Төлен Әбдік. Суымаған достық
22.02.2021
935
0

Бексұлтан сексенге келді. Құдай қаласа, көп ұзамай мен де келетін шығармын. Сексен деген сөзді естігенде, сенер-сенбесімізді білмей, ойланып қаламыз. Абай 60-қа жетер-жетпесінде дүниеден озды. Сол хәкім Абай бізден 20 жас кіші екен дегенге қалай сенерсің. Бірақ сенсең де, сенбесең де – шындық осы. Әйтсе де, биыл 97-ге келетін Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз еске түскенде, біздің қатарымыз қарттыққа жатпайтындай, әлі де болашағымыз алда секілді көрінеді де тұрады.

Құдайға шүкір, 80-ге Бексұлтан шарша­май, шалдықпай жетті. Өзінен сұрасаң: «Көзім жөнді көрмейтін болды, оқи алмаймын» – деп, өмірді қиындатқан болады, бірақ көзі көретін бізден көп жазады. Осыдан төрт жылдай бұрын ша­­мада «Әй, дүние-ай» атты тамаша роман жазып, мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Соған қарағанда, «көзім көрмейді» деп бізді алдап жүрме деп те ойлаймын.

Бексұлтан туралы айтқанда ең алдымен баяғы студенттік шақ, сол кездегі қатарлас өс­кен курстас достар еске түседі. Атап айтсам, Дүйсенбек Қанатбаев, Қадірбек Уәлиев, Төлен Қаупынбаев, Қажығали Мұқанбетқалиев, Иген Хасенов, Жарылқа­сын Нұсқабайұлы, журналистика бөлімінен Әнес Сарай, Ахат Жақсыбаев, Шоқан Әлімбаев т.б.

Университетке емтихан тапсырып жатқан кез­де ерекше көзге түскен – Қадірбек Уәлиев еді. Бізден жасы бірсыпыра үлкен. Өзі денелі, ірі, даусы күндей күркіреп, әкіреңдеп сөйлеп, ешқайсысымызды бет қаратпайды. Сөзінің қайсы – шын, қайсысы өтірік екенін ажырата алмайсың. Кейде, бізді қорқыту үшін болар, «Венгр соғысына қатыстым» дейтіні бар. Бір Құдай білсін, ол қайдан шыққан соғыс екенін. Бірақ одырайған түріне қарасаң, қатысқан да секілді. Ең соңғы емтихан – тарих пәні қалғанда:

 – Әй, жігіттер, бір қыз бар еді, ЖенПИ-ді бітіріп, кетейін деп жатыр. Сөз салып жүр­ген­мін. Қазір алмасам, айрыламын. Бәріңді үйлену тойыма шақырамын. Взностарыңды бере беріңдер, – деп Қадырбек бізбен ақыл­дасқандай болды.

– Ойбай, біз әлі түскен жоқпыз ғой, – дей­­міз. – Ертең тарихтан құлап қалсақ, қайтеміз?

– Қайдағы жоқты айтпаңдар. Құлау деген не пәле? Түсем деу керек, – деп, өзімізге ұрсып, біраз ақыл айтты. Ақыры бірсыпырамыздан алатынын алып тынды.

Құдай абырой бергенде, тарихтан 5 алып, университетке де түстім, Қадірбектің тойына да қатынастым. Ол кезде аздап өлең жазып жүрген кезім:

Бір-біріңді жан қиысқан жарым деп,

Өткізіңдер махаббатты қадірлеп,

Келер ұрпақ бақыт жайлы сөз қылса,

Ауызында жүрсін Қымбат, Қадірбек,

деп өлең оқығаным да есімде.

Хош. Оқуға түсе сала, бізді жұмысқа жібе­ре­йін деп жатыр. Абыр-сабыр, дайындалып жат­қан кезіміз. Қадірбек бәрімізді жинап алып, екінші әңгімені бастады.

– Әй, жігіттер! Өздерің мені үйлендір­діңдер, – дейді, біз бір зорлап үйлендіргендей. – Маған үй керек. (Ал, керек болса!) Сендерсіз мен ештеңе істей алмаймын. (Ойбай, біздің қолымыздан не келеді?) Қарасу деген жерден бірігіп үй салайық.

– Оқуға түскеніміз осы. Тым болмаса, жа­тақ­хана алып, сабаққа барып, кішкене есімізді жияйық та, – дегендер болып еді, Қадірбек олардың аузын аштырмады.

– Оқу қайда қашады? Бәрі де болады. Есіңді жиятындай есіңнен айрылып қалып па ең?..

Қойшы, ақыры бес жыл бойына Қарасу деген жерде соның үйін салдық. Өз басым уни­верситетті бітіргеннен бұрын соның үйінің біт­кеніне қуанған шығармын.

Сөйтсек, шаруа әлі бітпеген екен. Қаде­кең жаңа әңгіме бастады. Бұл кезде біздер бір-екі жинақ шығарып, қайсыбіріміз бастықтың орынбасары қызметіне көтеріліп, өсе бастаған кезіміз.

– Әй, жігіттер, – деді ол, – Көпшілігің елге белгілі адам болып қалдыңдар. Сендер ертең үйге келіп қалсаңдар, мен ұяламын ғой. Бұрынғы үй кішкентай. Соның қасынан дұрыстап бір үй салайық. Мұны созбайық.

Бір жақсысы Қадекеңнің жұмысшылары көбейді. Үй салуға жиналған асарға Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Дулат Иса­бе­ков, Өтежан Нұрғалиев, Қоғабай Сәрсекеев тағы басқа белгілі азаматтар келе бастады.

Үйіме көмектесіп жүр-ау деген Қадекең жоқ, соғыс кезіндегі бригадирлер секілді ді­кің­деп:

– Дұрыстап істемейсің бе, мынау не? – деп істеген ісіңе риза болмайтынын қайтерсің.

– Басқа елде тусаң, құл ұстайтын планта­тор болатын шығарсың, – деймін мен де қияс­танып.

Астананың Ақмолаға көшкені мұндай жақ­­сы болар ма, бірсыпырамыз сыртқа көшіп кетпесек, әлі соның үйін салып жүрер ме ек…

Осы жерден анекдот-әңгімені доғарайық. Жұрт шын болған оқиға екен деп қалар. Бірақ әңгі­менің ұзын-ырғасында шындық жатқаны рас.

Ал енді, обалы не, артынан өзіміз салған сол ­үйге жиі келетін болдық. Қадекең қо­нақжай жігіт. Жоқ-барды сылтау қылып жолдас-жора­ларды, курстастарды қонаққа шақырып, той-томалақ жасайды да жатады.

 Қонағасыда отырып, әзіл-шыны аралас осы бір анекдот – әңгімені айтқанымда Қа­дір­бек­тің өзі мәз болып күлгені бар еді. Сту­денттік кезден қалыптасқан, қалжыңы жа­расқан, шынайы достықтың жөні басқа. Қазір сол өмірдің көлемі апшып, достардың сирей бастағанын мойындамасқа лаж жоқ. Өткен жылы Қадірбек, Қажығали, осы жылдың басында Әнестен айрылдық. Бексұлтан екеу­мізге ортақ достар болған соң, еске алып отыр­мын. Олар туралы ұмыттырмай естелік ай­тып тұрсын деп, Жаратқан бізге әлі де ғұмыр сыйлап отырған шығар. Тәуба делік!

Сол топтың қалың ортасынан шыққан Бексұлтан қазір біздің ғана досымыз емес, шығармалары бүкіл қазақ қауымына тараған, шетел тілдеріне аударылған, Мемлекеттік сый­лықтың иегері болған, ұлттың қамына қатысты пікір жарысында, қалың доданың ортасында жүретін, танымал тұлғаның біріне айналды. Осыдан 60 жыл бұрын университетке түскен, жағы сопиған қара­пайым ауылдың баласын көзіңе елестет те, бүгінде сол баланың қалай өскенін және қандай биікке көтерілгенін көзге елестетіп көріңіз. Осы екі кезеңнің ортасында Құдай берген таланттың сыртында, тынымсыз еңбек, ізденіс, ізгілікке, шындыққа деген сенім, өзінің мүмкіндігіне деген сенім, оның сыртында өмірде болмай қоймайтын сансыз қиындықтар жатқанын айыруға болар еді.

Әзіл-шыны аралас жоғарыда айтылған – біздің Қадірбектен көрген «қорлығымызды» Бексұлтан көре қойған жоқ. Университетті бітірген бетте еліне кетті. Қолынан жазу ке­леді-ау деген жігіттердің бәрі Алматыда қалуға тырысып жатқан заман еді. Бексұлтан баспа бетіне жарқырап шыға қоймаса да, оның жазушылық қабілетінің қатардан жоғары екенін білетінбіз. Оның 5-курста жүріп жазған «Кінәлі махаббат» повесі бәрімізді таң қалдырған. Ең ғажабы, повесть әдебиетке енді келмек болып жүрген жас адамның тырнақ алды шығармасы емес, қалыптасқан тәжірибелі жазушының қолынан шыққандай ғажап шымыр дүние еді. Сол шығарманы оқып қатты риза болған Хамза Есенжанов повестің «Жұлдыз» журналына жариялануына атсалысқанын да білеміз.

Бексұлтан нені жазса да, терең зерттеп барып жазады. Тілі құнарлы, стилі мейлін­ше таза. Басы артық көп сөзділік деген болмайды. Домбыра пернесін дәл басқан домбырашыдай, кейіпкердің жан дүниесіндегі сезім пернелерін дәл таба біледі. Бәлкім осы қасиет Құдайдан болар. Бұған оқып үйрену қиын. Бексұлтанның «Күтумен өткен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт» атты шығармаларының оқырман жү­регі­не бірден әсер ететін құпиясы да осы психо­логизм­мен байланысты екені белгілі.

Бексұлтанның туған жерге деген ықыласы ерекше. Өзі өскен жердің табиғатынан бастап, оның арғы-бергі тарихын түбегейлі зерттеп, сол елде өмір сүрген аты белгілі-белгісіз адам­дардың тағдырын суреттеу – оның шығар­ма­шылық мұрасының негізгі бөлігін қамтиды деп айтуға болады.

Қазақ жеріндегі қанды оқиғалар – 1916 жыл­ғы дүрбелең, көтеріліс, Кеңес үкіметінің құрылуы, коллективтендіру, аштық – осының бәрі ол суреттеген кейіпкерлердің тағдырымен тікелей байланысып жатыр. Адамның жан дүниесіне бойлай алатын суреткерлік қасиеттің осындай тарихи оқиғалармен астасып, үлкен әлеуметтік мәнге ие болуын оның шығар­ма­шы­лық ерекшелігінің бір белгісі деп қараған жөн.

Соңғы «Әй, дүние-ай» романында да осы ерекшелік айқын байқалады. Басты кейіпкер Шәйінің тарихын қазақ халқының тарихы десе де болар еді. Өмірдің бар соққысын бас­тан кешіп, қорлағанды да, зорлағанды да көріп, ұрпағының да зорланғанын көріп, ақы­ры аңсаған тәуелсіздікке жетіп жығылуын қазақтың тарихы емес деп қалай айтарсың?.. Тәуелсіздіктің бұдан кейін қаншалықты қымбат екенін де сезіну қиын емес.

Мінеки, бүгінде 80-ге келіп отырған Бе­ксұл­­танның шығармашылық табысы бүкіл әде­биетіміздің табысы деп айтатындай дәрежеге жетті. Жазушының негізгі мұраты да осы – қа­пысыз мойындалу, халықтың ықыласына бөлену.

Екінші бақыты (бәлкім, бірінші бақыты да болар) – отбасы.

Ел аузында Хәкім Абай, сынау үшін, Мәшһүр Жүсіпке: «Жұмақ қайда, тозақ қайда?» деп сұрақ қойыпты деген сөз бар. Мәшһүр Жүсіп: «Әйелің жақсы болса, жұмақ өз үйіңде, әйелің нашар болса, тозақ та өз үйіңде», – деп жауап беріпті дейді.

Осы сөз рас болса, Бексұлтан жұмақта жүр­гендей өмір сүріп жүр деп толық айта аламыз. Асыл жары Айзаштың орнықты мінезі, сабырға толы ақылы, отбасына – жарға, перзентке деген жауапкершілікті сезінуі ерекше.

Ондай жармен бақытты болмау мүмкін емес секілді.

Үшінші бақыт – қартайғанша тозбаған, суымаған шынайы достық. Мен де Бекең екеуміздің арамыздағы ежелгі достықты ең үлкен қазынамның бірі деп қабылдаймын. Көз­қараста, пікір таласында әр түрлі қайшылық, өзгеше пайым болып тұратыны рас. Бірақ ол ешқашан да біздің риясыз көңілімізге сызат түсіріп көрген емес.

Бексұлтан досыма 80 жылда жинаған қазы­наң, басыңа бұйырған бақытың, от-­­ б­асыңның, еліңнің амандығы баянды болсын деп тілек айтқым келеді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір