Күш атасын күңіренткен кер заман
Қазақ қазақ болғалы балуандық белдесу қазақтың ұлттық өнерінің төресі саналып келеді. Ал осы күрес арқылы қазақты алғаш әлемге танытқан «Күш атасы – Қажымұқанды» әр қазақтың баласы біледі десем, еш артық айтқандық емес. Сондықтан, Қажымұқанның кім екенін таныстырып жату – артық жұмыс: уақытты зая кетіру деп ойлаймын. Мақсатым – өзімнің және қазақтың ұлттық дәстүрінің қисынына сүйеніп, Қажекеңнің ғұмырдеректік жазбаларындағы кейбір мағлұматтарға қарсы уәж айту.
Қажымұқан қай жылы қайда туған?
Қажымұқан Ресей патшалығы атынан күресіп жүрген тұста ол жайлы спорттық ақпарат немесе жарнама беріліп тұрғанымен, өмірбаяны зерттеліп, ғылыми ғұмырнамасы жасалмады. Кеңес кезінде қолға алғандардың бірі – ақын, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров. Қажекеңнің өзінің айтуы бойынша деректер жиналып, соның негізінде «Қажымұқан» повесі дүниеге келген. Бұл хикаят деректі-көркем дүние болғандықтан, ондағы кейбір оқиғалар Қажекеңнің ғылыми ғұмырнамасына да енгізілді.
Қажымұқан Мұңайтпасов жөніндегі зерттеу еңбектердің бастау көзінде Мұратхан Тәнекеевтің «Қажымұқан» кітабының да тұрғаны анық. Кітап алғаш рет 1963 және 1964 жылдары жарық көріп, 2001 жылы (Алматы: «Білім», 2001. – 192 бет, суретті) қайта басылып шыққан. Кітабының 2001 жылғы басылымын түзеген педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Тәнекеев 2000 жылы қайтыс боп кетеді де, кітаптың жарыққа шығуын көре алмайды. Өкінішке орай, оқырмандардың тезінен өткен бұл кітапқа автор олардың сын-ескертпелерін, түзетулерін енгізіп үлгермепті.
Кейінгі зерттеушілер барлық деректерді осы кітаптан алып, осы ғылыми-зерттеу еңбегіндегі түйіндерге жүгініп жүр. Бірақ, ғалым-жазушы тарапынан кейбір түйіндер шешімін тауып, Қажымұқанның көзқарасын, ұстанымын анықтауда қисынсыздыққа ұрынған сияқты. Кейінгі зерттеушілер мұны білсе де, сипай қамшылап, бұл құнтсыздықты ақтауға тырысатыны байқалады.
Бірінші кітаптың кемшілігі жөнінде марқұм Мұратхан Тәнекеевтің өзі: «Әділін айтсақ, біріншіден, ол кезде менің қолымда қажетті жекелеген ресми ғылыми мәліметтер жоқ еді, екіншіден, Совет Одағы кезінде басқа идеология үстемдік құрды. Сондықтан да Қажымұқанның өмірі мен қайраткерлігін қоғамдық және саяси тұрғыдан нақты ашып көрсету мүмкін болмады. Бола қалған жағдайда, ол ұсақ буржуазиялық демократтың немесе ұлтшылдың шекпенін киіп шыға келетін еді. Сол себепті де ұлы палуанның қуғын-сүргін жылдарында халық жауы атанып, атылып кеткен қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерімен аралас-құралас болғанын, достасып, керегінде көмек те көрсеткенін менің жасырып қалуыма тура келді», – деп жазуынан көп сыр аңғарылады (Тәнекеев М. «Қажымұқан». – Алматы: «Білім», 2001, 7-бет).
Мұратхан Тәнекеев қазақ балуандары пірінің қай жылы қай уақытта дүниеге келгенін көрсетпейді. Ресми деректің түбінде бір шикіліктің бар екенін сезгені анық. Мұны кейінгі зерттеушілердің шұқшия зерттеп, зерделейтінін білсе керек. Қажекеңнің өмірін тілге тиек еткендер оның дүниеге келген жылын әр түрлі айтып та, баспасөз беттерінде жазып та жүр. Біреулер 1871 жылды айтса, енді біреулер 1885-ті көлденең тартады. 1876-ны немесе 1886 жылды дәлелдемек болғандар да бар. Ресми орындар Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Қажымұқан атындағы спорт музейінде тұрған Қажекеңнің паспортын негізге алып, туған жерін «Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылы, ал датасын 1871 жыл 07 апрель» деп жазады. Билік осы мекен-жай мен осы датаны басшылыққа алғанын биылғы жылы Қажымұқанның 150 жылдығын атап өткелі отырғанынан біле беріңіздер.
Ресми құжаттарда көрсетілгендей емес, Қажымұқанның дүниеге келген жері Отырар ауданы Шәуілдір ауылы екенін ел іші, тіпті, ұрпақтары айтып қана қоймай, осы деректі ақиқат деп санайды. Бірақ, Қажымұқан мұражайы аталып кеткен мекеменің директоры Гүлдария Райымбекова:
– Қажымұқанның қай жерде дүниеге келгеніне дау тудырудың қажеті жоқ. Менің ойымша, ол Қазақстанның қай жерінде туса да, қазақтың атын әлемге танытты, – дегендей уәж айтады.
Ал ресми құжаттарда Қажымұқан балуанның 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезі Қараөткел ауылында, яғни, қазіргі Ақмола облысы Нұр-Сұлтан қаласының түбінде дүниеге келгені айтылады. Бірақ, ел ішіндегі көнекөздер мен балуан ұрпақтарының айтуы басқаша өріледі.
Мазаратқа ие боп, ресми адамдар мен тәу еткен қонақтарды күтіп-шығарып салып жүрген Қажекеңнің шөбересі Қуанышбек пен оның жұбайы Розаның сөздеріне зейін саласақ: «Қажекең атамыздың кіндік қаны тамған жері – қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы, сол ауданның кезінде 5-6-ақ үйі болған Ақтөбе бөлімшесі. Атамыздың әкесі Мұңайтпас Ақмола жеріне ауып барып, сол араны паналаған. Анасы Кәбира бала үстінде қайтыс болған», – деп келетін деректерге жолығасыз. Қуанышбек пен Розадан ұзақ әңгіме тыңдап, талай тың деректер есітіп, жазып та алдым. Әрине, сол деректер мен ресми деректердің ара-жігін ажырату – болашақ зерттеушілердің қарекеті. Дегенмен, ұшқыр қиялымыз бен Қажекең жөнінде қатерімізге түйгендерімізді үстірт болса да айта кетейік.
Кейіннен Қажымұқанның Шәуілдірге, одан Шымкент қаласының түбіндегі Темірланға қоныс аударуында үлкен құпия бар. Мұны тағдырдың Қажымұқанның басына салғаны деп қабылдамай, ішкі толғанысының бір қарекеті ретінде көрсеткен жөн. «Ит тойған – жеріне, Ер туған – жеріне» деген қазақтың мәтелі бекер емес. Егер, Қажымұқанның кіндік қаны тамған жері Шәуілдір екені деректер мен дәйектер арқылы ғылыми тұрғыда дәлелденіп, тұжырымдалса, туған жерге сүйіспеншілік сезім қалыптастырудың бір жолы осы болмақ. Әрине, шет елдерге шыққанда:
– Қажекең қай жерде туса да, қазақ қой, Қазақстандікі ғой! – деп айтуға болар. Бірақ, оны ел ішінде долбар қылу – қазақ дәстүріне, қазақ ғылымына үлкен сын деп ойлаймын. Қажымұқанның 1941 жылы Шәуілдір ауылынан алған төлқұжатында көрсетілген мәліметтерге сеніп, «халық айтса, қалып айтпайды» деген қазақтың дәстүрлі сөзін теріске шығарудың жөні жоқ. Бұл, әлде, Совет заманынан келе жатқан ресми деректерді басшылыққа алудың қара тастай қатып қалған қағидаты ма?
Балуанның талай зобалаң заманды өткеріп, қашқындықты да басынан кешкенін ескерсек, «дәм атады» деген қазақ дәстүрінен аттамай, «әйтеуір, төлқұжатты Шәуілдірден алдым ғой» деп, балуанның тәубе қылған қалпын да түсінуге болады. Бірақ, оның өмірдерегін жазған зерттеушілердің Қажымұқанның 70 жаста өз аузынан толтыртқан төлқұжаттағы жазбаларға иланып, жіптің екі басынан бірдей ұстағанын түсінуге болмас. Қажымұқанның басына үйірілген қара бұлт әлі де сейілмей тұрғанда, бұл деректі ресми деп қабылдау дүдәмалдық туындатады. Қазақ күрес өнері пірінің кіндік қаны тамған жері мен туған жылының дұрыс анықталмауы, бұл дерекке нүкте қойылмағаны тарих пен әдебиетте, ғылымда, қала берді, қазақтың балуандық өнерінде қаншама өтірікті туғызатыны белгілі.
Алыптың абақтыдағы жылдары
«Қажымұқанның басына үйірілген қара бұлт әлі сейілмей тұрғанда» деп батылдық танытуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені ол заман – күш атасын күңіренткен сор заман еді ғой. Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) тарапынан балуанның қуғынға ұшырауының себебі Қажымұқан жөнінде жазылған ғылыми-зерттеу еңбектерде жұқалап болса да көрсетілгені рас. Қажымұқан – өмірінде 3 рет түрмеге түскен адам. Біріншісінде – Колчак түрмесіне, екінші және үшіншісінде де сол Омбы қаласындағы, бірақ, большевиктер, яғни, қызылдар түрмесіне. Екеуінде де оның бостандықты, қазақтардың қолы теңдікке жетуін аңсағаны, сол мақсаттың орындалуы жолында алашшылардың идеясымен «ауырғандығы» кінәлі болса керек. Әрине, бұл мінез бен сезім Колчак пен қызылдар өкіметінің екеуіне де ұнаған жоқ. Олар өзіндік пікірі мен мақсаты бар, сөзі мен қарекеті үйлесім тапқан, халық арасында абыройлы, әрі, беделді Қажымұқаннан өлердей қорықса керек. Соның салқыны әлі де тарқамай келе жатыр.
Бір қарағанда, қазақтың балуандық өнерінің пірі Қажымұқан өзінің ұлттық тұғырында табан тіреп тұрған сияқты. Ол жөнінде деректі-көркем кітаптар мен фильмдер, ғылыми зерттеу еңбектер жарық көріп, қаншама қалада ескерткіштер мен мүсіндер тұрғызылды. Мекемелер мен стадиондар, ауылдар Қажымұқанның атымен аталды. Ірі қалалар мен кенттерде оның аты-жөнімен аталған көшелер де бар. Мектеп оқулықтарына да енгізілген: әрі, оқушылардың ашық сабақтарының да тақырыбы. Бірақ, осылардың барлығы Қажымұқанның шынайы табиғи тұлғасын жасап, мінезін таныта алды ма? Қазақтың қара домалақ балаларына үлгі-өнеге болатындай оның ұлттық-ғылыми, деректі, көркем тұлғасы ұлттық деңгейде жасалды ма?
Қажекеңнің колчакшылдар тарапынан бірінші рет түрмеге қамалуы – «большевиктерге іш тартқандығы» деп түсіндіріледі. Балуан «Үш жүз» партиясының шырмауына ілігіп, кезінде «Алаш» газетінің және осы партияны құрушылардың бірі Көлбай Төгісовпен бірге 1919 жылы абақтыда отырады. Көлбай қамауда қаза болады да, Қажымұқан қашып құтылады. Қашуды ұйымдастырып, Қажекеңді құтқарған кімдер? Олардың аты-жөндері белгілі ме? Барлық зерттеу еңбектерде, мақалаларда Қажекең өмірінің осы тұсы беймәлім боп қалған. Бұл жайлы М.Тәнекеев «Сарыарқа» газетінде жарияланған мақаланы тіліне тиек етіп, былай дейді: «…Қажымұқанға мақаланы бастан-аяқ оқып берді. «Алаштың асқар белдей ерлері» дегенде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев және басқалары сияқты жайсаңдары көз алдына келіп, Қажымұқан қатты ұялды. Өмірінде бірінші рет ел бетіне қараудан ұялды. Иә, ағайынды Есіркеповтердің айтқандары дұрыс екен-ау. Көлбайдың аса ірі тұлға екенінде күмән жоқ. Бірақ, дарынды ақын Мағжан, немесе ақыл ойдың алыптары Әлихан мен Ахмет одан кем бе? Олардың арасын ажыратып, түсінуге оның білім өресі жетпеді. Ой тығырығына тірелген Қажымұқан бәрін тастап, Петербургке, балуандар ортасына тартып кеткісі келді» (128-бет).
Отыз жылдан астам Қажекеңнің өмірін зерттеген Мұратхан марқұмның дәл осылай жазуында үлкен мән-мағына бар. Осындайда «кешегі батыр – бүгінгі балуан» деген қазақтың өрелі сөзі ойға оралады. Автордың осы сөзінің астарында Қажымұқанның «саясатпен айналысып нем бар еді? Балуандығымды, цирк өнерін кәсіп етіп жүре бермедім бе?» дегендей ой, өкініш жатыр. Бірақ, халық үшін еңіреп туған ердің басқа жолға түсуі мүмкін емес болатын. М.Тәнекеевтің еңбегінде Қажымұқанның әркімнің жетегінде кете беретін адам емес екені анық көрінеді. Дәл осы арасын М.Тәнекеев тұспалдап жазған. Әлде, Қажекеңді Алаш идеясынан, шынымен, аулақ ұстағысы келді ме екен? Не үшін балуанға Алаш идеясын жұқтырмайды. Назар аударайықшы:
«Сіз, балуан аға, он сегізінші жылы большевиктерге қарсы болдыңыз ғой?» – деп тергеуші бірінші сұрағын төтесінен қойды.
Осыдан соң ғана, балуан желдің қайдан есіп тұрғанын пайымдай бастады. Колчак түрмесіне қамалған ескі істерін қозғап отыр деп ойлады ол осыдан жиырма жылға жуық бұрын болып өткен дүрбелең оқиғаларды еске алып.
– Еш уақытта большевиктерге қарсы болған емеспін, керісінше, біз алашордашылармен тіл табыса алмадық.
– Иә, солай болған да шығар, батыр. Бірақ сіздің адамдардың ұлтшылдық жоспарлары, түркі халқын біріктіру жоспары болды ғой. Сонда Совет өкіметін орнатқан орыс большевиктерін қайда жібермек болдыңыздар?». (148-бет).
Бұл – Қажымұқанның үшінші рет түрмеге қамалғандағы Совет тергеушісінің алған сұрақ-жауабы. Осы кітапты оқу барысында балуанның Колчак түрмесіне 1 рет, ал Совет түрмесіне 2 рет қамалғанын білдік. Біріншісі және үшіншісінде қашып шықса, екіншісінде 6 ай отырған. Бұл жөнінде Мұратхан Тәнекеев былай деп жазады: «Шынында да, Қажымұқан біраз жылдар бойы қазіргі жағдайды пайдаланып, өз мансабы үшін басқаларды құрбандыққа шалудан тартынбаған әлдебір сұрқиялардың түртуімен НКВД-ның бақылауында болғанын сезбеген еді. Бұл кезде балуан күресті де, циркті де тастап, Омбы облысы, Дробышев ауданындағы «Жаңа жол» колхозында жылқышы боп жүрген. НКВД қатардағы колхозшының үстінен «патшаның өз қолынан награда алған» – деген айып тағып, іс қозғаған болатын. Олар патша ағзамның балуанға қырық сегіз рет өз қолымен награда тапсырудан бас тартқанынан хабарсыз еді» (149-бет).
«Алаш» ардагерлерімен достықтың «сыбағасы»
Жоғарыдағы үзіндіден қызыл коммунистердің колхоздастыру кезеңінде мақсаттарын жүзеге асыру жолында ешкімді аямағаны, ештеңеден тайынбағаны көрінеді. Қажымұқанның үшінші рет қамалуының себебін патша қолынан награда алуынан іздеуді Мұратхан Совет өкіметінің тұсында жазып, кейін түзете алмаған секілді. Бұл – жылаған баланың қолына кәмпит ұстатып уатқанмен бірдей. Кейінгі зерттеушілер де үшінші рет қамалуының себебін осы төңіректен іздеп, одан ары тереңге бара алмай жүр. Сұңғыла зерттеуші М.Тәнекеев бұл іске баға беруде қылаңдатып қана меңзеп, түбін қазбаламайды. Тергеушінің Қажекеңе қойған сұрақтарына және оған берілген жауаптарға назар аударайықшы:
– «Сіз ұлтшыл партия басшыларының бірі болып қана қойған жоқсыз, алашордашылармен дос болдыңыз, тіпті, жақын араластыңыз ғой?» – тергеуші палуанның дәл осы сұрақтан жалтара алмайтынына сенімді сияқты.
– Нақты кімдерді айтасыз? – деп сұрады Қажымұқан біршама таныс болып қалған тергеушіге тіке қарап.
– «Алаш» партиясынан сіз дос болғандар аз емес, олардың арасында Советке қарсы талай істерді ұйымдастырушылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар, оларға бүйрегі бұратын, тілектес Тұрағұл Құнанбаевты да қосыңыз» (сонда, 148-бет).
М.Тәнекеев бұдан ары қарай Қажымұқанның 1915 жылы күзде «Алаш» көсемдерінің баразымен бірге түскен суретті және оның қолдан-қолға тарап кеткені жайлы әңгімелейді. Қажекең мұны «кездейсоқтық» деп ақталмайды. Олармен аралас-құралас болғанын жасырмайды.
Қазақ ішіндегі пантюркизм идеясының басында тұрған Мұстафа Шоқаймен, қазақтың атақты әншісі Әміре Қашаубаевпен де Қажекең өте жақын дос болған. М.Шоқай – коммунистік идеяның қас жауы, ал Әміре – нағыз қазақы-ұлтшыл жан. Шындығы, екеуі де – алашшылдар.
Қажымұқанның билік тарапынан өле-өлгенше қағажу көруі «Алаш» көсемдерімен дос болуының салдары деп түйін түюге әбден болады. Оның өзбек пен тәжік жерінде күнелтуі, қайтар жолында түркімен елінде біраз бөгелуі де билікке наразы болғандығының көрінісі.
Бұл жайлы М.Тәнекеев «Қажымұқан» кітабының 154-бетінде былай деп жазады: «Осы сапарында, Қажымұқанның Өзбекстанның белгілі мемлекет қайраткері, балуанды пір тұтатын адамдардың бірі Юлдаш Ахунбабаевтың үйінде болыпты деген әңгіме бар. Онда қалай, қанша уақыт болды, қазақ батырының өзбек арасында аман-сау жасырынып жүруіне Юлдаш аканың қанша қатысы болды – бұл жағы әзірге беймәлім. Қайтыс боларының алдында Қажымұқан осы жайында жақын туыстарына ғана сыр қылып айтқан деседі» (154-бет).
Бұл сөздің ақиқат екенін Қажекеңнің шөбересі Қуанышбек те растайды. Растап қана қойған жоқ: толықтыратындай талай деректер айтты. Қажекеңнің ары қарай Тәжікстан мен Түркіменстанға өткені туралы осы Қуанышбектен естіп, зерттеушілердің бұл жайтты неге қалтарыс қалдырғанына таңырқағанымыз да рас. Бұдан Қажымұқанның әлі де танылмаған тұстары көп екен ғой деген ой түйдік.
Тіпті, патша заманында Қажымұқаннан да төмен күрескен Ресей мен басқа елдердің балуандары дербес зейнетақы алғанын, Қажекеңнің бұдан құр алақан қалғанын қалай түсіндіреміз? Бұл мәселені сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев та шеше алмаған.
Қазақта «өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген сөз бар. Мұны Абай айтты дейді. Кім айтса да, дәл тауып айтқан. Күллі қазаққа пір болатындай Қажымұқанды диуаналық күйге түсірген кім? Жауабын табу – қиынның-қиыны.
Қазақтың күрес өнерінде балуандарға пір болған Қажымұқанның 150 жылдық тойы аталып өтуге жақын қалды. Жылда Қажекеңнің туған күні қарсаңында Қажымұқан атында қазақ күресінен Халықаралық турнир өткізілетіні белгілі. 150 жылдық тойды атап өту мұнымен ғана шектелмейді. Үлкен шаралар белгіленген. Тек, бөлінген қаражат жырымдалмай, орынды жұмсалса екен деп тілейміз!
Қажымұқанның француз, американдық, джиу-джитсу сынды күрестің үш түрінен Әлем чемпионы екені спортшылар қауымына аян. Француз күресі деп жүргеніміз – қазіргі грек-рим күресі, ал, американдық күрес – еркін күрестің бір түрі. Сонда еркін күрестен қазақ арасынан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Қажымұқан болып шықпай ма?
Сөз соңында айтарым, Қажымұқан өмірінің зерттелмей, зерделенбей, әділетті бағасын алмай жатқан тұстары әлі көп. Оның спорттағы табыстары мен адамгершілік жолындағы ізгілікті істерін ұрпақ тәрбиесінің кәдесіне жаратса, нұр үстіне нұр. Сондықтан, Қажымұқанды шұқып-шұқып зерттеп қана қоймай, «қажымұқантану» ғылымын қалыптастыру қажет. Шағын мақаламызда көтерілген бұл мәселені ҚР Мәдениет және спорт, сонымен қатар, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері қолдайды деп ойлаймыз.
Асқар СӘБИТОВ,
жазушы
ПІКІРЛЕР2