Қара етік (әңгіме)
20.11.2022
4049
0

Мұқатай автобустан түскенде, жапалақтап қар жауып тұр екен. Жаңа ғана ой-шұңқыры ап-айқын көрініп жатқан Жер-Ана көрпесін жамылып та үлгеріпті. Аспан бұлыңғыр болғанмен, желсіз, тымық. Ауада денеге жұмсақ тиетін бір жылылық бар.
Енсіз, тастақ жолға түсіп, ауылдың шығысына қарай бет түзеді. Жапалақтай жауған қар – табиғат құбылысы. Мұқатай үшін әзірге сыры жұмбақ. Жұмбақ нәрсенің кім-кімді де ынтықтыратыны бар ғой. Мұқатай да қардың аспан әлемінің қай нүктесінен үзіліп түсіп жатқанын көргісі, білгісі келеді. Тұтаса бұлт торлаған аспанға әлсін-әлсін қарағыштай беретіні сондықтан.
Сонау көз ұшынан сан мыңдаған қар түйіршіктері жапатармағай жарыса құлдилап келеді. Қандай тамаша! Қарға алақанын тосты. Жып-жылы алақанына тиген қар лезде еріп кетеді. Енді ақ ұлпа бөлшектерді санауға кірісті. Бір… екі… үш… төрт… бес… алты… жеті… сегіз… тоғыз… он… Түу, қандай көп! Тіпті санап үлгеру мүмкін емес. Мына әсем көрініске көңілінің арбалғаны сондай, жүріп келе жатқаны есінен шығып кетіпті.
Кенет әлденеге сүрініп жығылды. Орнынан іле-шала көтеріліп, үстінің қарын қағып тұрған. Бәтеңкесінің табанына жабысып, салпаңдаған бірдеңені көзі шалды. Еңкейіп, анықтап қарап еді, қақырап түсуге айналған бәтеңкесінің табаны екен. Өкшесіне ғана ілініп тұр. Енді не істеу керек? Мұқатай шын сасайын деді. Екі қалтасын қарманды. Қолына умаждалған бет орамалы ілінді. Оны ортасынан жыртып, екіге бөлді. Екеуін бұрышынан жалғап түйді. Сосын бәтеңкенің табанын орнына келтіріп ұстап тұрып, асты-үстінен құрсаулап байлады. Аяғын көтеріп байқап еді, біраз жер жүруге жарайтын сияқты. Мұқатай үйіне тез жетуге асықты.
Аласа жозыда түскі тамағын ішіп отырған үй іші Мұқатайды жылы қабылдады. Төрдегі ақ сары, шоқша сақалды кісіге Мұқатай:
– Ассалаумағалейкум! – деп қол берді.
– Әліксалам, – деді отағасы.
– Жағдай жақсы ма, батыр екесі? Оқу қалай? Алғашқы тоқсанды ойдағыдай аяқтаған боларсың?
Бұл – әкесінің туысы Алтай есімді кісі еді. Мұқатай шай құйып отырған Қапыш апасына да, осы үйдің кенжесі Нұрсұлтанға да қол беруді ұмытқан жоқ.
Киім ілгішке пальтосын қыстырып тұрып та, қолжуғыштан су ағызып тұрып та Мұқатай үлкен кісінің сұрақтарына жауап берумен болды.
– Тәрбиеші апайың автобусқа отырғызып жіберді ме?
– Иә, шоферға табыстап, сонан соң бір-ақ кет­ті.
– Рақмет. Көсегесі көгерсін айналайын­ның. – Кенет, Алтай ағасының даусы қат­ты шықты:
– Өй, мынауың не? Шұлығың малмандай су ғой?
– Бәтеңкемнің табаны түсіп қалды, – деді Мұқатай.
– Апайыңа айтып, етікшіге қақтырып алмадың ба? Әй, жазған бала-ай, суық тиіп ауырып қалсаң қайтпексің? – деді үлкен кісі шын кейіп.
– Шұлығыңды шешіп, жайып қой. Табаныңнан суық өтеді, – деді Қапыш апасы.
Ас ішіліп болған соң үлкендер шаруа қамымен жай-жайына кетісті. Үйде Нұрсұлтан екеуі ғана қалды.
– Жүр, аққала жасап ойнаймыз, – деді Нұрсұлтан бұған.
– Аяқ киімім жоқ, қалай барам? – деді Мұқатай.
«Е-е, сондайың бар екен ғой» дегендей ол мұрнын шүйіріп, аз-кем үнсіз қалды да, ештеңе деместен сыртқа бет­теді. «Ескі аяқ киімдерінің бірін әкеліп беретін шығар» деп үміт­тенген. Бірақ Нұрсұлтан сол кеткеннен мол кет­ті.
Үйде жападан-жалғыз отыра-отыра Мұқатайдың іші пысайын деді. Көше жақтан естілген балалардың азан-қазан шуына елегізіп, тыпыршиды. Терезе алдына кеп ақ қар жамылған үйлерге, көшеге телміреді.
Қар әлі жауып тұр. Бір топ бала аққала тұрғызуға кірісті. Ал одан әріректе екінші топ қармен атқыласып ойнап жүр.
Алғашқы топтың ішінен Нұрсұлтанды жазбай таныды. Аналардың шат-шадыман көңілді қалпы, солардың қатарында бола алмағаны, ақсақ тауықтай бүрісіп, терезеден көз сүзген мына тұрысы жүрегін сыздат­ты. Қиын сәт­те қол ұшын беру былай тұрсын, қарақан басының қызығын қызықтаған Нұрсұлтанға өкпесі кара қазандай еді.
Бала қиял бір кездегі өзінің бақыт­ты күндерімен қайта табыстырды. Бұл да еш алаңсыз ойнаудан жалықпайтын. Әкесі мен анасының өзін алма-кезек айналып-толғанғандары дәл бүгінгідей есінде. Апасының камзолының астына жасырынып, әкесінен тығылып қалушы еді. Әкесі ұлын іздеп, үйдің қуыс-қуысын түгел шарлап шығатын. Сол бір асыл бейнелер бұлайша сағынышқа, қол жетпес арманға айналарын білмепті-ау. Көзіне келіп қалған ыстық жасты жейдесінің жеңімен сүрт­ті де, төрдегі құрақ көрпе үстіне етбетінен түсіп жата кет­ті.
Ұйықтап кеткен Мұқатай дабыр-дұбырдан оянды. Ішке Алтай отағасы мен Нұрсұлтан енді. Мұқатай Нұр­сұлтанның жүзіне көз қиығын жүгірткен. Оның дөңгелек, қызыл шырайлы жүзі бал-бұл жанып, қос танауы балық желбезегіне ұқсап желп-желп етеді. Өзі тым көңілді-ақ. Мұқатай енжар қозғалып, орнынан созалаңдай көтерілді.
– Мұқатай, саған етік әкелдім. Қане, киіп көрші, – деген сөздің аға аузынан шығуы мұң-ақ екен, қасына қалай жетіп барғанын байқаған жоқ. Қысқа қонышты, қара етікті ағасы қолына ұстата берді. Сондағы қуанғаны-ай! Дәп өлшегендей шап-шақ екен.
– Дәл ме? – деп сұрады Алиай ағасы.
– Құйып қойғандай! – деді Мұқатай көздері шоқша жайнап.
– Бопты, ендеше, кие ғой. Етігің тозғақ, өмірің ұзақ болсын!
– «Етігің тозғақ болсын» деген не сөз, аға?
– Жаңа киім кигенде айтылатын ырым сөз ғой. Асыл тас, қымбат жиһаз, дүние-мүлік дегендер қажет болғанмен, халқымыз бұларды адамнан жоғары қоюдан аулақ. Бәрінен адам өмірі қымбат. Өйткені өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Және жаңағы тұтыну зат­тардың әммесін адам жасап шығарады.
Мұқатай үлкен кісінің сөзін зейін сала тыңдады.
– Папа, мынадай етіктен маған да сатып әперіңізші, – деді осы кезде Нұрсұлтан қабағын түйіп, бұртиып. Ынта-ықыласы етікке ауып, әке сөзіне онша құлақ қоймағаны байқалады.
– Әй, балам, екі бірдей етігің тұрып, үшіншісін алып бер дегенің кай сасқаның? Қызғаныш па, әлде көрсеқызарлық па бұның? Өз туысыңнан етікті қызғанатындай не көрініпті саған? Мұқатай – біле білсең, сенің бөтенің емес, менің жалғыз ағамнан қалған жалғыз тұяқ. Көз жұмарында маған аманат­таған. Аға-жеңгемнің аманатын орындамасам, аруағының қаһарына ұшырамаймын ба? – деп әкесі оны тыйып тастады.
Осы әңгімеден кейін Нұрсұлтан Мұқатайға өші бар адамша жаратпай қарайтын болды. Ол үшін бұл үйде Мұқатайдың бар-жоғы бәрібір секілді. Жанына жуымайды. Бірақ туысының астамсуы Мұқатайдың жігерін жасыта алған жоқ. Интернат­тан пальтосының қалтасына сала келген екі кітапшаның бірін алып оқи бастады. Төсекке жатқанша кітаптан басын көтерген жоқ.
Кешкісін Нұрсұлтан екеуіне төсек қатар салыныпты. Тыска шығып келді де, төсегіне жатып қалды. Бұның соңынан іле-шала кірген Нұрсұлтан сипақтап, аз-маз тұрды да:
– Апа-а-а! – деді даусын еркелей созып.
– Әу, – деп шешесі басын ішке қылтит­ты.
– Интернат­тың баласының қасына жатпаймын.
– Нүкетай, ондай сөзді айтпа. Интернатқа сенің де түспесіңе көзің жете ме? – деді апасы зілсіз жұмсақ үнмен. Нұрсұлтанның мына сөзі арқасын суық темірдей қарығанымен, Мұқатай үндеген жоқ.
Таңертең Мұқатай әдет­тегісінше ерте оянды. Төсектен тұрып кет­ті. Киініп жатып Нұрсұлтанның төсегі жаққа мойын бұрған. Ол қаннен-қаперсіз ұйқыны соғуда. Пеште от маздап жанып тұр. Үстіндегі ақ шәугімнің суы сақырлап қайнап, қақпағы сыңғыр-сыңғыр етеді. Апасы көрінбейді. Сірә, сиыр сауып жүрген болуы керек. Мұқатай шәугімнің қақпағын алып қойып, тысқа шықты.
Алтай ағасы есік алдының қарын күреп, ауланы қоршаған шарбақпен бірдей ғып үйіп тастапты. Аспан шайдай ашық. Шыңылтыр аяз бет қариды. Жылы үйден шыққандықтан, денесі қалтырады. Пальтосын қаусырынып қойды. Ақ қар көкжиекті қызыл арай шапаққа бөлеп көтеріліп келе жатқан күн сәулесіне шағылып, жалт-жұлт етеді.
Қорада мал жөндеп жүрген отағасы бұны көріп:
– Астыңнан су шықты ма, бала? Ертелетіп қайда бармақсың? – деді күлімсіреген кейіппен. Бұл тұспал сауалдың мағынасын Мұқатай түсіне қойды. Әлі де жата тұруын қалағандықтан айтып тұрғанын білді.
– Бізді ылғи да бір мезгілде оятады. Бір күн ерте, бір күн кеш тұру адамның жұмыс ырғағын бұзады деп есептейді. Мен де осы ережеге әбден үйреніп алдым, – деді үлкен адамша орнықты жауап беріп.
– Онысы өте дұрыс екен. Қатал тәртіп адамды шынықтырады. Ал шыныққан адам қандай қиындыққа да шыдайды. Түске дейін ұйқы соғып, бос, болбыр боп өскен бала кейін еңбекке де қырсыз болады. Ата-бабамыз: «Ерте тұрған жігіт­тің ырысы артық» деп бекер айтпаған, – деді Алтай ағасы айырға сүйеніп, мұртын ширата тұрып.
Осы кез апасы ертеңгі шайға шақырды. Дастарқан басында ол:
– Мұқатайдың үлкендер лебізін ықылас коя тыңдайтыны жақсы екен. Біздің Нұрсұлтан бұндай емес қой, – деді.
– Е-е-е, «кісі болар баланың кісіменен ісі бар. Кісі болмас баланың кісіменен несі бар?» – деп Алтай отағасы ыңыранып қойды.
Ертеңгі шайдан соң қорада тана-торпақтарға шөп салып жүрген. Ұйқыдан енді ғана оянып, қасына келген Нұрсұлтанды көрсе де елеген жоқ. Өз жұмысымен бола берді. Нұрсұлтанның шыдамы таусылып, Мұқатайды сөзге тарт­ты.
– Мұқатай, жүр, сырғанақ тебуге барайық, – деді.
– Саған менімен бірге жүруге болмайды, – деді Мұқатай.
– Неге? – деп аңтарылды Нұрсұлтан.
– Мен интернат­тың баласымын ғой, – деп оның түндегі сөзін есіне салды.
– Мен ойнап айтқам, – деді Нұрсұлтан қызарақтап.
– Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.
– Бұдан былай олай демеймін. Барасың ғой, ә?! – деп, оп-оңай ыңғайға көніп, иіле қалды ол.
Нұрсұлтанның жалынышты кейпіне жаны ашыған Мұқатай қасарысуын қойып, лезде жұмсарып сала берді.
Осыдан он-он бес минут өткенде екеуі жаңа жауған қалың карды омбылап келе жат­ты. Нұрсұлтан – алда. Қолында сүйреткен қол шанасы бар, Мұқатай – соңында. Бұлар ойпаңдау жерді артқа тастап, еңселі жотаға көтерілді. Жотаның үсті жазық әрі қары да жұқа екен. Түнде соққан боран ұшырып әкеткен-ау, сірә.
– Сырғанақ төбеге дейін әлі көп бар. Шанаға отырып ал, – деді Нұрсұлтан күтпеген мінез танытып. Мұқатай отыра қоймап еді: «Отырып ал, мен шаршағанда сен сүйрейсің», – деді. Мұқатай көнді, Нұрсұлтан шанадағы бұны шыбын ғұрлы көретін емес. Дәп бір мәреге асыққан желаяқша жүгіріп ала жөнелді. Жүгірген сайын адымы жазыла түседі. Адымы жазылған сайын шана да зырылдап келеді. Нұрсұлтанның түндегі сөзінен қарадай түңілген Мұқатай мынадай кісілігіне дән риза. Қазіргі сәт­те өзінен бақыт­ты ешкім жоқтай. Екі езуі екі құлағында. Сайдың тік қабағына тірелген Нұрсұлтан шананы айналдырып-айналдырып жіберіп, биіктен төмен қарай қоя бере салды. Мұқатай бір жаққа, шана екінші жаққа ұшты.
Маңдайы бірдеңеге соғылып, көзінің оты жарқ ет­ті. Қар қаба құлаған. Аузы-мұрнына қар жентектері кептеліп қап, ауа жетпей тұншығып бара жат­ты. Қол-аяғын тынымсыз ербеңдетіп тұруға ұмтылды. Басы еңіске қарап жатқандықтан, тұрып кету қиынға соқты. Ептеп қозғалып, арқасына қарай аунап түсіп, әзер көтерілді-ау. Есі ауған адамша мәңгіріп тұрып қалды. Төмен қарап еді, басы айналды. Егер мына қалың қар болмағанда домалап, сонау сайдың табанынан бір-ақ шыққандай екен. Маңдайынан сырғып аққан жылымшы бірдеңеге қолы тиіп еді, қан екен. Қолын қарға сүрт­ті. Жоғарыдан қарқылдап күлген Нұрсұлтанның даусы құлағына жет­ті. Аяқтарын тәй-тәй басқан сәбидей тізесіне сүйеніп, қабақ үстіне зорға жет­ті.
Анадайда ішін басып, күлкіге қарқ боп жатқан Нұрсұлтанның жанына таянды.
– Неменеге мәз боласың? Сені біреу өстіп биіктен құлатып жіберсе, қуанар ма едің? – деді ызаға булығып.
– Не-ме-не-е? – Анау күлкісін тия қойды.
– Аяушылық деген қайда? Бір жерім жазым болса қайтесің?
– Қайтуші ем?
– Осың үшін жауап бересің.
– Мен бе жауап беретін? – Нұрсұлтан жамбастап жатқан күйде сұқ саусағымен көкірегін нұсқады.
– Енді кім деп ең?
– Сен үшін мені кім тергеуші еді? Саған күйетін бізден өзге туысың болса, неге етік сатып әпермейді?
Мұқатай не айтарын білмей аңырып қалды. «Әке-шешесі жоқ деп басынғаны екен ғой» деп ойлады іштей. Сол-ақ екен, көңілі нілдей бұзылды. Алқымына өксік тығылды.
– Неге күймейді? Мұғалімдерім, тәрбиешілерім бар, – деді жыламсырап.
– Соларға керек едің сен? Сен үшін емес, олар ақша үшін істейді білдің бе?
– Сен қатыгезсің! Солай деуге қалай аузың барады? Одан ары сөйлесе, жылап жіберетінін білген Мұқатай бұрылды да, жүре берді. Алматыға интернатқа қайтып кетуге бел байлады. Бірақ Алтай ағасы іздейді ғой. Ол кісінің келгенін күте тұрады, Нұрсұлтанның мына қиянатын айтып беріп, сосын біржола кетпек болды. Үйге келісімен, беті-қолын жуды. Түрін айнадан көрген оның көздері атыздай болды, маңдайы жұдырықтай боп томпайып кетіпті. Шекесіне қан қатып қалыпты. Қанаған жеріне қағаз жапсырып қойып, кітап оқуға отырды. Қанша уақыт өткені белгісіз. Сырт­тан біреудің атын атап шақырғанын естіді. Сыртқы есік табалдырығында Нұрсұлтан тұр.
– Мұқатай, жүр, тайға мінеміз, – деді ол ештеңе болмағандай момақан кейіппен.
– Өзің міне бер, – деп бұрыла беріп еді, анау:
– Ой, папам шақырып тұр. Сенің бәсіре тайың ол. Папам өрістен айдап әкелді, – деп без-без ет­ті. Мұқатайдың жылқы малы десе ішкен асын жерге қоятын әдеті. Қазір де делебесі қозып сала берді.
– Шын ба? – деді сенбегенін жасыра алмай.
– Сенбесең қара өзің. Қораға байлап қойды. Жылқышы бас білдіріп, үйретіпті, жұп-жуас.
Мұқатай етігін іздеді. Бірақ қойған жерінен таппады. Бұрыш-бұрышты түртінектеп түгел қарады.
– Ой, етігің бе? Әне тұр ғой, – деп Нұрсұлтан сұқ қолымен төргі бұрыш жақты нұсқады. Мұқатай оның көрсеткен жағына жалт бұрылды. Табаны қақыраған ескі бәтеңкесін көрді. Нұрсұлтан бар даусымен қарқылдап кеп күлді. Бағанадан бері қалай байқамағанына өзі де таң. Нұрсұлтанның аяғына көзі түсе кеткен. Сөйтсе, етігін сол киіп алыпты. Ашуға булыққан Мұқатай үйден жүгіре шықты. Табалдырықтан ат­тай беріп, Нұрсұлтанның бетіне «Тфу» деп түкіріп жіберді де, қар үстінде жалаңаяқ адымдай басып кетіп бара жат­ты. Көздері шарасынан шыға жаздаған Нұрсұлтан оқтау жұтқандай тұрған жерінде қақайып әлі тұр. Ол әбден ұзап кеткенде барып бар даусымен: «Мұқата-а-а-й!» деп айқай салды. Бірақ бұл кезде ол арылы-берілі сабылған адамдар арасына еніп, көрінбей кеткен.
Қаққан қазықтай мелшиіп тұра берер ме еді. Мұқатайды көтеріп келе жатқан әкесін көрмегенде. Емпеңдей басқан оның жүрісінен-ақ кемерінен асып төгілген асау толқындай ашуын ауыздықтауға қауқарсыздығын байқағандай. Зып беріп ішке кіріп, етікті шешіп, бұрыштағы орнына қойды да, өзінің аяқ киімін киді. Не істеп, не қоярын білмей, аз-кем ақтарылды. «Мұқатайға неге қиянат жасадым?» деп ойлағаны сол екен, сұрқай күй ішкі әлемін әптер-тәптер етіп, құтын қашырды. Әкесінің қолына түссе, оңдырмайтынын біледі. Ойынға зауқы соқпаса да, сонадайда шулап-шұрқырап сырғанақ тепкен көңілді топқа қарай жігіріп ала жөнелді.

Тұрсынхан
ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір