Қорғанбек Аманжол. Қазақтың ақбоз үйін сағынамын
19.03.2021
750
1

Бір

Тәңіршілмін!

Тәңір-Алла тақ пірім.

Бір Тәңірмен берекелі, бақтымын.

Дәстүрім де, хақ дінім де бір менің,

Бәрі сонда – қайғы-мұңым, шаттығым,

 

Алашыма Алладан шет әмір жоқ.

Алғаш Алла аян салған Тәңір боп.

Тәңір сыйы Көк түріктің қанына

Құйылыпты қайсарлық боп, сабыр боп.

 

Туа сала Көк Тәңірге беттеген,

Бабам менің Хақтан қағас кетпеген.

Жүрегінде, тілегінде бір Құдай,

Ар-Тәңірдің әмірін екі етпеген.

 

Бірге ғана, Күнге ғана жүгінген,

Кәмиласын айтпай қалса сүрінген.

Бір дегеннен қайтпайтұғын – қағидам,

Табанымның тайдырмаймын бүрін мен.

 

Бабам менің Бірмен ғана бүрлеген,

Бір-ақ Тәңір, бір ғана Алла, Бір деген.

Бесігімнен ақ-адал сүт – емгенім,

Бір сөзді боп арлы өмір сүрген ем.

 

Бір махаббат, жалғыз жүрек, бір Отан,

Жалғыз Жардың жан жылуын ұнатам.

Көк бөрілі жалғыз ғана Байрағым,

Кеудем – биік, көңілім – бек, гүл атам.

 

Арым менің – тәу ететін Тәңірім.

Сол Тәңірдің орындаймын әмірін.

Тәңірім де, арым да бір, жаным бір,

Ар дұғасы – жалғыз жарық кәмілім…

 

Қара ат

Аламан бәйгелерде олжа салған,

Кезі жоқ қыл құйрықты алға салған,

Қара атты

Қартаң тарта бастағанда

Ауылда қара жұмыс, малға салған.

 

Самарқау салбыраған сұлық қана,

Көзінен мұң үйірген сүлік қара.

Кездескен кедергіге ағын судай,

Ішінен тұратын-ды тынып қана.

 

Жасымнан мен де не сан шиырлаппын,

Өспірім он төртімде сиыр бақтым.

Берілген қарауыма қара атпенен

Керілген кең далада құйындаттым.

 

Ұшқандай ұшан-көкте қанатыммен,

Шаттана шапқыладым қара атыммен.

Арбаға жегіп әнтек әредікте,

Шалғымен шөп шабуға баратын да ем.

 

Жалғасқан Көктеректің көк талымен,

Шалғынын Суалманың бетке алып ем.

Жанымнан дүркірете шауып өтті

Жиын топ жарау қасқа аттарымен.

 

Сол сәтте қара атымды жын буғандай,

Кісінеп, салатындай сүргін қандай,

Соңынан топ аттының тұра шапты,

Кенеттен бір сілкініс тудырғандай.

 

Арбаны салдырлатып ала қашты,

Шаңына топ аттының араласты.

Солармен бәйгеде бақ сынасқандай,

Жұлып жеп ауыздығын жағаласты.

 

Еліріп, екпіндетіп, елеуреді,

Бәйгеге қосылғандай бебеуледі.

Қапыла қарғи шауып, орғи шауып,

Божыны қанша тартсам – бөгелмеді.

 

Ес шығып, мен де жынды-сүрейлендім,

Жанымнан үзіп күдер үрейлендім.

Жүзіне түсіп, сірә, қалмайын деп,

Шалғымды жақтауына сүйей бердім.

 

Қамытбау ағытылып ол да қалды,

Тырнауыш, арқан, балтам жолда қалды.

Бір жетек шығып кетіп, сүйретіліп,

Шырқырап шыбын жаным жарда қалды.

 

Қара атым тыңдар емес заржағымды,

Осы сәт таңдатқандай сор-бағымды.

Тағы бір аса қарғып орғығанда

Арбамыз тоңқаң қағып аударылды…

 

Жас жаным…

Запыраным…

Жетім едім.

Ызаға толып кетті көкірегім.

Көңілді күрсін басып, көзімді – шел,

Енді мен өжеттеніп екілендім.

 

Алдынан жүруші едім қия да өтпей,

Кектендім қара атыма қияметтей.

Долыра өксіп-өксіп жылап та алдым,

Бұлт басып томсарғанда қия беткей.

Шалғы орған саныма да қарамадым,

Жанымды одан сайын жараладым.

Терекке мықтап байлап қара атымды,

Төпелеп басқа-көзге сабаладым.

 

Құдай-ай, тоқтай алмай ұра бердім,

Шытынап ұрған сайын сына бердім.

Қара аттың кісінеген зарлығына

Тау-тасы жаңғырықты құба белдің.

 

Зар күйлі жаңғырыққа құлақ түрдім,

Құдірет, неге мұнша сынақ қылдың?

Жалынан құшып бейбақ қара атымның,

Егіліп өкінішпен жылап тұрдым…

…Әлі де кешірімін сұрап тұрмын.

 

Ақбоз үй

Кейде бір мұң-налаға малынамын,

Кейде бір томашадай торығамын.

Қазақпен бірге жасап келе жатқан

Қазақтың ақбоз үйін сағынамын.

 

Халықтың қасиетін алқалаған,

Қазақтың қасіретін арқалаған,

Басымда, ақбоз үйім,  сен болмасаң,

Ордам деп қай киеге ен таға алам?

 

Ақбоз үй аман болса халқым аман,

Көңілі ақбоз үйдей жарқыраған,

Ішінде ақбоз үйдің қанаттанып,

Жетіпті ата-баба салты маған.

 

Қазақтың қашаннан да соры қалың,

Сорының қалыңына қамығамын.

Налимын нәубетке де

Ақбоз үйдің

Түсірген ортасына шаңырағын.

 

Зобалаң, зорлығы көп замандардан,

Ақбоз үй Алла сақтап аман қалған.

Көзімнің қарашығы ақбоз үйім,

Көненің кереметі маған қалған.

 

Ақбоз үй, асылымсың, арман әнсің,

Үзбей сен сүйегімді жалғағансың.

Босағам берік болып жасай берші,

Алашым аман болса сен де амансың.

 

Беймекен

Кейде жайлы, һәм шырайлы, кейде кең…

Неге ғана жалған дүние дейді екен?

Бақи да – сол, сақи да – сол, рас та – сол –

Бір кездерде біз баратын беймекен.

 

Беймекеннің бет-бейнесін білдік пе?

Әлде бекер көзге кірбің ілдік пе?

Қимайтындай нең қалды деп қинайды-ау

Сұм дүние, сүргін мына тірлікте.

 

Қысқа дейді сабындай-ақ қамшының,

Сұлбасы да көрінбейді арсының.

Ал, меніңше, бес күндік бұл жалғанда

Қатталады бар асылың, бар шының.

 

Неге, неге өткінші деп сөгеді.

Сөгетіндей бар ма сөкет себебі?

Бұл дүние бір саңылау қалдырмай,

Жан-жүрекке бар жарығын төгеді.

 

Абыржытпай айтшы маған, ей, көкем,

Жер мекеннен жақсы ма екен беймекен?

Көріп келмей кереметін о жақтың

Бұл жалғанды  неге жалған дейді екен?!

 

Бес күн дәурен басымыздан өтер-ау,

Өкіндіріп беймекенге кетер-ау.

Пәни жалған жақсылығы болмаса,

Бақидың да мәңгілігі бекер-ау.

 

«Бүгін – бармын, ертең – жоқпын» демеңіз,

Мәңгі өмір сүру үшін өлеміз.

Жалғау үшін жалған дүние жарығын

Жер мекеннен беймекенге енеміз…

 

Зеренді қарағайлары

Шашақты найза секілді

Желкілдеп алтын айдары,

Түсірген ойға не түрлі

Зеренді қарағайлары.

 

Ақан да мұнда ән салған

Балқадишаның жайлары.

Біржан да саған тамсанған

Зеренді қарағайлары!..

 

Тоқтайтын жалғыз түйінге

Өтеді өмір айлары.

Қалады балғын күйінде

Зеренді қарағайлары.

 

Өлкесін сүйген өреннің

Қуанышының қайнары.

Бір жолы болшы өлеңнің,

Зеренді қарағайлары.

 

Осынау бақи ғұмырдың

Жалғаса берсін тойлары.

Ұмытпа жырын ұлыңның,

Зеренді қарағайлары.

 

Тасқұдық

Тасқұдық жайлы бір өлең

Кеудемде көптен жүр еді.

Тұнығын ішіп түлеген

Көктерек түгел біледі.

 

Көктерек десе тасынғам,

Қызады қаным, жан-жалын.

Сіміріп өстім жасымнан

Тасқұдық кәусар зәмзәмін.

 

Қақпақтас шоқы етегі,

Ауылдың шеті шоқ тоғай.

Жүрегім ұшып жетеді

Құдыққа шейін тоқтамай.

 

Қандырып мейір шөл басқан,

Бұлағы тастың бал татып.

Өзектен тартып жалғасқан

Тұмасы түйін тарқатып.

 

Қыз-келіншектер ырғалып,

Иінағаштары майысып.

Сусындап содан күллі ауыл

Отырар еді шай ішіп.

 

Бұлдай да берсем бұл жайды

Буланып кетер көз, шіркін.

Жанында соның жырғайды

Жігіт-желең мен қыз-қырқын.

 

Құйылған сәуле, күн бетің,

Киелі менің әлемім.

Жанымнан өшпей суретің,

Жыр болып құшсын сәлемім.

 

Шымырлап тастың астынан,

Шегендеп таспен өрілген,

Тасқұдық тұма – жастық ән,

Айырмаң қайсы өмірден?!

 

Жарқ етер сөнбей басты үміт,

Жылдар да жылжып өтсінші.

Өмірдің нәрі Тасқұдық

Ұрпаққа құт боп жетсінші!..

 

Әулие тас

Ауылымның қасында Әулие тас,

Аңызындай өткеннің кәрия тас.

Қадым заман қалдырған қасиеттей,

Қормалына жұртымның хан ие тас.

 

Әулие тастың көп еді әңгімесі,

Әлімсақтан аймақтың мәңгі иесі.

«Әулие тас-ай, жарықтық!» деп күрсінсе,

Ақсақалды тербейтін жан киесі.

 

Бала жастан жанында ойнап өстік,

Бал дәуреннің қызығын тойлап өстік.

Әулие тастан әлдебір тылсым ұғып,

Есейгенде ойыннан ойға көштік.

 

Сонау соғыс көп қайғы ала келген,

Әупірімін ана мен бала көрген.

Азаматым аман-сау оралсын деп,

Әулие тастан шығарып сала берген.

 

Әулие тастың қасында қара жол бар,

Қара жолдың құзырын бала да аңдар.

Қара жолдың қыдырын жолдас қылған

Қам көңілді қапасқа қамағандар.

 

Жас жұбайлар осында шат болады,

Әулие тастың басынан бақ табады.

Жолаушылап алысқа кеткен жандар

Әулие тастан бата алып аттанады.

 

Көктеректе қалдырып көктем елін,

Әулие тастан аттанып кеткен едім.

Қазығыма байландым кіндікпенен,

Қара жолдан ешқашан шеттемедім.

 

Әулие тастың киесін ырым еткен,

Айналып-ақ кетейін құдіреттен.

Жан сабатын жайлаймын әлі де осы

Жүрегімнен өшпейтін сүгіреттен!..

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.03.2021 | 03:29

Yes
http://ccomsiodropteo.ga/chk/29

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір