Отарбаев фестивалінен не ой түйдік?
13.12.2022
805
0

Қазақтың көрнекті жазушы-драматургы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев атындағы дәстүрлі республикалық ІV театр фестивалі Атырау қаласында 2022 жылы қараша айының 23-27-сі күндері өтті. Фестивальге 6 кәсіби театр ұжымы қатысып, бақ сынады. Атап айтсақ, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры – «Жәңгір хан» драмасын, Шымкент қалалық «Қуыршақ және жасөспірімдер театры» – «Шыңғысханның көз жасы» драмасын, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық Семей драма театры – «Мұстафа Шоқай» драмасын, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры – «Көлеңке» («Айна-ғұмыр») драмасын, Ақмола облыстық орыс драма театры – «Бейбарыс» драмасын және М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры – «Қытайдан жеткен сәлемдеме» драмасын көрермен назарына ұсынды.

Драматург шығармалары жан-жақты сараланды

Бес күнге ұласқан фестивальдің қа­зылар алқасының төрағасы театр сын­шысы, өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма теат­рының директоры, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Еркін Жуасбек бол­ды. Қазылар алқасына сондай-ақ театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры, Халықаралық театр сыншылары ассо­циациясының президенті Анар Ерке­бай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов, жазушы, драматург, режиссер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Асылбек Ықсан және философия ғылымдарының докторы, профессор, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғылыми жұмыстар жөніндегі про­рек­торы, сценограф Қабыл Халықов енді.
Бұл рухани доданың қазылар алқасы спектакль аяқтала салысымен сын-пікірді еш бүкпесіз ашық айтып, нағыз сараптамалық талқылау жүргізді. Күре тамырды ұстап тұрып, диагнозын дәл табатын емшідей әр қойылымды әділ бағалап, фестиваль соңында жүлделі орындар мен қатысушыларды марапаттады.
Фестиваль-форумның негізгі мақсаты – жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын дәріптеу арқылы қазақ театр өнерінің даму ба­ғы­тын бағамдау болды. Сонымен қатар еліміздің тарихында елеулі орын ала­тын ұлы тұлғалардың болмысын театр қойылымдары арқылы насихаттау – болашақ ұрпақ санасына ізгілік пен адамгершілік ұғымдарын рухани тұрғыда сіңіру екені де сөзсіз. Режиссер, актер, суретші-сценограф мамандарды деңгейі жоғары қойылымдарды жасауға ынталандыру, театр ұжымдары арасында мәдени байланысты нығайту әрі режиссерлер мен актерлердің, драматургтер мен театр сыншыларының, сахна суртешілерінің өзара шығармашылық қа­рым-қатынас орнатуына мүмкіндік жасау да фестиваль көздеген міндеттер қатарына жатады. Форум бұл мақсатына толықтай қол жеткізді деуге болады. Өйткені фестивальде ұсынылған спектакльдерден бөлек, театр ұжымдарына арнайы шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Тоқтала өтсек, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Сахна тілі» кафедрасының оқытушысы Айгүл Нарымгенова – сахна тілінен, А.Ықсан – драматургия бойынша, ал Қ.Халықов – сценография туралы өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың біліктілігін арттырды. Нәтижесінде, қатысқандар мол біліммен сусындап, теория мен тәжірибені қатар ұштастырып, нәтижесінде сертификат иеленді. Сонымен қатар М.Өтекешова сияқты қазақтың біртуар тұлғаларымен шығармашылық кездесулер өткізіліп, олардың шығармашылығын кеңінен танып-білуге мол мүмкіндік туды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Махамбет атындағы Атырау академиялық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» (реж. М.Томанов, Ж.Телтаев) тарихи драмасының бірінші актысын ғана көрсетіп, көрерменнің қызығушылығын оятты. Әлі премьерасы болмаған қойылымның үзіндісін фестивальде көрсету тапқырлық һәм маркетингтік қадам ретінде ұтымды шешім екені атап айтуға тұрарлық. Қойы­лым сценографиялық көркемдікпен, темпке құрылған актерлер ойынымен ерекшеленді. Спектакль атмосферасын шымылдық ашыла салысымен сезіну қиынға соқпады. Режиссер мен жарық берушінің спецэффектілерді эстетикалық тұрғыдан көркем қолдана алуы көңілге қуаныш ұялатады. Атырау тұрғындары мен қонақтарына жақында болатын спектакль премьерасын тамашалап, қойылымның толық нұсқасын көруге керес береміз.
Бұл іс-шараға елуден астам арнайы қонақ: мемлекет, өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, режиссерлер, театр сыншылары, БАҚ өкілдері қатысып, теларналар мен баспасөз бетіне фестиваль туралы сұхбаттар беріп, мақалалар жариялады. Сонымен қатар фестиваль-форум аясында театр сыншылары бірлестігі ұйымдастырған «Р.Отарбаев шығармашылығындағы өзекті мәселелер және оның драматургияға ықпалы» атты дөңгелек үстелі болып өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Р.Отарбаевтың драматургиясындағы көркемдік ерекшеліктерін анықтап, кәсіби тұрғыда бағамдау. Модератор А.Еркебай «Р.Отарбаев драматургиясындағы жаңашылдық пен сабақтастық» тақырыбына толықтай тоқталып өтсе, Зухра Исламбаева «Р.Отарбаев шығармашылығындағы тарихи тұлғалар феномені» атты баяндама жасады. Айжан Ахмет «Драматургиядағы саяси қайраткерлер бейнесінің жасалу ерекшеліктеріне» мән берсе, Назерке Құмарғалиева «Р.Отарбаев драматургиясындағы жастар психологиясының мәселелерін» қамтыды. Ұлжан Құрманбай «Жаңа уақыттағы шығармашылық адамдар бейнесінің жасалу жолдарын» атап өтсе, ЖансаяТұрмағанбет «Қоғамдық әлеуметтік мәселелердің Р.Отарбаев шығармашылығындағы көрінісі» атты тақырыпта ой қозғады.
Бұл аталған ғылыми баяндамаларда автордың «Әбутәліп әпенді», «Абай-сот», «Жәңгір хан», «Бас», «Сырым батыр», «Фариза мен Мұқағали», «Нашақор жайлы новелла», «Актриса», «Нарком Жүргенов», «Сағыныш шөбі», «Дүние ғайып», «Мәңгілікпен кездесу» секілді пьесалары әр қырынан жан-жақты сараланды. Кәсіби сыншылардың талдауынан кейін, жиналған зиялы қауым өкілдері кезек-кезек өз көзқарастарымен бөлісіп, қызу талқылау жасады. Ұйымдастырушылар тарапынан форум қатысушыларына алғыс хаттар табысталды.

Талқыға түскен қойылымдар

Фестивальдің ресми бағдарламасы Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының «Жәңгір хан» реквиемінен басталды. Тәуелсіздігімізді алсақ та, тарих беттерінде бұрмаланып жүрген қоғам қайраткері Жәңгір ханның шындығы туралы жазылған пьесаның көтерер жүгі ауыр. Бүгінгі таңда ол Махамбет қарсы шыққан хан ретінде ғана жадымызға сіңген. Мықты тұлғаларымызды әлі күнге дейін жаңсақ пікірлерден арылтып, ақтап ала алмауымыз өкінішті. Режиссер Мұқанғали Томанов пьесадағы шындықты толықтай сахнаға шығаруды көздегені аңғарылады. Осындай тақырыпты театр сахнасына шығару үлкен жетістік деп білеміз. Қойылымдағы көрерменді селт еткізген сахна – Жәңгірдің түсі. Қыста жалаңаяқ жер сыпырған Жәңгір бейнесі символмен шешілген әрі «Хан емессің, қасқырсың» өлеңін Махамбет екеуі кезектесіп оқуы әсерлі. Алайда қойылым иллюстрация-хабарлама деңгейінен жоғарылай алмады. Актерлердің монотонды дауыстары көрерменді жалықтырып алды. Қойылымға қызу тартыс, қарқын мен динамика жетіспеді.
Фестивальдің келесі күні Шымкент қалалық «Қуыршақ және жасөспірімдер театры» Р.Отарбаевтың романының негізінен инсценировка жасап, «Шыңғыс ханның көз жасы» драмасын көрсетті. Бұл шығарма – Шыңғыс ханның өмірінің соңғы кезеңдерін бейнелейтін, айтар ойы терең, философиялық астарлы дүние. Алайда қойылым сахнадан өте төмен деңгейде көрініс тапты. Қойылымда режиссер трактовкасы анық болмағандықтан, тарихи бейнелер актерлік ойыннан айқын көрінбеді. Автордың ой-тұжырымдарын труппаның жеткізе алмағаны аңғарылып тұрды. Спектакль қазылар алқасының өткір сынына ұшырады.
Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық Семей драма театры фестивальге «Мұстафа Шоқай» драмасын ұсынды. Бұл пьесада кеңестік дәуір идеологиясына бағынбай, шетелге кетіп қалып, түркі халықтарының басын қосу идеясы жолында мерт болған М.Шоқайдың өмірі баяндалған. Драматург М.Шоқайдың қиындыққа толы өмірін өзек етіп, кеңес дәуірі кезінде нақақтан күйген ел зиялыларының тағдырын қозғаған. Сол арқылы бүкіл қызыл империя саясатын әшкерелеген. Қоюшы-режиссер Қ.Рахметов қойылым премьерасын осыдан он жеті жыл бұрын жасаған екен. Содан бері репертуарда жүрген спектакль Семей жұртшылығына етене жақын. Қойылу форматы жағынан ықшам, айтар ойы жинақы сәтті сахналанған қойылым. Ұлы Отан соғысы басталып, немістердің М.Шоқайды өз мақсатына бағындырмақшы болған сәттері нанымды өрілген. Алайда Мұстафаны сомдаған актердің ойынында пафостың көп екені байқалады. Мария екеуі жолығатын көріністерде жасандылық пен сенімсіздік байқалды. Актерлердің өзара үйлесе жұмыс істеуі жетіспей жатты. Ал сценографиясына тоқталсақ, жұпыны, бір сахна екіншісінен еш дараланбайды. Тек лагерь көрінісі ғана көрермендерге шынайы атмосфера сыйлай алды.
Өнер бәйгесінде Шығыс Қазақстан облыстық драма театры «Көлеңке» («Айна-ғұмыр») драмасын көрсетті. 2011 жылы жазылған шығарма қарапайым отбасылық таңғы астағы үстел басындағы әңгімеден басталады. Қоғам індетіне айналған нашақорлық, діндегі теріс ағым сияқты тақырыптарды қозғаған бұл пьеса бүгінгі таңда өте өзекті. Қойылым режиссері Д.Құбаш оқиғаларды сахнадағы орындықтар арқылы шешуге тырысқан. Алайда пьесаны сахналауда көп қысқарту жасалғандықтан логикалық байланыстан ажырап қалған тұстары көп кездеседі. Сондықтан тақырып ашылмай қалып жатты. Жас режиссердің жұмысында ізденіс бар, бірақ спектакльдің көркемдік шешімі мен формасы нақтыланбаған. Елу минуттық қойылым көрерменнің қабылдауына жеңіл әрі ұғынықты болды.

Өнер бәйгесі өз мақсатына жетті

Ақмола облыстық орыс драма театры қойған «Бейбарыс» драмасы көпшіліктің назарын өзіне аударды. Бейбарыс бейнесін сомдаған Мадияр Жақып ойынының шынайылығымен баурайды. Жат елде жүріп, сұлтан дәрежесіне дейін өз ерлігімен, мінезімен көтерілген батырдың адами болмысы нақты ашылған. Режиссер Бейбарысты қоршаған адамдардың әрқилы іс-әрекеті арқылы оның өмір үшін арпалысының оңайға соқпағанын аңғартады. Шет елде жүріп небір қырғын соғыстарда өзінің білімі мен білігінің арқасында жеңіске жетіп, көпшілікті мойындатқан Бейбарыстың бойындағы батылдық туған жерден дарығанына еш күмән келтірмейсіз. Қойылымда Бейбарыстың ел мен жерге деген махаббатын аңғаруға болады. Оның бойында ата-бабасының қанымен дарыған ұлттық рухтың мықты­лы­ғын режиссер әсіресе соғысқа аттанатын сәттерінде пластикалық бимен байқатты. Сценографиясы минимализммен жасалып, сахна кеңістігін тиімді пайдаланған. Ұлттық рухы мықты адам ғана соғыстарда жолбарыс жүректі ба­тыл­дығын таныта алатынын труппа сәтті көрсете алды.
Фестивальдің соңғы күні М.Әуезов атын­дағы Қазақ ұлттық драма театры «Қы­тайдан жеткен сәлемдеме» драмасын сах­налады. Қазақ елі мен Қытай арасынан өтетін шекарада болған жағдайлар ту­ралы хабардар ететін шығарманың ай­тар ой астары терең. Бұл қойылымды зал ерекше жылы қабылдады. Себебі ак­терлік ойыны шынайы, олардың әре­ке­ті сахнада тынымсыз жүріп жатты. Атап айтсақ, Ш.Асқарованың ойыны қойы­лым­ның ажарын келтіріп отырды. Спектакльде көркемдік тұтастық сақталған. Алайда сценографиялық шешімдер ұғынықсыз болып қалған. Өйткені әрекет алаңында артық заттардың орын алуы актерлік ойынға нұқсан келтіреді.
Бір аптаға созылған бұл іс-шараның нүктесі ретінде фестивальден тыс, Махамбет атындағы Атырау театрының репертуарынан берік орын алған Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» (реж. М.Томанов) спектаклі көрсетілді. Автордың өмірінен алынған қойылым ешкімді бей-жай қал­дырмады. Актерлік ансамбль, көркем тұтастық бәрі сақталған. Ана мен бала қарым-қатынасы шығармаға өзек болған. Заманауи мәнерде қойылған бұл спектакль көрермен көзайымына ай­налды.
Р.Отарбаев атындағы IV республикалық театр фестивалінің бас жүлдесін – М.Әуезов театры иеленді. Бірінші орын – Ақмола облыстық орыс драма театрына, екінші орын – Семей драма театрына бұйырса, үшінші орынды Батыс Қазақстан облыстық драма теат­ры қанжығасына байлады. Сондай-ақ М.Әуезов театрының актерлері Мұхтар Қапалбаев – «Үздік ер адам рөлі», Арай Өмірова – «Үздік әйел адам рөлі» аталы­мында жеңіске жетті. Батыс Қазақстан облыстық драма театрының актері Сердеш Қажымұратов «Көрермен көзайымына» айналса, «Үздік сценограф» және «Үздік режиссер» жүлделері Көкшетаудан келген орыс драма театрына бе­рілді. Ал «Рахымжан Отарбаевтың Ру­ханият қорының» арнайы жүлдесі ШҚО-дан келген режиссер Дос Құбашқа та­быс­талды. Бұл қор Шымкент қалалық «Қуыр­шақ және жасөспірімдер» театрын да арнайы марапаттады.
Р.Отарбаев қай жанрда қалам тербесе де, маңызды тақырыптарды қозғайды. Фестиваль осының айқын айғағындай болды. Бұл додада жеңгендер де, жеңілгендер де болды, бірақ бастысы – әр аймақтан келген театр ұжымдары, режиссерлер, актерлер, суретшілер бір-бірінің жұмыстарын көрді, танысты, білісті, болашақта бірлесіп спектакль жасауға келісіп тарқасқандар да табылды. Келгендер білімін байыта түсіп, қазылар алқасының спектакльдерді талдауы мен сын-пікірлерін естіп, рухани азық алды. Демек, фестиваль өз мақсатына жетті деп білеміз.

 

Назерке Рамазанқызы,

театртанушы,

өнертану ғылымының магистрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір