ТУРИЗМДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК!
Қазақстанда курортты маусым.
Түркия, Испания сияқты елдер жыл сайын бұл кезеңді отыз күн Оразадан соңғы айт мерекесінен бетер күтеді. Ол түсінікті де. Туризмді табыс көзіне айналдырып отырған мемлекеттер үшін бұл әлбетте, ақ түйенің қарны жарылатын маусым.
Ал бізде ше?
Әзірге Қазақстанда ғаламдық деңгейдегі негізгі мемлекеттік кіріс көзіне айналып отырған туризм саласынан бәлендей табыс тауып отыр, деу қиындау. Жауапты министрліктің бұл орайда ресми беріп отырған деректері де аз.
Осыдан бірер жыл бұрынғы мәлімет бойынша туризм саласының бюджетіне құйып отырған кірісі жалпы кірістің 0,2 пайызын ғана құрайтын. Министрліктің бұл орайдағы мәліметті беруге құлықсыздығына қарағанда жағдай әлі де мәз емес сияқты.
Ақиқатында туризм-табысты, ырысты сала болып есептеледі. Бір ғана Испанияның жылдық мемлекеттік кірісінің бақандай 62 пайызы туризмге тиесілі екенін айтсақ та жеткілікті.
Қазақ курорттарында мемлекетке кіріс бермейтін жабайы туризм басым. Жабайы туристер мемлекеттік курортты аймақты жасырын айналып өтіп демалуға бейімделіп алған. Сөз арасында айта кету парыз, қазір негізгі мұңға айналып отырған орман өрттерінің бір себебін мамандар солармен байланыстырады. Түркияда оған жол берілмейді. Курортты маусымда елдің негізгі отельдері тек шетелдік ресми туристерді ғана қабылдайды.
Ұлттық туризмнің бір болашағы Алакөлмен байланыстырылады. Ал ондағы жағдай қандай? Дереккөздеріне қарағанда, алдымен Алакөлде елеулі бір проблема бар. Көл суы Көктұма сияқты жақын елді мекендерге жақындап, үрей туғызуда. Жағалауды бекіту, нығайту жұмыстары әлсіз.
Бурабайдағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Алдымен ондағы демалу құны Түркия мен Испаниядан да қымбат. Екіншіден, іргедегі көлдер де лайлана бастаған.
Қазақ туризміне қатысты осындай проблемалар бар. Оның үстіне жабайы туризм басым. Ал ол – ел бюджетіне үлкен шығын.
Біз бұл проблеманы жыл сайын көтереміз. Алайда, шығып жатқан нәтиже байқалмайды. Қазіргі заманауи ақиқат туризм саласын дұрыс пайдалана білсек, ол бізге табиғат анамыздың өте бағалы сыйы екенін көрсетіп отыр. Ендігі мәселе бізге де қолда бар игілікті тиімді игере білуде.
Өмірзақ МҰҚАЙ