«ӘКӘУ… ол Мұқағали ғой!»
05.06.2023
271
0

КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақ бөлімшесіне директорлыққа тағайындалған кезім. 1975 жылдың аяқ шені. Бір күні бөлмемнің есігі шалқайта ашылып, алып денелі Мұқағали тісі ақсиып кіріп келді. Ұшып тұрып, сәлем беріп, қарсы қабырға іргесіндегі диванға жайғасуына ишара жасадым. Ол диванға емес, үстелімді жанай тұрған биік арқалықты орындыққа отырды. Үстінде – қоңырқай жылы күртешесі, басында – қауқиған сары малақайы. Өңі жүдеу. Әншейінде жымиысын жарасымды етіп түратын бет шұңқыры суалыңқы жағына сіңіп кеткендей. Мен ірге жақтағы орындықтардың бірін алып, Мұқаңмен дізе түйістіре бере:
– Мұқа, хал-ахуалың қалай? – дедім.
Мұқаңмен таныстығымның бастауы 1970 жылда, мен «Қазақ әдебиеті» газеті­нің редакциясында қызмет істеп жүрген тұста жатқан және қалайша екенін білмеймін, мен әу дескеннен-ақ «сен» деп кеткенмін-ді.
– Диваныңа отырмағаныма сен рен­жіме, қызталақтың жүмсағын да, қатты­сын да көріп жүрмін ғой, ауруханадан кеше шықтым, жарайды, оны қойшы, саған келген себебім: сенің анау бұғалты­рың бар ғой, сол менің «көкқағазымды» көрсе-ақ жаман шошиды, ей! Соған айта­рыңды айтшы! – деді ол. Бойынан әлдебір таныс дәрі иісін сезгенмін, бірақ мәнісін сұрағым келмеген.
– Шошығаны қалай? – дедім, ештеңе түсінбей.
– Өзінен сұра, – деп сәл жымиды да, малақайын алып диванға тастай сал­ды. Қобыраған шашын қос қолдың саусағы­мен артқа қарай салалап-салалап тарады. Кең мандайы жарқырай ашылды.
– Қазір сұрайын, – деп орныма бардым да, бухгалтерияға телефон шалып, бас бухгалтер Фарида Миникееваны ша­қыр­дым. Мұқаң:
– Қызық, – деді.
– Не «қызық?» Қай сұлу есіңе түсті? – дедім, әзілдесе беретін әдетіммен. Сол әре­дікте келіп кірген Факең не үшін ша­қырыл­ғанын аңғарса керек, қолындағы «көкқағазды» – еңбекке жарамсыздық жөніндегі бюллетеньді маған ұсына жақындап, Мұқағалиға қарап: – Бұларыңа ақша төлеуге правомыз жоқ десем, мына тентек ұқпайды, – деді.
– «Правомыз жоғы» қалай? – дедім. «Көкқағаз» екеу екен.  

– Литфондтың мүшелігінен шығарыл­ған, өзіне айтқанмын.
– «Шығарылғаны» қалай?! – дедім, еріксіз танданып.
– Постановлениені алып келейін, көріңдер, – деп Факең бұрылып жөнеле берді.
– Айттым ғой, «қызық» деп?! – деді Мұқаң, тиісті ақшасын санап алған кісіше жылы күліп.
– «Қызығың» бар болсын! – дедім. «Көкқағаздарына» қарасам: біреуі жақында ғана беріліпті, екіншісі төрт ай мөлшері бұрында жазылған.
Факең қайтадан келіп, бір парақты алдыма қойды. Бөлімшенің ресми бланкісінде «Постановление правления» деп орыс тілінде сайрап тұрған қаулының тұжырымы: «Мұқағали Мақатаевтың СССР Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылғаны СССР Жазушылар одағы Әдеби қорының мүшелігінен де шығарылғаны болып табыладыны» айтып айқұлақтанған. Бөлім­ше директоры Әбдірашит Ахметов қол қойып, мөр басқан.
– Мынау қате. Анау жолғы кәсіподақ ұйымының қисынсыз у-шуы сияқты бірдеңені малданып жазғансыздар ғой?! – деп Факеңе орынсыз ренжігенімді аңғармай да қалдым. Факең:
– Ғаббас, сен қызықсың ғой, мен правлениеге бағынатын бухгалтер ғана емеспін бе? – деп орынды кейіді.
– Иә, қызық! – дейді Мұқаң, жайбарақат сөйлеп. Оның сөзі қитығыма тиіп:
– Мына қаулыны Мәскеу бекітіп қойса, «қызық» сонда болады, «қызықтың» көкесін сонда көреміз! Мұқа, сен тырп етпей отыр, мен қазір келемін, – дедім де, Әнуар Әлімжановқа барып келетінімді айтып, есікке беттедім.
– Бірінші секретарьға барасың ба? Ол шешер ме екен? – деді Факең, маған ілесе шығып. Үндемедім.
Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов – Жазушылар одағының басшысы бөл­ме­сінде оңаша екен. Сәлемдестім де, мән-жайды айтып, әлгі қаулыны ұсын­дым:
– Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарғандарыңыз рас па? Қашан болды? Секретариатта шешіліп пе еді? – деп сұрақты шұбырттым. Әнекеңнің қабағы түйіліп, көзі өткірлене қалды. Басын шайқап:
– Әкәу, (Әнекеннің «әкәу» дейтін сөзсыралғысы бар-ды, – Ғ.Қ.), бір рет сыртынан ақылдасқанбыз оның мәселесін. Біріміз: – одақтан шығарайық! – деп, біріміз: – мүшелігін бір жылға тоқтатып, шартты жаза қолданайық! – деп талқылағанбыз. Мен ол екі ұсынысқа да келісім берген жоқпын, ұят болады ғой! Ол Мұқағали ғой, әкәу! Айтпақшы, кәсіподақ мүшелігінен шығып қалған Мұқағалидың мәселесін қарап, біздің жігіттер ұятқа қалыпты ғой, өздері осы қызық! – деп иығын кужың еткізеді.
– Қызық– көбейді, ақыры қайырлы болсын, ал андағы қаулыны заңсыз деп Мәскеуге хат жіберемін де, о жақтың жауабын тоспай-ақ бюллетеньдерінің ақшасын төлеп беремін, – дедім. Әнекең қаулыны маған қайырып:
– Дұрыс, дұрыс! – деді. Мен үстелге қаулыны аударып төседім:
– Әнеке, осы айтқандарыңызды мынаның сыртына қазір жазып қоямын, – дедім.
– Сөйт, мен қол қойып берейін, – деді ол.
Бөлмеме оралсам, Мұқаң жоқ! Бухгалтерия бөлмесіне бас сұқсам, әлденені айтып, қыз-келіншектерді мәз-мәйрам етіп сонда отыр!
– Факе, «тентегіңіздің» мүшеліктен шыға­рылғаны бекер, мына қаулыла­ры­ңыз күшін жойды, енді бюллетеньдерінің ақшасын төлеп беріңіз! – дедім.
– Маған бәрібір, – деді Факең, «қау­лыларыңыз» дегенімді тағы ұнатпай.
– Ал Мұқа, ақшаңды ертең аласың, сен енді ауырғанды қой, уәденді бер, әкел қолынды! – деп әзілдедім. Ол қолымнан ұстап күлімдеп отырды да:
– Әй, Ғаббас, ауылда сенімен жасты інім бар, аты – Тоқтарбай, менен төрт жас кіші, екеуің түйдей құрдас екенсіндер, екеуіңді әлі таныстырамын, – деп орнынан тұрып, иығымнан бір қақты да, маңқиып шығып кетті. Менің көз алдыма Мұқаңмен жасты ағам Қадестің (Өскеменде тұрады) қымбат келбеті келе қалды.
Ертеңінде түстен кейін бөлмемнің есігі тағы кең ашылып, Мұқағали маң-маң басып кіріп келе жатты. Тусыртынан бәйбішесі – Лашын жеңгеміз көрінді. Сәлем бере көтерілдім. Мұқаң мені құшақтап:
– Бауырым, көп рахмет, рахмет! Жең­гең ақшасын, әне, қалтасына сиғыза алмай тұр. Ай, бәйбіше! – деп жеңгемізге бар денесімен бұрыла қарады да: – Сен мына Ғаббастың үйіндегі келінге шуба әпер, ұқтың ба? Обязательно әпер, ақша жетеді қызталақ! – деді, көңілі таси аңқылдап сөйлеп. Жеңгеміз жымиып басын изеді.
– Мұқа, сен енді ауруды ұмыт, келініңе кигізген шубаң сол болсын, ауырма, аман жүр! – дедім.
– Жарайды! – деп қарқылдап күліп, қолымды қысты.
Мұқағалимен Жазушылар одағында, көшеде талай рет кездесіп, әңгімелескенмін. Дұрыс сәтінде де, «бұрыс» сәтінде де. «Бұрыс» деп отырғаным – қызу жүретін кездері. Онысын төңірегіндегілер түгел білетін едік қой. Ол көңілшек адам болатын. Кейде «әттең» болып қалатыны сол мінезінен еді. Әнуар Әлімжановтың Мұқағалиды да, Тоқашты да «бұрыс» сәттерінде келгендерінде де қалайда қалжың күлкімен қарсы алып, қияс қылықтарын кешіріп, алдап-сулап шығарып салып тұрғанын бірнеше рет көрдім. «Әкәу, жарайды дедім ғой, жарайды енді, ертең келші, бәрі болады, ертең кел!» деп, шағын денесі селкілдей күліп, қарап тұратын. Меніңше, екеуін де сыйлайтын. Сыйламаса, адалдығына, ақжүректілігіне сенбесе, бірінші басшының аты – бірінші басшы, мысалы, екеуін Жазушылар одағының мүшелігінен шығаруға тырысқандарды жақтай салатын еді.
Мұқағали Мақатаев та, Тоқаш Бердияров та Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылған емес, «Шығарды» деп әлдекімдер алыпқашты сөз таратып жіберіпті. Ал екі ақынның Қазақстан Жазушыларының сол жылдардағы құрылтайларының бәріне кәдімгі ресми делегат боп қатысқандары анық.
Осы тұста мына бір жәйтті де мәлім етейін. Әнуардың «біздің жігіттер қызық» дегені кәсіподақ жиналысы жайында. Бір күні одақтың кәсіподақ комитеті жалпы жиналысын шақырды. Қаралмақ мәселелердің бірі – Мұқағали Мақатаевтың тәртібі. Жиналысты Олжас Сүлейменов ашып, жүргізіп отырды. Әрине, орыс тілінде. Негізгі мәселе бойынша баяндама жасалып, жарыссөз болып, одан соң күн тәртібіндегі басқа мәселелерді қарауға кезек келді. Олжас енді нығыздана сөйлеп, Мұқағалиды көздеп: «Мақатаевты кәсіподақтан, Жазушылар одағына мүшеліктен шығару керек!» деп төтеледі. Мінберге шыққан бір-екі қаламдасымыз қостады. Сол қылықтарына шыдай алмай мінберге ұмтылып: – Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретіні рас, бірақ салынып ішкен емес, ешкімнің басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ, Сәкенінен, Ілиясынан, Бейімбетінен, басқа да үлкен-кіші тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетінен енді жетпей тұрғаны Мұқағалиды қуып тастау ма?! Олай болмайд, мен қарсымын! – дедім.
Мені Бексұлтан Нұржекеев пен Оразбек Сәрсенбаев нық қостап сөйледі. Ию-қию басталды. О тұстан, бұ тұстан ала-құла сөзді айқай шықгы. Сол кезде әлдекім:
– Мұқағали кәсіподақтың мүшелік жарнасын уақтылы төлеп жүр ме, соны айтсыншы өзі! – деді.
Мұқағали залдың орта шенінде отырған-ды. Жұрт: «Иә, иә, айтсын!» десті. Ол тісі ақсия күліп отыр. Қолын сілтейді. Және біреу: «Оның айтқысы келмесе, комитеттің жарна жинаушысы кім еді, сол айтсын!» деп талап етті. Комитет төрағасының тұрмыс мәселелері жөніндегі орынбасары бухгалтер Фарида Миникеева еді, сол кісі орнынан тұрды да: Мүшелік жарнасын төлемегендігі себепті Мақатаев жолдас мүшеліктен алдыңғы жылы шығарылған болатын, – деді. Қарқ-қарқ күлкі залды жарып жібере жаздады. Қызыл шеке бола бастаған көпшілік сол күлген бойы тарап кете барды. Жиналыссымақтың ақыры «концерт» болды. «Біздің жігіттердің қызығы» – сол!
Енді мына бір құжатқа үңілейік:
«Әнуар!
Айып етпе, сенің алдыңа барып барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген де ойдан аулақпын. Сенің қазіргі жұмысың қауырт, оны да түсінем. Сондықтан менің жаңа жылдан бергі жағдайымды өзің білесің бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келді. Менің, семьямның қазіргі халі осыған мойын ұсындырды мені. Үйіңе барып жолығуды ұят көрдім. Тағы да өтінем, айыпқа бұйырма.
Өзіңе белгілі болар, биылғы жыл (1973) маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ әзірше. «Жұлдыздан» мені босатқан, ол кезде сен ОАР жаққа кеткен едің. Сенің келісімің болды ма, жоқ па, ол жағы маған әлі белгісіз. Өзім де кінәлімін, әрине, дегенмен де, дәл жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегінен ажырататындай ешкімге ешнәрсе істей қойған жоқ едім…
Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапынан көбік езу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем.
Ал әлгі дерт, ішімдік мәселесіне келетін болсақ, енді оның иісін сездіріп, ізін де білдірмеуге бел байлағам. Есіңде болсын, бұл – менің азаматтық сөзім!
Адамның бәрін дос санап, көңілдерін жықпай, көлгірсіп келіппін. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па – білмеймін. Мендегі бар айып – жеккөретін, құлқым сүймейтін адамға жеккөретінімді, құлқым сүймейтіндігін сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатындығым (ішсем де, ішпесем де).
Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс-тұрмысым соншама езіп, жаншып, жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын, қиындап кетті…
Өтініш: егер менен үмітіңді біржола үзбесең, мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан… Өзің білесің, қырықтан аттанып барам ғой, енді қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кетті. Сенен алғашқы да, ақырғы да өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім!

Сәлеммен, Мұқағали.
20. 03. 1973 ж.
Панфилов, 147, кв.95. Телеф. 27497».

Бұл хаттан кейін екеуі жақсылап әңгімелескен болар. Көп кешікпей Мұқағали Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберілген. Ол Әнуардың: мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973 жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович!» деп (әйгілі ақын, аудармашы Межиров, – Ғ.Қ.) бастап, Мұқағалиды құрметтейтінін айтып (мұрағатжайдағы орысша нұсқасынан сол жерде қалайда қазақ тіліне аударып жазып алғанымды ұсындым): «…Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хатшыға: – Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін, – деп кетіпті… Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», деп жазыпты.
Өтеген Күмісбаевтың «Мәскеуге симаған Мұқағали» өлеңін де оқи отыралық («Айқын» газеті, 14-тамыз, 2010-жыл):
…Үйреніп қалған ұямдай,
Мәскеуді барам қия алмай.
Миллиондардың ішінде
Бір басым менің сия алмай.
Еңсемді бір сәт жия алмай.
Не бетімді айттым, Алматым,
Не деймін саған, ұялмай?!.
Таңғы шық.
Аяз сорып тұр.
Соғып тұр боран,
Соғып тұр.
Ақ құсым, мені аман-сау
Алматыммен жолықтыр!
Мұқаңның Әнуармен жүздесе алмай, хатшысына: «ауылыма кетіп барамын» дегені осы көңіл күйінің жалғасы екен-ау!..
Кейінде Мұқағалидың Алматыда «Зов души» деген атпен шыққан (орысшалағандар – мәскеулік Ю.Александрова мен М. Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына алғысөзін Әнуар: «…творчество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом… Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардың Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына бұл және бір дәлел. Әнуар болмаса, ол жинақ шықпас та еді.
Қазақстан Жазушылар одағының мұрағатында басқарма хатшылары алқасының 1974 жылғы қаңтардың 24-і күні өткізген мәжілісінің негізгі қаулысын қосарланған №3 «а» қаулы бар. Кім бекіткені анық емес, қойылған қол шимайға ұқсас. Онда Мұқағали Мақатаевты КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығаруға шешім қабылданғаны жазылған. Ол – жалған құжат.
Себебі: біріншіден, сол күнгі мәжілісте Одақтың атқарған жұмыстары, алдағы міндеттері жайында баяндама жасаған Қалаубек Тұрсынқұловпен (одақ басқармасының үшінші хатшысы) ол мәжілісте Мұқағали туралы сөз болмағанын айтты;
екіншіден, ҚЖО басқармасының 1-хатшысы Әнуар Әлімжанов Мәскеуде іссапарда жүрген, ал бірінші басшы жоқ кезде кімді болсын мүшеліктен шығару сияқты күрделі мәселе қаралмайтыны өзінен-өзі белгілі;
үшіншіден, қаулының өзін «а», «ә», «б»… деп нөмірлеу ешқашан болған емес. Қосымша мәселе қаралған болса, онда сол қаулының баптарына қосымша ретінде: «а», «ә», «б»… деп тармақ енгізіледі. Яғни мынау «№3 «а» қаулы» әлдекімге не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарды арандату үшін керек болған да, кейінде қоса салынған, демек, жалған құжат екені даусыз. Жалғандығына және бір дәлел – ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болуы, шешімнің неше дауыспен мақұлданғаны айтылуы талап етіледі, ал жарты парақ №3 «а» дегенде пәленбай мәжіліс өтті, түгленбай шешім қабылданды дегеннен өзге сөз жоқ.
…Мұқағалиды ақырғы көргенім 1976 жылдың бас шенінде. Бір жаққа бір шаруамен баруға бөлмемнен шыға бергенімде онымен бетпе-бет ұшырастым.
– О, Мұқа, ассалаумағалейкум! – дедім, сәл аңтарылып.
– Уағалейкүмассалам! Кабинетіңе кірейік, сенде срочный шаруам бар, – деді. Аурухана иісі мүлде мүңки қалды.
– Сұлу медсестраларың дәріге шомылдырып жіберген бе, немене? – деп қалжыңдай кірдім бөлмеге. Оның алып денесі мүжіліп кеткенін аңғарып, іштей тіксіндім де.
– Аяушы ма еді қызталақтар, аямайды ғой, – деген Мұқаң кең пальтосының түймелерін ағытып жіберді де: – Міне! – деді. Пальтосының асты – аурухананың таныс киімі: түсі оңған бозғылт пижама, сарғыш көйлек.
– Ойбай-ау, Мұқа-ау, тоңып кеткен жоқсың ба?! Мынауың не, бұл қай жүрісің?!
– Бұл бәтшәғарда тоңатын ештеңе қалған жоқ, мынадан төмен қарай, – деп ол кіндік тұсына алақанын көлденең ұстады, – міне, мынадан төмен қарай укол салмақ тұрғай кездік сұғып алсаң да түк сезбейді қызталақ. Тихий часта тырағайлап қашып келдім, бауырым, ағаңа ақырғы рет бір көмек көрсет, мә, арызым, – деді де, бүктелген парақты ұстата салып, диванға барып жантайды.
– Қашып келсең – кел, тек «ақырғы» деген сөзіңді қайтып ал! – дедім.
– Айтылар сөздің айтылғаны жақсы. Бұл ағаң… қап, андағыны өлеңмен жазбаған екенмін, ескерткіш болатын.
– Қайдағыны айтпа! – деп тағы ренжідім де, арызына көз тастадым. «Денсаулығымның нашарлап бара жатқанын ескеріп, материалдық көмек көрсетсеңіздер екен» деген жалғыз сөйлем жазыпты. Қағазынан да дәрі иісі шығып тұрғаны есімде. Бухгалтериядан кассир қызды шақырып алдым да, арыздың етегіне «150 сом» деп жазып, кассирге тез алып келуді сыбырлап тапсырдым, Мұқаңа бұрылсам, ол терезеге бей-жай қарап, жантайып жатыр екен. Қыз шығып кеткен соң ақырын жөткірінді де:
– Өмір-ай, өмір деп жүрдік, бір жыладық, бір күлдік… Солай, бауырым, бұл жаман ағаң ауруханада ақырғы өлеңдерін жазып жатыр, құдекең енді бір ай мұрсат берсе, сонысына да шүкіршілік етермін, – деді. Жүрегім дір етті. Кеудеме бір суық құйын сүңги кіріп, қайта шығуға арпалысып, құдды беймәлім бір хайуанша құтырынып, ішкі сарайым­ды әлде тырналап, әлде тістелеп жұлқылағандай ауыр күй кеше бастадым. Мұқаңа қарауға да, бірдеңе деуге де дәтім қалмағандай. Қағаздарымды аударыстырып, аққұла жоқты іздеуге кірістім. Әншейінде безілдей беретін телефоным да тым-тырыс.
Есік ашылды. Фарида екен.
– Фуһ, дәрі сасып тұр ғой! – деп сөйлеп келіп, Мұқағалиға қарап:
– Ә, тентек, хал қалай? – деді жымиып. Мұқаң маңқия бұрылып, орнынан жайлап тұрып:
– Е, Факе, хал дейтін хал қалған жоқ, қоштасқалы келдім, – деді. Төбесіне жылжып кеткен сары малақайын милығына басыңқырап қойды.
– Әй, тентек, жаман сөз айтпа, не болды саған? Бұ күнде кім ауырмай жүр?! – деді Факең. Мен ол кісі алып келген 150 сомды және шығыс ордерін Мұқаңа ұсынып:
– Әзірше осыны ала тұр, әлгі максимальный мөлшер дегеніміз ғой, кейінірек тағы көрерміз, – дедім. Ол ақшаны қойын қалтасына «біссімілдә» деп салып, ордерьге қолын қойды. Сөйтті де Факеңді иығынан ақырын құшақтап, самайынан сүйді. Одан соң мені кең құлашын жая құшақтай бере бетіме қарап кідірді. Көзінің қиығы ұзарып, мұрнының дөңесі көтеріліп кеткен екен. Көзін көзіме қадап, мандайыма мандайын тіреп:
– Көп жаса! Қош бол! – деп қыстыға күбірледі де, баяу бұрылып, жылжып кете барды. Менің кеңсірігім удай ашы­ды…
1976 жылдың қарашасында Төле би (Комсомол) және Амангелді көшелерінің қиылысындағы ауруханаға түстім. Бір күні дәлізде Баян атты медбибі кездесіп, екеуміз өткен-кеткен жәйіттерді еске ала біраз әңгімелестік. Баян «Лениншіл жас» газетін жылда жаздырып алатынын, газеттен ең әуелі өлең іздейтінін, ал өлең оқыған сайын Мұқағали ағасының бір қылығы есіне түсетінін айтты. Мұқаң ауруханада соңғы жолы жатқанында бір күні түскі астан кейін іздегендерінде табылмай, Баян қатты абыржыпты. Көп жүруіне, далаға шығуына болмайтын ауыр сырқат адам тыным мезгілінде (тихий час) орнында жоқ. Баян не істерін білмейді, кезекші дәрігерге, бөлім меңгерушісіне айтуға батпайды. Мұқаңның кешкі асқа дейін, әйтеуір, аман-есен келуін тілеп, іштен тынады. Мұқаң кешкі асқа жарты сағат қалғанда келіпті. Гәзетке орап құшақтап алған нәрсесі бар. Қатты деміккен. Аяғын әрең басады. Баян тұра ұмтылып, қолтығынан демеп, палатасына апарады, төсегіне отырғызады: «Ағатай-ай, қайда жүрсіз?!» деп шырылдайды. Ағатайы құшағын ашып, ораулы нәрсені оған ұсынып, деміге отырып емірене қарап: «Айналайын, қарындасым… қызым… айналайын, андағы саған… сендерге… осындағы қыздарға… апар, апар!» депті. Баянның алар сыңайы жоғын көріп, қабағын түйіп: «Тіл ал!.. Мені ренжітпе!..» – депті қатқылдау үнмен.
– Ораулы нәрсесін ем-дом бөлмесіне алып барып қарасам, бір бөтелке шампан, бес құты иіссу, кемінде үш килограмм кілең қымбат конфеттер, екі тақта шоколад! – деді Баян, соның бәрін тағы көріп тұрған жанша тандана сөйлеп. Мен ол жәйттің Мұқағалидың әлгі сонау «тихий часта тырағайлап қашып келдімі» күні болғанын іштей тұспалдап үлгірдім. Қайран құдіретті Аға-ай! Өйтпесең, Мұқағали болармысың!
…Мен бұл естелікті жазғанда Мұқағалидай Алатау ақынмен жақсы қарым-қатынаста болып едім, оған қамқорлық жасап жүріп едім деп, «өзі жоқтың көзі жоқтығын пайдалана оңай ұпай-бедел алуды, яғни бетіме жасанды шырай жинауды мақсат етпедім. Мұқаңмен оның «бұрыс» кезінде де, дұрыс кезінде түсінісіп жүрдік, ешқашан қажасып көрмедік. Мен оны ақ көңіл, адал пейіл азамат деп, шын мәніндегі құдіретті ақын деп жақсы көрдім. Ал оның талант иесі екенін түсінуге тиісті кейбіреулердің әлде пендешілікпен түсіне алмағандары, әлде бақайесеппен түсінгілері келмегені, әрине өкінішті. Қолымызда бар сый-сияпат, атақ-дәреженің бәрін жиып-теріп берсек те, ол Мұқағалидың ақындық дарынын бағалаудың өлшемі бола алмас еді. 

Ғаббас
ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір