Ауыл баласының оқу ордасы
27.11.2015
2387
0

photo_758ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ 85 ЖЫЛ

 
Әдеби басылымға аграрлық оқу орны туралы айту бір қарағанда қызықсыз көрінуі ықтимал. Социалистік замандағы «Нан болса, ән де болады»  деген ескерту тәрізді шындық қазір санамызда қылаңытқан сайын «қу тамақ» деген қазақ өлшемі көкейді кес-кестейтін әдеті. Азық-түлік мәселесі бірінші орынға көтерілген сайын ауылға деген қазақы сағыныш ой-жадымызды қытықтап, көкірегіңді қыздырып өтеді.

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА академигі
Ауылшаруашылығы институттары жа­­тақ­ха­наларында Қадыр, Тұманбай секілді ақындардың жыр кітаптарын таласа-тар­ма­са оқитын сол уақыттың студенттері ақын­жан­ды болатын. Ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ Ұлт­тық аграрлық университеті биыл 85 жыл­ды­ғын атап өтуде. Осындай тарихи кезеңде біз өткеннен сабақ алып, ертеңгі бола­ша­ғы­мызға нақты жоспарлар жасағанда өт­кен­ мен бүгінгінің арасын жалғаған көпір тәріздіміз. Қазіргі уақытта оқу орнымыз ин­новациялық бағытта әлемдік талаптар бойынша Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын жүр­гізуде.  Мемлекет  басшысы  Н.Ә.Назарбаев­тың тікелей анықтауымен Ұлттық университет статусын абыроймен арқалап келе жатқан оқу орнының жеткен жетістіктері аз емес.
Аграрлық ғылым, білімнің инновация­лық дамуын жүзеге асырушы университет осы саладағы бәсекеге қабілеттілікті арттырушы Қазақстандағы жетекші оқу орны. Бү­гінгі таңда университет халықаралық тә­жірибе негізінде жаңа білім мен қазіргі за­манғы оқыту технологияларын пайдаланатын институционалдық зияткерлік орта­лық­қа айналды. Шетелдік тәжірибе және жобалық басқарудың халықаралық стандарттары негізінде 2011 жылдан бері оқу орнымызды Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялаудың арнайы страте­гия­лық бағдарламасы жүзеге асып келеді. Осы жылдар ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылардың саны артып, ғы­лыми мектептер құрылды, оқытушылардың біліктілігі жоғарылады, ғылымды қаржы­лан­дыру көлемі ұлғайды, жаңадан зерт- ханалар ашылып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы қарқынды дамыды. Уни­вер­си­теттегі сапаның артқанының дәлелі ре­тінде мемлекеттік аттестация және халы­қа­ралық, ұлттық институ­цио­налдық және маман­дандырылған аккредитациядан сәтті өтуін айтуымызға болады. Ағымдағы жылы QS World University Rankings Дамыған Еуропа мен Орталық Азияның 308 универси­тет­тері арасынан 67 орынға тұрақтадық.
Республикамыздың болашақ агрокешен мамандарын даярлайтын іргелі білім ордасы болғандықтан, еліміздің ауыл шаруа­шылығының потенциалы да біздің оқу орнын бітірген мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты десем, артық айтпаған­ды­ғым. Бұл саланың мүмкіндіктері мен жетіс­тіктеріне қарап, ел экономикасын бағам­дауға болады. Осынау жылдар ішінде біздің білім ордамыздан мыңдаған білікті ма­мандардың қанаттанып шығуы біздің мерейімізді үстем етеді. «Ауылшаруашылығы – ауылдың алтын қазығы» деп бекерге айтылмайды. Оқу ордамыз сол ауыл шаруа­шы­лығы саласының мамандарын даярлауды басты бағыты деп біледі. Олай дейтінім, сол мамандардың басым көпшілігі ауылдан шығып жатады. Солай болуы заңдылық та. Өйткені, ауылдағы мал мен егіндегі тірліктен ауыл баласы ешқашан да тысқары қала ал­майды.
85 жылдан бері ауыл баласына озық білім беріп келе жатқан Қазақ Ұлттық аг­рарлық университетінің халық жүрегіне жақындығы біздің мерейімізді үстем етіп, әрдайым мәртебемізді асқақтата көтеріп келеді. Тарих қойнауында таңбаланып қал­ған осыншама кезеңдер ішінде атқарылған жұ­мыстың ауқымы кең екенін айтқым ке­леді. Бұл табандылықпен атқарған жұмыс­тың өзінің нәрлі нәтижесін бергені деп есеп­теймін.
Тарихымызға көз жүгіртсек, универси­те­т­іміздің қалыптасуы мен даму тарихы ел экономикасының өркендеуімен тығыз байланысты. Ауыл шаруашылығын ұжым­дас­­тыру және Қазақстанда алғашқы сов­хоз­­дарды құру кезеңінде ауыл шаруа­шы­лы­ғы өндірісін ғылыми тұрғыда жетік бас­қа­ра алатын кәсіби білікті мамандарға қажеттілік туындады. 1929 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институты, ал 1930 жылы Қа­зақ ауыл шаруашылығы институты құрыл­ды. Аталған екі институт аг­рарлық ауыл шар­уа­шылығына білікті мамандар дайындаумен қатар, аграрлық ғылымның дамуына қосқан үлесі мол және ғылым мектептерін қа­лып­тастырды. Мамандар дайындаудағы жинақ­талған тәжірибе мен ғылымды зерттеулерде қалып­тасқан дәстүрлер жалғасын тауып, дамуда. Осы орайда біздің университеттің түлектері бүгінгі таңдағы жаңа иннова­ция­лық экономиканы жетілдіру жолында үлкен сұранысқа ие болып отырғандығын айрықша атап өткім келеді.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен аталған екі институт біріктіріліп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ерекше маңыздылығы бар оқиғаға айналды. 2001 жылы Елбасы Жар­лы­ғымен университеттің жоғары ғылыми әлеуетті және кәсіби білікті мамандар даяр­лаудағы жетістіктері ескеріліп, университетке Ұлттық мәртебе берілді.
Университеттің қызмет ету жылдарында еліміздің аграрлық секторының дамуына қомақты үлес қосқан және қосып келе жат­қан 140 мыңнан аса білікті мамандар дайындап шыққан. Соның ішінде 2 Кеңес Ода­ғының Батыры мен 25 Социалистік Еңбек Ері, 70 Жоғары Кеңес пен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, көптеген көрнекті академиктер, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және агроөндіріс кешенінің басшылары, 11 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан айтулы азаматтар бар.
Мемлекет басшысы еліміздің агроөн­ді­ріс кешені қызметкерлері алдына саланы модернизациялауға бағытталған аграрлық білім мен ғылымды реформалауға нақты міндеттер қойып отыр. Бұл талаптарды тиім­ді орындау арқылы біз – аграрлық білім мен ғылымды дамытып, бәсекеге қабілетті, са­палы ауыл шаруашылық өнімдерін шығару қарқынын ұлғайтып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаңа мүм­кін­діктер ала аламыз. Осы орайда Қазақ- с­тан Үкіметінің қаулысымен биылғы жылдың сәуір айында аграрлық саладағы жетекші үш жоғары оқу орны – Қазақ Ұлттық аграр-лық университеті, Сәкен Сейфуллин атын­дағы агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті – Ауылшаруа­шылық министрлігінің қарамағына өтті. Осындай ұйымдық шараларды же­тілдіру мақсатында еліміздің агроөндірістік кешенін қолайлы басқару құрылымы ре­тінде Елбасы қол­дауы­мен «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» құрылды.
Университет қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы ми­нис­трлігінің қарамағындағы 23 ғылыми-зерттеу институттарымен нақты байланыс­та бірлесіп жұмыс істеп, онда арнайы кафедралар ашып отыр. Оларға университет мамандықтарына сәйкес магистранттар мен докторанттарға мақсаттық  мемлекеттік гранттарға тапсырыстар берілуде. Ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары олар­ға дәріс береді, эксперименттік зерттеу, ғы­лыми-өндірістік тәжірибе жұмыс­та­рына басшылық жасайды.
Университет ұжымы студенттерге озық біліммен қоса, ұлттық тәрбие беру жүйе­сін­де­гі жаңаша бағыттардың тағдырлық маңы­зын терең түсінеді. Біздің оқу орнында 27 ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған студенттер мен магистрлар білім жетіл­діру­де. Университетте он жылдан астам уақыт­тан бері «Достық» студенттік ассамблеясы жұмыс істейді. Жастар қоғамдық бірлестігі ретінде құрылған ұйымның осы мерзім аралығында жасаған жұмыстары қуан­тар­лық. Ұйымның қызметі студенттік өзін-өзі басқару принципіне негізделген. Барлық тәрбиелік өзегі бар шараларды студенттер өздері ұйымдастырып, өздері жүргізіп, ер­екше белсенділікпен қатысады. Бұл ретте жастарды этносаралық достық рухында тәрбиелеу аса маңызды. Бүгінгі күні уни­вер­­ситетіміз тәрбие жұмысын инно­вация­лық тұрғыдан ұйымдастыруды қолға алды. Мысалы, университет Қазақстанның жо­ғар­ы оқу орындарының арасында бірінші болып Елбасы идеясынан туындаған «Қа­зақ­стан жолы» тәрбие-білім орталығын құр­ды. Студенттер «Достық» ассамблеясы­ның жұмысы да «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы қоятын талаптар форматына көшірілді. Әр орталықпен университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәр­бие институты құрамына кіретін 4  ка­фе­д­ра және мәдениеттану кафедрасы әдіс­те­мелік бағытта бірлесіп жұмыс атқа­ра­ды.
Қазір қарап отырсаңыз, еліміздің әр өңі­рінде шаруашылық тізгінін ұстап, басшылықта жүрген лауазым иелерінен бас­тап көптеген облыс, аудан, ауыл әкім­деріне дейін, қандай жауапты нүк­те­лердің болсын басшылары осы біздің универ­ситеттің түлектері екенін бүгінгі өмір ағысы анық көрсетіп отыр. Біздің университет еңбек адамдарына да үлкен құрметпен қарайды. Осы орайда университетімізде қазақ ауыл шаруашылығы саласының өр­кендеп, дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ең­бек Ерлері мен Дала Академиктерінің галереясын аштық. Онда бүгінгі Тәуелсіз қо­ғамның да Еңбек Ерлерінің портреттері университет төрінен орын алған. Халыққа қажымай қызмет етіп, Қазақстан мақтаны­шына айналған нағыз еңбек адамы студенттер үшін үлгі болатыны даусыз. Ауылдан шық­қан қабілетті жастардың талант қа­рымы да осы университетте шыңдала түсу­де. Мұндағы заман ағымына сай ке­летін бөлім­дер өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып отыр деп айта аламын. Мә­дениет пен өнерден және танымдық тәрбие беруде тәлімді ізденістер жасаумен келеді. Біздің кітапханамыздың да ауқымы кең. Барлық мамандықтарға қатысты оқулық­тармен қам­тамасыз етілген. Сондай-ақ, әдеби кі­тап­тардың да қоры жеткілікті. Ол жыл сайын­ғы басылымдармен толықты­рылып отырады. Әдебиетке құмар жастар қалаған кітаптарын таба алады. Оқыр­ман­дар оқу залынан күнделікті газет-жур­нал­дармен танысып отырады.
Университетте өнерге де немқұрайды қарай алмаймыз. Студенттердің арасында әуелеген әнімен, күмбірлеген күйімен, мың бұралған биімен танылып келе жатқан таланттар аз емес. Ондай таланттарға әрқа­шан да қолдау көрсетіп, қол ұшын беріп ке­леміз. Мәселен, біздегі «Гүлбану» ән-би ансамблі мен домбырашылар оркестрі, драмалық ұжым кейбір кездері салтанатты түрде өтіп жататын шаралардың сахналарында өз өнерлерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленіп жүр. Сол сияқты, жастарымыз белгілі ақын-жазушылармен кездесу кештерін ұйымдастырып келеді.
Әр елдің өркениеттілігі, мәдениеті оның ғылымы мен біліміне тікелей байланысты болатыны белгілі. Елімізде озық техноло­гия­лар­ға негізделген экономиканы жүргізу, қалыптастырып, дамыту үшін индустриалды-инновациялық ғылым, білім, өндіріс интеграциясын күшейтудің маңызы зор. Аталған ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру жаңа­ша ойлай алатын, білікті де кәсіби маман­дарға жүктелетіні сөзсіз. Қазақстан аграрлы мемлекет қатарына жататындықтан, ел экономикасын өркендету ісінде басты сал­мақтың бірі ауыл шаруашылығы мамандарына түсетіні сөзсіз. Бүгінгі күні аталған са­ла­да қызмет ететін ғалымдар мен өнім өн­дірушілер заман талабына сай бірлесе жұмыс істеудің нәтижелі болатынын түсініп отыр. Бүгінгі күні Елбасы ұсынып отырған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, 5 институционалды реформалар түрлі экономикалық тәуекелдерге тос­қауыл болып отырғанын баса айтуымыз қа­жет.  85 жылдық белесті  бағындырып отырған университет ұжымы осы ауқымды бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруда білім, ғылым және өндіріс саласында бірігіп, ынтымақты жұмыс істеу­дің тиімді бағыттарын табатынына сене­мін.
Жастар – болашақ маман ретінде күр­делі әлемде болатын үрдістерді, қауіптер мен қатерлерді дұрыс түсіне білулері керек. Қазақ Елін күшейте түсетін, оның әлемге танымдылығын арттыра түсетін бүгінгі студенттер – ертеңгі ауыл шаруашылығында, агрөндіріс кешенінде жетекші қызмет атқаратын мамандар. Сондықтан да студент жастар үшін, жалпы қоғам үшін ең басты құндылық – Тәуелсіз мемлекетті сақтап, дамыту екені даусыз.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір