Анар Фазылжанова. Рухани дертті қоғам жақсылыққа апармайды
09.03.2021
1230
0

Елімізде ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген әйелдер аз емес. Ғылымы дамымаған ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ал әйелдері қараңғы, оқшау, оқымаған қоғамның ертеңі түгіл, бүгіні де қара түнек… Өзге түркі елдерімен салыстырғанда қазақ қыздары ғылымға, білімге аса ынталы. Бұны – ұлтымыздың рухани кемелдігі деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжановамен сұхбаттасқан едік.  Ғалым  ғылымдағы мемлекеттік тіл қолданысының тым төмендігіне қабырғасы қайысады. Жаратылыстану саласында қорғалатын диссертациялардың түгелдей орысша екеніне налиды. Бұл сеңді бұзудың жолы қандай?

Ахметтану бөлімі ашылады

– 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Осы орайда қандай шаралар қолға алынуда?

– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жөнінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті біраз ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Ғалымның бай мұрасы, тұлғалық болмыс-бітімі  насихатталып, түрлі шаралар  өткізілмек. Әлі де жоспарлану үстінде. Соның ішінде біздің институт 2022 жылғы өнімдерін Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы айдарымен шығаруды көздеп отыр. Бізде тұрақты шығатын «Тілтаным» атты ғылыми-лин­гвистикалық басылым бар.  Журналдың барлық санын жыл бойы Ахмет Байтұрсынұлы шығармалары мен оның мұрасы туралы ізденістерге арнамақпыз.

Екіншіден, халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Оған біз дайындық жүргізіп, қазірден қамданып жатырмыз. Конференция әдеттегідей әбден жауыр болған үлгімен емес, қоғамдық пікірге ерекше бір серпін беретіндей, ол кісінің мұрасындағы ақтаңдақтарды ашатындай, ғылыми еңбектеріне лайықты баға берілетіндей деңгейде өткізуді қаперге алып, осыған қазірден әзірлену үстіндеміз.

Сонымен бірге біз биыл, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында Ахметтану бөлімін ашпақпыз. Осы институтта тілдің негізгі салалары бойынша фонетика, тіл мәдениеті, грамматика, қолданбалы лингвистика, лексикология, ономастика және тіл тарихы сияқты бөлімдер бар. Осылардың қатарында енді Ахметтану бөлімі де жұмыс істейтін болады. Оның негізгі миссиясы – қазақ тіл ғылымының бастауында тұрған аса көрнекті ғалым, ғылыми мұрасы тек қазақ лингвистикасы үшін ғана емес, күллі түркі дүниесінің тілтанымдық ойын дамытқан және сол арқылы әлемдік лингвисткада да ойып тұрып орын алған Ахмет Байтұрсынұлының зерттеулерін қазіргі заманауи әдістемелер, заманауи ғылыми көзқарастар мен қазіргі қоғамның талаптары тұрғысынан терең зерттеу. Яғни, Байтұрсынұлының мұрасын бүгінгі заманмен, болашақпен байланыстырып, жұртқа керегін елеп-екшеп, түрлі жанр арқылы қолданысқа енгізсек дейміз. Ахметтану бөлімі институттың беделді және жас ғалымдарынан құралмақ.

Келесі жылы мерейтой қарсаңында Ах­меттану бөлімінің алғашқы зерттеу, зерделеу еңбектерін ұсынатын боламыз. Ол, әрине,   ғылыми мақала, монография түрінде көрініс табады.

Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын халықтың игілігіне жарату үшін IT ресурс әзірлеуді де жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру байқауына ұсынып қойдық. Үмітіміз зор. Ғалымның мұрасына арналған зерттеу болғандықтан, жобамыз конкурста тиісті бағасын алады деп ойлаймыз. Осы қара шаңырақты басқарғалы мынадай ұсынысты айтып та, жазып та жүрмін. Қараңыз, мына біз отырған ғимарат қазақ ғылымының мәртебесін көрсететін сәулет, архитектуралық кешен, ансамбль. Неге? Өйткені, бұл – алуан түрлі ғылым салалсын дамытқан қазақ ғалымдары отырған, киелі орда. Осы Ғылым академиясы ғимаратының негізгі есігінен кірсеңіз, сізді Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың үлкен бюсты күтіп алады. Ал оның негізгі кіреберіс қапталының төрінде Шоқан Уәлихановтың ескерткіші тұр. Мына жаққа қарасаңыз Абай тұр. Ғимараттың оң жақ қапталына барсаңыз, Әлкей Марғұланның әдемі ескерткішін көресіз. Жалпы қазақ ғылымын академиялық жолмен ұйымдастыруды алғаш рет армандап, көксеп, соған еңбектенген бірден-бір тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Сондықтан да, кешенді ғимараттың сәулеті Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішінсіз толыспайды. Мерейтой қарсаңында бірнеше құзырлы орындарға осы ойымызды жеткізе хат та жаздық, қалайда Ғылым академиясының маңында  Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші орнатылуы тиіс.   

Ғалымның да залымы бар

– Ғылымдағы қазақ әйелінің образы қандай?

– Бұл тақырыпта бұрын көп ойлан­байтынмын. Себебі ғылымдағы әйел мен ер адам мәселесі өмірімде өзекті болған жоқ. Институтқа келгенде мүйізі қарағайдай ағаларымыз бен ақсақалдарымыздың жұмыс істеп жүргенін көрдік. Ал, өрімдей жас біздердің арамызда ер балалар болған жоқ. Сонда  жастығымыз шығар, институттың болашақ тағдыры қалай болады екен деп те ойланбаппыз. Кейін қарап отырсақ, шынында, филологияға келетіндердің ішінде әйел адамның саны көбейіп кетіпті. Бұл қазақ филологиясында ғана емес, байқасақ, жаһандағы көп елдерде орын алып отырған жайт. Әйел аспаз болып жүрсе де, саяси мінберден сөйлейтін атқамінер болса да, ғылымда жүрген зерттеуші болса да, өзінің қазақ әйеліне тән ұлттық қасиеттерін сақтау керек деп ойлаймын.

Өмірде осы қағиданы түсінбегенімнің себебінен де талай қиындықтарға тап болдым. Бірақ біздің алдыңғы буын апаларымыз, соның ішінде ерекше атап өтетінім – академик Рабиға апай Сыздықова секілді ұлағатты тұлғалар болды. Ол кісі бізге ылғи «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» дейтін. Мүмкін жұмыста ел таныған ғалым шығарсыз, бірақ отбасыңызға барғанда сіз ең алдымен күйеуіңіздің жан жарысыз, балаларыңыздың анасысыз. Сондықтан «ең алдымен отбасын сақтау керек» дегенді үнемі айтып отыратын. Сол кісідей ғибратты  апаларымыз бар. Мысалы, ұстазым академик Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаеваны алайық. Қазақ әйелі қандай болуы керек десе, осы Зейнеп апайдай болу керек дер едім. Мейлі ғалым болсын, басқа мамандық иесі болсын. Өйткені ол кісінің бойында тазалық пен қазақтың әйеліне тән ұстамдылық бар. Сабырлық, инабаттылық сияқты ерекше қасиеттер Манкеева Жамал апайдың әр ісінен анық білінеді. Профессор Алдашева Айман апайдан қазақ әйеліне тән іші-сырты үйлескен сұлулықты, профессор Бағдан апай Момынованың бойынан үлкенге де, кішіге де сыйлы бола білуді, профессор Қыздархан апай Рысбергеннен баршаға бірдей тілеулестіктің жоғары үлгісін көріп өсіп келемін. Міне, осындай орта мені тәрбиелеп отыр.

– Шынайы ғалым деген кім?

– Ғалымдардың да басқа мамандық иелері сияқты түр-түрі болады ғой. Мәселен, мұғалімді алайық, олардың да түр-түрі бар, бірі балаға қатал тәртіппен үйретеді, бірі еркелетіп, мақтап отырып үйретеді. Бірі ештеңе үйретпейді (күледі). Ғалымның да әртүрлісі бар. Жалпы, Ислам өркениетінде ғалым және залым деген түсінік бар. Біз кейде осыны ажырата алмай, бәріне ғалым деген ат тағамыз. Ерекше зият пен ақыл-ой иесі, дүниені басқа адамдарға қарағанда тереңірек танып білген адамның бәрі ғалым емес, ішінде залымдар да бар. Енді айырмасына келсек, ғалым адам дүние туралы түсінігін өзінің ғана емес, айналасындағы халықтың, жұртшылықтың игілігіне жарату үшін өмірін сарп етеді. Ал залым босла, не жеке басының, не қандай да бір шағын әлеуметтік топтың ғана мүддесін ойлайды. Оның әрекеті басқалардың құқығын бұзып, өмірлеріне нұқсан келтіреді. Мәселен, дүние, ақиқат туралы білім – қасиетті. Ол бір Алладан ғана. Өз басым, Тіл білімі институтында қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің барлығын ғалымдар санатына жатқызамын. Себебі, біз таза еңбекпен айналысушылармыз. Тілтанушыларымыздың анықтаған зәредей болса да жаңалығы адамның рухани дүниесіне айналады. Өйткені, тілдің кез келген бөлшегін кертіп алсаңыз, ол руханияттың бөлшегін алғанмен бірдей. Тілдің қай мәселесімен айналысса да, ол ғалым залым бола алмайды деп ойлаймын. Себебі, оның анықтағаны бүкіл халықтың игіліне айналып, рухани саламаттылығын қалыптастырады. Тілдің мәселесін зерттеу арқылы ғалым сол ұлттың қадір-қасиетін көрсетеді. Сондықтан, әсіресе, қазақ тіл ғылымының саласында жүрген қайсыбір ғалым да үлкен іспен айналысып жүрген нағыз мамандар. Енді сол мамандардың ішінде де әртүрлі деңгейдегілер болатыны жасырын емес. Бір ғалымдар әмбебап болады, олар іргелі еңбектер жасайды. Ал бірі дәлелдеген іргелі дүниелерді қолданысқа енгізудің жолын тауып кетеді. Ал енді бір ғалымдар болады, алдыңғы екі топтағы ғалымдарға қажетті материалдарды саралап отыратын қара жұмыстың иелері – құмырсқа ғалымдар. Бұлардың бәрі де ғылым үшін керек күш.

Клиптік санамен өмір сүретіндер көбейді

– Бүгінгі қоғамда Шәкәрімше айтсақ, «сәкеқұл» өнерлер алға шығып, Құдайдың өзі дәрежесін көтерген ғалымдар насихатсыз қалды. Бұл қауіпті тенденция емес пе?

– Өте кауіпті тенденция. Бір жағынан, бұл тек біздің қоғамның дерті деп ойлайын десем, мұндай үрдіс барлық қоғамда болған. Тарихқа үңілсек, тек ғалымдарды, білім адамдарын ғана идеал ретінде танытқан қоғам көргеніміз жоқ. Әр заманның өз проблемасы жеткілікті. Бірақ қазіргі кезде бұл қатты ушығып кетті. Өйткені, қазір ақпарат заманы. Бұрынғы кезде, мәселен, ғалымның атағы шықса да, залымның атағы шықса да, бүгінгідей тез тарап кетпейтін. Қазір әп-сәтте. Жағымды ақпарат та жағымсыз  ақпарат та жылдам тарайды. Сонда таза ғалымдар туралы ақпарат неге көмескі болып көрінбей қалып жатыр? Өйткені ол ақпарат жарқырап, безендіріліп ұсынылмайды. Ғылыми ақпарат, қанша дегенмен, адамның ойлау деңгейіне салмақ түсіреді. Ал қазіргі қоғамның көбі клиптік санамен ауырады. Бәрі қысқа, жарық, жарқын болуы тиіс, миға ауырлық түсірмеуі керек. Болашақтан биік үміті бар кез-келген саламатты қоғам ақиқат дүниені тани алатын, рухани құндылықтарды насихаттайтын тұлғаларды беделділер тізімінде бірінші орынға шығаруы тиіс. Мұны ұйымдастыруға болады. Ол үшін салмақты ақпарды күңгірт етпей, жарқыратып, жұрт көзіне түсетіндей түрде насихаттауды қолға алу керек. Балаларға қызықты етіп, ғылыми мәселелер жайлы бағдарлама, мультфильм, кез келген жастағы топқа ұғымды болатын ойлы, терең дүниелер жасаудан еш аянбау қажет. Сонда ғана қоғам саламатты болады. Рухани саламаттылық деген өте қажетті қасиет. Рухани дертті қоғам жақсылыққа апармайды.

Нөл бүтін нөлден бірдеме пайызы ғана қазақша

– Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру процесі жүргізіліп жатыр деп айта аласыз ба?

– Кез келген тіл ғылым тілі деңгейіне көтерілуі үшін ғылым сол тілде жасалуы керек. Мүмкін, кемшіліктер бар шығар, кейбір ғылыми құбылыстарды жеткізуге үйрене алмай жатқан шығар, бірақ бәрі қазақ тілінде болуы тиіс. Қазақстанда ғылымды мемлекеттік тілде жасауға міндеттеу қажет.

– Қазір олай емес пе?

– Бізде олай емес. Бізде доктор, магистрлердің диссертациясының жазылу тіліне ерік беріледі. Не қазақша жазасыз, не орысша жазасыз, өзіңіз біліңіз дейді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қорғау тіліне ерік беруге болады. Бірақ бұл да уақыт өте қазақшаға ауысуы керек. Ал диссертацияда ғылыми есептердің мәтіні мемлекттік тілде дайындалуы міндетті деген нормативтік заң керек. Мен осыны он жылдан астам уақыт болды айтып жүрмін. Себебі біз қазақ тілінде оқулық жазайық деп, ғылыми мәтіндерді ішіне қосқымыз келеді. Бірақ қазақша сапалы ғылыми мәтін таба алмайсыз. Әсіресе жаратылыстану, техника салаларында мүлде жоқ, не тым аз. Қазақтың оқулығында билер мен шешендер, хандар туралы мәтінмен бірге балаларды алға жетелейтін, әлемде не болып жатқанынан түсінікті әрі оңай тілмен ақпарат беретін заманауи тақырып пен контексті қамтитын мәтіндер болуы қажет. Химия, робототехника, IT саласы бойынша қазақша қызықты мәтіндер бар ма? Жоқ. Ол мәтіндерді жасау үшін алдымен сол ғылым саласында қазақ тіліндегі сапалы мәтіндер әзірлену керек. Ол жоқ. Жаратылыстану саласында қорғалған диссертацияларды көрдім, нөл бүтін нөлден бірдеме пайызы ғана қазақша, қалғанының бәрі орысша. Егер сол мәтіндер жарқырап тұрса, оқулық жасайтын авторлар оны пайдаланып, баланың тіліне сәйкестендіріп, жөндеп, оқулыққа қосар еді. Сондықтан ғылым тілін қазақшалау үшін алдымен қазақ тілінде ғылыми еңбектер жазудың нормативтік талабын енгізу керек. Солай істейтін уақыт әлдеқашан келді. Оны бізге сырттан ешкім жасап бермейді. Екінші мәселе, аударманы тоқтатпау керек. Әлемдік ғылыми кеңістіктегі жаңа дүниенің бәрін жариялана салысымен, іле-шала уақытты созбай, төл тілімізге аударып отырған ләзім. Барлық озық елде бұл үрдіс бар.

– Жарнамаларды қатесіз жазу жайлы заң қабылданыпты. Ел Тәуелсіздік алғалы 30 жыл болса да осындай талап «орындайтын» «дәрежеге» жетіппіз…

– Бұл заңның о бастағы жобасын әзірлеуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіндегі маман Гүлфариза Мұқанова көп еңбек сіңірді. Заңның қабылдануы біз үшін ерекше қуанышты жаңалық. Заңның орындалу талаптарын жүзеге асыратын мекеме біздің институт емес, бірақ жарнамаларды түзету жөнінен кеңес беру керек болса, институт әрқашан қол ұшын беруге даяр.

– Шетелдегі секілді үкіметтен арнайы ақы төленіп, тұрмыстан жырақ,  тек алаңсыз ғылыммен айналысып отырған ғалымдар бар ма?

– Бір өкініштісі, әзірге олай емес. Ғылымға ұзақ жылдар бойы немқұрайлы қарадық. Бірақ қазір Президентіміз 500 жас ғалымды шетелге тағылымдамаға жібереміз, қазақ ғылымын қаржыландыруды арттырамыз деп тапсырма берді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов осыған байланысты нормативтік базаларды реттеуге көп күш жұмсап отыр. Себебі бұл бір сәтте бола салмайды. Мұның бәрінің бұған дейін бекітіліп қойған нормативтік құжаттары бар. Соларды өзгерту қажет болып отыр. Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманалиева бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Бұрын, мәселен, зерттеу жобаларына үш жылда бір рет байқау жарияланса, қазір бір жылда бірнешеуі жарияланады. Яғни ғалымдарға қаржы алу үшін көбірек мүмкіндік жасалып отыр. Әрине, бірден бәрі жүзеге асып кетпес. Бірақ осы процесс тоқтамайды деп үміттенеміз. Ал енді ғалымдардың әлеуметтік жағдайына келетін болсақ, қазіргі кезде мұғалімдерден де төмен болып қалды. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайына: баспаналы болуына, денсаулығын күтуге, түрлі әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізуіне тиісінше назар аударылу керек деп ойлаймын.

– Талантты жас ғалымдар бар ма?

– Біздің институтта дарынды жас ғалымдар өте көп. Олардың әлеуметтік жағдайын жасауымыз қажет. Ерекше атап өтетін жастардың бірі – Ермұхамет Маралбек. Ахметтану бөлімінің жұмысын жүйелеп, танымдық маңызын арттыруда аянбай еңбектенеді деп сенеміз. Сонымен қатар Қуат Дүйсен, Айнұр Баймурзина, Айжан Серікбаева, Ақмарал Пиязбаева сияқты талантты жастарымыздың болашағынан зор үміт күтеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір