Әкем Мұқағали музейінің шырақшысы болды
08.02.2021
4807
0

«Қазақ әдебиеті» газетінде дәстүрлі түрде жарияланып келе жатқан «Әкеге хат» айдары өз жалғасын табуда. Бұл жолы Қасиетті Қарасазда орналасқан мектеп ішінен алғаш рет Мұқағалидың көрме залын ашып, оның кең мұражайға айналуына негіз болған ақын әрі ғалым Жұмаш Өтеевтің қызы Арай Жұмашқызы тіл қатады. Арай әке рухымен тілдескен сағыныш хатын Хантәңір мұзбалағының 90 жылдығымен орайластырып жазған екен.

Арай ЖҰМАШҚЫЗЫ, тележурналист


Әке, бүгін өзімнің жазбаларымды ақтарып отырып, Сіздің маған жазған бір бума хатыңызды тауып алдым. Әлденеше қайтара оқып шықтым. «Арка, Арай» деп басталып, тек жеке өзіме жазылған мазмұнды мәтіндер мені қиялдың сонау қиянына жетеледі. Қалта телефон, оның ішіндегі «whats app» бағдарламасы шыққалы бері ақ қағаз бетін шимақтауды ұмытып барады екенмін. Сағыныш хаттың жөні бөлек қой, шіркін…

Дәл қазір ақпан басталды. Киелі мекен Қарасазда қыстың соңғы айын думандатып тоймен қарсы алуды өткен ғасырдың 80-жылдары Сіз қолға алып едіңіз ғой, сол үрдіс жалғасын тауып келеді. Жазылмаған дала заңын ешкім әлі бұзған жоқ. Керісінше, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, гүлдендіріп, түрлендіруде. Иә-иә, 9 ақпан – ақиық ақын Мұқағалидың туған күні. Жыр жампозының жерлестері ғана емес, күллі Қазақстан айтулы датаны атап өтіп келе жатқалы да зулап қырық жыл өте шығыпты. 2021 жыл Мақатаевтың 90 жылдығы. Мерейтойдың көкесі алда, Инша Алла…

Осы аралықта сәл шегініс жасап, бұрынғы кезеңді еске түсіріп, ой елегіне салғым келді. Болашақ өткен шақсыз болмайтыны белгілі. Ал әдеттегідей «тойдың болғанынан боладысы қызық». Ол дәуірде Сіз – М.Мақатаев мемориалды мұражайының директоры қызметінде болатынсыз. Білдей бір игі мұраның басшысы болу – оңай шаруа емес. Билікті де Жаратушы сүйген құлына береді. Әйтпесе, қыста суық, жазда салқын музейдің қара жұмысынан ғылыми жаңашылдығына дейін зерделеп, үлкен істі дөңгелетіп отыру кімге жеңіл тиеді дейсіз, тәйірі?!

Көрме залдан музейге дейін…

Кешір, Әке, 1996 жылдың сәуірінен 2012 жылдың мамырына дейін, табаны күректей 15 жыл М.Мақатаевтың әдеби-ескерткіш мемориалды музейінің директоры болғаныңыз үшін, Сізге бір дұрыс алғыс та білдіре алмаппыз.

Осы басшылық қызметіңізден зейнеткерлікке шыққанға дейін Сіздің музей саласына сіңірген еңбегіңізді айтпай өту, күнә, әрине. Ә дегенде, алдыңғы буынның есінде, кейінгі өскелең ұрпақ тек тарих беттерінен оқып, білетін бір нәрсе анық. Ол – Жұмаш Өтеев, яғни Сіздің бүгінгі таңда жарқырап тұрған музейдің іргетасын тұңғыш салушы тұлға екендігіңіз. Орда бұзар 33 жасыңызда М.Мақатаевтың 50 жылдық мерейтойы Нарынқолдың орталық Мәдениет үйі мен колхоз паркінде аталып өткен. Бұл сезімтал, идеяшыл Сіздей тұлғаға өте қатты әсер еткен. Кештен соң біраз уақыт толқыныста жүріп, ақыры «Мұқағалидың туған өлкесінде неге мзуейі жоқ?! Мұқағалидай ақынын халық неге әлемге танытпайды?» деген ойға келдіңіз. Сосын араға 4-5 жыл салып, ұзақ ізденіп, 1988 жылы 23 желтоқсанда мектептің екінші қабатының бір мүйісінен «Мұқағали музей залын» ашуға ұйытқы болумен қатар, тікелей атсалыстыңыз. Сызбасынан бастап, ішіне не орналастыруға болатынын, қандай идеялы мазмұн берілетіндігін жобалап алдыңыз. Өзіңіз саналы ғұмырыңызда ұстаздық еткен мектеп ұжымынан он сомнан (сол кезде сұмдық ақша) жинапсыз. Әріптестеріңіз ренжіп, есебін талап еткен көрінеді. Сонда Сіз 500 сомға жуық жиналған қаражаттың шып-шырғасын шығармай құрылысқа кеткенін көрсетіп, барлық сметаны алдыға жайып салыпсыз ғой. Мен мамандығы физик – анам есепке жүйрік пе десем, нағыз математик Сіз екенсіз. Сөйтіп, «есеп бер» дегендердің аузына құм құйылыпты.

Әке, бір естелігіңізден мынаны білдім. «Алматылық қаламгерлермен, Мұқағали қызмет атқарған орындармен байланыс жасап, тиісті мекемелерге қатынас-хаттар жөнелтіп, бағалы да сирек жәдігерлерді жинақтадым. Мұқағалимен шығармашылық байланыста жүрді, қарым-қатынаста болды деген 50-60-тай азаматқа төмендегідей сұрақтар төңірегінде өтініш жөнелтіп, жауаптарын тағатсыздана тостым. Олар: 1) Мұқағалиды қай жылдан бастап білесіз? 2) Шығармашылық, достық байланыста болдыңыз ба? 3) Сізде ақынның сақталған, берген қолтаңбалары, жазысқан хаттары бар ма? 4) Ауызекі жетіп, есіңізде сақталған үлгілі әңгімелерін, құнды пікірлерін, қағазға түспеген өлең-жырларын білесіз бе? 5) Ұстаған, пайдаланған заттарынан және қарым-қатынасыңыз бен достығыңыздың куәсі болар нелер бар? 6) Сізбен бірге түскен, жеке сақталған, естелікке берілген суреттері бар ма? 7) Мінез-құлқы, машығы, азаматтық, ақындық бейнесі туралы қандай ойлар айта аласыз? 8) Кейбір шығармашылығының жазылу тарихынан, ненің әсерінен туғандығынан хабарыңыз бар ма? 9) Ол туралы мазмұнды материалды таныстарыңыздың қолынан көрген кезіңіз болды ма? Яғни, біздің тағы кімдермен байланыс жасағанымызды жөн көресіз?», – деп мақала жазып, баспасөз беттеріне іздеу жариялапсыз.

Бұдан артық еселі еңбек бар ма?! Елсіз, айдалада жалғыз болсаңыз да, «үй тіктіңіз». Сол кезде «Мұқағалиға бір кішкене дүниені арнауымыз ұят, үлкен мұражай ашу керек» деген гу-гу әңгіме айтыла бастайды. Сонда сол адамдар «Музей зал ашылмай тұрып, қайда қалыпты?» деген ой қылаң береді. Мұндайда «бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» дейтін мәтел еске түседі. Осы дайын жобаны көрген қолында билігі мен қаржысы бар басшылық елең етіп, «музей залды мұражайға» айналдырды. Сол еңбекті көзіміз көре тұрып, Мұқағали дүниеден қайтқан соң, ақынды ардақ тұтқан алғашқылардың бірі екеніңізді неге мойындамаймыз?! Жүз пайызға бұлай айтуға құқылымыз. Адам әділ болмаса да, төреші Алла бар. Бүгінгі таңда зерделесем, Әке, Сізді әкімдік лауазымнан соң музейге қайта әкелуінің өзінде терең сыр бар екен.

Музей – таза шығармашылық орта. Музейге директор болып барғаннан кейін, бір-екі жылда 1997-98 жылдары өте өндіртіп жазыпсыз. Өлеңдеріңіздің басым бөлігі осы жылдары дүниеге келіпті. Баяғы тоқырау, жоқшылық жылдары тағы алдыда тұрды. Бірақ жаңа әдіс тауып, ұтқыр ойлаудан Сіз жалықпапсыз.

«Мұқағалитану» бағдарламасын бастап бердіңіз

Әке, Сіз бір ауылдың ғана емес, барша қазақтың баласына Мұқағали мұрасын дәріптедіңіз. Ол ең бірінші, балаларға ақиық ақынның өлеңдерін жаттатудан басталды. «Мұқағали стипендиаты», «Мұқағали мүшәйрасы», «Мұқағали оқулары» сынды қомақты жобаларды қолға алғаныңызды мен ғана емес, бәрі айтып жүр. Жалғыз Қарасаз ауылы, бір Райымбек ауданы, тегіс Алматы облысы емес, республикамыздың түкпір-түкпірінен дарынды балалар келіп, жарысқа қатысып, тұмса табиғатқа тамсанып қайтып жүрді.

Ол үрдіс өз жалғасын табуда. Болашақта таба да бермек. Мектепте ғана емес, баршаға «Мұқағалитанудан» дәріс бергеніңіз қалай ұмытылсын?! Әупірімдеп жүріп, Мұқағалидың 70 жылдық мерейтойын өткеріпсіз. Етек-жеңімізді жинап, Мұқағалиды әркім әр қырынан тани бастады. Ақынға деген көзқарас 360 градусқа өзгерді. Тек жақсы жағынан. Алда сындарлы сексен жылдық мерейтой тұрған-ды… Көзді ашып-жұмғанша ол да жетті. Ендігі мәселе ескі музейді жаңарту еді. Сіз басшы болған соң, баяғыдай барлық салмақ иығыңызға қайта түсті. Егер жігерсіздеу біреу болса, мұндай нәрсеге қолын бір-ақ сілтеп, қашып кетер ме еді, кім білсін?! «Құдай да адамға өзі көтере алатын жүкті береді». Одан ары өз-өзіңізді қамшыладыңыз.

Жаныңызға мені ала жүріп, Алматыдағы мемлекеттіктен бастап, біршама музейді шарлап шыққаныңыз маған үлкен сабақ болды. Әрқайсына кірер тұста кассаға ақша төлейтінсіз. Бұл 2010 жыл болатын. Қасыңызда құр ілесіп жүргенім болмаса, пайдамның тигені шамалы. Сөйтіп жер-жердегі мұражайларды салыстырып, сан алуан эстетикалық сұлулық жайлы әдебиеттерді қарай жүріп, қазіргі Мұқағали музейінің макетін ойлап тауып, жоғары жаққа, мүсінші-сәулетшілерге ұсындыңыз.

Солай 2011 жылы шілденің шіліңгірінде Мұхаңның 80 жылдығы Шәлкөде атырабында республикалық деңгейде өтті. Ақынның ұрпақтары, Жұлдыз ағамыз отбасымен осы шарада айрықша еңбек етті. Онда жыр жарысы да, ән-би сайысы да, тұлпарлардың тұяғы қара жердің төсін дүбірлеткен бәйге де, ас та-төк дастархан да жайылғаны, бәрі-бәрі – көпшілік қауымның жадында. Жанкешті еңбектің жемісін ұмыту әсте мүмкін бе? Ең бастысы, Қарасаздағы алтынға бергісіз мекеме – Мұқағалидың мұражайы қайта жасақталды. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтың еңбегі ересен, барлық көмегін аяған жоқ. Тарихи ғимараттың іші-сырты құрылыс жағынан өзгеше реңкке еніп, мазмұны мен форматы жаңартылды. Теңдессіз зор олжа деп, міне, осыны айту қажет. Ол машақаты бөлек тақырып. Алайда қуанышпен бақталаса шабатын реніш жүрегіңізді жаралағаны – менің де жаныма батқаны анық. Сол шаққа дәл түсіп, дөп басып Сіз пайғамбар жасына жетіп, зейнеткерлікке шықтыңыз. Онымен қоса, «зейнеткерлерге басшылық етуге болмайды» деген дүбәра заң шығып, дүбірлі жиыннан кейін креслоңызды босатып бердіңіз. Бірақ бір мұражайға ғана емес, бүкіл Мұқағали әлеміне сәулесін төккен шамшырақ Сізбен қоса кетіп бара жатқанын ол кезде ешкім байыптап, парқына бара қоймады-ау?! «Қолда барда алтынның қадірі жоқ».

Мұқағали Мұражайы

«Кітабым – болашаққа жазған хатым»

«Әкеге тартқан әрі жолын қуған қызыңыз» болғандықтан, әрі кейбір істеріңізге аракідік араласқандықтан көп сырды үнсіз ұғатынмын. Мүмкіндігімше, қас-қабағыңызды бағуға тырысатынмын. Оны аңғарымпаз өзіңіз де біліп, маған мол мағлұмат беріп, дерегі дәйекті ақпаратпен қамтамасыз етіп жүретінсіз. Қазір ойласам, тереңнің түбіне бойламаппын. Бойлау қайда, мұқият шолып шығуға да парасат-пайымым жете қоймапты-ау. Егер, сол уақыт қайта айналып соқса, қалам мен блок­нотымды құшақтап, аузыңыздан шыққан әр сөзді жазып отыратын едім… Дегенмен, Сіз интеллигентсіз ғой. Ұлдарыңыз бен қыздарыңызға әліппені ежіктеп оқытумен қатар, кітапқа деген махаббатын оятып бердіңіз. Солай ата-ананың балалары алдындағы кезекті міндетін мінсіз атқардыңыз.

Оқы, ойлан, уақытыңды қи аздаған,

Алтынға жолықпайды кен қазбаған, – деп бір жырласаңыз, бірде:

Халқымды сыр мен жырға қандыратын,

Кітабым болашаққа жазған хатым, – деп толғайсыз. Сөредегі төл туындыларыңыз – сарқылмас қазына, маңдай термен төгілген еңбектің мәуелі жемісі. Бес бірдей кітабыңызды жарыққа шығарғаныңыз қандай жақсы болған. Тап қазір соларды іздеп жүріп оқитын оғылан ұрпақ өсіп келеді.

Соның ішінде ерекше тоқталғым келетіні – 2014 жылы шыққан «Қара өлеңнің қас шебері» атты кітабыңыз. Мұнда әдеби талдаулар, рецензиялар, естелік-эсселер топтастырылған. Қолына бұл кітапты ұстаған жан Мұқағали Мақатаев туралы екенін жазбай таниды. Оған мұқабадағы ақынның суреті бұлтартпас айғақ, таптырмас дәлел болады.

Бір қызығы, бұл жердегі «Мұқағалиға есімі қойылған Мұқаметқали кім?» деген мақалаңыз кімді болсын бей-жай қалдырмайды. «…Нағиман Батанқызы тұңғышы Мұқағалиды туғанда акушерлік көмек тапшы, үйде босанған. Көзімжан мен Сара үлкен әжелерден көргенін істеп, босандырып алған. Көзімжан перзенттің кіндігін кесіп, Сара жөргекке орап, ас-су әзірлеген. Сүлейменнің ұлды болғанын басқадан бұрын Бизақ естіп, бір күннен кейін етегіне салып, азан шақырып атын қойған. Есім беру – үлкен жауапкершілік әрі өлшеусіз қуаныш екенін жақсы түйсінген Бизақ пен Сүлеймен ақылдаса келіп, Мұқаметқали деп қоюға тоқталады», – деп тың дерек келтіргенсіз. Ғажап! Тап осы еңбегіңізде Мұқағалидың адуынды жырлары жіті талданған. Тіпті өлеңдеріндегі күрең, сары, ақ, боз, қызыл, қара түс колориттері де тақырыпқа тұздық болған. Сондай-ақ Отан, тау, туған өлке тілге тиек етіліп, одан ары Махамбет, Абай, Фариза сияқты ұлы тұлғалар зерделене жіктелген. Кітап одан да өзге деректерге бай, толық қанығу үшін оқыған абзал.

«Қарасаздан табылған алтын көмбе»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінде оқып жүргенде, менімен бірге Сіз де қатарласа оқыдыңыз десем, өтірік айтқандық емес. 2004 жылы филологияда жұмыс істейтін профессор Құныпия Алпысбаевпен жүздесіп, Мұқағали тақырыбында ғылыми жұмыс жазғыңыз келетінін айтыпсыз. Бұл бұрыннан ойыңызда жүрген мақсат­тарыңыздың бірі емес, бірегейі еді. Хош! Сол екі аралықта мен Сіздің жұмысыңыз бен хаттарыңызды Құныпия ағаға жеткізіп тұрдым. Арада біраз уақыт өткенде Алпысбаев мырза Елордаға ауысып кетті. Сонау Қарасаздан Алматыға әрең қатынап жүрген Сізге оңай болмады. Сірә де, «жеңілдің асты, ауырдың үстін» жазбаған тағдырыңызға?.. Енді бас қалаға сапарыңыз жиіледі. Ғылыми жұмыс жазу – миға күш салатын нағыз еңбек. Оның үстіне ауылда қызметі, жұмысы, отбасы бар адамды әжептәуір әбігерге түсірді. Соның өзінде деймін-ау, Әке, Сіз ең мықты жігерлі жан екенсіз, бәріне көндіктіңіз. Менің университеттің төрт жылдық курсын бітіріп, магистратурада оқып жүрген кезім. 2008 жылы «Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шықтыңыз. Ешнәрсе сатып алмаған, таза еңбек, бес жылдың мәуелі жемісі. Қорғайтын кезіңізде Нұр-Сұлтанға пойызбен жүйткіп жеттік. Сіз маған сездірмесеңіз де, нұр жүзіңізден «қалай қорғаймын?» деген толқынысыңыз шығып тұрды. Әкеме тілеулес болып, Алладан дұға тілегенім болмаса, ойымда он тиын жоқ мен жүрмін, әсем қаланы аралап, керемет білім ордасын тамашалап… Еуразия ұлттық университетінің шағын бір залы. Марқұм Ақселеу Сейдімбек бар. Жазушы-ғалымның қасына барып: «Аға, Сіздің «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген кітабыңыз тамаша туынды», – деп қолын алып, сәлем бердіңіз. Ақселеу аға болса: «Ой, ол баяғы керемет кездің еңбегі. Қазір тіпті сондай дүние жаза алар ма екенмін? Көп рақмет», – деді. Осы екі ауыз диалог күні бүгінге дейін көз алдымда, жадымда жаттаулы. Дәл сол сәт тіпті менің фото кадріме ілінген-ді. Сосын сол қорғауда Т.Жұртбаев, С.Дүйсенғазы, оппонент болған Н.Бекеева және тағы басқа зиялы қауым мен ғалымдар болды. Әке, әдемі қорғадыңыз, беріле өлең оқыдыңыз. Ортаны, сахнаны сүйетін, ең бастысы өз саласын, өз жұмысын жіті білетін, бүкіл ғұмырын М.Мақатаевқа арнаған Сіз үшін бұл түк емес еді. От болып жанып, шоқ болып лауладыңыз. Мен әкеме титтей күдігім болмаған, халықтың сенімінен шығып келе жатқан адам үшін, бір баласының сенімінен шыға білу сөз болып па?! Сәтті қорғады. Иә, музейде басшылық жасап отырған табаны күректей он бес жылда басшылықтың беймаза «тірлігі» үшін Талдықорғанға (облыс орталығы) сан мың рет барды. Жол ауыр. Ал, ең үлкені – астана төрінен кандидаттық диссертация қорғады. Ауылда отырып ғалым болған, дала академигі болған тұңғыш адам Сіз едіңіз, Әке! Осыдан кейін Мұқағалиды танытқан бірінші дарын иесі Сіз деп қалай айта алмаймыз?! Мақтауды ұната бермейтін қарапайым қасиетіңіз болғандықтан, өз уақытында жылы сөзге сараңдық таныттық та.

Қазір педагогика саласында талай кандидат-докторлар бар ғой, солардың басым көпшілігі, Әке, өзіңіздің шапаныңыздан шықты десек, жалған болмас. Ел егемендігін алмай тұрып-ақ, Сіз білім саласына тың «төңкеріс» енгіздіңіз. Ол орыс және әлем ойшылдарын тілге тиек етуді тоқтатып, қазақ деген ұлы халықтың өзінің мықты методикасы барын көрсету-тұғын. «Жұмаш Өтеев атындағы халық педагогикасы атаулы мектебіне» не кірді?! Ең әуелі, «Алтын көмбе», яғни бабаларымыздан қалған бүкіл мұраны, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, бесік жырынан батырлар жырына дейін, дастан-қиссаларды қайта жаңғыртуды қолға алды. Бір сөзбен айтсақ, киелі қазақ ұлтының «алтын көмбесін» қайта қазуды, оны күндей жарқыратуды өте ерте кезде қолға алды. Ол бүгінгі Рухани жаңғыру бағдарламасымен сабақтасып жатыр.

Сіздің сегіз қырлы, бір сырлы, сан салалы, жан-жақты қырыңыз керемет еді, керемет. Ұстаздықтан бастау алған еңбек өтіліңіз, ауыл әкімі, музей директоры дәрежесіне дейін көтеріліп, қарапайым қызметкерден білікті басшы болу тағдырыңыздың бір тармағында жазылған сияқты. «Қарасаздан табылған алтын көмбе» атты кітабыңызда өзіңіз қалыптастырған халықтық педагогика өз өңіріңізден басталып, республика деңгейіне шығандап, атаулы мектепке айналғандығы туралы тегіс келтірілген. Бүгінде Қарасаздағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясында Сіздің кабинетіңіз ашылған.

Небәрі 19 жасыңызда еңбек жолын Нарынқол аудандық автоклуб меңгерушісі болудан бастағаныңызды еңбек кітап­шаңыздан анықтадым. Ой, ол кезде бұл қол жетпейтін жұмыс екенін аға буын өкілдері керемет жақсы біледі. 1968-72 жылдары еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты бітіріп келген жылдан бері 2017 жылға дейін Қарасаздың «отымен кіріп, күлімен шықтыңыз».

Осы жерде «перзент біткен тегіне тартады» деген нәрсеге көз жеткізуге әбден болады, Әке! Менің Мұқаметнұр атамның кәсібі – ұстаздық. Ал арғы бабам Әбдірешбай Өтеуліұлы болыс болған жан. Оқыған, көзі ашық азамат. 1925 жылы шағын алты бөлмелі мектеп салдырған. Ол кісі – тағдырлы адам. «Сен байсың» деп тәркілей бастағанда арғы бетке өтпек болады. Сонда қолға түсіп қалады. Жендеттер әкетпек болғанда: «Намаз оқитын едім, дәрет алып келейін», – дейді. Әбден жуынып, қырынып болғанда: «Денем ит-құсқа жем болып, айдатылғанша, туған топырағымда қалсын» деген оймен, қандауырмен ішін есіп кеп жібереді. Сөйтіп бабамыз о дүние­лік болып кете барады. Батырлық – міне! Әке, осы жайында тамсанып отырып айтып беруші едіңіз. Текке кетпепті, бәрі есімде.

Қазір мен солай Сізді мадақтай аламын ба? Сіз қалдырған мұраны дәріптеп жүрмін бе? Әкелік борышыңызды адал атқарған Сізге перзенттік міндетімді дұрыс орындай алып жүрмін бе екем?!.

Айтпақшы, Анамның денсаулығы жақсы, аман-есендікпен ауыл мен қала арасына шауып барып, балаларының ортасында жүр. Аздап ауырып қалатын әдеті де бар еді ғой, кейде солай «еркелеп алады». Екі ұлыңыз бен қыздарыңыз өз өмірлерін сүріп, Сіз көрген немерелеріңізді бағып-қағып келеді.

Сізді 2019 жылы жарық дүниеге келген Ақерке Бақытнұрқызы мен 2020 жылғы Жанерке Алмасқызы есімді, тілдері тәтті, қылықтары қызық һәм бұзық қос немереңізбен таныстырғым келеді (Екеуінің атын Сіздің жан-жарыңыз қойды!). Сүйікті немерелеріңіз Ақжүрек пен Назерке, тіпті Ақназар мен Ақтілек Сіздің өлең-жырларыңызды жатқа айтады. Мұқағалидың да көп өлеңін тоқтаусыз оқиды. Өзіңіз салған даңғыл жолмен жүріп келетін ұрпағыңыз өсіп келеді, оған да мың шүкір.

Өмір өз ағысымен толассыз ағуда. Менің алға қойған мақсаттарым мен армандарым жүйелі орындалып келеді.

Біраз жерге шаптым, Әке! Әзірге осымен тәмамдайық! Қалғанын – алдағы күннің еншісіне қалдырдым. Сізге деген сағынышымды ақтарып жаным жадырап қалды. Ара-тұра тағы да хат жазып тұрамын, Құдай қаласа. Ұмытып барам, Мұқағалидың 90 жылдығы ойдағыдай өтіп жатса, оны да өзіңнің рухыңа шаттана жеткізермін. 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір