Отандық туризмді қалай дамытамыз?
12.03.2021
3628
1

Әлемдік экономикаға зер салсаңыз, халықтың әл-ауқатын көтеруде туризмді дамытудың аса маңызды екенін түсінесіз. Кейбір елдер туризмді  дамыту арқылы жалпы ішкі өнімді қалыптастырып, қосымша жұмыс орнын құрып, сыртқы сауда балансының белсенділігін арттырып отыр. Біздің елімізде де туризмді дамытудың мемлекеттік жоспарлары бар. Алайда, ол жоспарлар  әлікүнге жүзеге аспай жатыр.

Экономикалық бәсекеде көштен қалмау үшін әр мемлекет өзінің мүмкіндігіне сай туристік индустрияны қалыптастырудың түрлі жобасын қолға алады. XXI ғасырда әлемдегі ең табысты бизнес көзін еліміз әлі игере алмай отыр. Қазақстанда туризм саласының дамымауының басты себебі – экономиканың маңызды саласы ретінде мемлекеттік негізде бекітілген стратегиялық нақты жоспардың іске аспауы және жүйелі инфрақұрылымдық жағдайдың сапасыздығы.

 ШЕТЕЛГЕ НЕГЕ ҚҰМАРМЫЗ?

Осы сұрақты қойған кезде ойланып қалдым. Жыл сайын демалыс кезінде шетел асып, демалуды ұнататындар көп. Әрине, бұл әлемдік үрдіс. Өзге елді, бөтен аймақты, заманауи қалалары мен тарихи мекендерін көргісі келетіндер, әрине, баршылық. Бір елден екінші елге саяхаттау кінә емес. Десек те, мұның арғы жағында экономикалық пайда мен зиянның қатар тұрғанын есепке алсақ, ішіміз удай ашитыны рас. Статистикаға жүгінсек, 2018 жылы шетелге саяхаттаған қазақстандықтар 2,6 млрд долларды өзге елге «жем қылған». Бұл аз қаржы ма?.. Қалталылар шетелге не үшін барады? Мұның түрлі себептерінің бірі – ішкі туризмнің дамымауы. Сол ішкі туризмнің дамымауының бірнеше себебі бар дейді мамандар.

Біріншіден, туристік аймақтардың инфрақұрылымы өте нашар. Бұған жолдың, интернеттің, қонақүйлеріндегі қызмет сапасының нашарлығын, бағаның қымбаттығын қосыңыз. Бурабайда демалғаннан гөрі, Антальяға барып, теңіз мәрмәрына шомылып, шетел көріп келген арзанырақ.

Екіншіден, туристік аймақтардағы халықтың қонақ күту мәдениетінің қалыптаспауы. Турист – инвестиция. Мейлі ол Сіздің клиентіңіз болсын, яки басқа демалыс орнына келсін, осы аймаққа болашақта да келуі үшін ілтипатты қарым-қатынас, толымды қызмет, тазалық, сапалы тамақ, жайлы жатар орын керек. Біздегі қызметшілер келген әр саяхатшының қалтасында барын қағып алуды көздеп тұрады. Бұл ішкі туризмнің дамуының басты кедергісі.

Осындай олқылықтар жалпы туризмнің дамуына шектеу болып отыр деуге болады.

ЕСКІ АВТОБУЗ, ТОЗҒАН ҚОНАҚҮЙ, САПАСЫЗ ЖОЛ…

Бұл мәселені шешу мен туристік бет-бейнені қалыптастыру үшін көп жұмыс жүргізу керек. Қазіргі кезде шетел азаматтарын зауыт-фабрикалар, шикізат өнімдері , ірі құрылыстар аса қызықтыра қоймайды. Оларды елдің  көркем табиғаты, дәстүр-салты, өткен тарихы мен бүгіні елең еткізеді. Бақытымызға орай қайталанбас көрікті жерлер мен таңғажайып табиғатымыз біраз елді тамсандырары анық. Көкжиектен көкке көлбей созылған кербез тауларды туристерге көрсету үшін алдымен ұлттық әуе компанияларының қызмет көрсету саласын халықаралық стандартқа сәйкестендіру керек. Автомобиль транспорты да туристерді елімізге тартуда үлкен рөл атқарады. Ұланғайыр даламыздың кеңдігі бізге көп елде кездесе бермейтін ландшафты сыйға тартқан. Көл де, шөл де, орман да, тау да, ескі қалалар мен мәдени орындар, тарихи ескерткіштер – бәрі бар. Осыларды  ұтымды, жүйелі пайдалануымыз керек. Әлемде тек бір ғана мәдени ескерткішімен жыл сайын миллиардтаған доллар пайда тауып отырған шағын елдер өте көп. Ал бізде мүмкіндік жетерлік. Еліміздің бас қалалары Алматы мен Нұр-сұлтанды есепке алмағанда, өзге өңірлерде қазіргі заманға сай автобустар мүлдем жоқ деуге болады. Бұл – туристерге қызмет көрсетудің тым төмендігінің белгісі.

Ал қонақүйлер ше? Еліміздегі қонақжайлардың 80 пайызы ескірген, бір бөлігінің жай-күйі мүлде нашар. Соңғы бес жылда еліміз бойынша 605 қонақ үй жабылған. Қызмет сапасы сын көтермейтін қонақүйлердің көбі әлі де жұмыс істеп тұр. Алайда, бағасы қымбат. Шұрқ-тесік жолда ескірген автобуспен киелі жерлерді аралап, тозған қонақүйде еш құрметсіз жату кімді қызықтырады? Туристік агенттіктердің бұл салада атқарар қызметі орасан. Сондықтан олардың жұмысын қадағалап , өз қалталары үшін ғана емес, еліміз үшін қызмет жасайтындай етсек, туризм саласы аз да болса еңсе көтерер еді.

 

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ, олимпиада жүлдегері:

ЕЛІМІЗДЕ ДЕМАЛАТЫН ЖЕР КӨП

Спортшы болған кезімізде әлемнің түкпір-түкпіріне бардық. Қаншама жер көрдік. Теңіз көрдік, тау көрдік дегендей. Бірақ, өзімізде де сондай жерлер бар. Елімізде демалатын, сауықтыру жұмыстарын жүргізетін тамаша өңірлер, санаториялар бар. Қит етсе басқа елде демалып, жиындарды да өзге елдерде өткізіп, спортшыларымызды басқа жаққа сауықтыруға жіберіп жатамыз. Өз мүмкіндіктерімізді пайдаланғымыз келмейді. Мынау Жетісуда табиғаты тамсануға тұрарлық, салқын самалы мен қара суының өзі шипа болатындай өңірлер көп. Айталық, «Жаркент-Арасан» сауықтыру кешенінде радон суы мен балшықпен емделуге болады. Жылдың қай мезгілінде болсын, шипажай суы 36-37 градуста, жылы күйінде шығады. Ішінде өте пайдалы минералдар бар. Жүрек қан-тамырлары мен асқазан, бүйрек, ішкі ағзалардың барлығына дерлік тазартады. Қысқасы, сонымен қатар тері ауруларына да пайдасын тигізеді. Қысы-жазы есігі айқара ашық. Осы жерде спортшылар да сауықтыру кезеңінен өтіп тұрады. Өз еліміздің туризімін дамытуымыз керек.

Дана Нұрмағанбетқызы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.04.2024 | 09:42

Керемет жазылыпты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір