«Әкемтеатрдағы» төрт жаңа спектакль: не көрдік, не түйдік?
26.02.2021
7775
0

(Премьера апталығынан кейінгі ойлар)

 М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры үстіміздегі жылдың 17-20 ақпан күндері қазіргі қиын жағдайға қарамастан барлық сақтық шараларын қатаң ұстай отырып, төрт бірдей жаңа спектакль дайындап, көрермендер назарына ұсынды. Жуырда ғана Ұлттық театр статусын иеленген бас театрымыздың бұл іс-шарасы  республикамыздың мәдени өміріндегі елеулі жаңалық болды.

Сонымен, алғашқы күн Республикалық неміс драма театрының көркемдік жетекшісі, соңғы жылдары ерекше жұмыстарымен көзге түсіп жүрген Наталья  Дубстың режиссурасымен қойылған О.Жанайдаровтың «Екеуміз…» («Кафедегі екеу», ауд.А.Айтбаева)  драмасының  премьерасымен басталды.

Жаңа драма эстетикасымен жазылған бұл пьесаның оқиғасы өте қарапайым тұрмыстық тілмен баяндалған. Режиссер шығарманы бүгінгі көзбен, қазіргі түйсікпен зерделеп, жастардың отбасылық өмірін ғана емес, адамдардың бір-бірінің жанын түсінуі мен  өзара жарасым, кешірім, рухани үндестікке жетудің оңай еместігі туралы сыр қозғайды. Ол драматург идеясын дөп басып, жастардың бір-бірімен тіл табысуының қиындап кеткенін қазіргі  қоғамда орын алған үлкен мәселе ретінде көтерген.

Театрдағы перформанстың ерекшеліктерін жақсы игерген режиссер көрерменді өзіне елітудің, оның ойы мен санасын, сезімдерін баурап алудың барлық тәсілдерін оңтайымен қолданған. Өте әдемі композициялық тұтастыққа қол жеткізген режиссер спектакльдің бүкіл оқиғасын онға жуық актерлер арқылы жүргізген. Шымылдық ашылғанда  қаз-қатар тізілген көп орындықтар арасында музыка ырғағымен бір кісідей қимылдап, жеңіл де әсем қозғалған орындаушылар спектакль атмосферасына көрермендерді бірден  еліктіріп әкетеді. Орындықтар әрқилы мағынада (кафенің, парктің, метроның іші, қалың көпшілік т.б.) «оқылып» тұрды.

Алғашқы сахнадан бастап-ақ спектакльдің постдрамалық негізі айқын байқалды. Н.Дубс  пьеса мәтінін барлық актерлерге бөліп, театрлық дискурс құрған. Режиссер мен суретші А.Павлова кейіпкерлердің киімдерін де бірдей жасаған. Әйелдер ұзын күлгін көйлек, ерлер жағы күнделікті өмірде тұтынатын джинсі шалбар мен қара түсті жейде киген. Осы арқылы спектакльде баяндалатын оқиғаның барлығына ортақ мәселе екенін бірден ұғуға болады. 

Спектакльдің өн бойында бірнеше жұп авансценаға келіп, өздерінің отбасылық өмірлері туралы әңгіме қозғайды. Жас жұбайлардың ойлары мен сезімдері, бір-біріне деген қарым-қатынастары қызу әрекет пен  серпінді  ырғақта көрсетілді. Н.Дубс орындаушыларды ерекше ойлауға, өзінің физикалық, пластикалық, ырғақтық айқындаушы мәнерлі мүмкіндіктерін саналы түрде басқаруға бағыттай алған. Атап айтқанда, Ғ.Оспанов, Ә.Базарбайұлы, Р.Жұрынбай, Қ.Бейсағалиев, Н.Қуанышбайұлы, А.Тұрарбеков, А.Бақытжанова, М.Келгенбай, Ә.Сайлауова, З.Рахымжан физикалық және психикалық іс-қимылдар жасай жүріп, өз кейіпкерлерінің әр қырынан ашылуына күштерін салды. Олар актерлік ойынның әртүрлі элементтерін техникалық тұрғыда меңгеру арқылы кейіпкер жан-дүниесін шынайы бере алды. Спектакльдің жинақылығы, динамикасы, жүйелі дамуы, пластикалық келбеті, мизансценалық өрнектері бір уысқа топтастырылған. Сонымен қоса, театр актерлерінің жаңа көркемдік формадағы спектакльде өнер көрсете алатын қабілеттерін ашуымен ерекшеленді.

Екінші премьера белгілі жазушымыз Төлен Әбдіктің «Оң қол» хоррор драмасы  театрдың кіші залында көрсетілді. Спектакльдің афишасын көрген кезден бастап қазақ әдебиетінің озық шығармасына айналған туындының сахнаға жол тартқанына іштей қуанғанымыз рас.  Өзіміздің ұлттық дүниелеріміздің інжу-маржандарын сахна төрінде көрсетуге деген ұмтылыстың жалғасып жатуы құптарлық жәйт.

 Әңгіменің сахналық нұсқасын жасаған Қ.Мұрат пьесаға шал мен елес әйелді  қосқан. Драмада  белгісіз психикалық ауруға ұшырып,  оң қолымен өзін  буындырып өлтіргісі келетін Алманың тағдыры ғана емес, қазіргі кездегі  әлеуметтік мәселелер де қозғалған. Бірақ, спектакльден жас режиссер А.Шариповтың көркемдік тапқырлығын көре алмадық. Сахнадағы оқиға өте шашыраңқы,  қолдан жасанды  қиыстырылғандай әсер қалдырды. Спектакль кейіпкерлері бөлек-бөлек өмір сүріп кеткен. Режиссер оларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, тұтас актерлік ансамбльге бағындыра алмаған.  Айталық, Алманың ауруханаға қалай түскені жайлы әңгімені айтып отыратын дәрігер жігіт – Ш.Пірназаров спектакльдің басынан, соңына дейін бір қалыптан өзгерген жоқ. Ол психикалық дертке шалдыққан қызбен сөйлесу тәсілдерін  мүлде іздестірмеген.  Оның ойынында жас дәрігерге тән ширақтық пен қызды емдеп жазуға деген құлшыныс байқалмайды. Тіпті әдемі қызға біртіндеп  ғашық бола бастауы да айқын емес. Сонымен қоса, актер сөздің соңғы буындарын жеп, жұтып жіберетін кездері жиі қайталанды. Орындаушы сахналық сөздің айқындылығына  зер сала түскені жөн.

 Алма рөліндегі жас актриса И.Меңдібаеваның  кейіпкер жан-дүниесінде болып жатқан алай-дүлей сезімдер қақтығысын көрсетуге шеберлігі жетпеді. Қыз санасын жаулап алған үрей мен қорқыныш, өмірге құштарлық, жан арпалысы оның ойынынан көрінбеді. Жазушы өз әңгімесінде бір адамның бойында өмір сүріп жатқан қостұлғалықты керемет суреттегенін бәріміз жақсы білеміз. Санаға бағынбайтын тылсым құбылыстың жас қызды азапқа түсіріп, жанының қиналғаны оның сұлу жүзінен білініп тұратынын нақты баяндаған. Ал, И.Меңдібаева қыз жанының екіге бөлінетін кездегі дауыс ырғағы мен ойлау жүйесіне салмақ түскен сәттегі ішкі және сыртқы өзгерістерді  психологиялық дәлдікпен шынайы бере алмады.

Спектакльде Шалдың рөлін ойнаған А.Сейтмет кейіпкер келбетін дұрыс тапқан. Бірақ алғашқы сахнада  шыбынның ызыңы естілетін шағын залда бар дауысымен айқайлап сөйлеуі ақталмады. Қарт дәрігердің толғаныс сәттеріндегі үн құбылысы аса байсалды, ішкі тебіреніспен айтылса әсері күшейе түсер еді. Актерлер тарапынан жіберілген олқылықтарға қарап режиссердің орындаушылармен жан-жақты жұмыс жасамағаны анық аңғарылды.

 Алмат Шарипов – тәжірибесі аз жас режиссерларымыздың бірі. Ол бұл спектакльде өз ойының өресі жеткенге дейін күшін салған. Дегенмен де, кәсіби білімі бар режиссердің басты міндеті қолына алған шығарманың көркемдік мазмұнын ашу екенін естен шығаруға болмайды. Дәл осы спектакльде режиссер  драма жанры хоррор болғандықтан да, спектакльде белгісіздік пен жайсыздық сезімін тудыратын эффектілерді молынан пайдалану керек еді. Басқасын былай қойғанда, Алманың оң қолынан келетін  ажал тұзағын небір символдармен көрсетуге болады ғой. Сол арқылы көрермендерді  эмоциялық, психологиялық сан  қилы күйге түсіріп, небір сезімдерді бастан кешіртуге болатын мүмкіндіктерді пайдалана алмаған. Қысқасы, заманауи театрлық үдерістегі жаңа құбылыстар мен өзгеше бағыттардың әсері бұл спектакльден байқалмады.  Біздіңше, театрдың кіші сахнасында жүретін әрбір қойылым жаңалығымен баурап алуы керек еді. Өкінішке орай, көрермендер спектакльдің атына лайық дүние көре алмады.

Үшінші премьера жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Барымен базар» («Кедейлер базары») комедиясы болды. Шынын айту керекпіз, дарынды қаламгердің бұл пьесасы сахнаға сұранып тұрған дүние емес. Мұнда бүгінгі карапайым халықтың өмір тынысы суреттелген. Драматург көтерген мәселелердің өзекті екені рас. Бірақ комедия газеттік стильде жазылған ақпараттық нұсқадан аспай қалған. Пьесада  жанр табиғатына сыйымды іс-әрекеттер өте солғын. Драма заңдылықтары арқылы шешіліп жатқан түйін жоқ. Кейбір кейіпкерлердің мінез даралықтары ашылмаған. Осындай бір қайнауы ішінде қалған пьесаны «режиссер сахнаға қалай шығарады?» деген оймен театрға келдік.

Режиссер Н.Жұманиязов комедияны барынша қысқартып, сахналық әрекетке бейімдеген екен. Спектакль оқиғасы кедейлерге арналған базарда өтеді. Бірақ, алғашқы сахнада түс көріп оянған Кеней – Н.Бексұлтанова түсін айтып болғанша  көрермендердің төзімі таусылды. Оның аузына қарап, аңқиып тұрған басқа кейіпкерлер де, амалсыздан кемпірді тыңдауға мәжбүр болды. Енді оқиға шиыршық атып, дамып кететін шығар десек, керісінше сағызша созылған дау-дамайға ұласты. Күнелтуге зорға жететін ақшасын үнемдеу үшін ұзақ-сонар кезекке тұрған Төлбасы – Г.Тутова, Кеней –Н.Бексұлтанова, Күміс – Ш.Жанысбекова, Зарық – Ж.Маханов, Лиза –Б.Қажынәбиева, Жанна – З.Көпжасарова, Кера – Е.Бектасов, Ая –Л.Қалдыбекова т.б. өздерінің мұң-зарын ортаға салады. Осы қарапайым халықты алдап-арбап депутаттыққа сайланғысы келетін жылпос Жайық –А.Боранбай, ақ-қараны айырмайтын полиция – Р.Бекет, кәрі шешесінің зейнетақысын талшық еткен Тәуке – Б.Мәнжігітов, өз ана тілін шала білетін Жак – А.Тұрарбеков әрекеттері комедияда схемалық түрде өрбімей қалғандықтан, актерлер де бұл кейіпкерлердің бойына қан жүгірте алмады.

Режиссер мизансценалық тұрғыда қызғылықты көріністер жасамаған. Сахнада топырлап жүрген актерлердің ойынында шығарманың жанын кіргізіп, ажарын аша түсетін ойнақылық пен тапқырлық атымен жоқ. Ал, балдай жарасып жүрген үш кемпірдің жәшікке таласатын көрінісінде бір-біріне бас бармақ көрсетуі тым анайы, сахна эстетикасы көтере бермейтін жәйт. Арзан күлкі тудыру үшін мейірімді аналарға осындай әбестіктер жасатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз.

Бір сөзбен айтқанда, режиссер спектакльдің бейнелі үлгісін қарастыруда өзінің таным тереңдігі мен көркемдік қиялының жүйріктігін таныта алмады. Спектакль соңында барлық кейіпкерлердің балықтан уланып, көз жұмулары жанр табиғатына лайық  шешім емес. «Балық басынан шіриді» деген ойды басқаша да жеткізуге болар еді. Сол сияқты қолына жаңа туған нәрестесін алып шыққан әйелдің баласымен тірі қалуы да бұрынғы спектакльдерде көп кездеседі. Бұл қазақ театр сахнасында әбден таптаурын болған қайталау. Қазіргі таңда драматург идеясын иллюстрациялайтын дәстүрлі режиссураға негізделген спектакльдер емес, керісінше режиссерлік интерпретациясы айқын, ізденіс аясы кең, актерлерді  жаңаша ойнауға жетелейтін спектакльдер қажет. Ал, «Барымен базар» спектаклі театрдың шығармашылық деңгейіне көркемдік өлшем бола алмады.

Театрдың төртінші премьерасы кіші залда қойылған Б.Қажынәбиеваның (идея авторы Н.Қарабалина) «Туған күн» шығармасы болды. Бұл моноспектакльді соңғы кездері режиссура саласында ізденістерімен көзге түсіп жүрген Ерлан Кәрібаев қойды. Алайда, бұрын қалам тербеп көрмеген автор шығармасының әлсіздігі спектакль басталған сәттен-ақ білінді. Туынды тақырыбы өзектілігімен құнды болғанымен де, оның композициялық тұтастығы мен оқиғаның ары қарай сабақталуы нақты ойға бағындырылмаған. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жетімдер үйінде тәрбиеленген әйелдің басынан кешкен қиындықтары үзік-үзік бөлшектеніп кеткен. Барлық оқиға бір адамның атынан баяндалатындықтан да, онымен кездесетін кейіпкерлердің  мінездері мен іс-әрекеттері де өзгеше өрілуі керек еді.  Оның үстіне  автор тілінің қасаңдығы, сөз байлығының тапшылығы кейіпкердің айтар ойына көп тұсау салған. Материалдың шикілігіне қарамастан бұл шығарманы сахнаға шығаруға құлшынған режиссердің басты мақсаты бейне жасауда актердегі ойдың қозғалыспен, қозғалыстың эмоция  мен сөйлеу арасындағы өзара байланысын көрсетуге бағытталыпты.

Бір сағатқа жуық уақытта Назгүл Қарабалина өз кейіпкерінің өмір жолын, шырғалаңға тап келгендегі көңіл-күйін беруге бар күшін салды. Сахна ортасына қойылған орындықтың бірде үстіне отырып, бірде оның артына жасырынып өткен оқиғаларды қазір болып жатқандай тірілтуге тырысты. Режиссер барлық салмақты орындаушының иығына жүктеп, сахнадағы шығармашылық үрдіс кезінде актерлік  ой-түйсіктің  жұмыс жасауына   мүмкіндік жасаған.  Өкінішке орай, сахнадағы әйел мұңы ешкімді де селт еткізе алмады. Актриса барын салып ойнағанымен де, құр баяндау арқылы жанды бейне жасалмады. Қысқасы, театрдың бұл спектаклінде де сезімді селт еткізетіндей жаңалық болмады. Мұндай әлжуаз дүниені үлкен театрдың сахнасында қоюдың қандай қажеті бар екенін ұқпай тарқадық.  «Премьера апталығында» Ұлттық театр өз атына сай жұмыс істесе деп тілеп едік… 

Бақыт НҰРПЕЙІС, театртанушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір