Жанар Әбсадық. Өлең сыйған жүрекке өмір сыймай…
09.03.2021
977
1

* * *

Өлең сыйған жүрекке өмір сыймай,

Жамандауға жолдасты көңіл қимай…

Күдік пенен күмәнға құндақталып,

Қалай өскем, білмеймін, сенім жимай…

Күн күлкісін қимапты, жабырқатты ай,

Бабын таппай тірліктің, балын татпай

Шыдамсыздық шырынын сарқып ішіп,

Қалай ғана жетілгем сабыр таппай…

Жапырақтай қуарып күн санаулы,

Жүрек дірдек қағады сырғанаулы.

Бұ жүректі шуақпен шынықтырмай,

Қалай ғана үйрендім мұң жамауды.

Күзгі баққа уайымсыз кезім қалған,

Адасуға арнайы өзім барғам.

Ақылдының ішінде ақымақпын,

Санаменен санаспай сезімді алған.

Ауырды алып, уайымсыз күлкіні алмай,

Түнді алып, тынымды ұйқыны алмай…

Бұйығы өмір сүруді үйреткен кім,

Құлашы кең қанатты сілкіне алмай.

Құлпын алып ғұмырдың кілтін алмай,

Жел қанатын жанымның қырқып алмай,

Жақсылыққа үйретер қайсың барсың,

Кеудедегі жарықты құртып алмай?.

 

Сені жоқ дегенге…

Кеше де жоқсың, бүгін де…

Ал ертең?

Мендегі жүрек бұл – жауқазын

гүлдеген бір өртең.

Еш бақсы емін таппаған

бұл ғажап дертіме,

Өзіме-өзім жазған

ішірткі жырыммен күнелтем…

Жақыным, жатым да көрмеді,

сезбеді сені ешкім,

Жұбатып жанымда, жұптасып

жүрген де емессің…

Сен сірә, мендегі

айна-жүректен өзіңді-өзің қызықтап,

Қағаздың бетіне көшкен

бір қызық елессің…

Шыныма емес, мұңыма

Күйреуік, бәлкім қаһарман сыңарсың,

Өңіме емес, мазасыз

түсіме құмарсың.

Сен сірә, осынау жер бетінде емес,

Тек менің кеудемде ғана

өмір сүретін шығарсың?!.

Періште жырларым

бейнеңді өбектеп қорғаса, қолдаса,

Мінсіз бір мүсіндей

затыңды мәрмәрдан сомдаса…

Селк етіп

жаздың бір жауынды кешінде,

Сені Жоқ деген

қаталдау шешімге

сенер ем –

есімің Сағыныш болмаса!

Серт

Бұлғыны едім басқа орманның,

Қапелімде

Меңірейген тас қорғанның

Тұтқынымын шарасыз.

Тас қорғанды талқандауға,

Арманымды арқандауға

Айла іздеп барасыз.

Жібек түйдім тісіммен,

Темір етік теңгедей,

темір таяқ тебендей

Болған шақта келер деп.

Жарым көңіл – шер, кедей,

Тәңір өзі емдегей,

Жалғыз шырақ тас қорғанда

Сен келгенше сөнбегей.

Сағат сайын,

Балауызым тез еріп,

От-ерінім кезеріп,

Шырағданым жасыл жарық төгер көп.

Жағалаудан құйылған,

Жылы ағыстан жиылған

Жасты өңімді майда-мақпал өбер леп.

Тереземнің шеңберімен қиылған,

Дидарына жердің беті сиынған,

Жалғыз көзден ай-патшалы төнер көк.

Тотықұстың тіліменен,

Бәйіт төгіп түніменен

Тосам сені, құштарым.

Жұмбағымды таба алсаң,

Шөлден аман оралсаң,

Етегіңнен ұстадым.

Құдайдың қалауымен…

 Кетесің, адасқан жолыңнан,

Мүк басқан ізіңнен

жүрегім күлдірер…

О, бірақ,

Аштық пен шөл қуып соңыңнан,

Тауда да, түзде де

Жаныңды тілгілер.

Бойымды сыздатқан бар жара,

Сорыңа

Қанқызыл іңір боп,

Төбеңнен үңілер.

 

Тіліңнің ұшына оралып төгілер

есімім,

өзгені шақырып тұрсаң да.

Тұзбын мен көмейіңде еріген,

Өшіргің

Келсе де… ұмыта алмассың,

Сонша амал құрсаң да.

Жеккөріп, ұлықтап, сағынып бір мені,

Жүрегің аңсайды

Жүзіңді қай жаққа бұрсаң да.

 

****

Сен өзге қалқаны

Сүйгенде жар қылып,

Естиді жүрегім, білермін.

Терең бір сайлардан сөздерің жаңғырып,

Алқынып, аһ ұрып жүдермін.

 

Мүлгіген орманда соқпақтар шашылған,

Бұғының ізімен жүрермін.

Ізіңді іздеумен мөлдір шық жасырған,

Тауға да, тасқа да түнермін.

 

Сен сүйген сұлудың келбеті бұлдырап,

Бұлттардың шәлісін жамылар.

Ұрыдай қаш енді, құздарға құлдырап,

Жұбыңмен бір пана табылар.

 

Жарасып сол жанның қолына жармастың,

Жасқанып мендік мұң-тасқыннан.

…Бейнесін оның биіктете алмассың бірақ,

Менің ақ жүзімнен жас жуған.

 

Туған өлке

Түнгі аспаны шоқ-жұлдыздар маздайтын,

Қиялдағы әсерлімді қозғайтын.

Ыстық лебі үп етсе, шаңқай түсте,

Жүрегіңді өртеп кете жаздайтын.

Арман түстес үлбіреп бір гүлдейтін,

Жиделері  жұпары аңқып бүрлейтін.

Сиқыр көшкен жұмақтан бұл мекенге,

Жан баласы сырын ұғып білмейтін.

Әзелден бар тұмсалықты жырлайтын,

Мұң-шалықты құстар сазын,

Қырлар мүлгіп тыңдайтын.

Топырағыңда тұз басқан иірім бар,

Көкіректен мұң мен шерді ұрлайтын.

Қоңыраулы шеңгелі күмбірлейтін,

Жусаны мен жыңғылы би билейтін.

Сағымды өбіп самалы ән салғанда,

Баянсызын жалғанның білдірмейтін.

Бұйра құмы аңыздар көші ме екен,

Таңы ерекше бұл жердің, кеші бөтен.

Айы сүйіп оятқан сәби жырды,

Желі тербеп жұбатар бесік екен.

Талдап сірә, берер ме еді бір ғылым,

Құрсағыңнан қуат алған тірлігім.

Жұмыр жерді байлап тұрған тартылыс,

Бір өзіңнен басталатын кіндігім.

Ақ қозыдай ақ уызға тойдырған,

Кеудеме – өлең, көмейіме – ән құйған.

Мейір, сезім, медет болып жаныма,

Мына мені патшалардың

Патшасынан бай қылған,

Беу, туған жер! 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.03.2021 | 11:40

Бірінші және соңғы өлең ұнады. Рахмет Жанар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір