ТӨЛТАҢБА – ТАРИХТАН ТИГЕН ТӘБӘРІК
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Атаулы мерекеге орай төлтаңбаның қадірі мен қасиеті туралы мақала ұсынып отырмыз. Автор биыл 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған ұлттық терминологияның бүгінгі жағдайын сөз ете отырып, «төлтаңба» сөзінің ұлттық термин ретінде заңдастырылуының маңызына тоқталады.
Қазақ терминологиясы жайлы сөз қозғаған кез келген ғалым ұлт ұстазы атанған Алаш арысы Ақымет (Ахмет) Байтұрсынұлынан аттап өте алмаған.
1924 жылы Орынборда өткен «Қазақ білімпаздарының I съезінде» қазақ терминологиясын қалыптастырудың қағидаттары күн тәртібіне қойылды. Елдес Омаров оқыған баяндама Ақымет Байтұрсынұлының тікелей басшылығымен дайындалды. Осы съезден кейін, 1926 жылы Бакуде өткен «Түрікшілдердің I-ші құрылтайында» ұлт ұстазы қазақ терминологиясын жасаудың алғашқы ғылыми қағидаттарын ұсынды. Бірінші, термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу; екінші, ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу; үшінші, жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі тиіс; төртінші, қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек.
Мәселен, орыстар нидерландтың «vlag» сөзін – флаг, немістің «erbe» сөзін – герб, гректің «hymnе» сөзін – гимн, латынның «advocatus» сөзін – адвокат, француздың «passeport» сөзін – паспорт, италияның «gazzetta» сөзін – газет, т.б. жат ел тілдерінің сөздерін орыс тілінің сөздеріне бейімдеп, өзгертіп алған. Бұл жөнінде кешегі Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» дегендей бағдар жасап кетсе, бүгінгі қазақ терминологы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы: «Жат сөздерді қабылдау, тілімізге бейімдеп алу – өте маңызды мәселе. Егер шынымен аударуға келмейтін, қазақтан өзге әлем жұртшылығы қабылдаған кең тараған термин болса, біз де өзімізге икемдеп алайық», – деп алдыңғы аға буынның ұстанымын бекіте түседі.
Алайда, қазіргі қазақ тілінің құрамында тұлғасын өзгертпей қолданылып жүрген геральдика – геральдика, вексиллология – вексиллология, сфрагистика – сфрагистика, нумизматика – нумизматика, метрология – метрология, палеография – палеография, папирология – папирология, ономастика – ономастика, топонимика – топонимика, антропономика – антропономика, археология – археология, хронология – хронология, эпиграфика – эпиграфика, т.б. жат елдік сөздер «халықаралық термин» деген желеумен қалай қолданылса, қазақшасы да солай қолданылады. Бұл туралы белгілі терминолог, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы: «Халықаралық терминдер дегеніміз – арғы тегі латын, грек сөздері негізінде пайда болған Еуропа тілдерінің сөздері. Ол сөздер орыс тіліне еніп, орыс тілінің тілдік заңдары бойынша азды-көпті өзгерістерге түсіп, қалыптасқан. Бұл сөздер қазақ тіліне (түркі тілдеріне де) енген жағдайда, «олар ешқандай өзгерістерге түспей, орыс тілінде қалай айтылса, солай айтылуы, қалай жазылса солай жазылуы керек» деген талап қойылады. Сондағы дәлелі: бұлар – дүниежүзі халықтарына ортақ сөздер. Ал шындыққа келсек, «халықаралық терминдер» деген термин жоқ. Болса, олардың ішінде ең құрығанда қытай, жапон, араб, парсы тәрізді шығыс халықтарының немесе түркі халықтарының бір-екі сөзі жүретін еді ғой. Термин дегеніміз – бар болғаны кез келген тілдегі ғылыми ұғымдардың атаулары ғана. Әр халық ғылыми терминдерді өздерінің ұлттық тілдері негізінде өздері жасап алулары керек» дейді. Жалпы ежелгі гректер мен римдіктер өздерінен басқа бүкіл әлем халықтарын «варварлар» деп атаған. Гректің «barbarous» сөзінен шыққан «варвар» сөзі «жателдік» (шетелдік – авт) деген мағына береді. Жателдік – бұл ұлттық емес, саяси термин.
Егер ғалым ағамыз айтқандай, халықаралық терминдерге грек-латын тілдерінен шыққан еуропа тілдерінің сөздері жатқызылатын болса, онда біз қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына ғана бағынатын, еуропалықтардың сөздеріне балама боларлық қазақша терминдер жасап, оларды қазақ тілінің терминологиясына сіңірейтіндей лингвистикалық әлеует пен ресурс қалыптастыруымыз қажет. Бірақ өкінішке қарай, біздегі терминдер қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес игерілмеген, сол жателдік термин қалпында беріледі. Егер де біз, жат ел тілдерінің сөздерін өзгертпей, латын тілінің сөзін – латынша, грек тілінің сөзін – грекше, орыс тілінің сөзін – орысша қабылдай беретін болсақ, түптің түбінде қазақ тілі түркі тілдері тобынан шығып, еуропа тілдері тобына қосылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан грек тіліндегі hymne (гимн) терминінің ағылшын тілінде – хәм, француз тілінде – имнэ, неміс тілінде – әмнә, испан тілінде – имно, итальян тілінде – инно, чех тілінде – имнә, түрік тілінде – марс, қытай тілінде – санмейши деп дыбысталғаны сияқты қазақ тілінде – елұран деп дыбысталуы керек. Музей терминінің қытай тілінде – воугуан, араб тілінде – алмутахафу, ағылшын тілінде – музеэм, француз тілінде – мүйзей, поляк тілінде – музеум, жапон тілінде – хакыбутска деп дыбысталғаны сияқты қазақ тілінде – мұражай деп дыбысталуы керек. Бірақ ол сол тілде қандай мағына берсе, қазақшада да тура сондай мағына беруі тиіс.
Әрине аузымызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қазіргі күні Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекітіп, жарыққа шығарған сөздіктерде – елтаңба (герб), ту (флаг), жалау (знамя), ғаламтор (интернет), ғарыш (космос), әуежай (аэропорт), жаһандану (глобализация), жеделхат (телеграмма), кеден (таможня), куәлік (удостоверение), құжат (документ), келісім (соглашение), келісімшарт (договор), дәлелдеме (аргумент), дәйектеме (обоснование), уәж (мотив), бағдаршам (светофор), демеуші (спонсор), мерейтой (юбилей), маусым (июнь), тамыз (август), ұшақ (самолет), тікұшақ (вертолет), өтем (компенсация), пікірсайыс (дискуссия), дәйексөз (цитата), сыйақы (премия), тұғырнама (платформа), таралым (тираж), т.б. жател терминдерінің қазақша баламалары қалыптасты. «Герб» терминін «елтаңба» термині алмастырды. Осыған сәйкес, ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың өңірлік рәміздеріне лайық жаңа термин қажеттілігі туындады. Біздіңше, ол термин – төлтаңба.
Төлтаңбаның түбірі «төл» сөзі. Оның екі мағынасы бар:
1) Малдың төлі (тура мағынасы).
2) Меншіктік сипат (ауыспалы мағынасы). Түбір сөзге жалғаулар мен жұрнақтар жалғанып немесе басқа сөздер косылуы нәтижесінде меншіктік сипатқа ие жаңа сөздер пайда болады. Мысалы, төлқора – төлдерге арналған қора, төлқұжат – азаматтың жеке басын куәландыратын құжат, төлтаңба – белгілі бір өңірдің өзіне ғана тән таңбасы, т.б.
Айталық, елтаңба – мемлекеттік рәміз болса, төлтаңба – өңірлік рәміз. Екеуінің мәртебесі (статус) екі түрлі. Төлтаңба мәртебесі жағынан елтаңбадан төмен тұрады. Бірақ бір-бірінен бөлектенбейді. Елтаңба мен төлтаңба – егіз. Бұл терминдер өзге тілдерде баламалары жоқ, таза қазақ сөздері. Ұлтымыздың болмысымен біте қайнасқан архетип ұғымдар, төлтума туындымыз. Одан ұлы даламыздың иісі аңқиды. Біз тек төлтума туынды арқылы ғана алдымен – қазақтың, сосын – жаттың жүрегіне жол таба аламыз. Бұл бағдарда ел ғана емес, тіл де егемен болуы керек. Себебі елтаңбаны әр ел өз тілінде дыбыстайды. Мәселен, венгрлер – cimer, албандықтар – stemёn, ирландтықтар – armas, италияндықтар – stemma, немістер – wappen, польяктар – herb, орыстар – герб дейді (және Ресей империясының қол астында болған көптеген халықтар герб дейді). Сондықтан орыс тілінде «герб» деп емес, мемлекеттік тілде «елтаңба», «төлтаңба» деп қолданылуы тиіс. Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік туымен, мемлекеттік елтаңбасымен, мемлекеттік гимнімен қатар қастерленетін ұғым. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің есігі бүкіл әлемге қазақ тілі арқылы ғана ашылады. Әйтпесе бәрі бекер.
Бөтен жұрттарда үй де, пеш те, елтаңба да тіктөртбұрышты. Біздің елтаңба дөңгелек шеңбер пішінді. Бұл – қазақстандық үлгі, киіз үй мен ошақтың бейнесі. Төлтаңбаның да осы үлгімен жасалғаны жөн. Енді бұл жерде бір мәселе ғана бар. Ол төлтаңба терминін лингвистикалық тұрғыдан заңдастыру. Осы реттелсе, елтаңбаны – төлтаңба, төлтаңбаны – елтаңба деп, екі терминді қатар қолданып, шатаспайтын боламыз. Төлтаңба сол өңірдің бойтұмары сияқты ажырамас бір бөлшегіне айналып, ең басты рәміз ретінде бағаланатын болады. Тек ол төлтаңба шаңырақ көтерген ұлыңның еншісіне, ұзатылар қызыңның жасауына қосуға тұрарлық төлтаңба болсын!
«Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін алмастыра-алмастыра, ақырында ана тілінің қайда екенін білмей, айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің (терминдердің – авт.) даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болады», – деп тасқа таңба басқандай айтып кеткен ұлт ұстазының аманатына адал болайық.
Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
Геральдист
ПІКІРЛЕР2