Сыбызғы сарынды қалам
Мектеп оқулығына енген «Қараой» Махамбеттің өлеңін жаттап жүрген оқушыны түрлі қиялдарға жетелейтін. Шабындығымыз – Қараой аталушы еді. Махамбеттің басы кесілген жер осы болғаны ма деп алысқа көз салып, ұзағырақ тұрып қалатынбыз. «Батыйдың жер қайыстырған қалың қолы» көрмей өтіп кететіндей қандай құдіреті болды екен деп, бірнеше ауылды жасырып қалардай қалқа таппай әрі-сәрі күй кешер едік. Үлкендердің жауабы көңілімізді түсіріп тастайтын: «Ол басқа Қараой». «Бала-шағадан аулақ», – деп жауларын жан дәрмен сыртқа сүйреген Махамбет алдымен «бала-шағаның алдында ал», – деп Жаратқанына жалбарынып отырар кәрілерді еске салатын. Әкесінің ақырғы сәтінде «сыртқа шығармай жасқап тұрған» қара қанжарға «оқжыландай атылып, жараланып қалатын» Нұрсұлтан бала жүректі жиі дір еткізуші еді. «Оның орнында мен болсам…» деген анық қоюға батпайтын қорқынышты сұрақ әкенің амандығын тілеумен ұштасатын…
Ақан серінің жынданып өлмегеніне де Тәкеннің «Көк қаршығасын» оқыған соң қалтқысыз сендік қой деймін. Студент күнімізде ара-тұра құлағымыз шалып қап жүретін «Абсент» деген сөздің – жылқының аты екенін де Тәкен арқылы білдік. Тәкенді оқыған соң, Ықылас, Тәттімбет, Сүгірлер жайлы әлдекімдермен сөз таластырғымыз кеп тұратын «білім» жинап үлгеріппіз. Тәкенді оқыған соң, күй өнерінің табиғаты жайлы «пәлсапа» соғатын болдық.
Тәкенді оқыған соң…
Алмас НҮСІП
О баста ақындығы мен сыншылығы арқылы танылған Тәкен Әлімқұловтың прозасын әдеби орта алғашында «жол ортасында мұнысы несі?» – деген тосырқаумен қабыл алыпты. «Ақ боз ат» жарыққа шыққанда көп ешкім елең ете қоймаған сыңайлы. Оқығандар болса да, пікір білдіруге асыға қоймағандай. Бұл үнсіздік пен тосырқау негізсіз де емес еді…
Қырық жаста адам ақыл тоқтатып, оң-солын танып болады дегенмен, жаңа өмір бастау оңай дей алмас едік. «Прозаны қырықтан кейін жазу керек» деген көзқарастар – аса жанды пікір емес. Оның өлең мен әдеби зерттеуге, журналистика мен сынға қаламы төселіп, буыны қатып үлгерген шақта жазған алғашқы романы анау айтқандай назар аударта алмады. Оны жазушы ретінде қалтқысыз мойындатқан – әңгімелері еді. Әйтсе де, прозаға кешеуілдеп келуі – оның көркемдік әлеміне із қалдырмай кеткен жоқ.
Оның прозасында күйіп-жанған махаббат, жастық жалын, асау, аусар армандар жоқ. Шалқымаға шорқақ жазушының қаламы шиырлап кеткен атыраптың қай қиырына көз салсаңыз да, өмірге ойлана қарайтын сабырлы жанның келбеті тұрып алады. Оның жас кейіпкерлерінің өзі өмірді әуелі әлеуметтік тұрғыдан қабылдайды. Олардың жүрегіндегі сезімдер қымтаулы. Әр қадамын аңдап басатын, бар ісін есепке құратын кейіпкерлері кейде жазушының аттап бастырмай қойған озбырлығына шыдамай, енді болмағанда өзіне бұйырылған рөлді ойнаудан бас тартатындай. Жазушы сызып берген шеңбер жас жүректердің еркін ұғысуына, сағынышын айтып, мұңын шағуына, зарығын жеткізуге таршылық жасайтын. Астындағы тұлпары оққа ұшқанда өлі басын құшақтап, өкіре жылаған иесі үшін өзі сүйген жануарға деген махаббаты мен қимастығын білдіруге берілген уақыт та тым аз. Сүймегеніне зорлықпен ұзатылған қыздың да аһ ұрған жалыны ішінде кете барады. Қандай әсерлі, қандай қайғылы сәт те Тәкен қаламының илеуіне түскен соң жуасып сала береді. Оның асқан салқынқандылығы кейде қоп-қою оқиғаның өзін қарабайырландырып жібереді. Мәселен, Ықыластың басына қамшы тиді. Соншама ширықтырып әкеп, асса «әлдекім атын қамшылап шаба жөнелді» дегендей ғана түйінделеді.Ықыластың атын білмейтін әлдекім оқыса, тіксінбей, сезінбей сыдыртып қана өте шығардай.
Осындай «сараңдық» оның алғашқы романын жансыздау көрсеткен. Бұл кезде ол зерттеуші ретінде қалыптасып үлгерген. Кез келген мәселені жан-жақты қамтуға тырысатын зерде кейде көркем шығармаға сиыспайтын түсіндірмелерге бой алдыратын. Бірде айдама бәйге мен айналма бәйгені тәптіштеп кетеді. Енді бірде, ән мәтіндеріне шұқшиып, әннің табиғатына үңіліп отырып алады. Онысы әнді талдап отырғандай әсер қалдырады. Өзі білетін әлдебір ақпараттарды қосып, күнделікті тіршіліктегі ұсақ-түйек қажеттіліктерге дейін жіпке тізіп отыратыны роман табиғатымен үйлесе алмай жатады. Соңына жеткенде шығарма кейіпкерлерінің бейнесі мен әсерлі оқиғалардан гөрі әлгіндей ақпараттар есіңізде көбірек қалады.
Мұндайда Тәкенді оқу қиынға түсер еді.
Тілдік қолданыстарға ерекше мән беретін жазушының бір «Ақ боз атының» өзі ала-құла. Кей жерлері бас көтертпей жүр-жүрлесе, кей тұстарын үлкен күшпен еңсеруге тура келеді. «Көп ұзамай күрес, сайыстар болып өтіп еді» сияқты сөйлемдер кездесіп қап жатады. Жазудың, жанрдың табиғатын өте жақсы білетін Тәкен «журналистиканың сарындарынан» қашқақтағанмен, төселіп қалған жүрдек қаламы әлдеқайда алып қаша бергендей. Мұндай кемшіліктерді түзеуге мүмкіндігі де, білімі де жеткілікті болатын. Бірақ бір жазғанын екі, үш қайтара қарап шығуға, түзеу мен күзеуге онша мән бермейтіні зардабын аз тигізбепті. Және бір шығарманы ұзақ уақыт бойы жазған сияқты. «Ақ боз ат» нақты қанша уақытта жазылып біткені белгісіз, анығы, арасы үзіліп-үзіліп жазылғаны. Ой қайталау көлемді шығарма үшін әдеттегі жағдай десек те, бір суреттің, оқиғаның екі мәрте қайталануы, бір мысалды бірнеше рет қолдану – жазудың бір қалыпта болмағанын көрсетеді.
Кейіпкерлерінің «шала бауыздалып» қалатыны сияқты, оның оқиғалары да дер шағына жеткенде шолақ қайыруларға ұшырайды. Оқушысын ынтықтыра, қызықтыра түсетін бұл тәсіл – кейде тым қатал кесімдер жасап жібереді. Мұндай шолақ қайырымдар автордың өзіне жасаған үлкен қиянаты еді. Толғағы жетіп тұрған оқиғаның ширығар тұсында кенет ұстаған сабырлылығы оны күштеп тоқтататын. Алдағы беттерде жалғасар деп, қимасаңыз да басқа бір желіге аунап түсесіз. Ал, жазушы үзілген оқиғаны қайта жалғамақ болғанда алғашқы әсері көмескі тартып, темірі суып қалған – жеріне жеткізе алмай, асығыс нүкте қоя салады.
Оны жазу үстінде көп ойлар қаумалап отыратын. Соның бәрін қамтып, қармап қалуға тырысады ол. Бір оқиғаны екінші оқиға кимелеп кететіні содан. Жазу үстінде тапқан әрбір сәтті, тосын тіркес, теңеулер оны арқаландырады. Тыңнан тапқан сөзі көлеңкеде қалып кетпесін деп, оқушының назарын аударуға тырысады – екінші мәрте қолданады. Былайғы тіршілікте әпенделеу жазушының қызу жұмыс үстіндегі көңіл-күйі де алмағайып. Оқиғаның нәтижесін ертерек білдіріп алу – жазу үстіндегі тынымсыз, дегбірсіз мінезді аңғартады. Автордың өзі оқиғаны сырттай ғана бақылап отырады да, кенет, килігіп кетеді. Жүйріктермен қапталдаса шауып келе жатқан жазушы шыдамын сарқып алғанда: «маңғыл қасқаның маңдайы жарылайын деп тұрғаны күмәнсіз еді», – деп салады. Шығарманың соңғы нүктесін қоюға асығатыны сондай, орта жолдағы диалогтар да асығыс өрбиді, қысқа тәмамдалады. Сырттай сабырлы, тәкаппар көрінетін жазушы анығында секемшіл, әсершіл жан. Осы мінезі оның тынысын бітеп тастайтын. Қалам жүрмей, жазу кібіртіктей бастаса шыдамы сарқыла түседі. Тоқтауға болмайды, қайтсе де алға жылжу керек. Мұндай дағдарысты шақта ақырын күтіп, өзін жеңуден гөрі жаңа бір оқиға ойлап табу әлдеқайда оңай болатын оған. Қалыптап, оқушысына етене таныстырып үлгерген кейіпкерінің болмыс-мінезіне келмейтін ойларды айтқызып, бойына шақ келмейтін істерді тықпалап жібереді. Өзін тым ашық ұстай алмайтын қорғаншақ мінез – автордың кейіпкерге толықтай айналуына мүмкіндік бермейтін. Романдағы адамдардың ар жағында өз айтқанын ғана орындауды талап етіп, актердің әр қимылын бағып қатал режиссер отырады. Ол қалыптаған образдар автордың дүниетанымы тұрғысынан ғана сөйлейді. Сол үшін де Тәкеннің кейіпкерлері көп жағдайда әдебиетші сияқты ойланады. Дүниеге әдебиетшінің көзімен қарайды.
Оның кейіпкерлері кейде мезгілсіз сөйлеп, мезгілсіз қимылдап қояды. Шынар мен Елеусіздің табысатын сәтінің қысқалығы – жазушының роман соңына шалдығып жеткенін аңғартады. Бұл кезде екі жастың махаббатына автордың өзінің де көңілі суып қалған. Мұндайда шешімді оқырманның өзіне қалдырамын деп, кейде тым ауыр салмақ салып жібергенін байқамай қалады.
Оның жанры – әңгіме. Әсершіл, тез қызынып, тез суынғыш мінезі соған икемді болатын. Оның романдарының циклды әңгімелер, тіпті, бір өңірден жасалған сериялы очерктерге ұқсап тұратыны содан. «Дүниеде өз басыңнан кешірмеген нәрсеге қалам ұрудан қиын не бар?» – дейтін журналист-кейіпкері сияқты, өзі де көзбен көрген, куә болған дүниелерді боямасыз жеткізуге тырысты.
Ойдан ештеңе қоспай жазуға тырысу – оның көркемдік әлемін шектеп тастайтын.
Романист Тәкен мен әңгімеші Тәкеннің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Үлкен көлемде шашыраңқы көрінетін жазушы әңгімеге ауысқанда жинақы, шымыр қалыпқа ауысып алады. Бір деммен кірісіп, ыстығын суытпай, өкпесін шалдықтырмай соңына жетіп, бір-ақ тоқтайды. Қай шығармасын ашып қарамаңыз, ел ішінде көп жүргені, көпті көргені аңдалмай қалмайды. «Азаматтық өмір тарихы кедей автордың шеңбері, тынысы кең шығарма тудыруы қиын», – дейтін жазушының тақырыбы өз айналасынан өрбиді. Көркемдік кеңістігі көбіне Мәскеу – Алматы – Созақ арасын қамтитын шығармаларының басты артықшылығы – шындығында.
Оның бәсіре тақырыбы – күй. «Сүгір болмаса, Сүгірдің «Кертолғауы», «Тоғыз тарауы» болмаса жазушы болар ма едім, болмас па едім» – өз дүниетанымын, көркемдік өрісін қапысыз таныған жанның сөзі. Егер, оның шығармашылығынан күйді алып тастасаңыз ештеңе де қалмас еді. Күй тартылмайтын шығармасы некен-саяқ. Дегенмен, адамның артықшылығы – кемшілігі де: Күй тартылар ортаны айналшықтап жүріп алатыны бар. Бір тақырыпқа бірнеше шығарма жазған күйді сөзбен сөйлетудің шебері көп жағдайда өзін-өзі қайталауға мәжбүр. Оның күйші, атбегі кейіпкерлерінің бір шығармадан екінші шығармаға еркін ауысып жүре беретіні сияқты, сөзге түскен күйлері де әр әңгіме, хикаяттарынан көп өзгеріссіз ұшырасып отырады. Сол әсер, сол сурет – сол күй. Қолы жүрмей қойғанда, домбыраны былай тастай салып «Қаратаудағы» Назар қобызшы сияқты күй сарынын ауызша соғатын Тәкен үшін күй – әр шығармасының әрін кіргізіп отыратын негізгі тұздығы еді. Ол соны қапысыз ұқты, сол үшін де жиірек, кейде, тіпті, әдеттен тыс күйге жүгінетін.
Тәкен айта қоярдай дәулескер болмаса да, тым қара жаяу емес, бір тартары бар домбырашы болған дейді білетіндер. Ол күйдің ұңғыл-шұңғылын, қалтарыс-бұлтарысын анық аңғара алады. Түсіне, түйсіне алады. Домбырашылық, күйшілік – жатырда дариды деседі. Тәкен – іштен күйші болып туған жан. Оның кемшілігі – мектеп көрмегені. Сол мектеп көрмеген күйші басқа емес жазушы болды. Оның ындыны өмір бойы күй аңсап тұрды. «Ол идеяны өмірден туғызбай, өмірді идеядан іздейді», – дейтін бір кейіпкері (өзі) әріптесіне мін арта. Жазушының өзі де өмірді күйден іздей бастағанын аңғарған жоқ. Күйден – оқиға, күйден – адам, күйден – шығарма туғызды. Күйден – өзін іздеді. Сонау Тәттімбет, Ықыластардан тартып берідегі көзін көріп қалған Сүгірге дейінгі аралықтағы күйшілердің бір сәттік өмірі күйімен бірге Тәкен қаламының ұшына байланды. Жазушы олардың пендешілік өміріне қызыққан жоқ. Олар жайлы дақпыртқа да, аңызға да алданып қалмады. Қызды ауыл, тойлы жиындағы қызықтарға да мойын бұрмады. Қандай оқиға, қандай жиын болмасын, ақыры күйге келіп құйылады. Оған керегі – күй еді. – Ал, адам – соны жеткерудің көмекші құралы ғана.
Бұл кезде кемеліне келген жазушының шеберлігі күйдің ыңғайына қарап, кейіпкерлерін қалауынша жусатып-өргізетін дәрежеге жеткен.
Ол өзінің сүйікті тақырыбын енді тапқан…
Күй мен күйші табиғаты төңірегіндегі бізге беймәлімдеу «дәстүрлер» Тәкенге айдан анық дүниелер. Күйін қызғанатын қырсық күйші, өтірік аңқаусып күй ұрлайтын жиен, «ішкі сырын өлерінде ғана айтатын сарқынды шалдар» образы бір-екі ауыз тіл қатысу, қысқа ғана суреттермен оқиға желісіне ілесе отырып тереңге, биікке жетелей түседі.
Оның ән-күй, бәйге-көкпардан бөлек жетік білетін бір тақырыбы болды, ол – қазақтың жаны – ділмарлығы, достығы, базыналығы.
Тәкеннің бала кезі – аумалы-төкпелі, қанды-қасапты болғанмен, елдігі әлсіресе де қазақы дәстүрді сақтаған көнекөз орта жоғала қоймаған шақ еді. «Сыпайы сырын жасырмас болар. Бірақ былш еткізбей, шыжымдап шығармақ ләзім. Қазақта екі сөздің бірі у да, бірі бал. Екеуін ажырата білмек керек. Адам болам десең сөз бағып үйрен», – деп ақыл айтатын шалдардың бар кезі. Кемді күнгі балалығы жетімдікпен өтіп кеткен жазушының аз уақыт аралығында осы бір ортаның сарқыншағын көріп қалуы бойға біткен табиғи дарынға тамызық болғаны даусыз. Оның шығармашылығындағы жетімдік – кіл жоқшылық пен қайғы-қасіреттен гөрі өмірге ерте араласып, «ширау» тұрғысынан бағаланады. Жетім қалған жеткіншекті: «Енді шира!» – деп жігерлендіретін, белсенділерден жасырып құран оқитын шал тура осы сөзімен «Ұры» хикаятында да кездеседі. Өзіне жүгінсек: «Ақын – заманның, жағдайдың, ортаның түлегі. Көзбен көрген, жүрекпен сезген, бастан кешірген жәйіттер көңілдің түкпірінде, мидың қатпарында ұзақ сақталады. Осының барлығы кейін ол есейгенде, әлемнің ақ-қарасын анық ажыратқанда қиялға қамшы, болжамға баян болады». Сыншы Тәкеннің шығармашылық атаулыда ең басты бағалайтыны да осы өмірдің өзінен алып, бастан кешкенді жазу еді ғой. Кезі келіп қалғанда өзін- өзі қайталай салатын жазушы ойдан оқиға құрап, кейіпкер ойлап тапқаннан гөрі бір көргенін, куә болғанын керегіне бірнеше мәрте жаратуды мақұл көргенге ұқсайды.
«Қорқыт» дастанының кіріспесінде:
«Адамзат өлім-көрден құтылмайды
Қисынсыз қиялға мен туажатпын», – дейтін жазушының бейнесін қай шығармасынан да тануға, табуға болады. Әйткенмен, өзіне, өміріне жақын шығармасы – «Қаратау» повесі. Повестегі бас кейіпкер Шәукені Тәкеннің өзі деп болжауға болады. Әкесі ұлы ашаршылық жылдары аштықтан емес, елдің қиын жағдайына қайысып, құсадан өліпті дейтін. «Қаратауда» сол әкенің бейнесі ұшырасады. Шәукенің әкесі Ноғайбай жақын жегжатының үйіне түскенде қонаққа деп ұсынар асы – от басы тола тасбақаны көріп, еңіреп жылайтын да, содан ұшынып, оңалмай кететін. Ал, белсенділердің құқайына амалсыз көніп, қобызын сындырған Назар – «ұрғашы қарағайдан қобыз шауып, өз шама-шарқынша Қорқыттың күйлерін тартатын», жетімдіктің қамыты мойнына түскен бозбала Тәкенге қамқор болған өкіл әкесі Керімқұл. Күйді ауызекі тарту жазушыға осы Керімқұлдан жұқса керек. Керімқұл қобызын сағынғанда өзіне сыймай, қобыз боп аңырайды екен.
«Қыздырмалатқанда сөзге қонақ бермейтін» қызыл сөзділікті екі сөзінің бірінде сынап отыратын әдеті оған прозаға ауысқанда да тыныштық бермегендей. Былайғы өмірде кісікиіктеу Әлімқұлов жазу үстінде де кейіпкерлерімен қоян-қолтық араласып, түсінісіп кете алмайтын. Сонысымен-ақ, олардың іс-әрекетіне көп араласатын, қажет емес жерде килігіп кететін. Оның кейіпкерлерінің көбіне білімді, әдебиеттен хабары бар жандар болып келетіні – жазушының шыдамсыз мінезінен. Ауданның әкімі басқаны қойып әдебиеттегі ұрлық туралы ойланады. Аса сенімсіз болмағанмен, жазушының табан астында келген ойын ірке алмағанынан туғаны анық. «Дүбарада» қарапайым бір кейіпкер (совхоз председателінің орынбасары) былай көсіледі: «Сіз отырыста аузыңыздан тастамайтын Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» қаншама шөптің атын жіпке тізеді. Одан бертінде Ілияс Жансүгіров қалай тізбектейді. Білгіштер ондай атаулар Абай мен Махамбетте де көп деседі». Оның прозасы осылай да еркін шығандап кете алады.
Аса «білімді» кейіпкерлерінен гөрі оның өмірде өзі көрген адамдардың бейнесі сенімді жасалған. Жаңа айтқан базыналық пен достықты, тойда шатақ шығарып, төбелеспен тарауды әдетке айналдырған, бірді бірге айдап салып, алдап соғып жүретін жырынды адамның образы – мүлтіксіз дерлік есеппен жасалғандай дәл. Бәйге атын ұрлап кетіп – базыналыққа балайтын, қалжыңы – кісі өлтіретін, қулығы – елдің арасын бүлдіретін, жаулыққа ұластыратын мінездердің тігісін жатқызып беретіні сондай – санаңызда қалыпты, әдеттегі оқиға сияқты қабылданады. Оқырманына кейіпкерін жамандап, оқиғаны әсірелеп аһ ұрғызбаққа екі бастан сараң. Әйтпесе, оның байқағыштығы қай-қайдағы ұсақ мінездерді, пендешіліктерді қалт жібермейтін. Жас күнінде сері, ес тоқтатқан шағында белсенді болған, қартайып, қуаты кемігенде күйін қызғанатын қырсық шалға айналған Сәруар ұзақ ырғастан кейін Сейтек туралы айтпаққа келіседі ғой. Сөз арасында: «Газетіңе «Сәруар қария айтып еді» деп жаз», – дейді. Ірі адамдардың осы сияқты ұсақ мінездерін сөз арасына білінер-білінбес қыстырып жібереді. Және онысына назар аудартам деп әуре болмайды. Оның көп шығармаларының сүреңсіздеу, күңгірттеу көрінетінінің бір себебі осындай қарапайымдылығында.
Тәкен «әр жазушы өз заманының жыршысы» деген қағиданы алдымен әлеуметтік тұрғыдан түсінді. Өзі көрген, куә болған қоғамдық кемшіліктерді көркем шығармаға салуға тырысуы – оның жазуын, өзі айтқандай, «бірде құнды етсе, бірде құнсыз» етті. Сын, зерттеу мақалаларында жиі айтатын «Әлеуметтік мәні зор мәселелерді қозғаған өлең ғана ұзақ өмір сүре алады» тектес өлшемдер Тәкеннің өз шығармашылығына да қойылған басты талап болатын. Прозасын былай қойғанда, 50-60 жылдардағы сыни мақалалары, бертіндегі әдеби зерттеулерінің бәрі советтік идеологияның талаптарынан аттап кете алмайды. «Жұмбақ жаны» – Абайдың жүрегіне үңілуден гөрі, оның әлеуметтік ролін көбірек зерделейді. Көп жағдайда Абайды өзі айтқан әлеуметтік бағытта түсіндіреді. Әдебиет теориясын терең білетін ғалым Абайды талдауда мін таптырмайды. Әйтсе де, «Ұлы Совет елінің мәңгілік саясатын» басты бағыт етіп алған зерттеу кейде Абайды да заманға жығып береді. Тәкеннің Абайтанудағы еңбегін – сол тұстарда ұлы ақынға жөнсіз телінген өлеңдерден басын арашалау, текстология тұрғысынан бағалаған дұрыс. Абайды биіктетеміз деп шөпті де, шөңгені де тықпалауға кіріскен елге тоқтау салуда аз ықпал етпеген сыңайлы.
«Классиктер қатарына сүйреп әуре қылмайтын» Қасым Аманжолов туралы: «Ұлы орыс жерін айтпай, Ертісті бөліп алып жырлайды», – дейтіні бар. Көркем шығармаларында да сөзін Ұлы орыс елін айналып-толғанған тұздықтармен «дәмдеп» отыратын жазушыға «Мың есе білдірдің ғой қадіріңді, Атыңнан айналайын ата қазақ», – деп зор ақын ұлттық тар шеңберге қысылады» немесе Ахмет Риза медресесі жайлы: «Дүниежүзіндегі ең бір шытырман, ең бір қиын, мағынасыз оқу – діни сабақтар жүретін медреседе Абай да оңай азап тартқан жоқ» сынды пікірлерді айта салу аса қиынға түспейтін. Саяқ жүрген тұйық жазушының саясатта да шаруасы болмағандай. Анығы, бұғанасы ашаршылық жылдарында қатқан жазушы бәрін ерте түсінген: Жарияға шығу үшін – «тұздықтамай» болмайтын. Одан бөлек, өз заманының идеологиясына қатты сенгені аңдалады. Сол үшін де Тәкеннен анау айтқандай астар іздеп керегі жоқ. Ол көтерген «әлеуметтік мәселелер» – өз заманында сұранысқа ие тақырыптар болатын. Шопандар өмірі, жаңа заманның жарқын жүзді жастары, орысты айналып-толғанып отыратын еңбек адамдары…
«Қазақтың кәсіби көркем прозасы менен басталады, менімен бітеді», – деп қысылмай қойып қалатын, жүрген ортасында ешкімге көңіл аудармайтын, амандаспайтын тәкаппар Тәкен Махамбет, Ықылас, Тәттімбет, Ақан, Сүгір сияқты тұлғалардан өзге кейіпкерлеріне аса емірене алмапты. Анау-мынауға тебірене қоймайтын «қисынсыз қиялға туажат» шыншыл жан өзі айта беретін әлеуметтік тақырыптар ауқымында өзін еркін сезіне алған жоқ. Өзі қалыптаған көркемдік әлемге құлаш ұрарда өзі күнде көріп жүрген сүреңсіздеу өмір көз алдында тұратын. Өз басынан кешкен өмірі, ылғи да жалғызсырайтын ортасы оны толқыта алмайтын. Ал, арғыдағы өнермен астас тағдырлар… Тәкенді жүр-жүрлеп, әлдеқайда жетелейтін де тұратын. Қырсық, қиқар, тік мінезі үшін ақырын-ақырын алыстап кеткен айналасы алыптар әлемінен қарағанда соншалықты қораш көрінетін.
Ешкімді көзге ілмей, шалқая түсіп Тәкен кетіп бара жататын…