Берекенің мейрамы – әз Наурыз
25.03.2021
1670
0

Ұлыстың Ұлы күні –  мемлекеттік мереке болғалы ұлттың өз рухын түлету жолында талай игі істердің ұйытқысы болды. Осы мереке арқылы салт-дәстүрімізді, ұмыт болған жоралғыларымызды, тарихи санамызда шоқтанған діл мұратын қайта тірілтуге талпыныс жасадық. Ұлық мереке Қазақстандағы тұтас ұлттың ортақ мейрамына айналып келеді. Наурыз – мемлекеттің тұтастығын, ынтымақ-бірлігін нығайтатын мереке екенін елімізді мекен еткен өзге ұлт диаспоралары да түсініп үлгерді. Бүгінгі пікірлер топтамасынан соны анық аңғаруға болады.

Лаки КЕСОГЛУ, ҚР Халық артисі, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

 АЛҒАШҚЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ЕСІМНЕН КЕТПЕЙДІ

 Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы Наурыз мерекесінің тойлануы сол сәтке куә болған барша жұрттың есінде қалған болар. Өйткені әсері ерекше болды. Сол күні дәстүрімен сағынысып қауышқан халықтың көзінен қуаныштан тамған көз жасын көрдім. Жұрт түгел көшеге шықты. Нағыз думанды мерекенің өзі еді. Жадымда жақсы сақталыпты.

 Айналаға шуағын шашып, нұрға бөлеген осы мейрамның қайта жанданғанына мен де қуанып қалдым. Міне, бүгін де Наурызды жыл сайын дәстүрден жаңылмай атап өтіп келеміз. Өзге ұлт өкілдері де, шаңырағымыз, Отанымыз бір болғандықтан төл мерекеміздей қабылдап кеттік. Бір дастархан басынан табылып, тойлаймыз. Наурыз бірлігімізді бекемдей түспесе, ұлт пен ұлттың арасына алалық сала қоймасы хақ.

Өнер адамы болған соң, өкінішке орай мерекелерді отбасымызбен қарсы алуымыз сирек. Наурыз күндерінде де түрлі шаралар, концерттерде боламын. Көпшіліктің шадыман көңілін көріп менің де көңілім тоқ жүреді. Расында да, наурыздың орны бөлек. Лебі ерекше.

Ендеше, баршаңызға Наурыз құтты болсын! Дархан даламызға бейбіт өмір, бақ-дәулет орнықсын!

Майя ВЕРОНСКАЯ, тележүргізуші

 

БАЛАЛАРЫМ БІЛСІН ДЕП СОҢҒЫ ЕКІ ЖЫЛДА НАУРЫЗ КӨЖЕ ЖАСАДЫМ

 

    Наурыз  –  ерекше жақсы көретін мерекелердің бірі әрі бірегейі! Бала кезден санамда солай қалыптасып қалды, өйткені қазақи ортада өстім ғой. Мен оқыған мектепте Наурызға ерекше дайындалатын. Студенттік шақта да дәл солай болды. Сондықтан, мен үшін Наурыз мейрамы төл мерекем іспетті. Ал тойлауға келетін болсақ, бұл күндері жұмыс қызады. Мейрамға орай елімізде жылда түсірілімдер ұйымдастырылады. Көбінесе концерттер мен басқа мерекелік шаралардың тізгінін ұстап, халықтың алдында жүремін. 

    Әрине, үйде де отбасымызбен Наурызды ерекше атап өтеміз. Жер үйде тұрып жатқандықтан, туған-туыс, доcтарымыздың барлығы бізге жиналады. Аулаға үлкен қазан асып, от жағып, палау, бауырсақ пісіреміз. Балаларым дәмін татсын деп соңғы екі жылда Наурыз-көже жасадым. Өзім Наурыз-көженің дәмін алғаш рет 5 сыныпта, қазақ мектебіне ауысқан кезде таттым. 

   Наурыз – жаңару мерекесі. Қар еріп, көк шығып, табиғаттың оянатын кезі. Көктемнің лебі сезілетін уақыт. Бұның барлығы адамға ерекше әсер етеді. Жылдың басы саналатын мереке бәрімізге бір меже сияқты – өткенге есеп беріп, алдағы уақытқа жоспар құрып, үйді ретке келтіріп, көптен бері көрмеген жақындармен қауышып, құттықтап, кешірім сұрап, татуласатын кез.  Ұлттық мейрамның  бір кездері ресми түрде аталмағанына қарамастан, бәрібір әрбір үйде тойланып келген. Атадан-балаға мұра болып, барлық салт-дәстүрлерімен бүгінгі күнге дейін жеткен.  Жыл басы – Наурызды тойлауға  халқымыздың ықыласы ерекше болғандықтан, алдағы уақытта да халықпен бірге жасай беретініне сенімдімін! 

Ольга БАТУРИНА, Өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

 НАУРЫЗ – ЕРКІНДІК МЕРЕКЕСІ

 Наурыз – ежелден келе жатқан, қазақ болмысын айшықтайтын, қазақылықтың бүкіл сипатын бойына жиған, дәстүрдің дәріптеліп, рухтың жаңғыратын мейрамы. Бұл күн табиғат пен адам үйлесімділігі, үндестігінің деңгейін еселей түсетін секілді. Жыл басы ретінде дәл осы наурыздың таңдалып алынуы да тегін болмаса керек. Расымен, ерте көктемде  тіршіліктің жаңарғанын, жаңа күннің орнағанын сеземіз. Жер-жаһан қайта түлейді. Қарт кісілер «Қытымыр қыстан аман-сау шықтық» деп шүкір етеді. Шаруа малын көкке жіберіп, көңілі жайланады. Жастар жағы бір-бірімен жүз көріскендеріне қуанса, ойын балалары жазық далада асыр салып, тыныстары кеңіп қалады.

Менің ойымша, наурыз – қылқалам шеберлерінің таптырмас шабыт көзі. Салт-дәстүр, түрлі жоралғылар жүрек қылын қозғап, шығармашылығына үн қосатын секілді. Наурыз мерекесі мен үшін еркіндікті сипаттайды. Қазақ ежелден еркіндікті сүйген халық. Қазақ пен азаттық егіз ұғымдай. Қазақ баласы шексіз көк аспанда қанатын кең сермеп қалықтаған қыранға қарап өседі.

Суретшілердің туындыларына зер салсақ, қазақылықтың қалыбы бар дүниелері міндетті түрде өзгелерінің ішінен көздің жауын алып тұрады. Өйткені, қазақтың ою, нақыш, ұлттық бұйымдарында ерекше тылсым күш бар секілді. Айша Ғалымбайдың «Дастархан» атты туындысын мысалға келтірейін. Мерекеге арнап жайылған дастарханнан бір қарап, молшылықты ғана аңғарып қоюға болар еді. Бірақ, ол жеткіліксіз. Онда, қонақжайлық, кең пейіл, мейрам алдындағы тебіреніс секілді адами қасиеттер бар. Осы секілді бейнелеу өнерінен біршама мысал келтіруге болады. Әрине, қазақ ұлтының келбеті өнердің қай түрінде де әсем көрініс таба алады. Қара өлең болсын, ән-күй немесе би болса да ұлттың бояуы кім-кімге де ғаламат әсер сыйлайды.

Наурыз мерекесі де ұлттықтың, елдіктің, еркіндіктің, бірліктің мерекесіне айналып отыр.  

Ашур ӨЗДЕМИР, аудармашы

 НАУРЫЗ ЖАЙЛЫ ҚАТЕ ТҮСІНІК ҚАЛЫПТАСҚАН

 Нaурыз мейрaмы Түркиядa дa тойлaнaды. Бiрaқ кең көлемде, жaлпы ұлттық мейрам деңгейiнде дей алмаймыз. Өйткенi «Нaурыз – түрiктердiкі емес, ирaндықтaр мен күрдтердiң мейрaмы» деген қaте көзкaрaс қaлыптaсқaн. Aлaйдa  соңғы ғaсырлaрғa дейiн Нaурыз әрi xалықтық, әрi мемлекеттiк деңгейде тойлaнғaнын бiлемiз. Тiптi, клaссикaлық Осмaнлы әдебиетiнде көктемдi және нaурызды мaдaқтaйтын «неурузиййе» деген өлеңдер жaзылғaн, «неурузиййе» деген тәттi болғaн, «неурузиййе» деген aқшaлaй сыйлық берiлген.

Соңғы жылдaры жaлпы Түрiк дүниесiмен қaрым-қaтынaс күшейгеннен кейiн Түркиядa дa Нaурыз мейрaмынa мән берiле бaстaғaнын aйтa кету керек. Бүгінде Түркияның шығысындa xaлықтық мейрaм ретiнде жaқсы тойлaнып келе жaтыр. Бірақ ресми түрде емес. Жеке өзіме келер болсам, өкiнiшке қарaй,  Түркияда бұл мерекені атап өтпейміз. Отбaсымыздa дa ондaй үрдiс жоқ. Бiрaқ  Нaурызды мейрaм деп қaбылдaғaн кiсiлердi aуызшa құттықтaймын. Негiзiнде Нaурызды Түркиядa дa xaлықтык және мемлекеттiк деңгейде тойлaнaтын төл мейрaм дәрежесiне көтеру керек. Бұл мәселеде қaзaқтaрдан үлгi aлуғa болaды.

Зуфар АРЗИЕВ, Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті

 ШЕШЕМНІҢ НАУРЫЗ КӨЖЕСІН САҒЫНАМЫН

 Күн мен түн теңелген көктемнің шуақты күнінде тойланатын Наурыз мерекесінің мәні терең. Себебі, осы күндері Отанымыз – Қазақстанның, оның жұртының дәстүрі мен салты жыл сайын бір жаңғырады.   

Наурыз өскелең ұрпаққа өнеге, рухани азық береді. Тарихқа үңілсек, ел осы мерекені ауыл-аймағымен думандатып тойлаған. Алтыбақанын құрып, әнін салып, көшпелі ел қыстан аман-есен шығып, қауышқанына қуанған. Соның жұрнағы ұмыт қалмай, бүгінге дейін жетіп отыр.

Жеті түрлі дәмнен дайындалатын «наурыз көжеден» ауыз тиеміз. Самарқанның көк тасы еріп жатқанда, көңілдегі кірбіңді жібітіп, өкпе-ренішті өткен жылдың еншісіне қалдырамыз.

Шешем марқұм үнемі наурыз көже әзірлейтін. Ыстық бауырсақ пісіріліп, өлі-тіріге арналып жеті шелпек тарататын. Түрлі тәттілер дайындалып, көршілер ауыз тиюге келетін. Шат-шадыман болып, шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құратын едік. Қазір ойлап отырсам, сол мереке үлкендермен мәнді, мағыналы екен. Әрине, жылда Наурызды атап өтемін, бірақ анам бар кездегі наурызды сағынамын. Көжесінің дәмі әлі таңдайымда қалғандай. Наурыз – менің сүйікті мерекем болғасын асыға күтемін.

Көпұлтты Қазақстан халқын біріктіретін, ынтымағын паш ететін мерекенің бірден-бірі – Наурыз. Ұл-қыздарымыз достарымен бірге қаладағы мерекелік шараларға барады. Жыл сайын жастар осы Әз-Наурызды  асыға күтетін болып жүр.

   Береке-бірліктің мерекесі құтты болсын!

Мария ШТРОШЕР, студент

 НЕМІС ҰЛТЫ – ҚАЗАҚТАРҒА ЕТЕНЕ ЖАҚЫН ҰЛТ

 

 Бұл күні біз наурыз көже жасап, көрші-қолаң мен туысқандарды үйге шақырып дастархан жаямыз. Бұрын ауылымызда қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, көкпар тартылатын. Үйімізде Наурыз мейрамын жыл сайын дәстүрден қалмай жасауға тырысамыз.

 

Ниджат ЮСУПОВ, режиссер-оператор

 НАУРЫЗ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ МЕРЕКЕ

 Наурыз тойы – түркі әлеміне ортақ. Сондықтан да бұл мейрамды тойлайтын ұлттардың салт-дәстүрі, наным-сенімі, аспаздық өнері бір-біріне ұқсас.  Мейлі ұйғыр болсын, қазақ немесе өзбек болсын, Наурызды атап өтудегі түпкі мақсат бір – жыл бастауын көтеріңкі көңіл күймен, қуанышпен берекелі дастархан басында қарсы алу. Тек ас әзірлеу барысында аздаған ерекшеліктер бар. Ұлыстың Ұлы күнінде қазақтың әрбір үйінде наурыз көже әзірленсе,  ұйғырларда «санза» деп аталатын тағам пісірледі. Сондай-ақ түрлі өсімдіктен жасалған «Бидашүшір» тұшпарасы да осы көктем мерекесінде молынан жасалады. Мейрам қарсаңында ұлттық тағамдарды әзірлеуден әйелдер арасында сайыстар ұйымдастыру міндетті шаралардың бірі.  Жалпы, біз биге жақын халықпыз ғой. Сондықтан мейрамда би билеп, ән салып көңіл көтергенді жақсы көреміз. Сондай-ақ ақ сақалды қариялардан бата алып, үй-үйді аралап қонақ боламыз әрі барған үйдегі кісілерді міндетті түрде өз үйімізге шақырамыз. Бұл күні үйге келген қонақ өзімен бірге құт-береке әкеледі деп сенеміз. Шыны керек, қазақ ұлтымен салыстыратын болсақ, Наурыз мерекесін тойлау дәстүріміз ұқсас, бөліп-жарып айтатындай айырмашылық жоқ.

Реза АРДАШИР,
кәсіпкер

 ИРАНДЫҚТАР НАУРЫЗДЫ ЕКІ АПТА ТОЙЛАЙДЫ

 Наурыз – ирандықтарда үш мың жылдан астам уақыт тойланып келеді. Сондықтан маңызы ерекше. Бізде ең әуелі, көптен күткен мейрамға бірнеше күн қалғанда көшелерде адамдар қызыл көйлек киіп, қолдарына барабан алып Ұлы мерекенің келе жатқаны жайлы әндер шырқайды. Осы рәсімнің өзі адамды керемет көңіл-күйге бөлейді. Жалпы, ирандықтар Наурызды екі апта тойлайды.  «Чарсанби сури» деп аталатын ежелден келе жатқан дәстүріміз бар. Яғни балалар қолдарына ыдыс алып, көршілерді аралап сыйлық сұрайды. Көбінесе мұндайда тәттілер немесе ақша беріледі. Бұл дәстүр қазақ ұлтының жарапазанына ұқсайды. 21-нен 22-сіне қараған түнді әсіресе жастар қауымы тағатсыздана күтеді. Осы түнде әрбір қалада үлкен отшашулар атылып, айналаны жарқырата түседі. Міне сол кезде айтулы мерекенің басталғанын сезінесің. Жалпы, Жаңа жылға санаулы сағаттар қалғанда  отбасы болып бәріміз дастархан басына жиналып, жақсы тілектер тілеп келер жылды қуанышпен қарсы аламыз. Осыдан кейін екі апта бойы қонаққа бару мен қонақ күту рәсімі басталады. Яғни жақын туыс ағайынның үйлеріне  барып және барлығын күтіп үлгеруге тиіспіз. Мерекеміздің соңғы күнін міндетті түрде табиғат аясында өткізуіміз керек. Ал әзірленетін тағамдарға келетін болсақ, мейрамға үш күн қалғанда «саманук» тағамын даярлай бастаймыз. Бұл асты өзбек халқы да дайындайды. Оның дәмі халваға ұқсас тәтті келеді, бірақ бидайдан жасалады. Негізінен дастарханға жеті түрлі тағам қойылады. Келген қонақ оның жетуінен де дәм татуы тиіс. Бізде көп жайттар қасиетті жеті санымен байланысты.

Ирина ТЕН, тележүргізуші

 НАУРЫЗ – ТАТУЛЫҚ ТОЙЫ

    Мен қазақ елінде туып-өсіп, осы елдің тілінде сөйлеймін. Наурыз – мен үшін ең сүйікті мерекенің бірі. Бұл мейрам жайлы айтсақ, балалық шағымдағы көріністер еске түседі. Көршілеріміздің көшенің ортасына ошақ қойып, дастархан жайып, көже пісіретіні, алаңда балалардың асыр салып ойнап, алтыбақан тебетіні көз алдыма келеді. Наурыздың 22-сінде жаппай халықтық серуенге қатысатынбыз, концерт көретінбіз. Енді ол дәстүрге айналған шаралар ғой. Дегенмен, мен үшін наурыз отбасылық мереке. Сол күні анам бауырсақ пісіріп, көже істейтін, қонақтар келіп, құттықтап жататын. Қазір пандемия болған соң, адамдардың бір-бірімен жүздесуі сирегенімен, әр қашан қуанышпен қауышатын сәттер көп болсын дегім келеді. Биылғы мерекеде үйде көже дайындап, бауырсақ пісіріп, қонақ күтемін деп ойлаймын. Күн мен түн теңеліп, әлем жаңаратын мезгіл де келді. Адамдар бір-бірімен жылы жүзбен амандасап, бата беріп, ізгі тілекпен қауышатын кез. Наурыз – татулық тойы, ынтымақ, сенім, көңіл мерекесі деп білемін. 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір