Ғұмыры ғибратқа толы ғалым
22.07.2022
815
0

ХХ ғасыр басында «елім-айлап» ұлт көшінің басына шығып, жол бастаған қазақ рухани ой-санасының айдындары – Әлихан, Ахмет­тер ұлы мақсат­тың жетегінде жүріп, қызыл саясат­тың қанды қырғынында қыршынынан қиылды. Басына небір қара күн, нәубет келсе де, қазақ рухының толқыны үзілмеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында тарих сахнасының алдыңғы қатарына маңдайы жарқырап Б.Момышұлы, М.Әуезов, Қ.Сәтбаевтар шығып, қазақтың аспан астында, жер үстінде алшаң басып өркениет­ті елдермен иық түйістіріп жүре алатын ежелі көк түріктің ұрпағы екенін көрсет­ті. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары және одан кейінгі кезеңде дүниеге келген өртеңге шыққан жас желектей өскелең ұрпақтың орны тым ерекше. Бұл ұрпақтың үлесіне қазақ руханиятын күллі Одаққа, қала берді әлемге таныту міндеті тұрды. Тарихты зерделесек, осы ұрпақ ХХ ғасырдың 60-70 жылдары атқа мініп, әдебиет, тіл, тарих, мәдениет, білім саласына, тіпті күллі қазақ руханиятына үлес қосты. Сол ұрпақтың белді өкілдерінің бірі – тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлт­тық Ғылым академиясының құрмет­ті академигі Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков.

Тарих – табиғат пен қоғамның өткен жол

Ол– ұлтымыздың салтанат­ты көш-керуенінің сілемдері қалған қасиет­ті Қаратау жотасын тепкілей аққан Таластың жағасында дүниеге келген. Бір әулет­тің ізбасары, тұяғы. Дегенмен еліктің сүтін ішіп өскен еркебұлан болса да, еңбекқор, мақсаткер болып жетілді. Талабы таудай бозбала асау арманның жалына жармасып, дүниенің аламан бәйгесіне қосылды да кет­ті. 1965 жылы Жамбыл педучилищесін үздік дипломмен аяқтап, ауылға барып, бастауыш мектепте мұғалім болды. Келесі жылы өзі сүйген тарих мамандығын таңдап, қазақ білімінің қара шаңырағы – ұлт­тық университетке (бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) оқуға түсті. С.Кенжебаев, С.Жантуаров, Н.Дауылбаев, Х.Арғынбаев сияқты ғұлама ғалымдардың дәрісін тыңдап, болашағынан үміт күт­тірген шәкірт болды. Студент­тік бал дәурен шақтарда, махаббат қызық мол жылдарда Ақжайықтың аруы – Баянмен қол ұстасып, тілекке тілек, жүрекке жүрек қосты. Жұптасқан екі жас университет­ті үздік дипломмен аяқтап, Ағарту министрлігінің жолдамасымен Қазақстанның көне жоғары оқу орындарының бірі – А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық университетіне жұмысқа келді. Бұл 1971 жыл болатын. Осы кезеңнен бастап, Тұяқбай Зейітұлының бар саналы ғұмыры Орал педагогикалық институтымен тығыз байланыста өрбіді.
Орал өңірі де Таластың тарпаң ұлын жатсынбай, балам деп бауырына басқан соң, жұртым дейтін азамат қалыптасты. Ағаң келсе – ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе – құрмет­теп, көңілін жайлағандай өлкеміздің берекелі, мерекелі шаңырағына айналды. Ұлт­ты құтқаратын ең ұлы тұлғалар – ұстаздар екенін жадына тоқып өскен жас маман аудиторияда дәріс оқи жүріп, ғылыммен шұғылдануды да естен шығармады. Ғылыммен айналысам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге дайын болуы шарт. Осындай талап үдесіне сай Тұяқбай Зейітұлы ұстаздықпен қатар ғылыми жұмыспен айналысуды өмірінің мазмұны мен мақсатына айналдырды. 1977 жылы профессор Д.Дулатованың жетекшілігімен тарих мамандығы бойынша кандидат­тық диссертациясын сәт­ті қорғап шықты. Ғылым жолында кейінгі жасқа кеңес берер алдыңғы жақсылардың, атап айтсақ, қазақ тарихы ғылымының марқасқалары – академик М.Қозыбаев, К.Нұрпейісовтердің ағалық шапағатын көріп, толғауы тоқсан тарих ғылымының ұлы көшіне ілесті. Т.Рысбековтің ғылымдағы үлкен белесі – 1990 жылы «Қазақстан кеңестерінің 1938-60 жылдары аралығындағы шаруашылық және мәдени қызметі» ат­ты тақырыпта докторлық диссертациясын сәт­ті қорғап шығуы. «Барлық билік кеңестерге берілсін» деп жар салған кеңес өкіметінің Қазақ елін жетістірген тұстары да, кесапат кесірін тигізген тұстары да баршылық. Тарих – табиғат пен қоғамның уақыт пен кеңістіктегі өткен жолы болса, кеңестер тарихы – біздің тарих. Ал тарихты азамат­тық көзқараспен зерделеу – парыз. Бұл мәселеде ғалым өзіндік тұжырымдарын ұсына білді.

Биік парасат иесі

Тұяқбай Зейітұлының ғылыми қызметін екі кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең – Кеңестік Қазақстан тұсы да, екінші кезең – Тәуелсіз Қазақстан дәуірі. 90-жылдары елімізде демократиялық жаңару кезеңі болды да, Орал педагогикалық институты өз басшысын өзі сайлап, 1991 жылы Т.Рысбеков институт ректоры болып тағайындалды. Күрделі экономикалық қиындықтарға қарамастан, Тұяқбай Зейітұлының қайраткерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жаңа заман сұранысына сай келетін мамандықтар ашылып, жаңа үрдіспен білім беру ісі қолға алынды. Ректордың бастамасымен университет­тің басқару құрылымы жетілдірілді. Ал 2002 жылы Т.Рысбеков жаңа жұмысқа ауысып, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшылығына сайланды. Бірақ ол қызмет­те аз ғана уақыт болған Тұқаң өзінің бауыр басқан білім саласына қайта оралып, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекет­тік университетінің ректорлығына тағайындалды. Университет­те оң өзгерістер жалғасын тапты. 2005 жылы қыркүйек айында М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ қазақстандық жоғары оқу орындарының бірі болып жалпы еуропалық білім беру жүйесінің стандарт­тарын ұстанатын құжат – Болонья (Италия) Магна Хартиясына қол қойды. 2005 жылы университет­те Т.Рысбековтің табандылығының, іскерлігінің арқасында «Отан тарихы» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғайтын Аймақтық диссертациялық кеңес ашылды.
«Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр, жақсылығы өзінен артылмаған» дегендей, бұл – парасат­ты ағаның үлкен жақсылығы еді. Жақсылық айналасына ұрығын шашпаса, жапанда өскен жалғыз бәйтеректей тұл қалады. Ал ұрығын шашса, бәйтерек қалың тоғайға айналады, жақсылықтан жақсылық өрбиді. Жақсы ағаның игі ісі арқасында осы ғылыми кеңестен өлкеміздің ғана емес, республиканың талай жасы ғылымның есігін ашты. Тұяқбай Зейітұлының қажырлы еңбегінің нәтижесінде өңірімізде тарихшылардың тұтас ғылыми мектебі қалыптасты. Өзін ашқан тұлға өзгені де ашады деген осы.
Профессор Б.Кәрібаев Тұяқбай Зейітұлы туралы «Ол салмақты, турашыл, талапшыл, биік парасат иесі болуымен қатар, өзінен кейінгі буынға ғибрат боларлықтай білім және ғылым саласына қосылған өлшеусіз еңбегімен дараланды. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Қай уақыт­та да мансаптан, қошемет­тен асып-таспады. Алды артын тереңінен ойлап, ары мен намысына жүгініп отырды. Сондықтан ұлтының алдында, халқының алдында оның жүзі жарық» деп әділ бағасын берген. Иә, парасат иесі болуға, парасат­тылыққа қандай да бір оқыған, тоқығандар да, білікті, білімділер де жете алмай кетеді. Парасат, парасат­тылық дегеніміз – адам бойындағы бар жақсы қасиет­тердің, атап айтсақ, білімділік, біліктілік, шыншылдық, адалдық, іскерлік, мәдениет­тілік, тағы басқалардың жиынтығы және жүре қалыптасады. Тұяқбай Зейіт­ұлы парасат биігіне туабіт­ті тектілік, алғырлық, еңбекқорлық, шыншылдық тағы басқа қабілет­терімен қатар, өмір бойғы білімге құштарлықпен, тынымсыз ғылыми ізденістермен жет­ті.

Тарихи сана оянбай, ұлт­тық идеология дамымайды

Тұяқбай Зейітұлы – Орал өңірінің өткен тарихы мен этнографиясын зерт­теу ісіне, оны ұйымдастыруға зор үлес қосқан айтулы тұлға. Көрнекті ғалымның бес томдық шығармалар жинағындағы материалдардың жартысынан көбі Батыс Қазақстан тақырыбына арналған. Сондықтан кітапта қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі таңдамалы ғылыми еңбектері де топтастырылып берілген. Ғылыми еңбектердің тақырыбы ұлтымыздың кешегі тарихы мен бүгінгі әлеумет­тік-педагогикалық мәселелеріне арналуымен құнды. Атап айтсақ, «И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтеріліс тарихынан», «Қазақтың батыр қызы Мәншүк», «Культура тюркской государственности – важное националь­ное наследие», «Миссия высших учебных заведений в сфере культуры и искусства в сохранении и пропаганде культурного наследия» ат­ты ғылыми еңбектері өзекті мәселелерді ғылыми жаңаша тұжырымдауымен құнды. Әсіресе ғалымның «Өскен өлке тарихы» кітабы Орал өңірінің арғы-бергі тарихынан сыр шертеді. Тарихшы Орал қаласының пайда болу тарихын ХVІІ ғ. басында емес, одан әлдеқайда ертерек замандардан іздеу қажет­тігін болжайды. Сонымен қатар қазақтардың қаланы Теке деп атауының сырына үңіледі. «Оқырман көңілін аударатын жағдай Текке түрік тілінде мешіт, діни орын деген мағына білдіреді. Олай болса, ол оғыз дәуірінде пайда болған. Текке қаласы қазақтардың (жалпы түркі тілдес тайпалардың) үлкен діни орнына айналған орталығы болды деген тұжырым айтуға болады». Ғалымның пікірін түрік мақалы да дәлелдей түседі: «Қожа Меккеде болар, дәруіш Теккеде болар».
«Тарих – адамзат­тың көптеген ұрпақтары жинаған рухани-адамгершілік, мәдени және әлеумет­тік тәжірибесі» (Л.И.Семенникова). Дегенмен тарих кей тұстарда саясат­тың ықпалында өмір сүреді. Бір дәуірдегі тұжырымдалған тарихи жағдаят­ты саяси жүйе ауысқанда басқа қырынан жаңаша зерт­теу посткеңестік жүйеде қалыпты құбылысқа айналды. Шынайы шындық пен аңсарлы ақиқат­ты табу оқырманға қиындық тудырып жатқан тұстары да бар. Тұяқбай Зейітұлы сияқты кәсіби маманды тыңдасақ: «Тарихшының міндеті – өткен өмірді барынша жарқыратып немесе барынша «қаралап» көрсетуде емес, тарихты бұлдыр, көмескі немесе қисық түсіндірмеуде. Тарих саяси процестің жеделдеуі үшін емес, оның тұрақтануы үшін, келісім мен татулық үшін жұмыс істейді. Кәсіби тарих ендігі жерде саясатшының сапа белгісі мен бағасына тәуелді бола алмайды». Дұрыс, айқын тұжырым. Саясат­тан тыс шынайы тарих – жас ұрпақты шыншылдыққа, әділдік үшін күреске тәрбиелейтін бірден-бір ұстын. Тарихи сана арқылы жастарды тәрбиелеу – ұстаз парызы. Тарихи сана оянбай ұлт­тық идеология дамымайды.
Ұлағат­ты ұстаз Т.Рысбеков балаларымыздың біз жіберген қателіктер мен кемшіліктерді жібермеуіне көмектесу және көпшілігіміздің қолымыз жете қоймаған ішкі рухани еркіндік пен бостандықтың жастарымызға тән болуына ықпал ету парызымыз әрі міндетіміз деп, тәрбие ісін қашанда жоғары қояды. Жаңа Қазақстанның жас өрендерін тәрбиелеуде айтары мол азамат­тың өнегелі өмірі бәрімізге үлгі. Бақ пен дәулеті тең келген кемел тұлға әрқашан парасат биігінде.

Мұрат САБЫР,
филология ғылымының докторы, профессор
Орал қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір