Міржақыптан Міржақыпқа дейін
Қатыгез де қытымыр, әулекі заманның қиқуы – даттауға негізделгенін аңғару қиын емес. Оған тарих тылсымының «сыры» куә. 1928 жылдың аяқ шенінде Қазақстанда революцияға дейінгі зиялы қайраткерлерді қудалау басталды да, оларға Алаш-орда қозғалысын қайта қалыптастыруға астыртын әрекет етіп жүр деген нақақтан айып тағылды. Осындай ойдан шығарылған айыптар бойынша М. Дулатұлы қамауға алынады да, 1930 жылдың сәуірінде ОГПУ коллегиясының шешімімен ату жазасына кесілді. Бірақ кейіннен бұл үкім 10 жылға абақтыға қамау жазасымен алмастырылып, ол 1935 жылы 5 қазанда Сосновец лагерінде қаза тапты.
Жаңа заманның жылы лебі есе бастады. Қоғамда жаңғыру мен тазарудың нышаны сезілгендей еді. Нақақтан датталған М.Дулатұлы ақталды! Оның қылмыстық ісін егжей-тегжейлі зерттеп, әділ үкім шығарған Қазақ КСР Жоғарғы сотының коллегиясы 1988 жылғы 4 қарашада қылмыс құрамы болмауына байланысты істі қысқартып, Міржақып Дулатұлын қаза тапқаннан кейін біржолата ақтады.
(Суретте: Гүлнәр Міржақыпқызы мен Қайсар Әлім. 2000 жыл.)
…Сонымен, жүректі қырнаған даттаудың дағы өшіп, аңсармен күткен ақталу мәңгілікке үстемдік құрды. Атойлаған қуанышымыздың сезім құймалары төмендегідей еді…
1992 жылғы 24 қаңтарда Орталық теледидардан «Соловки» атты деректi телеқойылым көрсетiлдi. Осынау қылмыс алаңы 1923-1959 жылдар аралығында саяси тұтқындарға ажал сеуiптi. «Тап жауларын» апарып, тыға берген ғой. Бұрын монастырь болған тас үйлер қаншама жазықсыз жандардың түрмесiне айналды десеңiзшi.
Фильмде М.Горькийдiң сонда барып, аралағанын көрсеттi. Сырқаттарды ауруханадан шығарып, көзалдау жасаған. Тұтқындарға газет, журнал оқытып қойды. Кейбiрi оны Горькийдiң алдында терiс ұстап отырды. Сонда бұл масқараны iштей сезген ұлы жазушы «Не люблю парадов!» дептi.
Адамдарды қинағанда таудай масаға шақтырады екен. Дұрыс тамақтандырмайды. Карцерлері бар «Секерные горы» деген жер тiптi тамұқ екен. 375 баспалдақпен жоғары өрмелетiп, төмен қарай домалата берген. Төменде құжынаған өлiк. Горькийге, әрине, ол жағын көрсете қоймаған. “Новые Соловки” атты газет шығарылған.
Айыптаушыларды лезде соттаған. Әкететiн тұста туыстары қоштасып қалғысы келедi. Сонда бiр әйел ағасымен сәл-пәл тiлдесуге пұрсат тапты.
– За что ты, Гриша?
– За чистоту Ленинской линии! – дейді әлгі пақыр.
Тұтқындарды аяусыз жұмысқа жеккен. Сол кезеңде ағаш дайындау барысы 57 есе өсiптi.
Тұтқындар көр қазуға жалынып сұранады екен. Өйткенi, қосымша тамақ бередi. Осы фильмдi түсiрген Савенко “Этот фильм лучший моей жизни!”, – дедi.
1929 жылдың 28 октябрiнде 300 адамды атып тастады. Сол адамдардың кейбiрiнiң суреттерiн атақты ғалым-тұтқын Д.Лихачев ұстап отырып сөйледi.
– Оларда не кiнә бар? Жазалаушылар мас күйiнде атқан ғой. Желкеден атқан. Келесi күнi сол ордағы кейбір өлiктер ыңырсып, күңiренiп жатыпты. Шалдар мен балаларды суға тiрiдей тұншықтырған. Фильмде ғалым Д.Лихачев, жұмыскер Е.Лагутин, жазушы О.Волков, инженер Прохоров естелiктер айтты.
Фильмдi көрiп отырғанда жан түршiгедi. Сол Соловкийде қазақтың қаншама асыл ұлдары зардап шектi десеңiзшi! Мiржақып та сонда қатаң тәртiппен ұсталды. Бейiтi сол маңдағы бiр қабiрде жатыр ғой. Алматылық жас ғалымдар қабiрiн ашып, мүрдесiн танып та келдi. Ендi жарықтықты елге – Қызбелге әкелiп жерлеу үшiн қам жасалып жатыр. Сол көңiлге медет.
***
Бұрын-соңды қолға алынбаған тосын іс тұсауын кескендей еді. 1992 жылдың 1-18 қыркүйек аралығында Торғай облысынан жасақталған арнаулы экспедиция Алаш ардақтысы Мiржақып Дулатовтың мүрдесiн 57 жылдан соң Карель АКСР-iнiң Сосновец стансасындағы қабiрден алып, туған топырағына – Жанкелдин ауданы М.Дулатов атындағы қауымдастықтың орталығына қайта жерлеудiң басы-қасында болды.
Осынау айрықша жауапты сапарнамаға республикалық «Егемен Қазақстан» газетiнiң тапсырмасымен мен де – облыстағы тiлшi ретiнде қатысқан едiм. Сондай-ақ, мынандай сапарластарым болды: алматылық ғалым Марат Әбсеметов, Жанкелдин аудандық жастар iсi жөнiндегi комитеттiң төрағасы Айдар Талпақов, милиция капитаны Серiк Асқаров, Арқалық автобус паркiнiң жүргiзушiлерi – Кеңесбай Меркин және Хамит Райымханов.
Жердiң түбi Карелияны орап, ұзын-ырғасы 12 мың шақырымдай еңку-еңку жер шалған бiздер ел үмiтiн ақтап, Мiржақыптай асылдың өзiнiң кiндiк қаны тамған жерiне мәңгiлiкке тыныстауына мүмкiндiк туғызуға себесiн болғандай едiк. Соған қуаныштымыз.
Осы күндерi Мiржақыптың қызы Гүлнәр Дулатова апай Алматыдан әдейi келiп, Торғайда жатты. Жай жатпады, осы қаралы да мұңды сапардың бас штабын өзi басқарып, ойға алған мiндеттi табысты тиянақтауға жанын салып, жанын берiп дегендей, аласұрып жүрдi…
***
Қазақ теледидарынан «Қазақфильм» студиясының туындысы «Мiржақыптың оралуы» (17.04.1993 ж.) көрсетiлдi. Хабарға кинорежиссер Қ.Омаров пен жазушы М.Рахманбердиев қатысты. Дәл осы сәтте шалғайдағы бір үйде қонақта отыр едiк. Теледидарының дауысы шықпай, нашар көрсетiп, Карелиядағы қабiр басын бейнелейтін тұста тiптен сөнiп қалсын. Көкпеңбек болып быжырқайланып, бейне ажырату қиын болды. Әйтеуiр… қабiр басында Ерлан Сатыбалдиевтiң (Мiржақыптың жиенi) Сосновец тұрғыны К.Стенниковамен сөйлесiп тұрғаны көзге әрең сұлбаланды.
Ал қалалық тұрғындардың біразы бұл фильмді тәуір тамашаладық деп, сол төңіректе кейін тамсанып, әңгіме өрбітіп отырды.
***
Арқалық вокзалынан Гүлнәр апайды күтiп (7.10.1995 ж.) алдық. Облыс әкiмшiлiгiнiң бөлiм меңгерушiсi Мәдина Сәрсенбаева, қала әкiмiнiң орынбасары Е.Самсонова, қалалық мәслихаттың хатшысы Әдiлхан Шаяхметов, төртеумiз.
Гүлнәр апайдың қасында ерiп келгендер – баласы Нұрлан, немересi Дулат, «Оян, қазақтан» кандидаттық диссертация қорғаған жапон ғалымы Уяма Томохико.
Апай осы күзде 80-ге келiп тұрса да тың екен, соған қуандық. Сағат 16.00 шамасында 3-4 мәшинемен Жанкелдин ауданының М.Дулатов атындағы ұжымдық кәсiпорнына аттанып кеттiк. Бiзбен бiрге ректор Қосылған Күзембаев, жазушы Сейiт Кенжеахметов, т.б. болды.
***
(8.10.1995 ж.) Мiржақыптың 110 жылдығы жақсы өттi. Күн ашық болды. Даңқты атамызға күмбездi кесене мен мұражай ашылды. Бұл жөнiнде «Егемен Қазақстан» газетiнде репортажым жарияланды.
Тойға мұның алдында Торғайда Ғафу Қайырбековтiң жылын берiп келе жатқан жары Бәдеш пен баласы Бақыт та қатысты. Бәдеш жеңгей көзiне жас ала отырып, бiраз толқып сөйледi.
***
Ертесіне, Гүлнәр апай қасындағы жолаушы серiктерiмен бiрге бiздiң үйде қонақ болып, кешкi пойызға отырды. Дастарқан басында бiраз әңгiме айтты. Қ.Күзембаев, С.Кенжеахметов, Арқалық қаласының әкiмi М.Мұстафин, М.Сәрсенбаева, Ә.Шаяхметов, т.б. болды.
…Осының алдында Күләнда Бөкiшева апаймен сөйлесiп едiм, Мiржақып тойына бара алмағанын базына қылды.
***
Ғылым академиясына (17.09. 1996 ж.) келдiм. Атақты ғалым Манаш Қозыбаев ағаға кiрдiм. Жылы қарсы алды. Әңгiмелер айтылды. Кейкi батырдың бас сүйегi Эрмитажда жатқаны, Шоқайдың мәйiтi Алманияда екендiгi айтылды. Соларды танып әкелуде сергектiк қажеттiгiн баса әңгiмеледi. «Сенiң кiтабыңа сол тұрғыдан ескертiлген пiкiр ғой» дедi де, ақ қағазға сүйкектете жазып, мәшеңкеге бердi.
Бiр данасын қолыма ұстатты. Оқып отырмын:
“Уважаемый Владимир Константинович !
(Бұл кiсi Баспасөз агенттiгiнiң бөлiм меңгерушiсi едi).
Я сделал одно замечание по поводу книги «Возвращение Миржакипа» – о М.Дулатове. Автор этой книги известный журналист, племянник поэта К.Алимов. Что было, то было. Но, видимо, задерживать общепознавательную работу о поэте-борце, лидере национально-освободительной борьбы начала ХХ в. не следует. Прошу учесть это и помочь автору.
Директор института
Академик
(өз қолы) М.К.Козыбаев”.
***
Апай бүгiн (29.01.1997 ж.) ауруханадан шыққан екен, екi апта емделiптi. Көңiлдi! Кеше баласы Ерланмен сөйлескенiмнен бiлiп отыр екен, «Құтты болсын!» айтып жатыр.
– Көргенiм жоқ, әлi, кітабың «Мұңды сапарды». Ерлан әкеп беремiн деген.
– Апай, «Мiржақыптың қызы» повесi жазылып жатыр едi. Сiзге қоятын кейбiр сұрақтарым да бар.
– Тездет, созба, Қайсар. Алдағы қарашада 82-ге келемiн ғой…
***
Бiр дөкейге Мiржақып туралы кiтабымды апарып отырмын. Таратуға көмектес дегiм келедi. Байқаймын, бұл сабазым бұл атасын бiлмейтiн секiлдi. «Не iстесем екен?».
– Мiржақыпты бiлмейсiз ғой?!
– …
– Мына кiтапты оқыңыз! – деп әлгiге «Мұңды сапардың» бiр данасын тастап кеттiм.
***
(17.11.1999 ж.) «Хабардан» соң «Ақшам» арнасына ауыстырып едім, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсемет сөйлеп жатыр екен. Міржақып Дулатов туралы фильм екенін түсіне қойдым. Әрі қарай өзіме белгілі дүниелер… Гүлнәр, Шолпан (Ахмет Байтұрсыновтың қызы) апайлар естеліктер айтып жатыр.
Міне, Сосновец стансасындағы айтулы оқиғадан көрініс. Мүрдені қабірден қазып алу кезінде екі-үш жерден айқын көрініп қалдық. Бір сәт Міржақыптың жиен немересі, жазушы Ерлан Сатыбалдиевпен әңгімелесіп тұрмыз… Енді бірде Міржақып бейітін тауып көрсетуші поселке тұрғыны К.Серегинаның лебізін ықыластана тыңдаудамыз… Әне, табытты көтеріп бара жатырмыз.
…Торғай жері. Бидайық кеңшарындағы мүрдені арулап қайта жерге тапсыру рәсімі…
***
Бүгін (28.02.2000 ж.) түсте Алматыда көп шаруа өзінен-өзі тына қалғандай болды. Гүлнәр апайды түс мезетінде үйіне іздеп бардым. Апай қуана қарсы алып, құшағына қысып жатыр. Тың екен. Біраз әңгіме айтты. Осы күзде (4 қарашада) 85 жасқа толады. Марқұм жұбайы Әбеннің осынша жасын былтырғы желтоқсанда тойлаған екен.
Апай екеуміз жаяулап барып, жақын маңдағы фотоательеге суретке түстік. Жолай біраз әңгімелестік.
– Қазір ешкім кітап оқымайды ғой, – дейді апай кейіп. – Сол арыстардың насихатталуы әлі де кемшін. Тәуелсіздік үшін күрескендер – тәуелсіздік заманында жеткілікті бағаланбай жатыр. Кінә кімнен? Әрине, өзімізден! Басшылар жағынан!
Апай көктемге лайық жеңіл киінген: жұқа плащ, мойнына орамал байлаған, басында жеңіл қалпақ. Менің оң қолтығымнан қолымен орап, тас қылып ұстап алды. Өте баяу жүрдік. 6-7 қадам басады да, «уһ!» деп тұрып қалады. «Жүректен талай шайлықтым ғой!» деп талма (инфаркт) болып, ауруханада жатқан күндерін шошына, есіне түсіре бастайды. Шынында да апай сырқаттан бас алмай жүрсе де, күрескерлік рухын сәл де босаңсытқан емес. «Күрес! Күрес!» деп соғатындай, апайдың әлсіз де адуынды жүрегі! Күшті жүрекке тән рухты ән осы!
Апай маған өзінің жуырда ғана баспадан қолына тиген «Шындық шырағы» деп аталатын қос томдық кітабын қолтаңба жазып, сыйға тартты.
Көк мұқабалы қалың кітаптар екен. Бұдан бұрын шыққан әкесінің таңдамалылары да осыдан айнымайтын еді. Үндестік, ұқсастық демеске лажыңыз жоқ. Тіпті, басқасын былай қойғанда, таланттар ұқсастығы байқалады!
Қос том! Баға жеткісіз байлық мен үшін! Қуана алдым, жүрек тұсыма қыстым! Бойым қызынды! Гүлнәр апайдың қоп-қою ақ шашына сүйсіне көз тіктім…
Апайда ес қалмаған! Менің мына келуімнің жай-жапсарын білген соң, баладай елпілдеп, бәйек болумен жүр. Үстелдегі жазып жатқан қағаздарын былай ысырып қойып, шай демдеп, тамақ ысытып берді.
…Сөйтіп, бүгін мен бұл үйден керемет олжалы шықтым.
***
ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының ғылыми хатшысы, тарих ғылымының кандидаты Бабақұмар Хинаят (қасында Венгрия ғалымы бар) Астанаға (21.09. 2002 ж.) келді. Олар алдымен ғалым Сейітбек Нұрқановпен сөйлесті. Секең 60 жылдардың басында (ХХ ғасыр) Торғайдағы Қызбел өңіріне Венгрияның бір ғалымын ертіп апарып, мадиярлармен әңгімелестірген еді. Ол ғалым кейбір мадиярлардың бас сүйегін өлшеп, бет-пішінін салыстырып Венгриядағы мажарларға ұқсастығын зерттеп, білмек болыпты. Кейін оның ізіне өз еліндегі тыңшылар түсіп, сыртта жинаған құжаттарын жойып жіберсе керек… Мына ғалымдар сол әріптестерінің ісін жалғастырмақшы екен…
Оларға жол сілтеп жібердік. Арқалық – Қызбел – Бидайық – Албарбөгет – Торғай бағыттары бойынша мәлімет жинастыруға болатынын айттық.
Осы сапардан олар сәтті оралды. Біраз мадиярды суретке түсіріпті. Міржақыптың Бидайықтағы кесенесінің азып-тозып кеткенін өкінішпен айтып келді.
– Кесене жайын Алматыдағы Міржақыптың жиені Ерлан Сатыбалдиевке айта барамын, – деді Бабақұмар.
Ғалымдар менің «Мұңды сапар» кітабымды (М.Дулатов туралы) венгр тіліне аударамыз деп, оның орысша мәтінін алып кетті.
***
«Хабар» республикалық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжай осыдан бір ай бұрын (19.05.2004 ж.) Алматыдан қоңырау шалып, отандық және бір шетелдік хабар үшін Міржақып Дулатұлының сүйегін Карелиядан қалай әкелгенімізді айтып беруімізді өтініп сұрады.
…Міне, сол уәдені орындау үшін «Хабар» редакциясында отырмыз.
…Міржақып ата туралы айтылып жүрген әңгіме ғой. Сөлін шығарғандай етіп, баяндағандай болдық.
Ертеңіне Қайнар жақсы хабар туатынын айтып сөйлесіп, разылық танытты. Араға бір апта салып Астанаға келді де менен Міржақып туралы түсірілген 2 кассетаны алып кетті.
Міне, ізденгіш қаламгер-басшы осындай-ақ болсын!
***
Қызылорданың темір жол вокзалы өткен ғасырдың басында салынған екен. Қалпын сақтаған. Көркем! Тарих ордасы іспеттес. Кезінде Алаш арыстары жүрген қасиетті мекенді әдейі барып, іші-сыртын сан айналып қарай бердім. Байтұрсынов пен Дулатовтар, т.б. сапарға шығып, қайта оралып жүрген қасиетті бекет емес пе?! Көңілге өте ыстық! Осы екі арыстың тұрған үйін іздестіріп көріп едім, ұштығына іліге алмадым. Дерек көздері бітелген.
Қызылорда қазақ елінің астанасы ретінде де ыстық! Өкінішке қарай, біраз көне ғимараттар мен үйлер бұзылып кеткен. Жұрнағы жоқ. ЦИК кеңсесі қиратылған. С.Сейфуллин тұрған үй сырылып тасталған. Обал-ақ!
Осы көкейге кептелген сұрақты облыс әкімі Икрам Адырбековке айтып көріп едім, казарма секілді Алашорда қастерлі ғимаратын қалпына келтіреміз деп уәде етті. Келесі 2005 жылы Қызылорданың 80 жылдығына үлгертпек.
***
4 қараша – Гүлнәр Міржақыпқызының туған күні. 1915 жылы Орынборда дүниеге келген. 90 жасқа есен-сау келіп отыр. Апайдың дәл туған күні «Егемен Қазақ- станға» «Үміт – үрейден үстем» деген мақала бастырдым. Соны оқыған алматылықтар апайды құттықтапты.
Апайдың баласы – Ерлан Сатыбалдиев, «Мектеп» баспасының директоры. Арнайы телефон шалып, Алматыға тойға шақырды. Мерейтой 2005 жылғы 12 қарашада өтпек. Арғы жақтан телефон құлағына апай да жармасыпты.
– Қайсар-ау, ел аман ба? Үй-ішің қалай? Менің тойыма кел! – деді апай мына жақтағы менің сөзімді елең қылмай, бастырмалатып.
«Құлағы ауырлау естиді» дегеннің шындығын ұққандаймын…
…Иә, 53 Алаш ардақтысының көзі тірі соңғы тұяғы осы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова екен.
– Мен бақыттымын! – деді өзінің 90 жасқа толу құрметіне арнап жайылған мерейтой дастарқанының беташар сөзінде Гүлнәр апай ерекше толқып. – Әкем армандаған тәуелсіздікті маған көруге жазыпты. Қаншама Алаш арыстарының көзін көріп, сөздерін тыңдап өскенім күні кешегідей елеңдетіп тұрады. Шетінен нар тұлғалар еді-ау, ардақтыларым! Бүгін сол аяулыларымның рухы алдында басымды иемін.
Ғазиз ана ақ шашты басын иіп, тағзым етті. Той жалғасты… Белгілі әдебиеттанушы, ғалым Ш.Елеукенов Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының маңызын қысқаша түсіндіріп, көркем сөздің бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы ролінің ерекшелігін бөліп айтты. Халық жазушысы М.Мағауин Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романының мазмұнын тұңғыш рет өз әкесінің аузынан естігенін, Гүлнәр апайдың асылдың сынығы екендігін, бүгінде өз өнегесімен күллі қазақтың анасына айналғанын зор қанағат сезіммен жеткізді. Ол той иесіне өзінің 13 томдық таңдамалы шығармалар жинағын табыс етсе, өздерінің жүрекжарды ыстық тілек-лебіздерін білдірген бірқатар жазушы, ғалымдар – Т.Кәкішев пен Ж.Ысмағұлов, Ә.Жұмабаев пен Қ.Сәрсекеев, П.Бейсенов, атақты сәулетші Ш.Уәлиханов пен С.Байзақов, Қ.Сәтбаева мен Н.Қыпшақбаев Гүлнәр Міржақыпқызының өмірдегі, шығармашылық саладағы биік тұлғасына әр қырынан тоқталды. Гүлнәр апай бұған дейін “Шындық шырағы” деп аталатын қос кітап жазған көкірегі сырға бай адам. Әлі де қолынан қаламын түсірмей келеді. Айтары мол. Ерекше жаратылысты Ананың жады селкеуленбеген, бұдан 85 жылғы жайттарды күні кешегідей етіп, жаңғыртып айтып отырады.
…Гүлнәр апай 4 бала, 8 немере, 7 шөбере, шөпшек сүйген бақытта ана. Солар той соңында тізіліп, әжесін әнмен құттықтады.
…«Колор» мейрамханасында өткен сол той көз алдымнан кетпейді. Қазақтың талай марқасқаларымен бірге болдым. Бөкейханов пен Сәдуақасов ұрпақтары да көзге аса қымбат, жылыұшырайды.
…Белгілі ақын Бақытжан Қанапияновпен Ерлан Мәскеуде Әдебиет институтында бірге оқыпты. Сонда Ерлан нағашы атасы Міржақыптың жатқан түрмесі – Бутыркаға жиі барып, маңынан айналсоқтап шықпай қояды екен…
– Үйдегі кішкене Гауһар шөберемнің өзі маған көмектескісі келіп, аяғыма оратылып, орнымнан тұрғызғысы келеді, – деп Гүлнәр апай қорытынды сөзінде балаша мәз болып күлді.
Күлкіңіз көбейсін, Гүлнәр апа! Күніңіз барда күліп жүре беріңіз!
***
Немереміздің атын Міржақып қойдық. Ұлы атасы Дулатұлының мұрагері болсын деген асыл тілек!
Міржақып-дана қараша айының 25 жұлдызында туыпты. Осындай сандық сәйкестікті де жақсы ырымға балап жатырмыз. Ұлы адамға тартпасаң да – ұқсап бақтың кебі ғой.
…Осы күнгі «Егемен Қазақстанның» хабарында араға 88 жыл салып өз оқырмандарымен қайта қауышқан «Қазақ» газеті туралы айтылған. Бұл басылым 1913-1918 жылдар аралығында жарық көріп 265 нөмірі шыққан екен. Оған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов қол қойған. Енді осы газет немереміз Міржақып туған күні қайта жалғасын тауып отыр! Мұны да жақсылыққа балаймыз…
…Міржақыптың ақталуынан кейінгі кезеңдер ақ түйенің қарны жарылуымен құнды. Арыстардың ақ тілектері мен асыл армандары Ақ жолға ұласыпты! Елімізде Тәуелсіздік таңы атты. Міржақыптар көксеген егемендік байрағы асқақ желбіреп тұр. Халқы да ардағын асқақтатып, оның туғанына 130 жылдығын хал-қадерінше атап өтіп жатыр.
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.