Қазақтың сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурыз
Гүлмира МҰХТАРОВА,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:
– Гүлмира Райылқызы, әңгімені Наурыз мейрамының түп-тамырының қай кезеңнен бастау алғаны туралы деректерден бастасақ?
– Әлі күнге Наурыз мерекесі туралы түрлі пікірталас болып жатқаны рас. Бірақ Жаңа жылды қарсы алу күллі адамзатқа тән нәрсе екенін және бұл үрдістің өте ерте кезеңнен бастау алғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әрине, әр халықтың жаңа жылды қарсы алу дәстүрінің жергілікті күнтізбеге байланысты өзіндік тарихы бар. Кейде бұл дәстүрлер өзара ұқсастықтарға, кейде өзіндік ерекшеліктерге ие.
Деректерге сүйенсек, қазақ даласында Наурыз күн мен түн теңелгенде ғана тойланбаған. Наурыз табиғаттың оянуымен, тіршіліктің жандануымен байланыстырылған. Мысалы, еліміздің батыс өңірінде халқымызға қайта оралып жатқан «Амал мерекесі» жаңа жыл болып есептеледі. Ал Жетісу мен Алтай өңірінде ай күнтізбесі бойынша ақпанның екінші жартысында Наурыз көже бере бастайды.
Бұл мерекені түркі халықтары ғана емес, өзге мұсылман елдері де атап өтеді. Ежелгі аңызға сүйенсек, әз-Наурызды тойлау Нұқ пайғамбар заманынан басталыпты. Топан су тартылып, кеме тоқтаған кезде (қазақ аңыздарында ол тауды – Қазығұрт десе, армяндар Арарат тауы дейді) әртүрлі дәмнен бір уыстан ғана алып, соның бәрін бір қазанға салып қайнатқан екен. Наурызда жеті түрлі дәмнен көже жасау содан қалыпты деседі.
Жаңа жылды қарсы алу, ескі жылмен қоштасу, яғни «тазару» жаңа жылға деген жаңа үмітті оятқан. Барлық ритуалды іс-әрекеттер, ырымдар осы екі ұғымның шеңберінде қарастырылған. Сақталған мұра, яғни бұл мейрам тек әлеуметтік тәжірибенің бір бөлігі ғана емес, көшпелілердің дәстүрлі мәдениетінің символы.
– Наурыз тақырыбы қазақ ғалымдары тарапынан қаншалықты зерттелген?
– Наурыз тақырыбына М.Ж.Көпейұлы, А.Сейдімбек, Ш.Ж.Тохтабаева, Р.М.Мұстафина, З.А.Жандосова, Т.М.Өмірзақов, О.Е.Ислямов, Ж.Артықбаев, З.К.Сұрағанова, С.Ерғали сынды белгілі этнограф тарихшылар ғылыми еңбектерінде арнайы тоқталған.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық шығармалар жинағының 8-томында Наурыз тақырыбы кеңінен қамтылған. Ол кісі Наурыз мейрамы туралы «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама» екенін ерекше атап кеткен.
Белгілі этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек Наурыз мерекесіне қатысты көптеген зерттеулер жазды. Сондағы бір дерек Наурыздың басталуы туралы: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады», – дейді.
Соңғы жылдары Наурыз мейрамы мәселесін жан-жақты, әртүрлі деңгейде көтеріп жүрген авторлардың бірі – мәдениеттанушы, журналист С.Ерғали. 2012 жылы наурызға қатысты зерттеулерден жинақталған «Нау мен Ырыс» атты кітабы шықты. Наурызды тойлаудың тұжырымдамасын да ұсынды.
Р.М.Мұстафина «Представления, культы, обряды у казахов» монографиясында Наурызды көктемгі жер игеру мейрамдарымен байланыстырады. Ш.Ж.Тохтабаева «Празднование Навруза у казахов» атты мақаласында Наурыз мейрамын этномәдени аспектіде қарастырса, Т.М.Өмірзақов және О.Е.Ислямовтардың «Наурыз» атты мақаласында Наурыз мейрамының дәстүрлік көріністерін жан-жақты талдауға тырысқан. З.А.Жандосованың «Истина Наурыза: общее и особенное в календарном весеннем празднике иранцев и тюрков» еңбегі атауы көрсетіп тұрғандай, түркі халықтары мен ирандықтардың наурыз мейрамын тойлаудағы ерекшіліктері мен ұқсастықтарын қарастырады. Тарихшы Ж.Артықбаев «Қазақ Наурызды қай кезден тойлай бастады?» атты мақаласында: «Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады», – деген ойды айтты. Этнограф З.К.Сұрағанова мақалаларында Наурызды дала экспедициялары материалдары негізінде энергияның әмбебап, ғарыштық, сиқырлы алмасуы ретіндегі табиғи құбылыспен байланыстырып, осы тақырып төңірегінде ауыз әдебиетіндегі аңыздарға тоқталады.
Интернеттен археолог Ұлан Үмітқалиевтің сұхбатын көрдім, ерте темір дәуіріне жататын мұртты қорғандарды зерттеуші, сақ кезеңіндегі қорғандардың қасында от жағу, отпен аластау ғұрыптарын Наурыз мейрамымен ұштастырады. Автор осы тақырыпта кітап жазып жатқанын айтып қалды. Сақ кезеңіндегі Жаңа жылды қарсы алу бойынша қызықты кітаптың жарық көруіне тілектеспіз.
– Қазақстанда Наурыз ресми түрде қашаннан бері тойлана бастады?
– Ғалымдардың айтуынша, қазақ даласында тас, қола дәуірінің өзінде Жаңа жылды қарсы алу үрдісі болған. Оған тас бетіне салынған петроглифтер куә. Сақ, ғұн, түрік, одан бергі Қазақ хандығы кезеңінде Наурыз мейрамы жоғары деңгейде тойланғаны туралы деректер жеткілікті.
1926 жылы Қазақстанда Совет өкіметі Наурыз мерекесін атап өтуге тыйым салғанға дейін ресми аталып келген. Тіпті 1921 жылы 5 наурыз күнгі КазОАК Президиумының Қаулысымен «көпшілік қауымның талабы бойынша» Көктем мейрамы – Наурызды тойлауды міндеттеген. Әрине, тыйым салғанына қарамастан халық Наурыз мейрамын бейресми әртүрлі деңгейде отбасында, туған-туыстарының арасында тойлап келді.
Ұзақ үзілістен кейін, 80-жылдардың басында мереке қазақ зиялыларының бастауымен қайта жаңғыра бастады. Ал 1991 жылы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың арнайы Жарлығымен қайта қалпына келтірілді. 2001 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға сәйкес, Наурыз мейрамы мемлекеттік мерекелер тізбесіне енгізілді. 2009 жылдан бастап осы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, наурыз айының 21-23 аралығында аталып өтеді.
2016 жылы Қазақстан мен басқа да түркі елдері бірлесіп ұсынған «Наурыз. Мерекелік дәстүр» трансұлттық номинациясы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне енгізілді.
Президент Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын әзірлеу және көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырма берді. Қазір Наурыз мейрамын тойлау мәселесі әр деңгейде қарастырылуда. Көп ұзамай ортақ шешімге келіп, Наурыз мерекесі өз деңгейінде тойланады деп сенеміз.
– Наурыз мейрамы қорық-музейдің экспозициясында қалай көрініс тапқан?
– «Есік» қорық-музейінде 4 экспозициялық зал, 1 мемориалдық кабинет және экспозициялық фойе бар. Негізгі тақырып сақ кезеңіне және «Есік» қорымынан табылған Алтын адам тарихына, Алтын адамды зерттеуші ғалымдарға, солардың еңбегіне арналған. Бір зал «Қазақстан археологиясы» деп аталып, тас ғасырдан бастап, орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Осы экспозицияларда Наурыз тақырыбының қамтылуын ұзақ айтуға болады. Себебі сақтарда От символы Күн, Қыс символы Бұқа, Тазалау, Аластау тағы басқа Жаңа жылды қарсы алуға байланысты әдет-ғұрыптарға тән тақырыптар қамтылған.
Тарихқа көз жүгіртсек, Дарий I Бехистун ескерткішінде атап көрсеткен сақ тармақтарының бірі – хаомоварга, яғни хаомо сусынын дайындаушы тайпа. Ал өмір ағашы хаомо «Авеста» кітабында көктемде гүлдейтін, ерекше қасиетке ие, дәруменге бай ағаш деп саналды. Сақтар хаомо сусынын пайдаланғаны туралы деректер бар, кейбір түркі халықтары хаомо сусынын сома, суляма деп те атайды және оны көктемнің алғашқы күндерінде дайындаған. Хаоманы эфедра ағашымен де байланыстырады. Сондықтан да біздің экспозициямызда хаомо сусынын дайындауға арналған кола қазандар және оның қасынан эфедра ағашының бұтағын көруге болады.
Сақ дәуірі кезеңіндегі аңыздар бойынша, Ариан патша қол астындағы әскер мен халық санын бағамдау үшін кезекті бір жиынға әрбір жауынгерге бір жебе ұшын алып келуге міндеттепті. Сол жебе ұштарынан үлкен қазан құйдырып, сол қазанға ас пісіртіп қол астындағы халыққа ауыз тигізген деседі. Бұл аңыздың астарынан біз қазанның ежелден ел бірлігінің, берекесінің, ортақ мүдденің символы болғанын көреміз. Өз басым Ұлыстың ұлы күнін атап өту дәстүрінің түп-тамыры сол кезеңдерден бастау алады деп ойлаймын.
«Есік» қорық-музейінің экспозициясында 1953 жылы Есік қорғандарынан табылған үш аяқты, қос құлақты сақ қола қазаны мен 2018 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылынан табылған сақ-үйсін дәуіріне тән «Тоғызбұлақ қазаны» бар.
Қорық-музейдің ауласында Алтыбақан орналасқан. Бұл туралы наурызтанушы С.Ерғали былай дейді: «Оны кеңестік этнография бізге «ойын» деп ұғындырды. Ойын болса, оның өзіне тән ережесі болуы керек. Ал алтыбақанда ешқандай ереже жоқ. Күн батарда құрылады. Таң атқанша тебіледі. Бір жағына ержеткен, бір жағына бойжеткен тұрады. Айналасында жастар жүреді. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніңіз – күн мен түннің тербелісі, үйлесімі. Яғни түнді жарықтың пайдасына шешу. Наурыздың басты атрибуты – алтыбақан үйге, алаңға, көшеге не аулаға орнатылады».
Экспозициямызда сақтардың дәнді дақылдарды ұнтақтайтын бірнеше дәнүккіштері және кейінгі шамамен б.д. Х ғ. тиеселі тастан жасалған қолдиірмендер бар. Соңғы ғасырларға жататын қолдиірмендер дөңгелек пішінді болса, сақтардікі текше пішінді болып келеді. Осы қол диірмендермен әртүрлі дәнді дақылдарды, соның ішінде жаңа жылдық көжеге арналған дәндерді де үгіткен.
Наурыз көженің шығу тарихы да көне заманнан бастау алады. Көжеге пайдаланылатын дәннің 7 санының өзі бізді сандық магия құпиясына жетелейді. Наурыз көже тағамының қазақ салт-дәстүріне енуі тектен-тек емес. Наурыз көженің түп мағынасында адамдарды достыққа және бірлікке шақыру жатыр, әрі ол туралы көптеген аңыздар бар.
Ертеде ашулы адамдар халық арасына іріткі салып, бүлік орнатыпты. Ерлер өзара келіспей, үлкен-кішіні тыңдамай, шаруаның мәні кете бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес жасапты. Жиын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келеді. Олар ең үлкен қазанға жиналған қауымды тамақтандыратын ас пісіртіпті. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар арасында ең беделдісі тұрып, былай депті: «Ит екеш иттің өзі, күшік кезінде бір емшектен сүт еміп, бір-бірімен ұялас екенін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан дәм таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік!». Осыдан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерін ұмытып, қайтадан бірлікте, татулықта өмір сүрген екен. Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атай береді. Қазақтың өзгермес салты: наурыз көже дайындау – қазақ халқының жандүниесінің кеңдігі мен қонақжайлығын ғана емес, сонымен қатар адамдарының бірлікке, ынтымаққа деген іңкәрлігін көрсетеді.
– Пандемияға байланысты қорық-музей Наурыз мейрамын қалай атап өтпек?
– Әдетте, Наурыз қыс пен көктемнің символы ретінде қыз бен жігіттің айтысынан басталып, ары қарай дәстүрлі ойындармен жалғасқан. Айтыстың әуелгі нұсқалары жаз бен қыстың айтысы, өлі мен тірінің айтысы дегеннен басталған. Айтыс «қайшылық» дегенді білдірмейді, ол – диалог. Бұл да – жоралғының бір түрі. Кейін келе өнерге айналып кетті. Осыған байланысты «Есік» қорық-музейінде 18 наурыз күні Ерқуат Оңашхан, Қуатжан Ынтықбеков, Дәубай Әбдісаев, Алтай Үсенов сынды ақындардың қатысуымен айтыс өткізіледі. Дәл сол күні кішкентай балаларға арнап асық ойнаудан, ләңгі тебуден түрлі ойындар ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамын тойлаудың басты мақсаты – қоғамды біріктіру, қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен мәдени ерекшелігін сақтау және насихаттау үшін жағдайлар жасау. Әрине Наурыз мейрамын тойлау қазіргі өмірдің талабына сай өзгерістерге ұшырап отырады. Осыған байланысты ағаш отырғызу, асар, асық ойнау және тағы басқа іс-шараларды барлық сақтық ережелерді сақтай отырып атап өтуді жоспарлап отырмыз.
Сөз соңында баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Ұлыс оң, ақ мол болсын, Жаратқан елімізді көлденең кесірінен, түрлі апаттардан сақтасын! Елімізде БАҚ арасында ойып тұрып орын алатын, өзіндік соқпағы бар, басты газеттердің бірі – «Қазақ әдебиеті» ұжымына да барша игіліктерді тілеймін!
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Мереке құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Дана НҰРМАҒАНБЕТҚЫЗЫ