ШЕТЕЛДЕ ТОП ЖАРҒАН «МҰҚАҒАЛИ»
20.12.2022
385
0

Сүйінші! «Мұқағали» көркем фильмі Шотландияда өткен халықаралық кинофестивальде бес бірдей жүлдені жеңіп алды:
1. Гран-при;
2. Үздік кинодраматургия;
3. Үздік режиссура;
4. Үздік оператор;
5. Үздік актер.
Аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдарын арқау еткен фильмнің қоюшы режиссері Болат Қалымбетов тұлға болмысын ашу үшін: «Ақын Мұқағали мен адам Мұқағалидың ғұмырнамасын терең зерттедік», – десе, басты кейіпкердің рөлін сомдаған Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрының артисі Асланбек Жанбалаев: «Әр қазақтың жүрегінде өз Мұқағалиы бар. Режиссер осы рөлді алып шығуға үлкен сенім білдіріп, жүк артты. Бұл – актер үшін, біріншіден, зор бақ болса, екіншіден, үлкен сын», – дейді. Қуанышты жаңалықты естіп, кинотуындының сценарийін жазған белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке хабарластық. «Бұл фильмде Мұқағали бірер шумақ болмаса, өлең оқымайды. Мұқағалидың өлеңін оқығысы, тыңдағысы келетіндерге мүмкіндік көп. Ал біз поэзияны емес, тағдырды түсіруді мақсат етіп алдық. Соншама аңыз бен қасіреттің ішінен тағдырды суырып алып көрсеттік. Шетелдік кәсіби кино сыншылары жоғары бағалап жатыр. Халықаралық кинофестивальдерде «Mukagali» деп жазулы тұрғанда кеудеңді мақтаныш кернейді. Ал енді сол жазу жарқырап төрге шыққанда тіптен керемет. «Мұқағали» көркем фильмі осымен шетелден он сыйлыққа ие болып отыр. Ол сыйлықтар – жай сыйлықтар емес. Мысалы, Дубайда Гран-При алғанда 74 фильмнің ішінен таңдалды. Шотландияда Гран-При алғанда да сайыс оңай болған жоқ. Бұл сыйлықты алғанда, бірден Аяған Шәжімбай екеуміз түсірген «Жансебілді» еске алдым. Әттең, жоқшысы болмады, әйтпесе бұл фильм де талай топты жарар еді. Бір қызығы, «Жансебілді» халық әлі жақсы көреді, бірақ осыны да елей қояйықшы деген ешкім жоқ. «Мұқағалиды» де шетелге біреу апарып, сыйлық сұрап жүрген жоқ. Фестивальге жіберілген жерінен қос-қосынан топ жарып жүр. Ал өз басым өз шығармаларым бойынша түсірілген «Жансебіл», «Талан» көркем фильмдеріне сценарист ретінде қатыстым. Сонда «Мұқағали» – мен қатысқан үшінші кинотуынды. Туындымыздың шетелде еліміздің де, Мұқағалидың де атын шығарып жатқанына қуаныштымын», – дейді қаламгер ақжарыла. Қазақ кино өнері күллі киносүйер қауымды қуанта берсін деп біз де өз тілегімізді білдірдік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір