құқылы. Бірақ сол аумақтағы ата-аналар мен оқушылардың қай мектепті таңдауына байланысты, статистикалық мәліметтер негізінде мектептің қазақ яки орыс мектебі болуын шешу керек. Егер сол аумақта орыс мектебіне барғысы келетіндер 20 пайыздан төмен болса, онда тек қазақ мектебін ашуға тиіспіз. Әйтпесе, тұтас халықтың құқы мен өтінішін аяқасты етіп, орыс яки аралас мектебін ашуға болмайды.
- Қазақ мектептеріндегі бала санын стандартқа сай етіп реттеу.
Көптеген орыс мектептерінде бала саны тым аз. Алматыдағы орыс мектептерінде оқушылардың дені бір ауысыммен оқыса, қала сыртындағы қазақ мектептерінде бір сыныпта 33-35 баладан, екі ауысыммен, тіпті үш ауысыммен де оқиды. Бұл – мемлекет тарапынан жол беріліп отырған әділетсіздік. Еліміздегі аудан, облыс, қалалар бойынша статистикалық зерттеу жүргізіп, білім беру мекемелеріндегі нақты бала санын анықтап, мектептерді қайта құрылымдау керек. Бала саны аз орыс мектептерін бала саны көп қазақ мектептеріне ауыстырып, орыс мектептерінің санын қысқартатын уақыт жетті. Бұл жердегі қағида біреу: «Ұсыныс сұранысқа сай болуы қажет».
- Қаладағы мектептерде тілдік орта қалыптастыру.
Қаладағы аралас мектептердің оқушыларының дені орыстілді. Тіпті қазақ мектептерінің өзінде оқушылар үзіліс кезінде, дәлізде орыс тілінде сөйлейді. Осы процесті болдырмаудың бірден-бір жолы – мектептің іс-шаралары, іс-қағаздары, шын мәнінде, толығымен мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ апта сайын өтетін тәрбие сағаттарында, тоқсан сайын өткізілетін ата-аналар жиналысында, педагогтардың қалалық, аудандық, облыстық мәжілістері мен жиналыстарында, республикалық деңгейде өтетін «Тамыз кеңесінде» сәйкес идеологиялық нұсқау берілгені жөн. Әр мектеп өз оқушыларын мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырып, тілдік орта қалыптастыруға мүдделі екенін ұлт алдындағы міндеті деп санауы керек. Бұл жауапкершілік – ҚР Білім және ғылым министрлігінде. Олардың салғырттығы мемлекеттік тілдің дамуын тежейді. Сондықтан, министрліктен, ЖОО ректорлары мен мектеп директорларынан ана тіліміздің кең қанат жаюына барлық жағдай жасауды талап етеміз.
- Орыс мектептерінде орыс тілі мен орыс әдебиетінен өзге пәндер мемлекеттік тілде оқытылсын.
Бұл – кез келген мемлекетте бар тәжірибе.
- Кейінгі 10 жыл көлемінде елімізде он шақты жаңа қазақ мектебі ашылса, 399 аралас мектеп жұмысын бастаған. Бұл – ел болашағына жасалған қиянат деп білеміз.
Сондықтан жаңа мектептердің бәрі тек бір тілде – не қазақ, не орыс мектебі болып ашылуы керек. Айталық, Талғар қаласындағы жаңа №25 мектеп пен Алматы қаласындағы №180 мектеп таза қазақ мектебі болуын талап етеміз! Өйткені мектеп орналасқан аумақта тұратын халықтың 95 пайыздан астамы – мемлекетті құраушы ұлт – қазақтар. Демек, мектеп те мемлекеттік тілде болуы тиіс.
- Ел арасында қалыптасқан «Қазақ мектептерінде білім сапасы нашар, ұстаздардың біліктілігі төмен» деген жалған пікірді түбегейлі жою керек.
Қазақ мектебінде оқитын шәкірттердің ҰБТ-дағы көрсеткіші орыс мектебін бітіргендерден әлдеқайда жоғары. Халықаралық пәндік олимпиадада жүлде алатындардың 70-80 пайызы – қазақ мектебінің сайыпқырандары. Демек, қазақ мектебінің білім деңгейі орыс мектептерінен көшілгері. Сондықтан отандық баспасөзде білімді, алғыр, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз болған, жүлделі орын алған оқушыларды жиі дәріптеп, жас ұрпақтың ғылым мен білімге ынтасын арттыруға барша ақпарат құралдарын жұмылдыруға тиіспіз! Бұл – отандық ақпарат құралдарының ішкі ұстанымы болуға тиіс.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, академик, тарих ғылымдарының докторы;
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты;
Оразәлі СӘБДЕН, академик;
Амалбек ТЫШАН, мемлекет және қоғам қайраткері;
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері;
Дос КӨШІМ, саясаттанушы;
Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы;
Әшірбек КӨПІШЕВ, жазушы;
Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ, актер;
Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ, ақын;
Бекзәкір ҚҰРАЛБАЕВ, ұлт жанашыры;
Зейнолла АБАЖАНОВ, жазушы;
Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын;
Мырзахан ҚАБАСОВ, құрметті ұстаз
Үндеуге 60-тан астам елімізге танымал тұлғалар, ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерелері қол қойған. Қол қою жалғасуда.