Қазақ телевизиясының қарлығашы
29.03.2021
1364
0

Қазақ телевизиясының тарихы Зұлқия Жұматова секілді тұлғалардың есімдерінен басталады. Ол Алматы телестудиясы ашылған 1958 жылы дикторлыққа жарияланған конкурсқа қатысып, 750 адамның арасынан үздік шықты. 20 кісіден тұратын сол кездегі комиссия мүшелерінің бірі қазақтың әйгілі режиссері, КСРО халық әртісі – Шәкен Кенжетайұлы Айманов болған. Ол Зұлқия Мұқанқызына кадрдан қарау үшін өз өлеңдерін оқытып, қабілетіне, талантына зор ризашылығын білдірген екен.

Диктор Юрий Гагаринның ғарышқа ұшқаны туралы қазақ көрерменіне алғашқы болып хабарлады. Алматы телестудиясында қызмет еткен жылдары көпшілікке бұдан өзге де маңызды ақпараттарды үздіксіз жеткізіп тұрды. З.Жұматова мен әріптестерінің еңбегіне советтік әйгілі диктор Ю.Левитан: «Совет одағындағы ең үздік дикторлық топ – алматылықтар» деп жоғары баға берген.

20- ақпанда Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 101 жасқа толды. Ол 1920 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартқан Зұлхия іні-сіңілілеріне бас-көз болды. Соғыс жылдары зауытта жұмыс істеп, тылда жан аямай еңбек етті. Тұрмыс құрып, екі бала сүйді. 

Шығармашылыққа жастайынан құмар болған Зұлхия Мұқанқызы өлең мен әңгімелер жазып, балалар әдебиетінің алтын қорын қалыптастыруға зор үлес қосты. Аударма ісімен де айналысты. Шығармашылық қабілетін дамытты. Өлеңдері республикалық газеттерге тұрақты басылып тұрды.

Таяуда тұңғыш диктордың құрметіне «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК мен «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы қаласы филиалы бірлесе отырып, Алматы музейінде көрме ұйымдастырды. Экран ханшасының өмірі – ғасырлық тарих, ал өмірлік тәжірибесі – барлық буын өкілдеріне арналған тағылым. Көрменің ашылуына қатысқан Зұлхия Жұматова: «Мынау үлкен құрмет, керемет дүние ғой, қатты ризамын. Бәріңізге менің жасымды берсін, аман болайық!» деп, өзіне көрсетілген құрметке дән риза көңілмен көпшілікке ақ батасын берді.

Музейде осы және өзге де атқарылып жатқан істер жөнінде «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Әнуар Үмбеталиев те қысқаша айтып берді: «Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК қаламыздың мәдени өміріне реңк беруге өз деңгейінде атсалысып келеді. Мысалы, осы жылдың 19 ақпанында қазақ телевизиясында тұңғыш рет ана тілімізде ақпарат таратып, аға буынның мерейін үстем еткен, ұлтымыздағы дикторлық дәуірдің басында тұрған Зұлқия Жұматованың 101 жасқа толуына орай диктордың өзінің қатысуымен Алматы музейінде «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы қаласы филиалымен бірлесе отырып «Қазақ телевизиясының қарлығашы» атты көрме өткіздік. Көрмеге З.Жұматованың жеке заттары мен фотоқұжаттары, «QAZAQSTAN» республикалық телероадиокорпорациясынан уақытша алынған қазақ телевизиясына қатысы бар заттар мен Алматы музейі қорынан кинокамера, теледидарлар, фотоқұжаттар қойылды.

Биыл Ұлы даланың алып жыршысы Жамбыл бабамыздың 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып жатқанын білесіздер. Осыған орай 24 ақпанда жыр жампозына арналған «Халық поэзиясының алыбы» атты шығармашылық кеш өтті. Кеш аясында Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық музейінің «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты көрмесі ұйымдастырылды.

Ал 2 наурызда Алматы музейінде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаевтың «Кестелі тарих – сырлы әлем» атты сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашылды.

Алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне байланысты басқа да іс-шараларымыз бар. Оларды қала тұрғындары мен қонақтары музейдің әлеуметтік желілерінен тамашалай алады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір