Ұлттық рухтың жаңғыруы
19.03.2021
757
0

Екі жарым ғасырдан астам бодандықта болған біздің ел үшін Тәуелсіздіктің қадірі айрықша. Оны еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат», – деп тап басып, дәл айтты.

   Егемендік алғанымызға отыз жыл өтсе де тәуелсіздіктің мән-маңызы туралы мемлекеттің бұрынғы, қазіргі басшысының да жиі-жиі сөз қозғауы тегін емес. Демек, тәуелсіздігімізге әлі қауіп бар деген сөз.

   Ендеше, сол қауіп қайдан келетінін бағамдау үшін алдымен тәуелсіздіктің тұғырын айқындап көрейікші. Ол тұғыр алдымен жер мен оның байлығы, сол жерді сақтап келген халқың, оның тілі, ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтары, соларға деген мақтаныш сезімі оянатын халықтың бойындағы жаңа жасампаз істерге бастайтын  өршіл рухы. Әрине, мұның бәрін қамтамасыз ететін мемлекеттік басқару құралдары.

Тәуелсіздігіміздің жоғарыда аталған тұғырлары қазір қандай күйде? Енді соған келейік. Құдайға шүкір, ел билігінің ең үлкен жетістігі – еліміздің өзге көршілермен шекарасын заңдастырып алғаны.

  Енді сол жердің асты-үстінің байлығына келейік. Ол байлыққа халық ие емес. Бұқара халық мемлекеттік меншіктегі пәтерлерін ғана жекешелендіре алды. Ал, «кәсіпорындарда да үлесің бар» деп берген купондары далада қалды. Ол кәсіпорындар әлдеқашан бір қолдан екінші қолға өтіп, бұл күнде Қытай, Ресей, АҚШ және басқа елдердің басқаруына көшіп кеткен.

   Дегенмен байлық бөлісу жөнінен Қазақстан нәйеті он-он бес жылдың ішінде-ақ миллиардерлер өсіріп, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд жасады. Бұған қуануымыз керек  еді. Бірақ, қуана алмадық. Өйткені ол миллиардерлердің басым көпшілігі Қазақстанның төл азаматтары болмай шықты.

    Сөйтіп, отыз жылдың ішінде біз ұлттық буржуазия қалыптастыра алмаппыз. Қай ел болмасын сол елдің тәуелсіздігінің бірден бір тірегі, әрі гүлденуінің бірден бір кепілі – ұлттың буржуазиясы. Өйткені, олар сол ел мен оның байлығының бас иесі санайды өздерін. Ата-бабасы да солай еткен.

  Ал, дамыған елдерде тұрақтылығының нағыз күретамыры саналатын  орта және шағын бизнес иелерін де жеткілікті мөлшерде қалыптастыра алмай келеміз.

   Менің ойымша, біздің тәуелсіздігімізге ең үлкен қауіп осында, ұлттық буржуазиямыздың қалыптаспауында жатыр. Сондықтан да үкімет жауды басқа жақтан іздегенше, өз ішінен іздеуі керек деп ойлаймын.

    Содан кейін жаттың ықпалы туралы ойлану керек. Бұл ескіден келе жатқан әңгіме. 1969 жылы Киев қаласында Бүкілодақтық үлкен идеологиялық кеңес өтті. Оған сол кезде мен жұмыс істеп жүрген қазақ телестудиясының бір журналисі де қатысып қайтты. Ол бізге сонда естіген мына әңгімені жеткізді. «Коммунистер жоспар орындау керек, жоспар, деп шулай берсін, ал біз алдағы жиырма жылда олардың жастарының санасын жаулап аламыз», – дейді екен буржуазиялық елдердің идеологтары. Ең сорақысы сол буржуазиялық идеологияға қарсы тұратын біздің  еш пәрменіміз жоқ деп мойындапты Кеңестер елінің атағынан ат үркетін академиктері.

   Сонда КСРО-ның мызғымастай көрінетін идеологиялық институттары мен таралымы аса жоғары бұқаралық ақпарат құралдары, баспа басылымдары неге шетелдік идеологияға қарсы тұра алмады? Тура жиырма жылдан кейін (1989 жыл) КСРО-да неге шынында ыдырау процесі басталды? Осының себептерін толыққанды зерттесе, бүгінгі күннің әлеуметтік-саяси ахуалының дұрыс диагнозын қоюға болар еді деп ойлаймын. Бірақ, бізде, менің білуімше, жібі түзу идеологиялық институттар жоқ, саясатты зерттейтін институттар бар. Ал, саясат дегенің жағдайға қарай құбылғыш келеді де, терең базис орнықтыра алмайды.

   Содан да  кешегі көсемдері Лениннің, Сталиннің өлтіріліп, Маленковтың жер аударылып, Хрущевтің алдап тақтан тайдырылғанын жадында әлі сақтап аман-есен жүрген ұрпақтың көңілі күпті. Оларды бір нәрсеге сендіре қою қиын. Өйткені олар коммунистік биліктің сөзі мен ісінде үнемі алшақтық болғанын көзімен көрді. Ал, буржуазиялық идеологтар болса, ақпарат каналдары арқылы сол алшақтықты кеңестік жастарға бұлтартпас дәлелдермен айтты да отырды. «Біздің буржуазиялық идеологияға қақпақ болуға еш дәрменіміз жоқ»,– деп күйінгені кеңестік ғалымдардың ақиқатқа  қарсы ештеңе айта алмаймыз деп өздерінің пүшәйман хәлін мойындағаны болу керек деп ойлаймын осы күні.

    Таңкіден де, зеңбіректен де күшті ең құдыретті қару – жауынгердің жан дүниесі, сол жауынгерлерге жазатын дүниең абсолютті шындық болсын деп атой салған Бауыржан Момышұлы КСРО Жазушылар Одағында Александр Бектің өзі туралы романының қолжазбасы талқыланғанда. Абсолютті шындықты айтып берсең, жауынгер де абсолютті көңілімен жауап береді екен. Ерліктің көкесі сонда жасалады екен. Мұның бәріне Баукең ұрыс үстінде көз жеткізген.

   Бұл қағида бейбіт күнде де сақталу керек деп ойлаймын. Біздің халқымыз әлі де «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы»  деп есептейді.  Тек, ағынан жарылып сөйлескеніңді қалайды!

    Ағыңнан жарылып сөйлессең халық нағыз қорғаның болып шыға келеді. Сол кезде іштегі де, сырттағы да ел «бүлдіргіштер» өзінен өзі «майдандарынан» жоқ болады.

    Егемендігіміз үшін ең үлкен қауіптің бірі – меніңше, еліміздің ақпараттық тәуелсіздігінің дәрменсіздігі. Бір-ақ, мысал келтірейін.  Менің төрт жастағы немеремнің тілі қазақша шықты, үйде де, балабақшада да қазақша сөйлейтін. Өткен күзден бері мультфильмдерді ұялы телефон арқылы көретін болып еді, кәдімгідей орысша сөйлейтін болды. Тіпті таным-түсінігі де басқа немерелерімнен өзгешелеу болып бара жатқандай көрінеді. Міне, ақпараттық ағынның құдыреттілігін осыдан көре беріңіз. Жеріңе кірмей-ақ, ақпарат құралдары арқылы жас  буынның санасына өз құндылықтарын сіңіріп, біздің ұлттық құндылықтарымыздан алшақтатып жатыр. Тәуелсіздіктің тамырына балта шабудың ең қорқынышты әдісі осы. Ал, біздің осы ақпараттық шабуылға қарсы тұрар шамамыз бар ма? Ашынған аналармен айқасқанша, өз елімізді қалай ақпараттық тәуелсіздікке жеткіземіз? Сөйтіп, ұрпағымыздың санасы мен жүрегіне қалай ұлттық және адами құндылықтарды сіңіреміз? Осыны ойласақ болмас па?

Рухани жаңғыру туралы көп айтамыз. Неге көп айтамыз? Өткені еліміз алдына қойған мақсатын орындай алмай ма деген қауіп бар. Біздің бұрынғы ортақ елімізде солай болған. Коммунизм орнатамыз деді, орната алмады. Тәуелсіздік алған соң дамыған отыз елдің қатарына қосылу міндеті қойылды.  Бірақ, әзір оның да ауылы алыстап тұр. Неге?

    Сондықтан да, алға қойған міндетті орындау үшін рухани жаңғырмақ мінетін алға шығардық. Өте орынды. Бірақ, сол жаңғыруды жаңғырыққа айналдырып жатқан жайымыз да бар. Өмір бойы онсыз да салынып жатқан мектепті, шығып жатқан кітапты, қойылып жатқан концертті, бәрін рухани жаңғыру аясында істеліп жатқандай даңғыратамыз. Ал, сол шаралардың мазмұндық сапасын кім өлшеп жатыр?

  Халқымызды прагматик, реалист болуға тәрбиелеу маңызды екені шын. Бірақ, бұл бағыттағы шаралар да маман даярлау,  кәсіпке және қаржы жұмсауға үйрету сияқты жұмыстардан әрі аспай жатыр ма деп қорқамын. Әйтеуір көшпеліліктен кеше ғана отырықшыланған халқымыздың мыңдаған жылдар бойы отырықшы болып келе жатқан елдердің прагматизміне жетуі үшін тереңнен ойластырылған шаралар керек сияқты көрінеді  маған.

    Туған жерін сүюге, еліне  патриот болуға тәрбиелеу де сол сияқты құр экскурсия жасаумен емес, тереңнен тартумен ғана жүзеге асады. Онда да әлгі лекцияны оқып тұрған лекторыңның сөзі мен ісінде алшақтық болмаса. Әйтпесе, халықтың алдында әдемі сөйлеп, ертеңіне өзі темір тордың  аржағына тоғытылып жатқан министр де, құқық қорғаушы да, әкім де аз емес. Жалпы, сыбайлас жемқорлықты жеңе алмаған елде рухани жаңғыру процесі табысты жүре алар ма екен? Көзім жетпейді.

   Меніңше жаңғыру барлық жерде жүруі керек. Оның ішінде мемлекеттік аппараттарда да. Мемлекеттік қызметкерлерге бес-алты заңды жаттап тест тапсырғаннан гөрі, Әл-Фарабиден бастап, Абай, Шәкәріммен аяқталатын имандылық қағидаларынан тест тапсырғаны тиімді болар ма еді деп ойлаймын. Ойыңды, арыңды тазартып иманигүлге, яғни, Алланы, адамзатты, әділетті шын сүйіп, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке қол жеткізгендер ғана мемлекеттік жұмысқа жіберілсе қоғам, шіркін, шын жаңғырар деп ойлайсың. Өзі биліктің бір тармағында болып көрген философ академик Ғарифолла Есім тіпті мен айтып отырған имандылықты оқытудың жоспар-бағдарын да ұсынды баспасөзде.

     Біздің Тәуелсіздігіміздің мызғымас шын тірегі – сол Әл-Фарабиден бастап, Абай, Шәкәрім, Алаш арыстарына дейінгі асылдарымыз қалыптастырған ұлттық дүниетанымызды қалпына келтіру екенін түсінетін уақыт жетті. Сол кезде нағыз рухани жаңғыру жүретініне де бек сенемін.

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір