«Қара өлеңге өз басым өкшелі етік кигіздім»
27.11.2015
2079
0
ZHumeken-1976 жылы Мао өліп, көп ұзамай билік басына Дэн келді де, ұлт руханиятының қақпасы айқара ашылды. Жер аударылып кеткен, түрмеде жатқан білікті маман-ұстаздар мектепке қайта оралды. Сөйтіп ғылым-білімге ғана емес, ұлттың асыл сөзіне, ары мен ұжданындай болған – әдебиетке кенезесі кеуіп қалған жас ұрпақ халықтық қисса-дастандарына, ертегі-әпсаналарына, жыраулар жырларына, Абай, Ақыт, Әсет, Көдек, Таңжарық өлеңдеріне құмарта түстік. Таңды таңға ұрып, ойын мен тамақты да ұмытып оқыдық. Көп кешікпей өлкелік, республикалық баспалардан М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов,   Ғ.Мұстафиндердің роман, повесть-әңгімелері басылып шықты.

1982 жылы мен туған ауылымнан орта мектепті бітіріп, Пекиндегі Орталық ұлттар университетіне оқуға түстім. Бір қызығы, Пекиндегі қазақтар жұмыс істейтін мекемелерге, кейбір ірі кітапхана­лар­­ға Қазақс­таннан көптеген газет-журналдар мен кітаптар сонау ХХ ғасырдың 50 жылда­ры­нан бермен қарай тұрақты түрде келіп тұрады екен. Олардың ішінде осы «Қазақ әдебиеті» газеті де, анау «Жұлдыз» журналы да бар. Қытай астанасы – Ханбалық дейтін нән қаладан тапқан ең үлкен олжам, тіпті менің таным-пайымыма түбегейлі бетбұрыс жасаған дүние, сол Қазақстаннан келетін газет-журналдар мен кітаптар бол­ды десем, еш асырып айтқандық емес. Қазақстандық ақын-жазушылардың есім­де­рін ғана емес, дарыны мен қарымын да, танымы мен пайымын да білдік. Соның әсері шығар, кейде өзімізді Алматыда жүргендей де сезініп қалатынбыз.
1985 жылы КСРО-ның ең жоғарғы билі­гіне М.С.Горбачев келгеннен кейін екі ел ортасындағы «құс ұшпайтын қызыл шекара» ашылып, барыс-келіс басталды. Қы­тай­дан Қазақстанға алғаш қыдырып келуші аға буын зиялы қауым өкілдері көбінде өздері есімдерін жақсы білетін Қ.Аманжолов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбековтердің кітап­та­рын апарып жүрді. Кейіндеп біздер оларға кейбір кітаптарды «тапсырыс» беріп алдырып жүрдік. Біз алдырып оқитын кітаптар көбінде М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әли, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, Ф.Оңғарсыновалардың шығармалары болатын… Дегенмен, аталған ақындардың ішінде менің ықыласым көбірек Жұмекенге ауып тұратын. Өйткені, Жұмекен жырла­ры­ның ағысы, иірімі, үні мені өз шүңетіне көбірек тарта беретін.
1988 жылы Шыңжаң «Жастар-өрендер баспасының» бастығы, ақын, баспагер Тәліпбай Қабаев ағамыз М.Мақатаевтың бір томдық таңдамалысын «Қаздар қайтып барады» деген атпен басып шығарды. Содан бастап Мұқағали бүкіл Шыңжаң қаза­ғы­ның қолынан тастамай, жаттап, жастанып оқитын ақынына айналды.
1989 жылы әке-шешемді алып Алма_тыға қыдырып мен де келдім. Қайтарымда 3-4 сандық кітап арқалап қайттым. Сол кітаптардың арасында Жұмекен Нәжіме_де­новтің «Ұрпағым, саған айтам» деп аталатын бір томдық таңдамалы жинағы да бар еді. Қай жылы, қай баспадан шыққаны қазір есімде жоқ, тек алғы сөзін ақын Те­мір­хан Медетбектің жазғаны жадымда қалыпты. Форматы да сүйкімді, қағазы да сапалы әдемі кітап қолымнан бір түспейді. Сыралатып отыратын әдеби «салондарда» тек қана Жұмекеннен өлең оқимын. Содан біздің буынның біразы әлгі кітапты қолмен көшіріп алып оқыды, жаттап алып оқыды. Қыс­қасы, біраз жас ақындар арасында Жұ­мекен «ауруы» таралды. Жасыратыны жоқ, аға буын Жұмекенге онша құшақ аша қоймады. Жұмекенді шығару туралы ұсынысымызды құлаққа ілмеді. Бірақ бәрі бір әдебиетке одан кейін келген жаңа, жас буынның да Жұмекенге ынта, ықыласы бөлек екенін байқап жүрмін.

• Темір қызған кезінде…
Ұлы Абайға дейін болған өлең Жұмекенге дейін де болған. Бірақ  бәрібір біз бүгінгі заманауи қазақ поэзиясын Нәжімеденовсіз елестете алмаймыз.
Жұмекен Нәжімеденов – ауыр азаптың ақыны. Жұмбақ сырдың, құпияның, астардың ақыны. Қабат-қабат терең ойдың, сапырылған саналы сезімнің ақыны. Оның ойы орам-орам, сезімі шыңырау құдықтай түпсіз, көңілі көреген. Оның ойшылдығы данышпандыққа, көрегендігі кемеңгерлікке құлаш сермеп тұрады.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.

Қытайдағы қазақтардың ішіндегі әдеби ортада сол ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңына ала басталған «мұқағалишылдар» мен «жұмекеншілдер» арасындағы әдеби ұстаным бүгінде кәдімгідей қатепті ағымға айналды деуге де болады. Оған тұрлаулы тұғыр, мықты негіз болған сол екі ақынның шығармашылық ерекшелігі екендігі даусыз. «Мұқағалишылдар» Жұмекенді «ойы бұлыңғыр, қиналып жазады» десе, «Жұме­кеншілдер» Мұқағалиды «бұқаралық сипа­ты басым, тым жеңіл» деп есептейді. Түптеп келгенде, сөз болып отырған екі ақын­ның екеуінің де қазақ поэзиясында өз үні бар, өз соқпағы бар, өз биігі бар, қа­зақ     поэзиясын өрнекті де өрелі биіктерге көтеріп кеткен тұлғалар. Сондықтан оларды жарыстыру, салыстыру әсте дұрыс емес. Ол туралы Жұмекен өзінің «Қара өлең» деген өлеңінде бүй дейді:
Күпі киген ақынның
костюмді ойы – тамаша,
Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.
Қағып-сілкіп күпіні –
Шекпен қылған сол ақын —
Шекпен киген кешегі
Мұқағали болатын.
Тапқаны ғой әркімнің,
Соған ұқсас сый біздің:
Қара өлеңге өз басым
Өкшелі етік кигіздім!
Жалпы, ақынның аталған өлеңін толы­ғы­мен қайта бір оқып шықсаңыз, кейде айтылып, кейде айтылмай жүрген, кейде қиып, кейде қимай жүрген ақиқатты аң­ғар­уымызға болады. Ол қандай ақиқат?
 Өзінің керемет талантты туындылары ғана емес, халық руханияты тарихындағы тұтас бір кезеңді бастап беруімен, бір өзі тұтас бір халықтың дәстүрлі мәдениетіне елеулі бетбұрыс жасауымен – сол халық­тың рухына, рухани жалаугеріне айналып кеткен тұлғалар әр халықта бар. Бұл ретте біз бүкіл жержүзі халықтарының сондай тұлғаларын түгел адақтап шықпай-ақ, ағылшынның Шекспирін, орыстың Пушки­нін, Толстойын, қазақтың Абайы мен Әуе­зо­він, қытайдың Лу Шүнін айтсақ та жеткілікті.

• Аурухана – 83
3 сентябрь
…1960  жылдардың басында бірнеше поэма жаздым. Оларым, әрине, со кездерге дейінгі жазылып келген /«Сұлушаштан» бастап «Дала қоңырауына» дейінгі/ ешбір поэмаға ұқсамайтын еді. Содан шығар, поэма деп айдар тағуға қорқып, әңгіме /лер/ деп атадым. Оны түсінген адам болған жоқ. Баспа жүзінде алғаш рецензия жазған адамым Қастек Баянбаев болғасын…
Осы күні сюжетті дүниелер жазуға /притча песенно-балладного характера/ құмармын. Құмар болмасам да еркімнен тыс /еркімнен тыс десем жұрт сенбейді/ солай, сюжет боп кетеді. Мәселен, жел үйтті, жапырақ бүйтті, жол сатқындық жасап, бір тауды бір тауға алғызды деген секілді. 1970-тен 1979-ға дейін өлең жазғам жоқ, немесе почти /«Жеті бояуда» жаңадан жазылғандары «Алдар көсе», т.б. бірер он өлең/ жоқ, бұрыннан жатқан кейбіреуі алдыңғы кітаптарға өтпей қалған өлеңдер болатын. 1980 жылы «Шуақ» шықты. Содан бастап газет, журнал беттерінде де мол – мол боп шыға бастадым. Қазір жұрт мен туралы: «Бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды – содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұхтар мен Қадырдың бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен- өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой? Мен шыққанда /»Балауса», 1961/ әдебиетте Төлеген, Мұхтар түгілі Мұқағали, Қадыр да жоқ еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, менің сорым /бәлкім, бағым да шығар / қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де, қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманың өзі, рухын, ырғағын, ой  – бояуын қаншама сақтайын десем де, бәрібір өз өлеңім болып кетеді…

Жұртқа мәлім болғанындай, В.Шекспир – ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы ағылшын қоғамын өзінің қайталанбас таланты ар­қылы әлем сахнасына алып келуімен ғана емес, сонымен бірге, провинциялық говорлар мен диалектілер таптап бара жатқан ағылшын тілін әдеби бір ізге түсіріп беруі­мен, сөйтіп бір өзі тұтас ағылшын мә­де­ние­тіндегі ұлы төңкеріске айналуымен де ұлы. Ал Пушкин болса, ол да – өзінің теңдессіз ақындық таланты арқылы орыс әдебиетін әлемге танытумен ғана емес, біресе француз, біресе неміс тілдерінің дабырына ұшырап, қолданылу аясы күн өткен сайын тарылып бара жатқан орыс тіліне бүгінгідей әлемдік әлеует алып беруімен шексіз даңққа бөленген қаламгер. Енді қазақтың, яғни өзіміздің Абайға келетін болсақ, оның қайталанбас ақындық таланты, қа­зақ әдебиетіндегі қарқарадай орны – тек ақынның артында қалған екі томдық асыл мұрасында ғана болмаса керек. Атап айтқанда6 Абай да біресе фольклордың, бір­есе шығыс елдері классиктерінің ете­гіне жармасып, «өлеңі бірі жамау, бірі құрау» болып жүрген қазақ әдебиетін, қазақтың әдеби тілін бүгінгідей кемелді деңгейге жеткізіп беруімен ұлы. ХХ ға­сыр­дың басында, қытай қоғамы жаз­ған­да бір түрлі тіл (вэньянь), сөйлегенде бір түрлі тіл (байхуа) қолданатын. Лу Шүннің біртуар жазушылық, ойшылдық таланты өз алдына, ол ең бастысы, қытай қоғамындағы әлгіндей тілдік кереғар құбылысты бүгінгідей тірі күйге, әдеби нормаға түсіріп берген ұлы тұлға.
 Ағылшын, орыс, қытай елдерінде біз есімдерін атаған ұлы тұлғалардан кейін де, өздерінің аста-төк дарыны мен талантты туындылары арқылы туған халқының сөз өрнегі мен ақыл-ойын алты әлемге паш ете білген дарындар аз болған жоқ. Ондай тұл­ғаларының орнын туған халқы дер кезінде-ақ тұрақтандырып келеді. Қазақ елінде ше? Біз өзге емес, поэзияны ғана сөз етейік. Жұмекеннің жоғарыдағы «Қара өлең» атты жырында қазақ поэзиясына өзіндік жаңалық әкелген, соны соқпақ салған үш ақынның аты аталады. Біріншісі – Абай. Екіншісі – Мұқағали. Үшіншісі – өзі, яғни Жұмекен Нәжімеденов. Егер Жұмекеннің өлеңдегі ойын қара сөзбен тарқатып айтсақ, «Абай қазақтың қара өлеңін («қазақ поэзиясын» деп түсініңіз – Д.М.) мүлде жаңаша (еуропалық костюм) киіндірді, Мұқағали қара өлеңге шекпен жапты, мен (Ж.Нәжімеденов) өлеңге өкшелі етік кигіздім», – дейді.
Ақынның бұлай айтуға сенімі де, мо­раль­дық хақысы бар. Оған көз жеткізу үшін Абайды да, Мұқағалиды да, Жұмекенді де тереңірек зерттеп, жеткілікті тануымыз қажет. Өкінішке орай, Абайды әлі танып болған жоқпыз. Ал Мұқағали мен Жұмекен әлемі әлі түрен түспеген күйі тың жатыр.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір