Мұқағали тұрған пәтерлер
08.02.2021
433
0

Ақиық ақын Алматыда 12 жыл тұрыпты. Сонда оның басында жеке пәтері болған ба? Болмаса, қайран Мұқағали қайда тұрды? Алматының қай көшесінде пәтер жалдап жүрді? Бұл сұрақтардың жауабына сәл кейінірек оралатын боламыз.

Мұқағали Мақатаевтың кез-келген суретін алдыңызға жайып қойып, азырақ үңіліп көріңізші. Оның әлпетінен өлеңге деген адалдықты, қайсарлықты және тау суындай тұнық пәкиза сезімді байқай алатыныңызға күмәніміз жоқ. Ұзақ қарай берсеңіз, ойландырады, сағындырады, жетелейді. Бұл оның магиялық қасиеті әрі адам жанына жақындығынан болса керек. Адамның жүзі нені білдірсе, жүрегі де соны айтпақ.

Стефан Цвейг Чарльз Диккенс туралы жазбасында оны ағылшын оқырманы қалай қабылдағаны жөнінде: «Оның көне көзтаныстарының бірінің айтуынша, Диккенстің келесі кітапшасын сөмкесіне салып әкелетін пошташыны олар үйлерінде күтіп, шыдап отыра алмайды екен. Тіпті олар бұл кітапшалар келгенше бір-бірімен шығарма кейіпкерлері туралы әңгімелесіп, «Копперфил Дореге үйлене ме, әлде Агнессаға үйлене ме?» деген мәселе төңірегінде дауласады… Пошташы келетін күні әрқайсысы өзіне тиесілі кітапты тезірек қолына алу үшін екі миль жерден оның  алдынан шығатын. Олар үйлеріне қайтып келе жатып, жол бойы Диккенстің кітабын оқып келе жатады», –  деп жазады. Бұл бізге кәдімгі аңыз сияқты көрінуі мүмкін,  бірақ шын екені анық. Ал біздің әдебиетте көп оқылған ақын Мұқағали Мақатаев болса керек. Оны туған халқы жаңағы Диккенстің халқы сияқты әр жазғанын жылдар бойы сарылып күтпесе де, соған жақындау күйде қошаметтеді. Мұқағалидың оқырманы да,  даңқы да аз болған жоқ.

Оның қуатты поэзиясы ештеңеден жасқанбады, тіпті қылышынан қан тамып тұрған Совет саясатынан да тайсалмады. Бұны адамның ішкі жан дүниесіндегі батылдықтың өнердегі шынайы көрінісі деп түсінеміз. Батылдығы кемшін қаншама ақындар өтті, нәтижиесінде олардың жазғандары қалтарыстарда бұғып қала берді. Ақындық телегей шабытына қайсарлығы қосылған соң, Мұқағали поэзиясы ел жүрегін жауламай қайтсін?

Мұқағали туралы айтылған сайын оның рухани әлемі бұрынғыдан да биіктей түсетіндей сезіледі. Неге дерсіз? Өйткені оның әр өлеңі ақынның әр қырын, адами болмысын аша түспек. Әлем әдебиетінде де, біздің әдебиетімізде де өнерге келуі мен тағдыры зерттеуге тұрарлық тұлғалар өте көп. Біз үшін Мұқағали Мақатаев соның айқын дәлелі. Мұқағалидың даңқын шығарған екі себеп бар десек, оның бірі – шынайы поэзиясы, енді бірі – халықтың рухани сұранысын дер кезінде қанағаттандыра алуында. Шығармашыл адам үшін ең керегі де осы болмақ. Ендеше, Мұқағали дегеніміз – асқақ поэзия, өр рух, тұнып тұрған салт-дәстүр сосын батылдық дегеніміз жөн сияқты.   

«Бүгін таңертең балконға шығып едім, мұрныма ауылдың иісі келді». Бұл сөзді ол 1973 жылы 21 сәуірде күнделігіне жазыпты. Меніңше, ақын бұны жайдан-жай жазбаса керек. Ол – қазақы ауылдың мінезін, кескін-келбетін, аңғал сезімі мен адалдығын өзімен бірге Алматыға арқалап келіп, өзімен бірге арғы дүниеге ала кеткен құбылыс.

Алматы – Мұқағали ақынның ең бақытты һәм ең күйзелісті сәттеріне куә болған қала. Ол көптеген шығармаларын осы шаһарда жазып, өлең білтесін тұтандырды. Ал күйзелісті шақтары дейтініміз, ол өзін түсінбеген замандас пен қаламдасты, келеңсіз пікірлер мен жойдасыз сөздерді де осы қалада естіді.

Әлем әдебиетіндегі көптеген тұлғалардың әр қырын, жеке өмірін, тіпті тұрған үйлерін де жүйелі зерттеп, жұртқа таныстырған дүниелер молынан кездеседі. Бұған «Хемингуэй тұрған үй», «Уолт Уитменнің кабинеті» сияқты әдеби мақалалар дәлел бола алады.   Мұқағали Мақатаев поэзиясы хақында деректер мол, көп жазылды. Ал біз осы жазбамызда оның Алматыдағы пәтерлері туралы сөз қозғамақпыз. Бұл жөнінде бізге ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы айтып берді:

«1964 жылы Алматыға көшіп келдік. Баяғыда Алматыда бірінші линия, үшінші линия, жетінші линия дейтін көшелер бар болатын. Біз соның жетінші линиясында (Қазір бұл Клочкова деген көше) Шынықұл (Өзі Жамбылдың қазағы, әйелінің аты Қантай ма, Қанатай ма, екеуінің бірі) деген ақсақалдың пәтерін жалға алдық. Бұл жерде ұмытпасам, үш жылдай тұрдық, мен сол жақтағы 9-интернатқа оқуға барып жүрдім. Шынықұл ақсақалдың тағы бір пәтершісі Шайзат дейтін дәрігер кісі еді. Ол кісі әр күні таңертең бізге бес тиынды бере салатын, кейде тіпті он тиын да беретін. Содан кейін біз бұрын Интернациональная деп аталған, қазіргі Сырбай Мәуленов көшесіндегі  №129 үйге көштік. Пәтер нөмірі – 20. Ал 21-пәтерде Қуандық Шаңғытбаев ақсақал тұратын. Бұл  үйдің үш бөлмесінде біз тұрсақ,  екі бөлмесінде  Тайыр Жароковтың үлкен ұлы Марат Жароков отбасымен тұрды. Біздің үстімізде жазушы Сафуан Шаймерденовтың, Ләйлә Базанова деген академиктің  үйлері болатын. Қазір сол төрт қабатты үй ғана аман тұр, себебі ол жерде Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қуандық Шаңғытбаев сияқты ақын-жазушылар өмір сүрді. Осы үйде көп жылдар тұрдық. Біздің негізгі балалық шағымыз осы үйде өтті. Оспанхан Әубәкіров, Тоқаш Бердияров, Бекен Әбдіразақов сияқты кісілер сондағы үйімізге жиі келетін. Жастар да әкеме үйірсек болды, Кеңшілік Мырзабеков, Иран-Ғайып, Рафаэль Ниязбеков секілді жас қонақтары да бар еді. Мейлі, қандай үйде тұрса да, әкем ешкімді жатсынбады. «Лашын, барыңды қазанға сал», – дейтін. Кейде қазанға салатын ештеңе табылмайтын күндер де кездесті. 1970 жылдары әкеміз Әнуарбек Байжанбаевпен келісіп, сол кісінің үйіне бардық. Әкем сол жылдары радиода диктор болып қызмет істеп, Байжанбаевқа шәкірт болды. Поэзияны мәнерлеп оқуда әкем сияқты оқитындар некен-саяқ. Өйткені  ол кісі Әнуарбек Байжанбаевтың мектебінен өткен-ді. Байжанбаев берген пәтер Панфилов пен Шевченконың қиылысында еді. Ол  1930 жылдары салынған үй екен, ас үйіне кірсең, баяғы ошақтың орны тұратын. Байжанбаевтың кенже баласы үйін Сырбай Мәуленовке ауыстырса, мен өз үйімізді Панфиловке қарай көшірдім. Әкем мен Байжанбаев жиі әңгімелесіп отыратын. Заң факультетін сол үйде тұрғанымызда бітірдім. Қазір ол үйді бұзып тастапты. Бізден сәл жоғары Әбділда Тәжібаев тұрды. Әкем үнемі сол кісінің үйіне баратын. Әкем 1976 жылы Панфилов көшесінің бойындағы пәтерімізде қайтыс болды, мүрдесін сол үйден шығардық. Кейін тура сол үйдің жанындағы Құрманғазы мен Фурмановтың бұрышындағы жаңадан салынған үйден сол кездегі Алматы қаласының әкімі Ауқадиев бізге жаңа үй берді».  

Ақын Алматыда өткізген 12 жылында үш пәтерде тұрыпты. Аз да емес, көп те емес. Ол тұрған «жетінші линия» дейтін көшедегі (Қазіргі Клочкова) жер үйдің, Панфилов пен Шевченконың қиылысындағы пәтердің орнына басқа үй салыныпты. Біз тек қазіргі Сырбай Мәуленов көшесіндегі 129-үйге бара алдық. «Бұл үйде 1964-1971 жылдары аса көрнекті қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев тұрған» деген ескерткіш тақта алдымыздан шықты. Ақын тұрған 20 нөмірлі пәтердің есік қоңырауын бірнеше рет басып едік, ешкім ашпады. Кезінде Әнуар Әлімжанов, Жұмекен Нәжімеденов сияқты тұлғалар тұрған төрт қабатты ғимараттың ауласы кешегі тарихтан әлдебір сыр айтқысы келетіндей тып-тыныш күйде тұр. Мүмкін тас үйлер де қолын сермеп жыр оқитын сол оғландарды сағынатын шығар.

Әр жыл сайын тоғызыншы ақпанда Мұқағали қоңырауы соғылады. Ол – ұлттық поэзияның, шынайы болмыстың, өнерге деген адалдықтың қоңырауы. Бұл қоңырау әр соғылған сайын  басқаша үн шығарады. Әдебиетте өмірді өлең етуден қашқан ақындар көп, бірақ Мұқағали өмірдің өзін құдіретті поэзияға айналдырды. «Тарих – құдайлардың ішіндегі ең қаталы» дейді Цвейг. Сол қатал Құдай Мақатаев сынды ақиық ақынның өлең шамын әрбір жыр сүйетін жүрекке жақты. Жаға бермек.          

Егер Алматы көшелеріне тіл бітер болса, онда Мұқағали туралы ең керемет естеліктерді кезінде ақын жүрген көшелер айтар еді.

         Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір