Кез келген ұлттың дыбыстық тілі болады
Бүгінгі күні әншілік өнер эстрадалық және дәстүрлі болып екіге бөлінді. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап эстрадалық ән өнері қарқындап дами бастады. Оның басты себебі, еліміздің Мәдениет министрлігі жас композиторларға алдына заманауи эстрадалық әндер жазуды тапсырған еді. Осылайша Латын Америкасы халықтарының билері ырғағындағы (свинг, ча—ча—ча, румба, самбо т.с.с.), джаз және вальс ырғағындағы әндер көптеп шығарыла бастады. Ол әндерді сүйемелдейтін эстрадалық-симфониялық, джаз оркестрлері, вокалды-эстрадалық ансамбльдер дүниеге келді. Яғни, қазақтың ән өнері жаңа сипат ала бастады. Қазақ сахнасы түбегейлі өзгерді. Сахнадағы концерттер халық музыкасы, классикалық музыка, эстрадалық концерттер болып түрленді. Халық әндері эстарадаға өңделіп айтылды. Бұл үрдіс дәстүрлі халық әндері мен эстрадалық әндердің арасын алшақтата берді. Сайып келгенде, жылдар өте келе дәстүрлі халық әндері мен эстрадалық әндер бір-біріне мүлдем ұқсамастай болып өзгерді.
Біздің санамызға «музыканың тілі ортақ, музыка – интернационалдық өнер, жақсы музыка кез-келген ұлтқа түсінікті» деп келетін ұшқары пікірлер сіңіріліп келді. Нағыз төлтума музыканың тілі сөйлеу тіліне қарағанда ұлттың болмысына көп жақын. Тарих зобалаңына тап болып, сырт күштің экспансиясына ұшыраған ұлттың ең алдымен өмір салты ассимиляцияға ұшырайды. Сонан-соң тұрмыс-тіршілігі, киген киімі, моральдық-этикалық нормалары сырттан ықпал еткен өктем күшке мойын ұсынып еліктейді. Ұлттық қасиеттен ең соңғы ассимиляцияға түсетін – музыка. Бұл – этностар тарихында мың сан рет дәлелденген ақиқат. Демек, ұлттық қасиет пен ұлттық тілді бойына молынан сіңірген рухани құбылыс деп музыканы айтуға толықтай негіз бар.
Әрине, әлеуметтік-тарихи жағдай халықтың болмысын өзгертпей қоймайды. Қазіргі ақпараттар ағымының заманында урбанизация мен рухани ассимиляция үрдісі бұрын-соңды болып көрмеген қарқын алуда. Соның ішінде музыка өнеріміз де шаблонға еліктеуден шет қалған жоқ. Компьютерлік технологияның, ғаламтордың дамуы ұлттық өнерімізге өз билігін жүргізуде. Еліміз нарықтық қатынастар заманына кірген мезеттен бастап мәдениет саласы да нарықтық қатынасқа көшті. Кеңестік замандағы мәдениет пен өнер саласындағы арнаулы саясат, бағыт-бағдар тоқтады. Мәдениет пен өнер өз бетімен жіберілді. Нәтижесінде, нарық заманының қатал заңдылықтарына сәйкес, ешқандай музыкалық білімі жоқ, нотаны танымақ, тұрмақ мұрнына иісі де бармайтын, алайда компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп алған жастар дыбыс жазатын студияларды көптеп ашып алып, музыкаға ойларына келгенін істеп-бағуда. Прогрестің адамзатқа берген сыйы атақ-даңққа ұмтылушылардың да бақ-жұлдызын оңынан тудырып берді. Тек, қалтаңда ақшаң не демеушің болса, болғаны. Таудай таланттың да, инемен құдық қазған арнаулы білімнің де қажеті шамалы. Өзіңе ұнаған кез-келген әуенді де, күйді де білімсіз аранжировщиктерге өңдетіп фонограмма жасатып ал да, сахнаға қарай тарта бер. Ең сорақысы, осындай киелі өнерге деген қиянатқа – «ай» дейтін ажаның, «қой» дейтін қожаның болмағаны.
Аталған келеңсіз үрдістің нәтижесін қазір айқын көріп отырмыз. Телеарналарды қосып жіберсең, бітпейтін мәнсіз-мағынасыз концерттер. Орындап жатқандары той-томалақтың әләләу-халәләу, секең-секең әнсымақтары. Бір кездері «өнер жолын» той-томалақтан бастап, ақша жинаған қуаяқтар үлкен, киелі сахнаға лап қойды. Олар, той-томалаққа келген елді секіртіп билетуге арналған, кімнің әуені екені белгісіз, шет елдерден ұрлап-жырлап қазақша сөз жаздырып алып айтып жүрген әнсымақтарын өздерімен бірге ала келді. Олар өздерінің осы қылықтарымен қазақтың ұлттық музыка өнеріне үлкен қиянат жасап жүргендерін білген де, сезген де, түсінген де жоқ. Білімсіз адам қайдан білсін?..
Той-томалақ та халық қазынасы ғой. Тойдың да адамға берер мәдени, рухани тәрбиесі бар. Сол той-томалақтарда өнерпаздар елге танылып жатады. Алайда тойларда орындалып жатқан әндер мен билерге көңіл аударайықшы. Бұрынғы кездерде тойларда – ол дәстүрлі ән болсын, эстрадалық ән болсын, тек қазақ әндері орындалатын. Ал билеу үшін ішінара орыстың, алыс шет елдердің эстрадалық әндері аралас пайдаланылатын. Қазіргі кезде ән өңдеушілер елді билету үшін шет елдердің әуендерін, ырғақтарын қойыртпақтап, қазақ әндерінің ішіне енгізіп, тықпалап тастаған және сол «туындыларын» «индия», «восток», «ташкент» т.с.с. стилінде деп атап алған. Яғни, ташкент – өзбек музыкасының ырғағында, восток – араб елдерінің, индия – үнді елінің музыкасы мен ырғағында жасалған қазақша әндер. Бейнелеп айтсақ, басқа ұлтқа күйеуге шыққан қазақ әйелінің шата баласы сияқты, аты да, заты да қазаққа ұқсамайды. Тек сөздері ғана қазақ тілінде.
Бұрын-соңды лизгинка биін тек кавказдықтар ғана өз тойларында билейтін болса, қазір қазақтар өз тойларында лизгинка, өзбек, үнді, түрік және басқа да ұлттардың билерін билейтін болған. Кез-келген өнер төлтума қасиетке ие. Ұлттың ішкі жан дүниесін, болмысын бейнелейді. Қазақтан басқа ұлттар өз тойларында басқа ұлттың әнін айтып, биін билегенін көрмейсің. Өйткені олар ұлттық қасиетін, ұлттық тілін, ұлттық намысын қадірлейді, қатаң сақтайды. Басқа ұлттың тілін, өнерін, салт-дәстүрін, жалпы мәдениетін өз ұлтыңа тықпалау – ұлтсыздануға, ұлт ретінде жойылуға апаратын жол. Ең сорақысы, жоғарыда аталған той-томалақ өнерпаздарының тойға пайдаланып жүрген кімдікі екені белгісіз қойыртпақ әнсымақтарын үлкен сахнаға алып келгендері және оған ешкімнің «қой» деп тыйым салмауы болды.
Кез-келген ұлттың өзіне тән дыбыстық тілі болады. Біз сол «дыбыстық тіл» деген сөзге айрықша мән беруіміз керек. Тіл, сөз дегеніміз белгілі бір ұлттық айғақ екені аян. Дәл сол сияқты белгілі бір әуен-сазға айналған дыбыстың да ұлттық тілінің болатынына күмәніміз болмауы керек. Біз сөзін түсінбесек те,үнді аруы ән салғанда тек дауыс бояуынан, әуендік жолдарынан үндінің әуенін бірден танимыз. Сол сияқты қытайдың да, арабтың да, италияның да әуендерін дауыс бояуынан, әуендік жолдарынан танимыз. Түптеп келгенде, бұл қасиеттер ұлттық дыбыстың да, әр ұлтқа тән әуендік жолдарының да болатынын, сол ұлттық дыбыстың өз ұлтына көбірек түсінікті тілінің де болатынын аңғартады. Қысқасы, музыканың да ұлттық тілі, төлтума дыбыстан тұратын символы бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – кез келген ұлттың музыкасында, әндерінің, аспаптық музыкасының өзегінде сол ұлттың генетикалық коды, ұлттық қасиеті жасырылған. Біздің мәдениетімізді, ұлттық өнерімізді басқарып отырған азаматтар мен азаматшалар бүгінгі күні мәдениетімізде, ұлттық музыка өнерімізде болып жатқан жоғарыда көрсетілген келеңсіздіктерге көңіл аударып, қолға алып, «мәдениет пен өнердің дамуы, болашағы» туралы стратегиялық маңызы бар бағыт-бағдар жасап, тиісті заңдар қабылдамаса, қазақ халқы ұлттық қасиетін жоғалтуы ықтимал. Ал ұлттық тілінен, төлтума мәдениеті мен өнерінен айырылған кез келген халық жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуі бек мүмкін.
Самат МӘЛІМБАЙ
дирижер, композитор,
ҚР Мәдениет қайраткері
ПІКІРЛЕР1