АБСУРДҚА ТОЛЫ ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ
01.03.2021
1190
2

Қазақ ғылымының алға жылжу  көрсеткіші турасында айтылар сөз көп. Бұл саланы халыққа тиімді ете отырып дамыту  қашанда маңыздылығын жоғалтпайды. Ел ғылымының бүгінгі беталысы мен өсу қарқыны жайында екі мәрте ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,  профессор  Әбдірәсіл ЖӘРМЕНОВТЕН сұрап көрдік.

Қаншама қаржы далаға кетті…

 – Аға,  әңгімемізді  қазақ  ғылымының  бүгінгі беталысы туралы айтудан  бастасақ.

 – Қазіргі Қазақстан  ғылымында  мәселе жоқ деп айта алмаймын. Біздің ұйым ғылыми мекеме болып есептеледі ғой. Қазіргі уақытта  ғылыми мекемелер әртүрлі министрліктерге бағынады. Көбісі Білім және ғылым министрлігіне бағынса, кейбірі индустриялдық және инфраструктуралық даму, Денсаулық сақтау министрліктерінің қарамағында. Ауылшаруашылығы министрлігіне бағынатын ғылыми мекемелер де бар. Бұны қателік деп санамаймын, дұрыс әрине. Бұрыннан бар үрдіс. Бірақ қазіргі жағдайдың бұрынғыдан айырмашлығы орасан: Қай саладағы, қай министрлікке қарайтын ғылым арнасы болмасын, барлығының бағдарламасы  Білім және ғылым министрлігі арқылы өтеді. Аталған  министрлік мемлекеттік экспертизадан, Ұлттық ғылыми кеңестің, Жоғарғы ғылыми техникалық комиссияның талдауынан өткізіп барып, салалық министрлікке ғылыми жобаны қаржыландыруға рұқсат береді.  Тап осы ғылымды қаржыландыру мәселесі – бүгінде  ең үлкен проблемалардың бірі. Әр ғылыми тақырыпқа білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылатын талаптар бар. Сол талаптар қазіргі кезде абсурдқа жақын. Яғни ғылымның дамуына ешқандай да оң әсер етпейді. Себебі бүкіл зерттеу  жұмыстарының нәтижесі тек қана «ғылыми мақалалар» деген принциппен ғана анықталуда. Ғылыми мақаладан өзге бір де бір жұмыс салдары есепке алынар емес. Бағалау  «Бұған  дейін қандай ғылыми мақалаларың қайда жарияланды?» деген сұрақ аясында ғана  жүргізілуде.  Мақалалардың өзі  тек қана процентиль,  Хирш деген коэффициенттермен ғана есепке алынады. Бұның түбегейлі дұрыс емес екенін осы талаптар пайда болғалы бері айтып келе жатырмыз, бірақ құлақ асатын жан жоқ. Мысалы, ғылым комитетінде біраз уақыт басшылық жұмыста істеген Кеңесов деген кісі: «Патент  ғылыми жұмысқа жатпайды», – дейді, ол өз түсінігін агрессивті, дөрекі түрде бүкіл Қазақстан ғылымына танғысы  келеді. Оны жоғары жақта қолпаштап отырған адамдар да бар.  Манағы айтқан шарттылық бойынша, әр журнал өзіндік деңгейге ие. Белгілі бір журналдарға  материалың жарияланбаса, сен он жерден профессор бол, он жерден академик бол, жұмысыңды тіпті  конкурсқа ұсына алмайсың. Осы түсінік шыққаннан бері Қазақстан ғалымдары өздеріне бөлінген қаражаттың біраз бөлігін сол процентильді журналдарға мақаласын шығару үшін  жұмсап келеді. Неге қазақ ғылымының, ғылыми жұмыстардың  болашағын осындай  сатып алынған процентильді журналдарға байланысты етіп қою керек? Жақында Ғылым комитеті төрайымының ақпаратында Қазақстандық ғалымдар процентильдерін сатып алған көптеген ғылыми журналдардың процентилі бар баспалар тізімінен шығарылғаны туралы айтылды. Қаншама қаржы далаға кетті десеңші. Сондай-ақ қазіргі талап бойынша, мақалаңа әлдебір ғалым   сілтеме жасаса, ол да оң бағаланады. Сондықтан ғалымдар: «Менің жұмысыма сілтеме берші, ананың жұмысына сілтеме берші», – деп өзара келісіп алуға немесе сілтемені  сатып алуға мәжбүр. Осыдан-ақ  байқай беріңіз, процентиль  көрсеткішіне сүйену біздің ғылымды дамытып жатыр ма әлде керісінше құлдыратып, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жем қылуда ма?

Экономикаға  оң  ықпал етпейтін ғылым кімге керек?

Мен процентильді, сілтемелерді ескеру  мүлде қажетсіз демеймін, бірақ ол жұмысты бағалаудың  негізгі емес, көп  критерийінің бірі ғана болуы  тиіс деп есептеймін.

Патентті ғылыми жұмыс санатына жатқызбайтындарға тоқталсақ, иә, патенттің әртүрлі түрі бар. Ғылыми патент, кәсіпкерлік мақсаттағы патент, т.б. болуы мүмкін. Бірақ   ғылым саласын басқарып отырып, ғылыми патентті  басқа патенттерден  ажырата алмаса, ол адамның  ғылымды басқармай, барып қой баққаны жөн.

Ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу де бұрыннан келе жатқан қиын мәселелердің бірі. Оны да «ғылыми жұмыс емес, бағаланбауы керек» деп есептейді ғылымдағы басшылық тетігін ұстағандар. «Қазақстан индустриалды-инновациялық даму жолында өркендеуі керек» дегенді Елбасымыз да, Президентіміз де, Үкімет те айтуда. Осы тұрғыда әр қилы мемлекеттік бағдарламалардың қабылданып келе жатқанына жиырма жыл болды. Инновация деген не? Ол – ғылыми  зерттеудің нәтижесін өндіріске енгізу. Ал білім және ғылым министрлігінің қазіргі системасына  салсақ, ғылыми  жұмыстарды өндіріске айналдырудың ешқандай бағасы, құны жоқ. Конкурсқа қатысқанда бұндай еңбек үшін қосымша  балл  ала алмайсың. Тіпті мынандай бір абсурд жағдай да болды, жасалған технологиямызды өндірістік сынақтан өткізу  жолындағы ғылыми жұмыстардың жобасын жасап, конкурсқа ұсындық. «Жұмыстың сметасында ғылыми зерттеуге жатпайтын, электроэнергияға, қондырғыны эксплуатациялау, материалдарды сатып алу, жұмысшылар айлығы деген статьяларға ақша жұмсау көзделгендіктен, жобаны конкурс шарасында қаржыландыруға мүмкіндік жоқ», – деген жауап алдық. Абсурдтың абсурды.

Бір мақаланы он күн ішінде  жазуың мүмкін, ал зерттеуге алған нысанаңды  өндіріске кіргізу үшін, кем дегенде, екі-үш жыл жүресің. Сол аралықта бір де бір мақалаң жарыққа шықпауы да кәдік. Бірақ айналымға кіргізген өндірісің арқылы Қазақстанда  жүздеген адамды жұмыспен қамтамасыз еттің, ел экономикасының көтерілуіне үлес қостың. Ал ел экономикасының алға басуына әсер етпейтін ғылымның кімге керегі бар? Мен бұл жерде гуманитарлық ғылымдар туралы айтып отырғаным жоқ, олардың ел дамуында өз орны бар екені сөзсіз. Үкімет қаулысында: «Қолданбалы зерттеулер бағдарламасында, кем дегенде, 1% жекеменшік қаржыландыру болу керек», – делінген. Кім болсын, егер ғылыми зерттеуді қаржыландыруға қатысса, ол сол зерттеудің нәтижесінде алынатын ғылыми жетістіктердің қожайындарының  санатында болады. Сонда біз 1% қаржы үшін мемлекеттік мекемеде жасалған ғылыми нәтижелерге басқа біреулерді қожайын етіп қоямыз. Біз: «Өзіміз тапқан ақшамен-ақ  жұмыстың одан да көп бөлігін қаржыландырайық, онда жұмыстың нәтижесі өзіміздің құзырымызда қалады ғой», – десек, «ол заңға қайшы», – деп, жұмысымызды кері қайтарады. Біз бұндай заңдар арқылы кімге жақсылық жасап отырмыз?

Жобаны айналымға енгізу үшін де ғалымның өзі әрекет жасау керек қой?

– Әрине. Ғалымның өзі бар күшін салып жүгірмесе, процесс тоқтап қалады. Себебі жаңа нәрсені бұл үдерістен тыс адамдардың  түсінуі оңай емес қой.

Патенттерді  балл ретінде санамау – үлкен қателік

– Жобаны өндіріске енгізуге жұмсалатын қаржыны да ғалым өз қалтасынан шығара ма?

– Егер де жақсы жұмыс болса, завод басшыларымен, әртүрлі инвесторлармен сөйлесіп, солардың  қаржыларына  жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар. Мысалы, біздің мекеме бюджеттен алған бір теңгенің  үстінен өзге әртүрлі жекеменшік завод, фабрикалардан үш теңге алып отыр. Жұмысыңа қызығушылық туса, деңгейіңді бүкіл дүниежүзі білсе, тапсырыс ел ішінде де, шетелдерден де көптеп түседі. Қазақстан Республикасы минералдық шикізатын кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықты осы санаттағы алдыңғы қатарлы  мекемелердің бірі және бірегейі десем, артық айтқандық емес. Алайда осындай жоғары көрсеткіштер жұмыстарымызды ғылыми конкурстарға қатыстырғанда елеусіз қалады. Патенттерді, жұмысты  өндіріске  енгізуді балл ретінде санамау үлкен қателік.

– Бұл олқылықтардың қателік екенін білмеу мүмкін нәрсе ме?

– Оны қаншалықты білу, білмеу кім-кімнің де ғылымды түсіну  деңгейін білдіреді ғой. Сондай деңгейдегі адамдар  Қазақстан ғылымын басқарып отырғандардың ішінде де отыр.

Тағы бір ойдағы дүние, кез келген мемлекет өзінің берген атақтарын сыйлауы қажет қой, дұрыс па? «Профессор», «доктор», «кандидат», «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты»  деген атақтардың қай-қайсысы да мемлекет құзіреттілігімен табысталады емес пе? Білім және ғылым министрлігі  мемлекеттік орган. Сондықтан да ол мемлекет берген атақтар мен  сыйлықтар деңгейін ескеруге және дұрыс бағалауға міндетті, меніңше. Айтылған атақтардың әрбірі конкурста балл болып саналуы қажет. Лауреатсың ба, көшеден келген адамсың ба, мән беріп қарайтын ешкім жоқ.  Тізімге  «академик» шенін қоспадым, өйткені ол атақ қазір, өкінішке қарай,  үкіметтік емес, жеке органдардың құзырында. Оны мойындамаймын десе, құқылы. Қазақстан ғылымындағы ең жоғары  атақ – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атану. Адам өз еңбегімен сол дәрежеге жетсе,  ешкімнің алдында әсіресе мемлекеттік органдардың алдында ғылыми деңгейін дәлелдеуге тиіс емес, өйткені мемлекеттің алдында  дәлелдеп қойған. Мұны ескермеу –ғылыми еңбектің парқын түйсінбеу.

Сондай-ақ барлық салаға қатысты ғылыми жұмыстарды тек Білім және ғылым министрлігінің қарауы да көбіне қайшылыққа толы.  Үнемдеуді алға тартып, ғылымға бөлінген қаржының негізін өз қарамағындағы институттарға бөліп беру үшін, басқа министрлікке қарайтын жұмысқа мейлінше аз қаражат қалдыруға тырысатын жайлар кездеседі. Сондықтан Ұлттық ғылыми кеңестің, мемлекеттік ғылыми экспертизаның Білім және ғылым министрлігінің құрамына енбей, өз алдына бөлек, ешқандай министрлікке бағынбайтын, тікелей Үкіметке қарайтын ұйым болғаны жөн. «Жұмыстарға міндетті түрде шетелдік  ғалымдардың экспертизасы керек» деген қағида Қазақстан ғылымындағы жетістіктерді басқа елдердің пайдаланып кетуіне, үлкен жол ашып отыр. Ондай қағида басқа ешқандай елде жоқ.

Қазақстан ғылымының кері кетуіне әсер етіп жатқан тағы бір фактор бар. Бұрынырақта ғылыми мекемелер  механикалық құрылғыларды, қажетті аппараттарды  өздері жасап алатын.  Олардың  шеберханалары өзіміздің ғылым саласына қажетті құрылғыларды  жасаумен қатар, сырттан да тапсырыс алып, өз күндерін өздері көре беретін. Қазіргі мемлекеттік мекемелер туралы  заң бойынша, оларға сыртқа жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Ал егер де қандай да бір өзге табыс көзі түссе, келген тексерушілер ол қаражатты үкімет бюджетіне   тартып алады. Сондықтан бүгінде біздің институттар көмекші мекемелерден айрылып қалды. Ғимараттары жабық, бос тұр. Оларды өзіміз ұстап тұруға шамамыз жоқ, анда-санда ғана керекті заттарға тапсырыс береміз, қалған  уақытта  кіріссіз қарап отыруға мәжбүр болғандықтан барлығы дерлік жұмыстарын тоқтатқан. Нәтижесінде ғылыми орындар қажетті қондырғыларды  бұрынғыдан он есе қымбат бағаға, он есе көп уақыт жоғалтып сырттағы бизнес орындарына тапсырыс беріп алдырады.

Соңғы шыққан ғылым туралы заңның тағы бір шарты  көңілге қонымсыз. Оқу орындарынан өзге  ғылыми  мекемелер ғылыми мамандарды дайындау құқығынан айрылды. Ілгеріде өзімізге қажетті маманды өзіміз дайындап алатынбыз. Яғни қазір өз бағыттарымыз бойынша жоғары маман даярлау мүмкіндігімізден қол үзіп алдық. Ал ЖОО-н бітіріп, сонда ғылыми жұмыстарын қорғап келген мамандар бізге жарамай жатады, олар бізде істелінетін жұмыстардан бейхабар. Осындай себептердің салдарынан Қазақстандағы ғылым саласы жылдан-жылға кері кетуде.

– Аға, енді сіздердің мекемелеріңіз турасындағы сөзге көшсек.

Қазақстандағы тау-кен бағытындағы ЖОО орындарынан басқа ғылыми институттардың барлығы біздің орталықтың құрамында. Елімізде тау-кен өндірісі мұнайдан кейінгі  ең үлкен экономикалық көз болып есептеледі. Осы саланы дамытуға жұмыс істеудеміз. Қазақстандағы заводтардың көбісінің қожайындары – шетелдіктер. Кез келген шетелдік институтқа тапсырыс бере алады, бірақ олар отандық шикізаттың қыр-сырын бізден артық ешкім білмейтінін түсініп, тоқсан пайызға  бізбен жұмыс істеуде.

–  Ал осы тапсырыстардан түсетін қаржы мемелекет бюджетіне қосыла ма?

– Жоқ. Түскен қаражатқа сол технологияны жасауымыз керек қой. Адамдарға айлығын төлейміз, құралдарды жасатамыз, технологияны ойлап табар ғалымдарға жалақы төлейміз. Тек қазақстандық  қана емес, шетелдік алпауыт компаниялар (Канада, Италия, Қытай, Ресей, Бразилия, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. елдерде) біздің технологияны сатып алуда. Олар үшін ең сенімді деген  ғылыми мекемелердің біріне жатамыз қазір.

Мысалы, дүниежүзінде өндірілетін қорғасынның әр оныншы тоннасы біздің технологиямен өндіріледі. Алтын өндірісі жағынан да әлемдегі алдыңғы қатарлы институттардың қатарындамыз. Мысалы, әр руданың құрамында алтын әр түрлі қосылыстар түрінде болады, соны қалай бөліп алу керек, формуласы қандай, қандай реагенттер қолданылуы қажет, қандай температурада жұмыс істеу керек, қандай ыдысқа, қандай пешке салу керек? Осындай процестің бәрі әр рудаға арнайы жасалатын бөлек-бөлек технология арқылы анықталады.

Жоғары деңгейлі жұмыстар жоққа шығарылуда

– Бұндай технологияларды  кімдер ойлап табады?

– Ғалымдар. Біздің мекемеде осы мақсатпен бір жарым мың адам – доктор, профессорлар, кандидаттар  жұмыс істейді. Жиырмадан астам Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар. Осындай мамандардың жоғары деңгейлі, нәтижелі жұмыстарының бәрін білім және ғылым министрлігі жоққа шығарып жіберді, Хирш, «мирш» деген желеумен. Бірақ жоғары тетіктегілер сөйтті екен деп, біз жерге қарап қалып отырған жоқпыз. Осынау  кілтипандардың жалпы Қазақстан ғылымының дамуына тосқауыл болып отырғаны үшін айтып отырмын.

– Қазақстан жер асты байлығы бойынша  дүниежүзі бойынша алдыңғы орында дейміз. Алайда оны игеру, өз еліміздің пайдасына жарату қаншалықты дұрыс бағытта жүзеге асуда?

– Иә, көптеген  металлдардың жер қойнауындағы сандық үлесі бойынша алдыңғы орындамыз. Бір жаман жері, ол металлдардың құрамындағы  пайдалы үлесі, яғни сапасы   жағынан,  алпысыншы-жетпісінші қатардамыз. Оларды конкурентті түрде сапалы өндіру үшін жаңа технологиялар керек. Сондықтан тау-кен металлургиясы саласында болсын, ғылым саласында болсын, алда үлкен міндеттер тұр. Бар металлдар жер қойнауында қалып қалмауы керек, сапасы нашар болса да, соған лайықты технологияны табуға тырысамыз. Ол – көп жылдарды талап ететін шаруа. Қостанай облысында жеті миллиард тонна темірі бар  Лисаков  кен орны орналасқан. Ашылғанына елу жыл болды. Өкініштісі, сапасы нашар болғандықтан оны қолданысқа енгізу  неғайбыл еді. Біз қырық жыл зерттеп, кен орнын айналымға салатындай технология жасадық. Осы тұрғыда АрселорМитталмен  жұмыс жүргізудеміз. Бұйыртса, бұл компания Лисаков  кен алабын сол технологиямен өндіріп ала бастаса, өңірдегі жұмыссыз отырған қаншама адам жұмысқа алынып, елу-алпыс жыл комбинаттың  өз кен орны болатын еді.

Қазақстанда сирек жер металлдарының ірі кен орны бар. Мысалы, Қостанай облысындағы өте ірі «Құндыбай» кен орны әлі күнге дейін іске қосылмай келе жатыр. Себебі онда металл көлемі көп болғанымен, бір тоннаға шаққандағы пайыздық мөлшері шетелдердегі пайдаланылып жүрген кен орындарынан он есе аз. Сапасы төмен.  Мысалы, жерден бір тонна топырақ, руда  қазып алдың делік. Оның бір пайызы ғана  іске жарамды болуы мүмкін.

– Яғни «бір литр қаймақ алу үшін мөлшермен  сегіз литрден астам сүт қажет» деген  секілді ғой?

– Дәл солай. Шетелде 1 кг сирек металлдар алуға 1 тонна руда жеткілікті болса, бізде он тонна руда қазып алу керек. Шығыны да көп, пайдалы құрамының мөлшері тым аз болғандықтан оны бөліп алу да салыстырмалы түрде өте қиын. Біздегі жер асты кен орындарының сапасы төмен деп отырғанымның мәні – осы.

– Ал сапаның төмендігі  ненің ықпалынан болуы мүмкін?

– Оның айтарлықтай себебі жоқ. Енді, Құдай солай етіп берген бізге (күліп). Бірақ оны  іске алғысыз етіп қалдыруға тағы болмайды, сапасына қарай лайықты технологиялар ойлап тауып,  жоғары деңгейде өндіріске енгізу – бізге жүктелер шаруа.

– Әлдебір түзілістер жүріп, сапаның табиғи түрде артуы мүмкін емес қой?

– Ондай түзілістер жүрмейді. Кен орындарын геологиялық жағынан  1 км. тереңдікке дейін зерттегенбіз ғой, одан ары қарай төмен түспегенбіз. Бұл процесті «Сәтбаевтың геологиясы» дейміз. 1 км.-ден ары қарайғы жер қойнауының байлығы  біз үшін жұмбақ. Мүмкін, сапалы рудалар біз зерттеп үлгермеген тереңдікте жатқан шығар, оған біз әлі жете алмай жатқан болармыз.  Ол да –  ғалымдар еншісіндегі зерттелетін дүние.

Қазақстанда өндірілетін алтынның әрбір үшінші тоннасы біздің технологиямен алынады. Неге әрбір үшінші тоннасы? Себебі кен алабы ашылғанда, мүмкін болса, металл бұрыннан  қалыптасқан технологиямен өндіріледі. Ал егер ол әдіспен алынбаса, өндіріс иелері  біздің технологияға жүгінеді. 

Сонымен қатар ферроқорытпаларды өндіру саласынан, алтын, қорғасын, мыс, кейбір сирек кездесетін металлдардың  технологиялары негізінде  біздің орталықтың ғалымдарының еңбегі арқылы кез келген елмен бәсекеге түсе аламыз.

Технологияларды  жасағанда  экологиялық жағына да міндетті түрде баса назар аударамыз. Металлургия саласының  мүлде қалдықсыз жұмыс істеуі мүмкін емес.

Қалдықтың мөлшерін мейлінше азайтып, әрі қалдықты басқа бір пайдалы бағытқа пайдалану да – біздің негізгі жұмысымыз. Ол – ғалымдардың еншісіндегі шаруа, ғалымдар шешпесе, басқа ешкім өнеркәсіптердің  экологияға тигізер залалын оңтайландыра алмайды.

– Бұл  бағытта, мысалы, қандай жұмыстар жасап жатырсыздар?

– Дүниежүзі бойынша тұңғыш рет  ферросиликоалюминий  деген жаңа құйма шығардық. «Қазақстан құймасы» аталатын бұл бағалы материал – болат өндіруде, басқа да құймалар алуда өте маңызды элемент.

– Аталған құйма қандай шикізаттан алынады?

– Шикізат ретінде көмір өндірісінің қалдықтары пайдаланылады. Көмір әбден сүзгіден өткізіліп, қажетсіз күлі лақтырылып тасталады. Осындай миллиондаған тонна қалдықтарды  қайта қажетке жарататындай құйма ойлап таптық. Құйманы өндіретін завод дүниежүзінің төрт-бес елінде ірге көтеруде. Бұйыртса, Қазақстанда да іске қосамыз деген ойдамын.

– Бір сұхбатыңызда: «Осмий құпия түрде пайдаланылады, оны кімдердің сатып алып жатқаны, қандай материалға жұмсалатыны бізге беймәлім», – деп айтқан екенсіз. Неге олай?

– Бұл тұрғыда ғалым ретінде  Осмийдің  қасиетіне байланысты тек жорамал жасай аламыз. Мысалы, радиоактивті металл дейміз ғой. Кез келген элементтің ядросы уақыт озған сайын ыдырайды. Бірақ әрбірінің ыдырау уақыты әр қилы. Темір мен уранды қатар  қойсаң, уран өте тез, ал темір өте баяу ыдырайды. Уранды сол себепті радиоактивті элемент деп атайды, оның ыдырау бөлшектері ауаға  көп таралатындықтан адам денсаулығына да ықпал етеді. Жалпы, радиоактивті элеметтерден тек екеуі ғана өндірісте қолданылады: бірі – осы уран, бірі – плутоний. Басқа табиғи түрлері адамзатқа көрінбейді де, сезілмейді де, өте аз мөлшерде. Темір керісінше ыдырау уақыты аз болғандықтан, радиоактивті элементке жатпайды, сәйкесінше әсері де жоқ.  «Жартылай ыдырау уақыты» деген мөлшер бар, миллион жыл, екі миллион жыл мерзім кетуі мүмкін бұл аралықта (процесс сағатпен өлшенбейді, өзінің арнайы өлшеу құралы болады). Осы жағынан OS-187 жер бетіндегі ең жай ыдырайтын металл болып саналады, онымен салыстырғанда темірдің ыдырау жылдамдығы өте жоғары сияқты көрінеді, оның құндылығы да осында. Космостағы денелердің орнын нақты анықтаудың қателігі осы радиоактивті ыдыраудың жылдамдығына тікелей қатысты. Яғни ыдырау көрсеткіші неғұрлым аз болған сайын ғарыштағы нысанның орнын анықтаудың дәлдігі де арта түседі. Осы ерекшелігіне байланысты осмийді ғарыштық зерттеулердегі нақтылық үшін, сол мақсаттағы аппараттарды жасау үшін қолдана ма деген болжамымыз бар. Қазақстанда әзірге бұл бағыттағы жұмыстар  қолға алынбаған. Космоспен айналысатын дүниежүзінде 4-5-ақ ел бар ғой. Дегенмен кімдер алып жатқандығы туралы нақты білмейміз, себебі олар жасырын түрде, делдалдар арқылы ғана сатып алады.

– Елдегі заводтардың көпшілігінің қожайындары шетелдіктер екенін айтып қалдыңыз. Яғни жер асты байлығын шетелдіктердің көптеп игеруінің  қаншалықты зардабы бар?

– Қазба байлықты кім өндірді, кім алды, елдің жағдайы бұған байланысты емес. Өндіріс иелері, алпауыттар рудадан металлдарды түгелімен алмайды, Қазақстанға толыққанды салық төлемейді, экологиялық тұрғыдағы тигізер зиянына дұрыс көңіл аудармайды, салдарынан халық денсаулығы нашарлайды. Ауру халық ауру ұрпақты өмірге әкеледі. Негізгі проблема осында. Ал бұл жұмыстарды дұрыс жолға қою Үкіметтің құзырында. Өкінішке қарай, осы тұрғыдағы шаралар  кеше де, бүгін де дұрыс қарастырылмауда.

– Аға, газет оқырмандары үшін қызық деп ойлаймын, әдебиетке қаншалықты  жақынсыз? Көркем шығармаларды  жиі оқып тұрасыз ба?  

– Кішкентай кезімнен кітапты көп оқыдым. Ең үлкен ағамыз журналист  болып қызмет атқаратын. Сол кісі бала күнімізден кітап оқуды талап етіп қана қоймай, әр оқыған шығарманың авторын, қысқаша мазмұнын жазып отыруды тапсыратын. Қолымызда дәптер мен қаламсап жүретін үнемі. Ағамыздың қадағалауымен кітапты жиі оқып жүріп, кейіннен осы ғадетті өзіміз ажырамас әдетке айналдырдық. Батырлар жырының барлығы да кітап сөремізден табылатын. Әліге дейін әдеби туындыларды жақсы көрем, қалам иелерін қадірлеймін.

Менің ойымша,  қазір тағы бір дұрыс емес үрдіс бар. Ол ғылыми мекемелерді акционерлеу, оларды жеке меншік формасына көшіру. Олардың 100 % қожайыны – мемлекет, бірақ меншік формасы – жекеше. Ол – ғылыми мекемелерді конкурстық ортаға жіберейік, сол арқылы мемлекеттік бюджетке  салмақты азайтайық деген ойдан шыққан қозғалыс.  Бірақ сол жекеменшік формаға кеткен ғылыми мекемелер осы 4-5 жыл ішінде мемлекеттен алатын қаржысын бір тиынға да кеміткен жоқ, керісінше, бұрынғыдан әлдеқайда көбейтті. Бұндай үрдіс не үшін керек? Бұдан  шұрайлы орындарда орналасқан ғылыми мекемелердің біртіндеп бизнес өкілдеріне қолды болып, ғылымнан алыстап кету қаупінен басқа оң нәтиже  көріп отырған жоқпын.

         Айтқым келетіні, жоғарыда мен кез-келген Қазақстан ғылымына жаны ашитын адамдардың ойында жүрген мәселелерді көтеруге тырыстым. Егер де менің кейбір сөздерім бейтарап адамдардың көңіліне тиіп жатса, ол үшін  кешірім сұраймын. Бірақ  менің ойларымды, «кеңес заманындағы ғалымдарға кеңшілік заманын аңсап, ешнәрсе істемей, мемлекет қаржысына батып өмір сүргісі келіп жүрген шалдың сандырағы» дегендерге де айтар жауабым дайын. Мен басқарып отырған мекемеде Қазақстан ғалымдарының 6-7 пайызы жұмыс істейді, бірақ біз ғылымға бөлінген қаржының 1,5-2 пайызын ғана алып отырмыз, қалғанын, жоғарыда айтқанымдай, әртүрлі өндіріс орындарымен бірге істеген еңбегіміздің, дүниедегі теңдесі жоқ технологияларды жасап жатқанымыздың  арқасында алып отырмыз. Өкіметке аузымызды ашып қарап отырғанымыз жоқ. Сондықтан осы мақалада айтылған мәселелерге байыппен қарап, біздің әлемде әрқашан да өз орны болған ғылымымызды дамытуға үлес қосатын шешімдерді бірлесіп ойлануға шақырамын.

– Аға, еңбегіңіздің жемісін көріңіз. Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР2
Аноним 19.03.2021 | 15:48

Професор Ә.Жарменов химия ғылымында өте ірі тұлға.Ол кісі айтқан ұсыныстардың бәрі орынды.Қазақ ғылымының құлдырауы Жұмағұлов білім және ғылым мнистрі болып тұрған кезде басталды. Оның реформасы білім беруді де, ғылымды да өте тереңге батырып жіберді.Ел тұрғыны АСанбай.

Аноним 16.04.2021 | 15:19

Хирш — мирш туралы өте дұрыс айтты. Түбегейлі (фундаменталды) ғылыми зерттулерге пайдалануға лайық, бірақ ғылыми əзірлемелерге пайдалануға болмайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір